
Жақында банктер халықтың қаржылық сауатын көтеруді көздейтін жобаны қолға алып, хабарландыру берді. Байқау жариялады. Шындығында біздің қаржылық сауатымыз өте төмен. Ақшаны бір іске салып, сақтап, көбейту мәселесі түгілі, тапқан айлықты дұрыс жұмсауды біле бермейміз. Бір айлықты алысымен, екінші айлыққа әзер жетеміз. Қарапайым адамдарды айтпаған күннің өзінде, жоғары біліміміз бар деген өзіміз ақшаны сақтап, көбейту мәселесіне келгенде жақ аша алмай қаламыз.
Менің бір досым отбасылық бюджетті үнемдеп жұмсаудың жолына түсті. Есеп жүргізіп кіріспен шығысты тәптіштеп жазып, тіркеп отырды. Сөйтіп, өзіңнен өзің үнемдеудің жолына көшесің, не болса соны сатып алу жағын тиясың, ойланып барып жұмсайтын боласың деп жүрді. Бірнеше ай өткенде не болды, үнемге көштің бе деп сұрап едім, қолын бір сілтеді. Түк шықпапты.
- Ай сайын түсетін қаржы көлемі белгілі ғой. Бір айлықтан басқа түсетін кіріс жоқ. Ең бірінші кезекте – жылу, су, газ, телефон, балабақша, несие сияқтыларды төлеп тастағаннан қалғаны тамаққа жұмсалады. Онсыз да тек күнделікті ішіп-жеміңді алатын болған соң, сол тиын-тебенді үнемдеп, жинаймын деу әншейін далбаса тірлік екен. Ақшаны келістіріп жұмсамайсың деп, жұбайыма ұрсатын едім. Енді аузымды ашпайтындай болдым. Бар қорытындым осы, — деп терең күрсінді.
Қазақстанда қазір қарапайым халық несиенің шырмауында отыр. Кімнен сұрасаң да, ең бірінші несиесін айтады. Не алса да, той жасаса да, несие алып, шырғалаңға түскен халық. Несие аларда алдағы уақытта соны өтей аламын ба деген мәселеге бас қатырмастан, басындағы жалғыз баспананы кепілге салады. Артынан төлей алмай, баспанадан айырылып, тығырықтан шыға алмағандардың қаншасының қаңғырып қалғандығын, тіпті кейбіреулерінің өмірлерімен қош айтысып жататындарын күнделікті өмірде естіп, біліп жүрміз. Банктер де табысын сұрамай-ақ, несиені бере береді. Артынан коллекторларын жұмсап, несиені төлей алмай жүргіеннің соңынан шырақ алып түсіп, қудалаудан басқаны білмейтін банктерден қайыр жоқ.
Қаржылық сауат жоқ
Қаржылық сауаттылық туралы әңгіме қозғасаң, ең әуелі осы несие туралы айтасың. Өйткені, қазіргі ең үлкен проблема осы. Несие алушылар мен оны қайтар алмаушылар саны күн санап өсіп барады. Бұл тұтынушыларды ғана титықтатып қойған жоқ, банктердің өздері де қайтарымсыз несиелерден шаршады.
Қазір кредитім жоқ деген адамды кездестірмейсің. Тіпті, бір рет емес, бірнеше несие алып, оны қалай жабамын деп, ұйқыдан айырылып жүргендер көп. Кірісі өссе жақсы. Алатыны сол баяғы бір айлық, ана банк мына банк есігін тоздырып, несие алып жатқаны. Бір несиені жаба алмай, екіншісіне ұрынады, одан үшіншісіне … Ия болмаса, банктен алған несиесіне қоса, дүкендерден несиеге тоңазытқыш, теледидар т.б. дүниелерді алады.
Кредит аламын деп банкке бармас бұрын, мүмкіндіктің бәрін қарастырып, кесіп-пішіп, ойланып барып алған жөн.
Бұл үшін қарапайым ғана қаржылық сауаттылық керек. Несие деген не, пайыздық үстемесін қосқанда, оны ай сайын төлеп отыратындай қауқарым бар ма деген сұрақтар қою керек.
Несие алар алдында келісім шартты мұқият оқу керек десе де, оған ешкім басын ауыртпайды. Қазір қаншама адамдар несие карточкасын алады, оның не екеніне мән бермейді, пайдаланбайды. Артынан мына процент пен «пеня» қайдан шықты деп төбе шаштары тік тұрып, жүгіреді… Бірақ, банк сенің «былай болып қалды, айлық алмай қалдым, жұмыссыз қалдым» т.б. деп айтқан жағдайыңды не қылсын. Несие алдың ба, қарызсың ба, бітті, төле дейді. Өйткені, банктер несиені қайтарыммен береді. Қайтармайды екенсің, кепілге қойған затыңнан айырылдым дей бер.
Сондықтан, несие алу үшін банкке бармас бұрын, қарызды қайтару жағын мықтап ойланыңыз. Есептеп алыңыз. Мәселен, ай сайынғы шығысты (коммуналдық төлемақыдан бастап, басқа да түрлі төлемдерді қосып) есептеп, оны түсетін кіріске (айлық, гонорар т.т) бөлесіз. Егер шыққан сома кірістің 50 пайызын құраса, несие алуға болмайды.
Банкир мамандардың кеңесіне жүгінсек, несиені сақтандыру мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл жерде несие алушының өмірін сақтандыру ғана емес, жұмыссыз қалу жағдайын сақтандыру қажет. Сақтандыру шартында, сақтандыру ақысын несиені пайдалану мерзіміне сайма-сай төлеу туралы пункттің болғаны жақсы. Егер несиені уақытынан бұрын қайтарған жағдайда, жарты бөлігінің сізге қайтатындығын да ескеріңіз.
Егер несиені төлеу уақытынан кешігіп жатсаңыз, дереу банкке барып, шартты уақытша өзгерту туралы арыз жазып беру қажет. Банк бір тиімді вариантты қабылдайды. Банк қызметкеріне ауызша айттым деген болмайды. Бәрі жазбаша түрде болғаны дұрыс. Ең құрымағанда электронды хат нұсқасын сақтап қойған дұрыс.
Қазіргі уақытта банк қызметінсіз аяқ басып жүре алмаймыз. Жалақыны банк картасымен аламыз, депозитке ақша саламыз. Коммуналдық қызмет үшін де сол картаны пайдаланып, төлейміз. Банк қызметі — негізі пайдалы, өмірімізді жеңілдетті. Тек оны қолдана білмей, қапы қалып жатамыз. Біздің бар сауатымыз қаржыны шешіп алып, шетелдің валютасына айырбастап қоюға жетеді. Бір айлыққа күн көретін адамда шетелдің валютасына айырбастайтын да басы артық ақшасы болмайды. Деніміз сау болсын деп тілейік.
Ақша, ақшамен бәрін шешесің дегенмен, бұл өмірде ақшамен де шеше алмайтын нәрселер бар екенін ұмытпайық. Тыныш ұйықтап, сүйікіт ісіңмен айналысып, бала-шағаңмен күліп-ойнап отырып, қара нан жегеннен артық ешнәрсе жоқ. Өзің жақсы көретін, өзіңді сыйлайтын адамдармен дос болып, Алла тағалаға осы күнге жеткізгені үшін ризашылығыңды білдіруді ұмытпағайсыз.















Жауап беру