
Отбасымызда Алланың берген бес баласы бар, солардың үлкен екеуі Дәулет пен Бағдат сол күні жеңгелері арқылы үйленуге ниетті екендерін білдірді. Бұл кісілер үйде қонақ еді. Әкеміздің бажасы Дүзелбай ақсақал науқастанып көрінуге келіп жатқан. Ата-тегі, Алшын, Шөмекей Аспан тайпасының Малбике аталығынан. Атақты Ізтелеу байдан Дәмен, одан осы кісі… Ол кісілер, Қызылқұмда — біздің Жаңақаладан(Т.Көмекбаев аулы) 180 шақырым әрі «Ыссыбұлақ» деген жерде жеке шаруашылығында отыр еді.
Тәңертеңгі шәй дастарханның үстінде балалардың талабын хабарладым. «Бәрекелді. Талап оң болсын!»-деп жатыр. Сәлден соң Дүзекең:
— Қожеке, балаларыңның талабы оң болсын! Мағзаман әулиеден бері қарайғы ата-бабаңды пір тұтып, аталарымыз қосшылығын жегіп өтті. Әуелі — Алла, сол үлкендердің бәтиесімен көгеріп, көктедік. Кеше ауылдан шығарда науқасымның райынан ойланып, біздегі азғантай малыңды бөлдіріп Молдабектің алдына салып кетіп едім, соны тойыңа жаратарсын,- деді.
«Ал» дегенді жақсы көрсем де, қолдап мал қоспаған едім. Екі ортада — соғым, сыбаға, тойлық деп те бұл кісілерден сәлем-сауқат келіп жатады.
— Дүзеке, Қожаңа Төрт Шөмекей мен Алты Аспанның үсір-зекетінің малын жыйнап қойдыңыз ба? Ол не мал?-деп, сұрадым. Нағашылы-жиенді жағы да бар еді, бұл кісінің. Дүзекең сол сабырлы қалпы:
— «Аманат»- деген сөз бар, Қожеке. Есіңізде болса 1987 жылдың жазында, Нөкістен, Тәшкенге одан Қызылордаға Сіздің үйге келдім. Жанымдағы жол пұлымды тауысып жетіп едім. Одан әрі елге жетуге пұл сұрағанымда, бүтін 50 сом ақша бердіңіз. Онда әуелгі үш ер балаңыз бар еді. «Бұл қарызымды қалай қайтарамын?»- дегенде, «Мына кішкентай «қожаларға» бір -бір қозыдан ен салып қоярсыз»- деп күлдіңіз…
Бұл — сол мал, Қожеке. Қазір 170 бас қой, 50 бас ешкі болды. Отыңыздың басындағы түрлі жаңалықтар мен қуаныштарды есітіп отырғанда да балаларға, малға ен салғызып қостыратын едім… Енді жасым келді, өзім осында отырғанда жарақты көлік алып сол малыңды жеткізіп алғаныңызды қалаймын — деп, сөзін аяқтады. Шахар ағамызбен, Оңғар ағаларымыз:
— Ойпырмай Алмас жан! Алла жеткерді ғой! — деп, ризашылығын айтып жатыр. Өзім, қатты ойланып қалдым… «Мына заманда, адам діліндегі мұншалықты иман тазалығын Алла көрсін деп отыр-ау… Болмаса пендешілікке сыйярлық іс емес қой»… Күні бүгінге дейін Дүзекеңнің сол салиқалы әңгімесі ойымнан кетпейді… Қол қайыры мол асыл жанды, Айт мерекесі күні Алла иман шапағатымен жарылқағай! Қазір сол балалардың немересін сүйіп отырмыз…
Алмас Алматов




































Жауап беру