
Біз көбінесе ашаршылық әңгімесін айтқанда — оны 1931-33 жылдармен, жиырмасыншы жылдардың аяғында жүргізілген кәмпескелеу, зорлап отырықшыландырумен, ұжымдастырумен байланыстырамыз. Шын мәнінде ашаршылық қазақ даласына большевиктердің үкімет басына келген күндерінен басталды. Билік басына келген әртүрлі саяси қашқындар мен соғыстан қашқан солдаттар тыныш жатқан қазақ даласына ойран салды, қазақты атты, асты, тонады. Кеңес үкіметінің шынайы бейнесіне — 1917-1919 жылдары Перовск уезін басқарған уездік совдептің төрағасы Иосиф Гержодтың басқаруымен жасалған қанды қырғын айқын дәлел бола алады.
Сол кездегі тарихи жағдайға үңілсек, Сыр аймағында басталған аштық пен індет халықты қырып, қаусатып тастағанын сол кездердегі тарихи деректер көрсетеді. Бір ғана 1918 жылдың өзінде «Түркістан халқының 30 пайызы аштықтан қырылған» («Наша газета», 13 авг. 1918). Түркістан республикасындағы аштықпен күресу Орталық комиссиясының аштарға көмек көрсетумен айналысқан комиссияның нәтижесі жайлы 1919 жылдың 11 наурыздағы баяндамасында Перовск уезінде 47 мың, Қазалы уезінде 29 мың адамның аштықта екені жайлы дерек айтылған (ЦГА Уз ССР, ф. Р-17. Оп.1, д.11, л.149 түпнұсқа). Осындай сұмдық аштық кезінде Сыр халқы өзінің бала-шағасы аштан қырылып жатқанына қарамастан, большевиктердің зорлауымен Ресейге балық жіберіп тұрған.
Осы бір ғана мысалдың өзі 1917 жылы болған қазан төңкерісінің қазақ халқына қаншалықты ауыр трагедия әкелгендігінің, қазақ даласына жат кеңестік тәртіпті зорлықпен орнатқан большевиктердің іс-әрекетінің қылмыстық, қарақшылық сипатта болғанының айқын дәлелі.
Міне, осы кезде Гержод бастаған Перовск совдепі аштық мәселесін шешуге байланысты жанталас әрекет-қимылдарға кірісті. Арнайы азық-түлік комиссариаты, аштықпен күресу комитеттері құрылды, Ташкенттегі үкіметке қайта-қайта жеделхат, өтініштер мен қатынастар жазып, ақша мен қаражат сұрап, байлар мен ауқатты кісілердің тізімін жасап, оларға салық салу, артық астықты тартып алу, саудагерлермен күресу сияқты әрекеттеріне кірісті. Бірақ, большевиктер бұл тірліктің бәрін Сыр бойындағы қазақтардың жағдайын ойлап емес, уездегі еуропалықтардың, Перовск қаласында орналасқан № 3 Сібір полкының, темір жол, пошта, милиция, комиссариат қызметкерлерінің отбасылары мен өздері үшін істеді. Жергілікті қазақтар, егер олардың малына салық салынбаған болса, егіншілікпен айналыспайтын қазақтарға астық салығын салып зорламаған болса, бұл аштық пен індеттен аз шығынмен құтылып кеткен болар еді. Астық салығын төлеу үшін қазақтар бар малын орыстарға астыққа айырбастауға мәжбүр болды, қалыптасқан көшіп қонып жүрген қыстау мен жайлауларын тастап, бастары ауған жаққа қашты. Осы қашу кезінде қырылғандардың саны жайлы деректер жоқ… Атбасар мен Қарсақбайға 2000 түйеден тұратын 3 астық керуенінің жіберілетіні осы мезгілге жатады.
1918 жылдың 23 маусымында Перовск азық-түлік комиссары Сапожников Түркістан өлкесінің Халық комиссарларының азық-түлік бөліміне жазған № 3179 хатында былай депті:
В дополнение к представлению Комиссара продовольствия Перовского уезда от 22 сего июня за № 1922 на имя Краевого продовольственного отдела, доношу, что действительно население как города Перовска так и его уезда, за полным истощением продовольственных продуктов, систематически голодает, а потому ходатайствую о разрешении Перовскому продовольственному отделу, хотя бы частичной но самостоятельной заготовки хлеба для Перовского уезда.
(жалғасы бар)


















1 пікір
30.05.2014 - 10:27
Мине жалпакшешейлик басканын карны тойсын деп енбек ету… Ал ауызбиршиликтин жоктыгынан окиметтин халыкка истеп отырганы казыргы сиякты тозып журген казах ал одак-одак деп елди орыс еврейге кул ету…