Сіз мындасыз:

Профессор Алтай Тайжанов: Қазіргі білім жүйесінде тәртіп пен бақылау жоқ

Білім және ғылым министрлерінің ұзын санынан жаңылысып қалдық. «Жаңашыл» министрдің бірі Бақытжан Жұмағұлов ойда жоқта орнынан алынып, орынтаққа Аслан Саринжіпов отырды. Сол-ақ екен ҰБТ-ны «өзгертемін» деп елді елең еткізді. Президенттен ескерту алғасын ғана аптығын басты.

Әрбір министр өзінше реформа жасап, тарихта «қалуға» әуес. Он екі жылдық мектепке көшу жөніндегі әңгіменің көтерілгеніне 5-6 жыл. Әлі бау-шуы түгенделіп болған жоқ.

Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту мәселесі қолға қапыл алынып жатыр. Балабақша кезегін мыңдаған балдырған күтіп, көздері жәудіреп отыр. «Садик» көрмеген, мектепке дейінгі білім беру мекемесінен өтпеген, «әжесінің әліппесіне» ғана тіл сындырған кішкентай еркелер «әлем тілін» үйренемін деп, жүріп ана тілінің уызына жарымай қалмай ма?

Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті дүниежүзіндегі таңдаулы 100 жоғары оқу орнының қатарына жақында ғана қосылды. Ал бізде оңтайландырғанның өзінде жүзге жуық ЖОО бар. Қаптаған ғылым кандидаты мен ғылым докторы. Олар бұған қалай қол жеткізді?

Жақында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті заң факультетінің білдей үш оқытушысы бірнеше жыл бойы «сатып алған кандидаттық дипломмен студенттерге заңдылық ілімін оқытып келді» деген жергілікті газетке жарияланған хабар, докторлық ғылыми дәрежесін білім саласындағы сансыз реформалардан бұрын қорғаған, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжановпен бүгінгі ғылым сапасы жөнінде әңгімелесуге себеп болды.

-Алтай Тайжанұлы, сіз жоғары оқу орындарында ұзақ жыл жұмыс істеп, кандидаттық және докторлық ғылыми дәрежелер қорғаудың қыры-сырына, «құпиясына» қанықтыңыз. Бүгінгі білім сапасы-күн тәртібіндегі бірінші мәселе! Онымен бәрі айналысып жатыр. Бірақ нәтиже шамалы. Өз пікіріңізді білдірсеңіз?

-Жалпы мені қоғамдық ғылымдардың өкілі ретінде, білім сапасы және ғылым сапасы, соның ішінде ғылыми дәрежесі бар адамдардың білім деңгейі көп ойландырады. «Өзің диуанасын, кімге пір боласың» деген сөз бар. Біреуге білім беру үшін өзің, өз деңгейің жоғары, берерің мол болуы қажет. Интернеттен, оннан-мыңнан жинап, құрастырып, білім бердім, дәріс оқыдым деп күпсіну-бос әурешілік… Тәуелсіздік 23-ші жылға шығып тұр. Соның жиырма жылы білім саласының  үлкен-үлкен реформалармен кетіп жатыр. Әрине Тәуелсіз ел болғасын әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жасалуға тиіс. Өзіміздің жолымызды, өз бағытымызды іздеуіміз, белгілеуіміз қажет.

Реформа жөні, бағыт іздеу жөні осы екен деп, білім мен ғылым саласының енді бір ізге түсе бастаған жүйесін жыл сайын өзгерту, түрлендіру, тіпті оны қиратумен, кейін оны қайта түзетумен күн өткізіп келеміз. Кезекті әрбір министр өз «жаңалығын» ілестіре келеді.

Менің түсінігімше, білім мен ғылым саласында біріншіден-тұтастық, екіншіден-жалғастық сақталуы, үшіншіден- білімнен білікке өту мәселелері қарастырылуы қажет.Көне заманнан бергі үрдіс-үйрену. Оқу содан туындайды.

Адамзаттың үш сатыдан өткенін түсіну керек. Біріншісі, арманнан құрылған мифология. Екіншісі, дінмен байланысқан сенім. Ол бізді имандылыққа, инабаттылыққа, бір тудың астына жиналуға үйретті. Ал қазіргі саты, ғылыми тілде философиялық деп аталғанмен, ол біздің білген, оқыған және көрген техникалық жетістіктеріміз, әлемді тану, өзіңді солармен салыстыру және теңестіру сатысы.

Жалғастық әріден басталады. Орыстар педагогика атасы Каминский дейді. Дұрыс емес. Ежелгі грек, көне шығыс ілімі және дәстүрі қайда? Бір елден басқа ел үйренеді. Білімін өзге ел береді. Берейін деп бермейді. Табиғи жолмен береді. Білім біліктілікке жалғасуға тиіс. Дипломды адам көп. Біліктілік дәрежесі қандай? Білім және ғылым сапасы осыдан туындайды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында әрбір мәселенің байыбына бармай еліктеу жағым басым болды.

Тағы бір айтарым, білім мемлекетке, ұлтқа қызмет етуі қажет. Біз унитарлы мемлекетпіз. Бірегейміз. Округ және автономия жоқ. Білім мен ғылым саласы бірегей мемлекет Конституциясына сәйкес болуы керек. Білім және ғылым ұлтқа, қазақ халқына қызмет етуге тиіс. Қазақ еліне қызмет жасау, қазақ мемлекетінің қажеттілігін өтеу бағытында білім беру деген сөз.

Қазір кредиттік технология деп жиі айтамыз. Болон жүйесі жөніндегі келісімге қойдық. Мемлекетке олардың қаншалықты қажеттілігі бар? Қызық қуу ма, әлде қатардан қалмау ма? Еліктеу ме, қажеттілік пе? Қажетсіз дейтінімнің себебі, олар бүгінгі күні ұлтымызға қызмет жасап жатқан жоқ. Аталған «жаңалықтар» дәстүрлі білім беру жүйесін құрдымға жіберді. Тіпті, біз бұрыңғы дәстүрлі жоғары білім беру жүйесінен бір емес, екі қадам кейін шегіндік.

-Алтай Тайжанұлы, бірқатар реформаның, білім жүйесін айтып отырмын, бағыттары сыналап енді, «істеп жатырмыз, қолға алдық» деген есеп те беріле бастады. Сіздің пікіріңізбен кейбір әріптестеріңіз келісе қояды ма екен?

-Тағы өз көзқарасымды қайталап айтамын. Біздің ЖОО дипломы, бұрын Батыстың магистрімен тең дәрежеде болатын. Қазір жаңа жүйеге көштік те, дипломмен бакалавр даярлаймыз. Бір қадам артқа шегіндік дейтінім осы. Бакалаврден кейін магистратурадан өту керек. Ол бұрыңғыдай тегін емес. Мұның бәрі ЖОО айналасындағы ақша тапқыш пысықтардың қолында. Кейбір жеке ЖОО бір саладан екі ғылым докторы сабақ берсе, оп-оңай магистратура ашып ала қояды. Біздің университетте үш философ ғылым докторы бар. Бірақ магистратура жоқ. Пединститутта ашуға болмайды. С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетіндегі магистратураға қаладағы педагогикалық  институттың, медициналық университеттің жастары барып, 440 мың теңге төлеп, магистратурадан өтіп жатыр. Одан өтпесе, жоғары оқу орындарында сабақ беруге болмайды. ЖОО ғылыми дәрежесі жоқ оқытушыларының амал таппай дал болатыны сондықтан.

Ойшылдар ешқашан санаттан қалмайды. Маркс, Ленин ұлы ойшылдар. Ленин «социализм дегеніміз-есеп, бақылау және тәртіп» деп қадап айтқан. Қоғам ол болмаса, құлап қалады. Ал біздің қазіргі білім жүйесінде тәртіп пен бақылау жетіспейді.

Өзіңіз ойлаңызшы, 22 жылда қанша білім министрі ауысты? Санынан жаңылысамыз. Солардың арасында оқытушылар аз. Бұрыңғы облыс әкімі де, инженер де министр болып көрді. Басшысы жылда ауысатын министрлікте бірізділік, сабақтастық, яғни тұтас жүйе болмайды.

   Мәселен, шетелдерде сайлауда жеңген партия жаңа үкімет құрамын жасақтап, министрлер ішінара өзгеріп жатады. Министр басқа тұлға , бірақ министрліктегі бірінші вице-министр өз орнында. Оны келе жатқан бағытты жалғастыру үшін қозғамайды. Бізде қалай? Жаңа басшы бұрынғыны өзгертіп, істі «жаңартудан» бастайды. Бірі қос тіл, бірі үш тілділік ұсынады. Оған дайындық бар ма, жоқ па? Мұның бәрі қаржы тартудың амалы. Осының салдарынан білім жүйесінде қиындық көп.

-        Білім саласы бойынша ЮНЕСКО –ның назарына ілігіп, жоғарыдан көріндік, «ТМД елдерінің алдындамыз, ғылым кандидаттары мен докторлары саны жөнінен шырқау биікке шықтық» деген сөздер жиі естіледі… 

-        Байқайсыз ба? Көше бойлап жүрсеңіз, «реферат, диплом жұмысын жазып беремін» деп телефон нөмірлері көрсетілген құлақтандырудан көз сүрінеді. Құқық қорғау орындары, ЖОО басшыларыи оны көрмейді. Жауапқа тартпайды. Диплом жазып беру, кандидаттық және докторлық диссертация жазу жалғасып, аспандап көтеріледі. Жақында жергілікті «Эврика» газетінен (№42, 16 қазан 2013 жыл) «Кандидаты оказались липовыми» деген шағын мақала оқыдым. Ұзын-ырғасы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті заң факультетінің үш әйел оқытушысының бірнеше жыл бойы ғылым кандидаты жалған дипломымен жұмыс істеп жүргендігі туралы. Тексеру барысында үш кандидаттық дипломның Білім және ғылым министрлігі базасында тіркелмегені анықталды. Сараптау қорытындысы аталған құжаттардың жалғандығын көрсетті. Білім жүйесінде тәртіп пен бақылау жоқтықтан бір мысалы осы.

-        Жаздырып алу да – «еңбек». Ал дайын бланкіге нөмір қойып, мөр басып, сату – қылмыс. Айтылады, қалады ешкім жауапқа тартылмайды. Осылай кете береді. Тізбелесек, бұл мәселе Қазақстанға ғана тән емес. Жаз айларында Шығыс Еуропа елдері бір премьер-министрінің  ұмытпасам, Чехия,  докторлық ғылыми диссертациясының плагиат екені анықталып, ол отставкіге кетуге мәжбүр болды. Көршіміз Ресейде кейбір ғылыми жұмыстар сараптан өтуде. Жиырмадан астам докторлық диссертацияның  көшірме екендігі жария етілді. Ал Ресей мемлекеттік Думасында, өзіміздің Парламентте , әр түрлі деңгейдегі әкімдері арасында ғылым кандидаттары мен докторлары жыртылып айырылады. Саяси немесе экономика ғылымдары болса, бір сәрі. Менің ғылыммен айналысатын, ғылыми зерттеу институттарының немесе мекемелерінің адамдары ғаны ғылыми дәреже үшін диссертация қорғауы керек дейтінім сондықтан.

2010 жылғы желтоқсан  айында ғылыми дәреже мәселесіне, яғни диссертация қорғаудың жаңа жүйесі енгізілді. Басты себеп олардың тым көбейіп кеткендігі. Бұрын қалай білмеген?

   Енді есебі жоқ доценттік, профессорлық, академиктік атақтар туралы. Тоқсаныншы жылдардың басындағы қаладағы ірі әрі жалғыз ет комбинаты бас директоры кабинетінің есігінде әуелі ғылым кандидаты, сосын доктор, бас-аяғы алты айдың ішінде академик деген «дәреже» лауазымына тіркесіп, бадырайып жазулы тұрды. Қазірде де сол кезеңнен алыс кеткен жоқпыз. Оқытатын, сабақ беретін, ассистент деген ұғым бар.

Ал бізде әкім де, бас директор да профессор. Сол атақты тікелей беретін орын қайда қарап отыр? Жоғары оқу орнында бір күн жұмыс істемегенсің деп неге айтпайды? 2010 жылдың аяғындағы тосын «ғылыми өзгеріс» жұмыстары бір-екі жыл бұрын бітіп, қорғау кезегін күтіп тұрған ЖОО көптеген оқытушыларының обалына қалды. Ғылым айналасындағы лауазымды шенеуліктер қорғап «үлгерді» де, оқытушылар кейінге ысырылып қалды. Солардың бірі А.Дүйсенбаев деген азамат әлі әуре болып жүр. Оларды кідіртпей, ғылымға қатысы жоқ адамдарды тоқтату керек еді. Тәртіп пен бақылау жоқтықтың кесірі осы. Қазір тексеріс болса, Ресейден ғылыми дәреже алған адамның көптігін сезінесің. ҚР бойынша ЖОО-ларында сол саладан ғылыми кеңес болмаса ғана ғылыми жұмыс шетелдерде қорғалуға тиіс. Қазақ тарихынан, дінінен Мәскеу ғалымдары не айта алады? Қазақстан шежіресі жөнінен Ресейде қорғап «дважды» доктормын деп күпсінетіндер қаншама?

Жарайды делік, ал «Билер шығармашылығы» туралы шетелде ғылыми диссертация қорғау,  сыпайылап айтқанда атымызға ұят. Қазақ билері – айрықша құбылыс, мәні өте терең қазақ ұлтына ғана тән нәрсе.

-        «Балық басынан шіриді» дегендей, бұрынғы Білім және ғылым министрі туралы да алып-қашпа сөз көп. Жалпы, білім төңірегіндегі былық-шылықты тоқтату мүмкін бе?

-        Әзірге мүмкіндік шектеулі. Турасы, біз коррупция дендеп енген мемлекеттер  қатарындамыз. Сыбайластық жемқорлық білім ғана емес, әр салада бар.

Ал, бұрынғы басшы туралы ештеңе айтпаймын. Басы-қасында болмағасын пікір айтудың қажеті жоқ. Біз бүгін білім және ғылым туралы ғана қысқа  қайырып, әңгімелеп отырмыз. Фонограмма қосып қойып, өңешін «жыртатын» әнші ше, немесе өзі баптаған спортшысын құрамаға жетектеп кіргізетін жаттықтырушы ше?

Мемлекеттің коррупцияға қарсы күрес туралы Заңы бар. Соның сақталуы, Қазақстанның, Қазақияның өркендеген мықыт мемлекет болуы үшін бәріміз азаматтық позиция ұстануымыз қажет.

-        Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айдос Шөкіш

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Май 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Апр    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Жоғарыға