
…Бүгінгі күні байдың баласы, яки прокурор көлікпен қаққан жолаушының сұрауы жоқ. Ал қолында билігі, жоғарыда «көкесі» барлар оқиға болған жерден бой тасалап кетсе, ізкесушілер «таба алмай қалатын» әдетке айналған. Жол полициясы қуып бара қалса, сабап жіберетіндер де арамызда аз емес. Оралдағы қаржы полициясының арақ ішіп алып айдаған 23 жасар бір қызметкері жол сақшысының мұрнын бұзған. Демек, ол біреуге арқа сүйеп қол көтеріп тұр. Болмаса көзіне қара көрінді ме?
Қазақстандағы көлік қақтығысынан қаза болғандардың бір жылдық қара тізімін қолына алғанда Елбасының өзі өткенде жағасын ұстамап па еді? Өйтпегенде ше? Көлік қағып немесе көлік тізгінінде көз жұмғандар өз ажалынан бақи болғандардан көп. Бұл алапат үлкен қалаларда күнде күн тәртібінде тұрғанымен, өкінішке қарай, күн құрғатпай, қара жамылумен келеміз.
- Біз көлік жүргізу мәдениетін білмейміз. Оның өзі үлкен мәдениетті талап етеді. Жол ережесін ойыншық көреміз. Және көлігіміздің ахуалын тексеруде өте салақтық танытамыз. Ең бастысы өз тағдырымызға,өзгенің өміріне жеңіл-желпі қараймыз. Бәрін сатып алғанға мәзбіз, — дейді байырғы жүргізуші Қадір Салауатов.
«Бәрін сатып аламыз»демекші, Қызылорда облысы бойынша жүйкесі жұқарғандар мен наркологиялық есепте тұратын 110 адамға жүргізуші куәлігінің берілуін немен түсіндірсек екен? Көшедегі қаншама жанның ғұмырын жындылардың қолына байлап беру емес пе бұл? Қып-қызыл қылмыс емес пе? Бұдан кейін жол полициясының мектепке, мекемелерге барып, жол қауіпсіздігі жөнінде түрлі шаралар өткізуінің өзі күлкілі емес пе? Қызылорда облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы А.Ахметов өткен жылмен салыстырғанда жол апатының 1,5 есеге өскендігінің басты себебін автокөлік санының көбейгенімен, жолдың заманауи технологияларға сай еместігімен түсіндіргісі келеді. Иә, неге жыл сайын жолдың астан-кестеңін шығарып жатамыз? Бір жөндеген көшені жүз жөндеуге неге «құмармыз»? Соны неге заманауи технологияға сай етіп біржолата жөндемейміз? Мемлекеттік комиссия неге оны қабылдайды? Сауал көп, жауап жоқ. Және оны бірнеше айдан соң қайта қазып жатқанын көресіз:
— Бәтір-ау, не болды? – дейсіз су жаңа көшені қайта қопарғанға жаның шыдамай.
— Су құбыры ескі, жарыла береді.Соны ауыстырып жатырмыз…
Ана жерде де сол, мына жерде де сол. Көшені асфальттамай тұрып, жер астындағы олқылықты жөндеуге болмай ма? Осындай ойсыраған кемшіліктерді көре отырып, А.Ахметов сияқты шенеуніктер жол апатының күрт өскендігін өзге жақтан іздейді. Және бұл біздің биліктің үлкен-кішісіне түгел тән «ауру».
Бүгін тағы бір жаман хабар жетті. «Коммунизм» жақта «Газель» көлігі «КамАЗбен» қақтығысқан. Көше шетімен кетіп бара жатқан келіншек мерт болды. Аяғы ауыр екен…
Жеткер Жүсіп, Қызылорда















Жауап беру