Сіз мындасыз:

Ақмолада айқай-шу…
Ақмолада айқай-шу…

Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылы тұрғындарының басым көпшілігі –мұнда Қытай мен Моңғолия елдерінен қоныс аударып келгендер. Олардың ішінде 500-ге жуық отбасы 2005 жылдан бері өз жерлерінің мемлекеттік актісін  ала алмай жүр. Биылғы қазан айының 14-інде аудан әкімдігінің қызметкерлері келіп, 12 отбасының 8 және 10 сотықтан пайдалануға берілген жерлердегі әлі салынбаған үйлерінің іргетасы мен әзірге қалқиып тұрған қабырғаларын сүріп тастады. Телімдері заңсыз деп танылыпты. «Қазіргі карта бойынша,  жеріміз қызыл сызықтың ішінде тұр екен. Оның астына аудан мен ауыл әкімдерінің қолдары қойылған. Он жылдың ішінде жеті әкім ауысқан Қояндыдағы бұл былықтарға жергілікті биліктің өздері кінәлі. Бір әкім екінші бір әкімнің шешімін жоққа шығарып отыр ғой. Сонда, бұлардың қорлығы өткен Қояндының халқы қалай өмір сүреді?»,- деп ашынады ауыл тұрғыны Мәлік Баянбай ақсақал.

 

Мәжілісте өткен жалпы отырыста депутат Жамбыл Ахметбеков депутаттық сауал жолдап,  Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтен Қаржы министрлігі мен Ақмола облыстық әкімдігіне арнайы топ құрып, халыққа түсінік жұмыстарын жүргізіп, олардың мүліктерін жария етуге, үй-жайларын заңдастыруға көмектесу туралы тапсырма беруін сұрады.

— «Бізге арыз жолдаушы ағайындардың айтуларына қарасақ, олардың көбінің жері заңды тұрғыда алынған. Яғни, әкімнің жер бөлу туралы шешімі, келісімшарттары, топосызбалары бар. Бірақ, көпшілігі жер телімінің жеке меншікке рәсімдеген мемлекеттік актілерін әлі алмаған. Мемлекет тарапынан мүлікке рақымшылық жасалып, мүлік жария ету науқанында осы ағайындарға көмектесіп, құжатсыз жерлерді заңдастыруға болар еді. Алайда, оларға көмектесіп жатқан ешкім жоқ. Оларға жерін, үй-жайын заңдастыру үшін қайда, кімге бару керек, қандай құжаттар жинақтау қажет, оны түсіндіріп жатқан билік өкілдері көрінбейді. Керісінше, жергілікті әкімдік кеңес сұрап барған тіл білмейтін, кирилл әрпін танымайтын қарапайым халықты «қара тізімге» кіргізіп, оларды енді отырған үйінен, жерінен айыруға асығып тұрады»,- деді Жамбыл Ахметбеков. Оның айтуынша, бар тірнектеп жиған дүниесі мен талшықтап тұрғыз-ған баспаналарынан айрылған оралман қазақтың бұрынғы келген мемлекетіне көшуден басқа амалы қалмайды, ол жақтағы атажұртқа бағыт алып, көш басын бұрғалы отырған ел де райынан қайтып қалуы мүмкін.

 

Әлеуметтік толқуға өздері мұрындық болады

 

Әлгі іргетастарды бұзуға өзі келген Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Көкішқызы, Ахметбеков айтқандай үлкен әлеуметтік толқу болатынын білмейтінге ұқсайды. Өйткені, шенеунік ханым алдына барған ағайынға басу айтудың орнына, оларды «монголцы», «китайцы» деп кемсіте сөйлеген. Ол сөздеріне ауылдың Асқар Серікболат атты тұрғыны куә.

Өңкей ығайлар мен сығайлардың сөздеріне қарағанда, орын алған бар мәселеге халықтың өздері ғана кінәлі болып шықты, тіпті көлігімнің айнасын сындырды деп халыққа кінә артқандары болды. Ал, Астанаға келіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің алдына жиналған қояндылықтар болса, аудан әкімі кеңесшісінің «көлігіме нұқсан келтірді» деп қарсы шағымдануын «жаптым жала, жақтым күйеге» балады. «Ешкім терезені шаққан жоқ. Бұл жерде, сол Қайрат ағамыз өзінің бір ауыз өтірігінің кесірінен мемлекет билігінің бет-беделі түсерін біле ме екен?»,- дейді ауыл белсендісі Гүлісхан Домалайқызы. Оның сөзіне қарағанда, аудан әкімдігінің қызметкерлері тұрғын үйге берілген жер телімдерін биыл ғана заңсыз деп таныған. Оған Ақмола облысының жаңа келген әкімі Сергей Кулагиннің «заңсыз баспаналар сүрілсін» деген бұйрығы себеп болған көрінеді. Тапсырманы тастай қылуға қыс мезгілі жақындағанда кіріскен аудан әкімдігі мен құзырлы орган өкілдері болса, «баспана емес, іргестас сүріп жүрміз» деген уәж айтады. «Қазір адамдар тұрып жатқан үйді сүрді деген әңгіме айтылып жүр. Бұл шындыққа жанаспайды. Біз ешкімнің баспанасына тиіскен жоқпыз»,- дейді Целиноград ауданының прокуроры Данияр Қуанышбаев.

Мұның сыртында, былтыр ғана Аягөз Шнейдер дейтін келіншектің Қояндыдағы 15 гектарға жуық жер телімін сатып жібергені биыл кезекті дауға ұласты. Өзін «Сергей Кулагиннің өкілімін» деп таныстырған ол «тек оралман куәлігі бар адамдарға арзан бағаға 10 сотық жер беремін» деп, 80-нен астам отбасынан 150 мың долларға жуық қаржыны санап алған. Оған сене қоймаған жұрт ауыл әкіміне барғанда, шенділер оларды «бәрі заңды» деп шығарып салған. Сөйтіп, банкке белшеден қарызға батып, қолдағы бар малын сатқан ағайын қазір сан соғып қалып отыр. Оралмандарды оңдырмай алдаған Аягөз Шнейдердің үстінен «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанмен, қалталары қағылған жұрт сол жерлерге асарлатып үй сала бастады. Осы әрекетті тағы да «заңсыз басып алындыға» жатқызған ауыл әкімі Алтынай Мейірманқұлова: «Бұл аймақ «Самғау» серіктестігіне тиесілі»,- деп отыр. Әкімдік бұл баспаналарды да сот шешімімен сүретіндерін ескерткенмен, басқа барар жері қалмаған халық алған беттерінен қайтпауда. Ал, «біз ешкімнің баспанасына тиіскен жоқпыз» деген аудандық прокурор Данияр Қуанышбаевтың сөзі мен «дайын үйлерді сүреміз» деген мына желеу – бір-біріне кереғар…

 

Жер дауы жесір дауына ұласты

 

Ауыл әкімдігі үйлерінің мемлекеттік актісін ала алмай жүрген 500 отбасының мүдделестері, жалғыз басты ана, тәуелсіз журналист Амангүл Соңғыбайдың өзін қаматып тастады. Қазір оның үш сәбиі айдың-күннің аманында тірі жетімек болып отыр. Оларға Астанада жалдап тұрып жатқан пәтерлерінде, Амангүлдің туған ағасы Баймұрат пен оның әйелі бас-көз болуда. Баймұраттың айтуынша, қазанның 25-і күні Астана қалалық ІІД мамандары «200 жер телімін саттың» деген желеумен жесір әйелді ұстап әкеткен. Павлодардан келіп, болған жайтқа байланысты баспасөз мәслихатын да өткізіп үлгірген жігіт: «Екі апта бойы тергеу изоляторында қамауда отырған қарындасым кейін ол жерде болмады. Қайда әкеткендері белгісіз. Жалпы, тиісті органдардың баласы он төрт жасқа толғанша жалғыз басты ананы ұстауға хақысы жоқ қой»,- дейді.

 

Шынымен де, балалардың үлкені –11, ортаншысы – 9, ал, кенжесі әлі 7-ақ жасар екен. Оқу үлгерімдері жақсы көрінеді. Мәселенің қалай шешілері белгісіз. Құқық қорғаушы Нұрсұлтан Иманқұлов тергеу барысымен танысу үстінде. Сондықтан, ол «әзірге ештеңе айта алмаймын» деп отыр. Ал, тергеу изоляторы тарапынан телефон қоңырауын қабылдайтын бір адам табылмады.

 

Одан кейін Қоянды ауылының тағы бір тұрғыны Гүлісхан Домалайқызының үйіне белгісіз біреу келіп-кеткен 5 минуттан соң от жанып тұрған пеші жарылды. Оқиға болған уақытта Гүлісхан Қояндыдағы жерін он жылдан бері заңдастыра алмай жүрген оралмандармен бірге Астанадағы кезекті баспасөз мәслихатында отырған. Ал, үйінде қалған үш баласының айтуынша, «пештің қалай жасалатынын көрмек едім» деп бейтаныс біреу келіп, оның ішіне қолындағы қоқысын тастап кетіпті. Ол үйден шығып кеткеннен кейінгі пештің жарылуынан ұйықтап жатқан қыздың басына кірпіш түскен. «Пешке жақын жерде газым тұр. Мына от күшті жанған кезде газ атылса, «үйіндінің астында қалсын» дегені ме? Үш баламнан айырылсам, не болады? Бұны ауылдық немесе аудандық әкімдіктегі Қоянды жерлерін тартып алып жатқандар істеді деп ойлаймын. Басқа ешкім де емес». Осылай деп зар еңіреген Гүлісхан, Астанадағы жиында Қояндыдағы жер дауына араласқан шенеуніктердің өзіне қысым жасап жатқанын да жасырмап еді.

 

Ауыл әкімі Алтынай Мейірманқұлованың сөзінше, Қояндыдағы 2007 жылы заңсыз салынған 167 баспананың бірде-біреуі сүрілмейтін болыпты. «66 үй бұзылсын» деген соттың шешіміне қарамастан, олардың ешқайсысын күремей, мәселені шешудің басқаша жолын табатындықтарын уәде етті. Республикалық «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі басқармасының төрағасы Махамбет Әбжан:

- «Астана маңындағы Қояндымен қатар, Талапкер, Қараөткел, Қосшы ауылдарын түгелдей қала билігіне қарату керек» деген пікірде. «Себебі, біз «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ықпалымен Алматы іргесіндегі ауылдарды облыстан қалаға қаратқанбыз. Сол сияқты, қала маңындағы Қоянды сияқты ауылдардың да әлеуметтік мәселелері Астанаға қаратқан кезде бір-ақ шешімін табады деп ойлаймын»,- дейді.

Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеевтің өзімен кездескен бір топ қояндылық ағайын одан өздері тұрып жатқан жерлерін заңдастырып беруін талап етті. Тәткеевтің айтуынша, Қояндыдағы 82 жер уческесі жекеменшікке пайдалануға берілген. Оның сыртында, тағы 5400 адам сол ауылдан жер алмақ болып, тізімдегі өз кезектерін күтіп отыр екен. Ал, жері заңсыз деп табылған оралмандарға әкім: «Өз мәселелеріңді жеке-жеке кездесіп түсіндіріңдер» деген талап қойды. «Аудандағы үй мен жерге қатысты барлық қызметтерді Қояндыға апарып, кісілерді қабылдайын деп отырмыз. Бұрынғы 96 гектардың ішінде уақытында заңдастырылмаған жерлер бар. Солардың иелері келіп, бізге тиісті құжаттарын көрсетсін. Неге осылай шулап, бәріңіз бір топ болып жүресіздер? Әрбір адам өз ісімен жүруі керек!»,- деп салды ең соңында. Ол алаяқтарға алданғандарға қатысты сөзін қысқа қайырды. «Көбінесе, сырттан келген ағайындар тілді, заңды білмейді. Сондықтан, онысын алаяқтар пайдаланады да, ақшаларын сыпырып алады» деп. Алайда, сол «ақша сыпырып алған» оқиғадан Қояндының бұрынғы әкімі Қайролла Тәшетов хабардар болған. Осылай деген оралмандарға аудан басшысы «енді ол мәселеге сол бұрынғы әкім жауап беруі керек қой» деді. Сөйтіп, өзара тіл табыса алмаған шенеуніктер мен халықтың арасындағы бұл тартыстың алдағы уақыттарда әлі де жалғасатыны белгілі болып қалды.

Мұндағы бір анық: ақмолалық шен-шекпенділер баспана үшін бас қайғы болған ағайынды тал түсте қымбат көлігімен қағып өтіп, «китайцы», «монголцы»деп кемсітіп, түрмеге жапса да, ақырында бар мәселеге халықтың өзі ғана кінәлі болып шығуда. Міне, осыған әбден назаланған ағайын «енді Президентке шағымданудан басқа амалымыз да қалған жоқ» деп отыр.

 

Еркеғали БЕЙСЕНОВ, Астана

 

(жалғасы бар)

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Декабрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Ноя    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  

Жоғарыға