
Ресей космос әскерлерінің негізгі стратегиялық базасы боп саналатын «Байқоңыр» біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, еліміздің тәуелсіздігіне де үлкен қатер тудырып отыр. Себебі, космодромнан жиі –жиі Камчаткадағы «Кура» сияқты полигондарға сынақ үшін жіберіліп тұратын, СС-18, НАТО –ның классификациясы бойынша «Стилет» деп аталатын СС-19, СС-20 ракеталары бар, оның үстіне космостағы ұшып жүрген ядролық «Космос» сериялы әскери спутниктерді басқарып отырған «Байқоңыр», біз қанша жерден атом қаруы жоқ аймақпыз десек те, ядролық қаруы бар елдердің өзара соғыс жанжалы туа қалған жағдайда, бірінші нысана көзі болары даусыз!!!
Ресей космодромдары мен полигондары Жер Анамызды қорлауда?!
Космодромдардан ұшқан ракеталардың бірінші бөліктері Қарағанды облысындағы №25 зонаға түссе, екінші бөліктері сол облыстағы №4 зонаға, үшінші бөліктері де Қазақстанда орналасқан №310-зонаға (Шығыс Қазақстан) тұрақты түрде құлап, күз, қыс, көктемде дауылдар мен үсік аяздарды, жазда қатты ыстықтардан басқа орман, дала өрттерін де көбейтуде.
Қазақстан мен Орта Азия экологиясының басты жауы болып отырған космодром «Байқоңырдың» құрылысы 1955-жылы басталып, қазір 6717 шаршы километр аймақты алып жатыр. 1957-жылы тамызда алғашқы ракета ұшырылған. Содан бергі 60 жылда әртүрлі мақсаттағы 1100 космос аппараты және континентаралық баллистикалық 100-ден астам ракета ұшырылып сыналыпты. Сонымен қатар соғысқа қажетті, жаппай қырып жоятын 38 түрлі ракета мен космос кемелерінің 80–нен астам модификациясы да сыналған.
Байқоңырдан бастау алған ғарыштық ұшырулар елімізге, жерімізге қоршаған ортамызға, оның ішіндегі ең қымбаты халқымыздың денсаулығына орны толмас шығындар әкелуде. Біздің Ұлттық энергетика жүйесі «КEGОК-тың» диспетчерлері мен ҚР Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты мекемелер мен әскери бөлімдер Байқоңырдан әрбір ұшатын ракеталарды №1 әскери дайындықпен күтетін болған. «Роскосмос», яғни Қазақстанға «ең жақын одақтас» боп саналатын Ресей әрбір ұшырулардан соң жерімізді, коммуникацияларымызды ата жауға ұқсап ерекше құлшыныспен бүлдіріп жатса, ал бұлар Ресейдің қоқысын тазалаушыларға, қиратқанын біздің елдің есебінен қалпына келтірушілерге айналған. Және бұл олар үшін үйреншікті дағды боп қалыптасқан.
Бұған жыл сайынғы 6 ай қыстағы ғарыштық ұшырулардан соң пайда болатын табиғи температуралар ауытқушылығынан әр отбасының үйлерін жылытуға кеткен отындарын (газ, мазут, дизель отыны, көмір, ағаш, электр энергиясын), яғни артық шығындарын қосыңыз. Бала-бақшалар, мектептер, денсаулық сақтау мекемелері, қарттар үйлері мен басқа да мемлекеттік мекемелердің пайдаланған энергокөздерін қаржымен есептеп көріңіз. Осы ұшырулардан пайда болған суықтардың әсерінен туындайтын тұмау және басқа да ауруларды емдеуге кеткен дәрі – дәрмектерге кеткен халықтың шығыны ешкімді де қызықтырмайды. Және осы космостық ұшырулардан кейін пайда болатын дауылдар мен қарлы борандардың зардаптарын жоюға, қар басқан үйлер мен авто және темір жолдарды аршуға, құлаған электр бағандары мен конструкцияларды, елді мекендер мен жолдар бойындағы ағаштардан тазартуға кеткен шығындар қанша болады? Жабайы аңдардың (ақбөкен, киік, арқар, таутеке, жайран т.б.) көктемде төлдеп жатқанда үсіп өлген, гептилден уланып өлген шарана, жандықтары мен аналықтарын, жемістер мен өсімдіктерді тозаңдандыруға тиісті, табиғатқа да, адамға да аса қажетті қырылған бал араларын кім есептеп жатыр? Өткен жылдары Батыс Қазақстанға жақын жатқан Астрахань облысындағы Капустин Ярдан ұшып апатқа ұшыраған «Сатаналардан» соң жиырма мыңға таяу ақбөкендер қырылып қалды. Былтырғы Протон апатынан кейін Ақмола мен Ақтөбе облысында тағы да мыңдаған ақбөкендер қырылды.
Биылғы жылдың, яғни 2015-жылдың 28-наурызындағы Ақтөбе мен Ресейдің Орынборына жақын орналасқан «Ясный» космодромынан Камчаткадағы 10 мың шаршы шақырымдық «Кура» полигон — нысанасына кезекті «Сатананың» біреуі атылды. Дәл сол күні Байқоңырдан «Прогресс» ғарыш кемесі ұшырылды. Әрине осы екі зымырандар бірінен соң бірі Қазақ жерінің үстінен ұшқан соң, жайма – шуақ мамыражай көктем күні жылылық 28 градусқа жетіп тұрған сәтте ауа райы күрт өзгерді. Әуелі жаңбыр, арты қарлы боранға айналып, жаппай гүлдеп тұрған жеміс ағаштарын ту-талапай етті. Шымкент жеріндегі ең суық ай қаңтарда ғана бір–екі сағатқа созылатын 18 градустық ызғарлы аяз, наурыздың 29 мен 30 күндері 6-8 сағатқа созылды. Өрік пен алша, шабдалы гүлдері үсіп бірден ағып кетті. Бойына нәр мен сөлі енді жүре бастаған жаңғақ пен алма, алмұрттың гүлдері бүршік атпай жатып бұтақтарымен қоса үсіп кетті. Жақсы өнім күткен бағбандар мен жеке шаруашылықтардың еңбектері еш кетті. Әсіресе 8-май күні Байқоңырдан ұшқан «Прогресс» ғарыш кемесі апатқа ұшырап, зиянды отынының негізгі бөлігі Қазақстан жеріне төгілді. Ауа райы тағы да күрт суыды.
Артынша Байқоңырдан 16-мамыр күні салмағы 705 тонналық «Протон» ұшырылды. Бұл Мексика елінің космостық аппаратымен ұшырылған ғарыштық гептилді зымыран да апатқа ұшырап, гептил отынының 85 пайызы Қазақ жеріне төгілді. Артынша дала еркелері «Қызыл кітапқа» кірген ақбөкендеріміз жаппай қырыла бастады. Оның себебін ресейдің зымырандарына шаң жуытқысы келмейтін, іс жүзінде Ресейдің вассалына айналған Қазақстанның қуыршақ өкіметі «пастереллез» деуден танбай келеді. Міне содан бері қырылған бөкендердің ұзын саны 127 мыңға жетті. Бұл 1988-жылдың жазында Байқоңырдан ұшырылған салмағы 3 мың тоннаға таяу гептилді отын қолданатын «Буран – Энергия» зымыранынан кейінгі ең үлкен апатты шығын. Сол жылы 488 мың ақбөкен мен мыңдаған жабайы аңдар мен малдар қырылып, ғалам елдері адамзат пен табиғатқа орасан зор апатты қасірет әкелетін бұл зымыранды ұшыруға тиым салуды талап еткен еді.
Жер Анамыз бен адамзаттың бақытына орай қасіретті зұлымдық ошағы саналған, большевиктер билеген Совет өкіметі дер кезінде құлап, КСРО-ның бұл қанқұйлы жоспары іске аспай қалды. Наурыздағы ұшырылулардан соң организмі ұзаққа созылған (осы полигондар мен космодромдар әсерінен) салқын қыстан әлсіреп шыққан ақбөкендер жаймашуақ көктемде қаңтар айында ғана болатын аязды суыққа ұшырап жаппай өкпе қабынуына ұшыраған. Мамыр айында көкке енді тойынып, жабысқан дерттен айығып үлгермеген ақбөкендер тағы да қайтадан аязды суыққа ұрынды. Одан әрі апатты ұшырулардан соң мыңдаған шаршы шақырым жерлерде киіктер мекен ететін далада пайда болған озонды тесіктерден өтіп кеткен космостық күлгінді сәулелер бұл жануарларды қырып салды.
Басты себеп — тек ғарыштық ұшырулар!
Қазір Ресей әскери жаттығулар кезінде әлемдік мұхитта жүзіп жүрген сүңгуір қайықтар мен басқа кемелерден, құрылықтағы стратегиялық ракеталық әскери бөлімдерден қазақ жеріндегі нысана – полигондарға қарай түрлі зымырандарды күні – түні атып жаттығады. Олар рұқсат та сұрамайды. Соңғы кездері олардың ракеталық әскерлері ЗРК С – 500-ді де Астрахандағы Капустин Ярдан аумағы 80 мың шаршы километрге жететін Сарышаған полигонына қарай атып сынауда.
Бұл экологияға аса қауіпті ракета отындарының 50-60% ғана жанып үлгеріп, қалғандары жерімізге төгіледі екен. 2001-жылы желтоқсан айында Ресей Байқоңырдан кетпек ниетпен, ылғалы көп Архангельскі облысында орналасқан Плесецкі космодромынан осы «Протонның» біреуін ұшырғанда, Ресейдің Европалық бөлігінде қалыңдығы бірнеше метрге жеткен қар жауып, Мәскеудің өзінде 40 градустай аяз болып, мыңдаған қаңғыбас – бомждар қырылып, одан кейін бұл ракеталарды Ресей космодромдарынан ұшыруға тиым салынды. Қазір бұл ракеталар тек Қазақстаннан ғана ұшырылады…
«Жығылған үстіне жұдырық!»
Өткен жылдары (2009 жылы) Байқоңырдан 34 рет, 2010-жылы да осыншама рет болса, 2011 – 2014-жылдары одан да көп осы аталған ракеталар ұшырылды. Өзен-көлдер мен бұлақтар кеуіп кеткенімен тұрмай біздің облыстағы «Ақсу Жабағылы» қорығы орналасқан Алатау тау сілемдеріндегі мәңгі тұрған мұздықтар мен қарлар еріп жоқ болды. Ал Байқоңырдың тажал «Сатаналарына» қоса, Қазақстанның батыс шекарасына жақын жердегі Ресейдің Капустин Яр космодром – ракетадромынан және Орынбор облысындағы Ақтөбе облысының шекарасына жақын орналасқан «Ясный» космодромдарынан ұшқан ракеталар әсерінен Қазақстанның батысында соңғы жылдары құрғақшылықтар мен табиғи апаттар жыл сайын қайталануда.
Еккен егіндер қурап кетсе, өзен – көлдер буланып, өткен жылдары оттегінің азайғанынан Орал өзенінде балықтар мен су жануарлары қырылды. «Жығылған үстіне жұдырық!» — дегендей, Қазақстан үкіметі Ресейге совет заманында Еліміздің аумағында орналасып, зауалды уытын шашқан 7 ядролық – ракета полигондарды қайтадан болмашы қаржыға жалға беріп, бүгіндері бұл «тажалдар» күндіз – түні адамзат баласын жаппай қырып жоятын, қоршаған ортамызға аса қатерлі түрлі қаруларды сынап, Ұлы Ата-Бабаларымыздың ұрпақтарына аманатқа қалдырған киелі Ұлы Даламыздың ту – талақайын шығаруда?!!! Ресейде әскери – жаттығулар басталса, Сарышағаннан бастап жеріміздегі орналасқан полигон – нысаналар жаттығу үшін құрылықтан да, теңізден де атылған орыстың ракеталарының от боранының астында қалуда.
Байқоңырды үкіметіміз 50 жылға Ресейге жалға берді. Олардан алатын жылақы бар болғаны 115 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоғарыда атап өткен жалпы шығындардың бәрін қосқанда бұл жалақыға төленетін қаржының түкке де тұрмайтындығы белгілі. Аумағы алты мың шаршы километрден астам жерді алып жатқан Байқоңыр космодромынан Қазақ Еліне, бүгінгі күндері орасан зияннан басқа ешбір пайда түсіп жатқан жоқ. Өткен жылдары жазғанымыздай және жоғарыда аталып өткен «Байқоңыр зардаптарынан» табиғатымыз бен халқымыз енді қашанғы азап шекпек?!?
Қасиетті Ұлы Даланы Келешек ұрпаққа тұнығын ылайламай, жасылы мен шалғынын шаң – тозаңға айналдырмай аман – есен жеткізіп қалдыруды Ұлы – Бабаларымыз АМАНАТ еткен.
Қасіретті көп көрген көп ұлтты халқымыз қашанғы басқа елдің зертханасындағы тәжірибе үшін жаралған көжектердің күйін кеше береді? Осы елдің егесі бар ма, бар болса неге оны, яғни Ұлттың көшбасшысын, осы елдің азаматтарын ең бірінші, Елінің, халқының мүддесі толғандырмайды? Адам баласына күнделікті жеп отырған нанынан басқа, таза ауа, таза су, экологиялық жағынан таза өнімдер керек емес пе? Соры қайнаған халқымыздың, ойрандалған қоршаған орта табиғатымыздың қорғаушысы болудың орнына жатжұрттық Ресейдің «Роскосмосының» одақтасына айналған үкімет басшыларына не дерсің?!
Ілесбек Байжанов, ОҚО «Ақиқат – 1» қоғамдық бірлестігінің төрағасы





































Жауап беру