Сіз мындасыз:

Байқоңырдағы бұрмалаушылық өктемдікпен өзектес
Байқоңырдағы бұрмалаушылық өктемдікпен өзектес

Қазақтың қайсы ханы болсын, құдайы көршілерімен бейбіт өмір сүруді қалады. Бірақ, жаулық ниет танытқан күштілердің зорлығына көнген жоқ. Ұлан-ғайыр далада көшпелі ғұмыр кешкен елдің тұтастығын сақтап, бостандығын қорғауда ең соңғы шара ретінде ұдайы жорық жағдайында жүруге мәжбүр еді. Сондықтан бүгінгі тәуелсіздігіміздің тегінде бабалардың қаны барына ешкім дау айта алмас. Ұлтының қадірі мен қасиетін ұлықтай алмай жүрген жетесіз жандарға елдік пен ерлікті дәріптейтін дастан-жырларымызды қайта жаттатқызса тәубесіне түсер ме екен?

Кеңестік кезеңнің қасапшыл қылышынан қаймықпай, халқының қайсарлығына қаламын малған көрнекті жазушы, дүниеге келгеніне биыл 100 жыл толатын Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясының жаңадан басылып шыққан соңғы нұсқасын жақында қайталап оқып шыққан едім. Осы кітаптың 754 бетінде, Россия патшасының атымен хан Кенеге арнайы жазылған бұйрықтың мәтіні беріліпті.

Ғарыш тақырыбына машықтану барысында, Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің арасында қол қойылған құжаттардың біразымен жете таныс журналист ретінде, басқару билігінің  ұстанымындағы өзара ұқсастықтарды байқадым. Шынында да, стратегиялық маңызы бар ғажайып ғылыми-өндірістік кешен жалдық сипатта пайдалануға берілген, 1994 жылы асығыс әзірленген салалық келісімдер мен қала әкімінің кейбір қаулы-қарарларын парақтағанда, 18-ғасырдың өкпеден өтер өктемдіктері өріп шыға келеді. Егемендігін енді ғана қайта еншілеген қазақ елімен халықаралық деңгейдегі шарт жасауға дайындалған отаршылдық шенеуніктері мұрағат қорын ақтарып, сарғайған қолжазбаны сол қалпында айна-қатесіз көшіріп алған ба дерсің. Тарихтың ащы ақиқатын білетін бәзбіреулер, басы шабылса да бағынбаған баһадүрлердің ұлысты ұрпағына бүтіндей билік берілсе, тізгіннен айрылып қаларынан қауіптенген де шығар. Қалай десек-те кезінде көптеген тұста есемізді қолдан беріп, қапыда қалғанымыз хақ.

  1. «Қазақ даласында көшіп жүрген Орынборға қарайтын барлық қазақ ауылдары Россия империясының бөлінбес меншігі деп саналады. Әр шаңырақтан күмістей бір сом елу тиын салық алынады».

Мәскеуде 1995 жылғы желтоқсанның 23-інде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы “Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы” Келісімде:  Байқоңыр кешені жалға алынған кезеңде Ресей Федерациясының қатынасында, Байқоңыр қаласында нысандар, кәсіпорындар мен ұйымдардың қауіпсіздік қызмет етуіне, сондай-ақ азаматтардың тұру жағдайында Ресей Федерациясының федералдық маңызы бар қаласына сәйкес мәртебе беріледі. (1-тараудың 1-бабынан);

Байқоңыр қаласының әкімшілігі — қала әкімінің тікелей басқаруымен іс-қимыл жасайтын атқарушы өкімет органдары. Қаланың әкімін Ресей жағының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті бірігіп тағайындайды. Жалға алу келісімі күшінде тұрған кезінде қаланың әкімшілігін қала әкімінің ұсынуымен Ресей Федерациясының Үкіметі құрайды. (2-тараудың 6-бабынан);

  1. Қазақ ауылдары патшаға салық төлейтін болғандықтан, олардан зекет жинауға Сізге рұқсат етілмейді.

б) Байқоңыр ғарыш кешені жалға алынған кезеңде Байқоңыр қаласында тіркелген Қазақстан Республикасының заңды тұлға құрмай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жеке тұлғалары Байқоңыр қаласының заңды және кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғасы ретінде де тіркеледі. Заңды және жеке тұлғалардан алынатын салықтар, төлемдер, баж салықтары қала бюджетіне жіберіледі. (2-тараудың 10-бабынан);

  1. Ауыр қылмысты істер Россия империясының заңымен сотталады. Мәскеу қаласында 1994 жылғы желтоқсан айының 10-ында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасында қол қойылған “Байқоңыр кешенін жалға алу” шартында: Байқоңыр ғарыш айлағының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері Ресей Федерциясына және оның азаматтарына қарсы құқыққа қайшы әрекеттер жасаған кезде Қазақстан аумағында Ресейдің заңнамалары қолданылады. Байқоңыр ғарыш айлағының қызметкерлері ретінде — әскери қызметшілермен қатар айлақ пен қалада тұрақты және уақытша негізде жұмыс істейтін азаматтық ортаның адамдары және іргелес Төретам кенті мен Ақай ауылындағы ғарыш айлағы зейнеткерлері танылады. (1-тараудың 6-бабынан).

Тізбелей берсек әлі де талай сорақылық шығады. Және солардың кесірінен қаншама қазақстандықтардың конституциялық құқықтары шектеліп, пұшайман күй кешіп жүр. Байқоңырдың бұл былықтарын жоғарыдағы басшылар білмейді емес. Бірақ, ресейліктер өздеріне ыңғайлы қателіктерін мемлекетіміздің мүддесі мен ұлттық ұстаным тұрғысынан, қайта түзетілуіне еш ерік берер емес. Үкіметтер арасында ұйымдастырылған ынтымақтас-
тық жөніндегі комиссияның құрамындағы ғарыш кешені бойынша қосалқы топтың талқылауындағы ең көкейкесті мәселелер ұзақ уақыт бойы сағызша созылып келеді.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев пен Ресей Федерациясының басшысы В.Путин жоғары деңгейдегі жүздесулерде осы саладағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашақтағы басым бағыттарын талқылап, әлемге әйгілі айлақты бірлесе пайдаланудың көп жылғы тәжірибесіне қанағаттанушылық білдірген олар ғарыш кешені тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін түрлендіретін нормативтік-құқықтық негізді жетілдіру туралы мәмілеге қол қойып, шешімін күткен сұрақтарды тараптардың тиімділігі тұрғысында жедел шешуге нақты тапсырма жүктеген-ді.

Байқоңырды жалдаушылар жағының әділетсіз әрекеттері халықаралық қауымдастық міндеттемелерін мойындаған Конвенция қағидаларымен қабыспайды. Олай болса заңнамалық түрғыдан жан-жақты сараптама жасау арқылы жайсыз жағдайлардың жолын кескен дұрыс. Бұл жұмыстарды жүргізу жүйелі жолға қойылған кезде, басқа да небір құпиялардың қалқып шығары даусыз. Олқылықтар екі жақты келісімдегі солқылдақтықтардың кесірінен орын алды деуге әбден болады. Өйткені, салалық байланыстарды реттеуі тиіс құжаттарды оқи отырып, жобаны талқылауға қатысқан қазақстандық комиссия мүшелерінің немқұрайдылығын көресің. Кезінде көптеген министрлік пен ведомства басшылары бұндай отырыстарға біліктілігі төмен және жауапкершілігі жоқ мамандарды жіберуді әдетке айналдырды. Жоғары атқарушы билік буындарындағы бүгежектікті білетіндіктен болар, мемлекет басшысының қорғаныс істері және ғарыш мәселелері бойынша қеңесшісі қызметі мен отандық ғарыш саласы жетекшілігін абыроймен атқарған, қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров белсенді іс-қимыл таныта алмай отырғандарды талай мәрте сынағаны бар.

Парасатты пайым пікірінің соңын оның былайша түйіндегені әлі есте: ”… Кроме того, сейчас мы намереваемся отдать “Договор об аренде” на экспертизу Министерству юстиции Республики Казахстан, его отдельные положения вступили вразрез с ныне действующей Конституцей страны. И хотя в свое время этот международный документ экспертировался Минюстом РК, мы считаем, что в нем интересы Казахстана были ущемлены.” (“Казахстанская правда”, 27.02.1998ж).

Тоқтар Оңғарбайұлының ұлтжандылық ұстанымын басқаша бағамдағандардың кесірінен аталған кемшіліктер қайта қалпына келтірілмей қалды. Құжаттардағы қате қағидалар түзетілмегендіктен кереғар көріністер көбейіп кеткенін көрдік.

Конституция күні қарсаңында ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов:

Біздің негізгі қызметіміз — заңдардың Конституцияға сәйкестігін немесе сәйкес еместігін анықтау. Біз осындай заңдардың 65-ін қарас-
тырдық. Соның ішінде Парламент, Азаматтық кодекс, дін мәселесі, жылжымайтын мүлік туралы заңнамалар және Байқоңырды жалға беру бойынша кейбір шарттарды Конституциямызға сәйкес келмейді деп таныдық,
- деп ресми түрде мәлімдеме жасады. Демек, 20 жылдан бері шешілмеген маңызды мәселелер мемлекеттік деңгейдегі құзырлы органдарды да алаңдатып отыр. Сондықтан, жергілікті жұрт жүйкені жұқартқан жөнсіздіктердің түйіні тарқатыларын тағатсыздана тосады.

 

Шырақ САБЫРБАЙ, Астана

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Сентябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға