
Ақпарат тарату бойынша бүгінде интернет әлемде ең алдыңғы орынға шықты. Қазіргі күні Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылардың саны 7 миллионнан асып жығылады екен. Осындай ең үлкен ақпарат желісі өкінішке қарай мемлекет тарапынан жеткілікті дәрежеде бақыланбай отыр. Осыны пайдаланған кейбір арам ниеттілер жымысқы ойын ғаламтор арқылы таратып, жақтаушыларының қатарын қалыңдатып жатқан жайы бар.
Бүгінде әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, ой-пікірін білдіру сәнге айналды. Ашу, жүргізу оңай және бәрі тегін. Содан болар, оны пайдаланушылар қатары күн санап өсе түсуде.
Өткен аптада фейсбуктегі «Қоғам және дін» деген қазақ тобында «Аслан Мусиннің баласы не дейді» деген тақырыпта үлкен пікірталас орын алды. Кезінде бір облыстың әкімі, онан кейін Президент әкімшілігінің жетекшісі сияқты үлкен лауазымды қызметтер атқарған атақты адамның баласы не айтты екен деп әлгі топта жарияланған бейнетүсірілімді ашып қарадым. Аслан Мусиннің баласы атанған жиырманың о жақ, бұ жағындағы жап-жас жігіт дін ілімін түгел оқып тауысқан ғұламалардай ислам діні, Құран жайлы желдей есіп көсіліп отыр. Оның айтуынша, Құранда намаз деген сөз жоқ екен, бұл кейінірек дінді бұрмалаушылардың ойдан шығарғаны көрінеді. Бозбаланың пікірінше, Құранда жазылмағандықтан намаз оқудың еш қажеті жоқ. Құранда Алланы еске алып, ол туралы ойлау қажет деп көрсетілген. Сондықтан намаздың орнынан Алланы есімізге алып, Жаратқан туралы ойласақ жеткілікті көрінеді. Атақты адамның баласы осылайша мыңдаған жылдар бойы мұсылман дінін ұстанушылардың ұстанып келе жатқан шариғат жолын бір-ақ сәтте теріске шығарды.
Биыл көктемде Көкшетауда жоғары оқу орны студенттерімен кездесуінде дінтанушы Асқар Сабдин экстремистік пиғылдағы уағызшылардың жастарды тартуда қолданатын айла-шарғылары туралы жан-жақты баяндаған еді. Дінтанушының айтуынша, экстремистік ағымдар өздері шығарған бірнеше шағын кітапшаларды оқыған жастарға «енді сен дін ілімінің жоғары маманы болдың, Құран, хадис туралы пікір айтып, түсінік бере аласың» деп желпіндіреді екен. Төрт-бес кітапшаны оқып, ғұлама атанған жас жігіттер содан Құран мен пайғамбарымыздың хадистеріне тиісіп, өздерінше ой-пікір айтатын көрінеді. Дінтанушы мұны әскерге жаңа алынған солдатқа генерал погонын тағумен салыстырған еді. Әскерге енді келген тәжірибесі мен білімі жоқ солдатқа генерал погонын таққаннан ол қолбасшы болып кетпейді. Ондай «генерал» басқарған әскердің жеңіліс табары даусыз. Сол сияқты төрт-бес кітапша оқып, ғұлама атанған жастардың дін туралы пікір айтып, түсінік беруі өзіне де, өзгеге де еш жақсылық әкелмейтіні анық.
Соңғы жылдарда ислам дінінің атын жамылған экстремистер қатары көбейіп барады. Ондайлар біздің елімізде де әр жерден бой көрсетуде. Тіпті, қолдарына қару алып, құқық қорғаушылармен соғысқандар, жазықсыз жандарды өлтіргендер де болды. Мұның өзі әлемнің көп елін жайлап, жұрттың тынышын кетірген бұл кесапаттың бізге де жеткенін көрсетсе керек. Ал сондай экстремистер қайдан шығады? Әрине, аспаннан түспегені белгілі. Олардың бәрі өз қандастарымыз. Мұндай жанкешті теріс түсінікті олардың арам пиғылды уағызшылардан алатындығы белгілі. Уағызшылар жоғарыда айтып кеткеніміздей ғаламторды өте шебер пайдаланады.
Ғаламтор демекші, осыдан бірнеше жыл бұрын Ақмола облысында Шешенстанға барып, экстремистік топтарға қосылып соғысуды ойлаған бір азаматтың соты болды. Оны ресейлік құқық қорғаушылар қолға түсіріп, Қазақстанға әкелген. Әлгі жігіт өмірі тірі экстремист дегенді көрмеген екен. Мұндай түсінікті ол ғаламтор арқылы алып, біраз кітаптар оқыған. Содан қолына қару алып кәпірлермен соғыссам деген ниеті оянған. Осыдан байқалғандай, ғаламтордың адам санасына ықпалы өте зор.
Ғаламторды теріс пиғылды топтар мен азаматтар шебер пайдаланса, керісінше ҚР Дін істері агенттігі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері мүлдем дерлік пайдаланбайды. Әлгіндей теріс уағыздарға қарапайым азаматтар шырылдап қарсы шыққан болады, бірақ оны құлаққа іліп жатқан ешкім жоқ. Оларға қарсы дінтанушы немесе құзырлы орган өкілі байыпты жауап қайтарып жатса, ондайлардың қармағына түсушілер қатары азаяр еді.
Биылғы жылдан бастап прокуратураға әлеуметтік желілер мен сайттарды теріс насихат жүргізгені үшін сот шешімінсіз жауып тастау құзыреті берілді. Дегенмен қадағалаушы орган осы құзыретін әзірге дұрыс пайдаланып отырмағандығы байқалады. Олай дейтініміз, әлеу-
меттік желілерде теріс ағымды ашық насихаттайтын топтар мен жеке адамдар көп. Ал олардың жұмысын бақылап, тәртіп тезіне салып жатқан ешкім байқалмай отыр.
Күні кеше фейсбуктен Батырбек Сұлтанов деген біреу ашқан «Хадистің зұлматынан Құран нұрына» деген топты кездестірдім. Топта 1700-ден астам адам бар екен. Аты айтып тұрғандай, мұнда Алладан түскен Құран дұрыс та, пайғамбарымыздың сөзі мен әрекеттері жазылған хадис теріс деп түсіндіріліп, хадиске қара күйені аяусыз жағады. Аслан Мусиннің баласы намаз оқудың қажеті жоқ десе, Батырбек Сұлтанов хадисті қоқысқа лақтыру керек дейді.
Мұндай пікірлер қайдан шығады, оның сыртында не тұр? Адамдарды, әсіресе оң-солын әлі дұрыс танымаған жастарды адастыру, оларды қармақтарына түсіріп, өздерінің арам ниеттерін жүзеге асыратын жансыз қуыршаққа айналдыру сияқты саяси пиғылдарын әлдекімдер ғаламтор арқылы ашықтан ашық жүргізіп жатқаны байқалуда. Сондықтан құзырлы органдар әлеуметтік желілерді бақылауға алып, теріс насихат жүргізушілерге тосқауыл қоюы қажет дер едік.
Қалкөз ЖҮСІП


















2 пікір
24.08.2014 - 09:54
Аллаһ жазасын берсін! Осындай сөздер сөйлеп жүргені — Аллаһ адастырып қойғанының белгісі. Діни ілімі тайыз жастарға зиянын тигізуі мүмкін. Аллаһ адастырғанды ешкім тура жолға сала алмайды, Аллаһ тура жолға салғанды ешкім адастыра алмайды!
25.08.2014 - 17:38
Мақаланың соңындағы құзырлы органдар дегенді түсінбедім. құзырлы орган сонда сүннетті арашалап алуы керек пе. кім қалай күрес ашса сонымен солай күресу керек. Жақтаушылар да даттаушылар да Исламның өркендеуіне түбінде үлес қосып жатқандарын білмейді. Хз. Әбу Бәкірден тақуалықтың осы дәрежесіне қалай жеттіңіз деп сұрағанда «Шайтанның арқасында» «Шайтан не десе керісіншесін істедім» деген емес пе. демек, кейде шайтаннын да дінге қызмет ететіндігін ұмытпағанымыз жөн.