
Халқымның салтанаты еске түссе,
Жүрегім өртенеді оттай жанып…
Мұрат МӨҢКЕҰЛЫ
Қазақтың тағдырын айту – ұлтын сүюдің белгісі. Қазақ – ұлтшылдықтан емес, керісінше, ұлтсыздықтан; құл-құтандық түйсіктен арыла алмауынан, ана тілін – ана сүтімен бойына сіңіре алмаған мәңгүрттіктен ұпайынан ұтылып келе жатыр.
Ұлттың мүддесі мен тілін қорғау – бұл ардың ісі, әрбір қазақтың перзенттік парызы әрі қарызы, борышы әрі міндеті. Алаштың дауылпаз, жаужүрек ақыны Махамбет Өтемісұлы «Ақсақалы елдің болмаса, жастары болар диуана» дейді. Біз бүгін ақылман ақсақалдардың аздығынан, ұлтсыз, дәлдүріш шалдардың қасиетсіздігінен дүние қуған диуана болдық. Бұрынғының қариялары ел мен жердің тағдырына күнделікті араласып, тентектерін тезге салатын, даудың түйінін шешіп, төрелігін айтатын, жастары іздеп келіп, батасын алатын. Өкініштісі: қазіргі күннің қариясы сақалын саудалап шапан алатын, абыройын шашып, ақша табатын; әкім-қараның аузын бағып, билікке жағатын; қырма сақал, кемпір бет, жәдігөй-жантық қылықты, ұлттық рухынан айырылған құркеуде, босбелбеу болып барады. «Батырды жауда, биді дауда сынайтын», «Жау алатын жігітті жарағынан танып, Дау алатын жігітті талабынан таныған» қасиет-қадір кеміп кетті.
Тәуелсіз елдің ең өзекті де өткір мәселесі – ұлттық тілінің тағдыры. Ана тілі – қазақтың рухы мен жаны, ар-ожданы. Тіл – айбынды алдаспанымыз, қымбат намысымыз, баянды байлығымыз, темірдей тұғырымыз.
«Тіл туралы» заң қабылданғанына 25 жыл уақыт өтті. Журналист Болат Мүрсәлімнің қазақ тіліне қатысты жиған-тергендерінен қазақ тілінің қазіргі ахуалын анық айқындаймыз. Сонымен, өткен 2013-2014 оқу жылында Қазақстанда 2 581 607 оқушы мектепке барған. Соның 1 666 268-і (64,5 пайызы) қазақ тілінде, 816 965-і орыс тілінде, 2001-і ағылшын, 96 373-і өзге тілде оқыпты. Билік айтып жүрген 70-80 пайыз оқушы мектепте қазақша оқиды дегенді көре алмадық.
Сол қазақша оқитын оқушының 1 630 452-і (97,8 пайызы) қазақ баласы екен де, небәрі 2,2 пайызы ғана өзге этностың балалары екен. Яғни, қазақтан басқа өзге этностар қазақша оқығысы келмейді. Қазақ баласының 1 630 452-і қазақша оқығанымен, 247 686-ы орысша, 1037-сі ағылшынша оқып, 223-і, тіпті, этникалық топтар тілінде оқыған. Өзбек балаларының 6874-і қазақша, 21939-ы орысша, 76907-і өзбекше оқыпты. Орыс баласының 4179-ы қазақша, 348405-і орысша оқыпты. Әзірбайжан баласының 4 мыңы қазақша, 16,5 мыңы орысша оқыпты. Қырғыз баласының 1200-і қазақша, 3200-і орысша оқыпты. Тәжік баласының жартысы қазақша, жартысы орысша оқыған. 4 сыған қазақша оқығанымен, 800 сыған баласы орысша оқыған. Ұйғыр баласының 5 мыңы қазақша оқығанымен, 24 мыңы орысша оқыған. Түріктердің 3 мыңы қазақша, 11 мыңы орысша оқиды. Башқұрттар, лезгиндер, аварлар, құмықтар – бәрі де орысшаға ұмтылған. Бұл ресми статистикалық мәліметтер. Демек, бір ұлтты, көп диаспорлы қазақ елінің 35 пайызы өз баласын қазақша оқытуға я пейілі жоқ, я мүмкіндігі жоқ, я мектебі жоқ. Телеарналар мен газеттерге шығып, «қазақша сайраған» туыстар көзбояуға ұқсайды. Билік осы ақпарларды талдап, ахуалды жедел өзгертуге құлшынуы керек. Сонда ғана бүгінгі оқушылар 10-20 жылдан кейін ғана қазақ тілінде белсенділік таныта алады.
Мемлекеттік құзырлы орындар, министрліктер, ведомостволар, мекемелер мемлекеттік тілдің ықпалын еселеуге тиіс. Мемлекет және қоғам қайраткері С.Сейфуллин «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деген болатын. Іс қағаздарын қазақша жүргізуді былай қойғанда, алқалы жиындардың орысша сөйлеуге, заң-қарарлардың, мекеме арасындағы хат-қатынас, ақпараттың орысша жазуылуын күрт азайту керек.
Мемлекеттік тіліміздің қолданылуына кедергі жасаған кезкелген лауазымды шенеунік халық алдында аяусыз әшкереленіп, қатаң жазаға тартылсын. Ал, бесіктен белі шықпай жатып, 6 жасар баланы үштілділікке мәжбүрлеудің зиянының деңгейін зерделеп-зерттеу қажет. Жапондық озық үрдіс, яғни, баланы 12 жасқа дейін, алдымен, тек ұлттық тілінің асыл нәрімен, құнды гауһарымен құрыштай суарып, жан-жақты ширатып алып, ұлттық ой-санасын толыққанды күйде қуаттандыруды үйренсек жөн болар-ақ еді. Қазақ халқының ұлттық рухын, ой-санасын, әл-қуатын еселеу қажет.
Қазақтың саны жағынан көбею жолдарын шұғыл қолға алып, генофондық сапасын жаңарту керек. Асылдандыру да – күн тәртібіндегі түйіткілді де маңызды мәселе.
Мемлекеттік тілімізбен «қарулана» алмауымыз – мемлекеттік саясаттағы ең қауіпті көрсоқырлық, біліксіздік, тексіздік, ұлтсыздық болды. Мемлекеттік тілдің нақты қолданылуын заң шеңберімен, қаталдау әдістермен мәжбүрлемесе, қағаз жүзіндегі көзбояушылық, қауһарсыз іс-шаралары ешқашан да алға бастырмайды.
Сыртқы қаскүнем күштердің көкейлерін тескен ойы мен пиғылына қарсы ұлттың рухы мен қуатын қарсы қоя білуіміз керек. Басты мақсат – елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін қорғап қалу болмақ.
Мемлекеттік тілді, шын мәнінде, жалпыхалықтық бауырластық пен ынтымақты бірліктің негізгі мәйегіне айналдыра алмаудың зардабы мен қасіретін бауырлас украина халқы бүгінде аяусыз тартып жатыр. Украина президенті П.Порошенко: «Ресей империясы этникалық орыстарды және орыс тілділерді қорғау құқығын жариялау Украинада соғыс өртін тұтатуға жеткілікті болды. Олар (этникалық орыстар мен орыс тілділерді айтады – авт.) қазір Молдовада, Қазақстанда, Грузияда, Балтық елдерінде, Польшада, Болгарияда, тіпті, әжептәуір бөлігі Германияда тұрады. Келесі кезекте қай ел тұр?», – деп мәлімдеді…
Кремль қазақтың көңіл-күйін байқау үшін В.Жириновскийді біраз «шәуілдетті». Тіпті, Елбасымыздың еңбегін елеген сыңай танытқан болып Ресей президенті В.Путин: «Қазақтарда мемлекет мүлде болмаған» деген сандырағымен әлемнің алдында мұрынына тарихтың иісі де бармайтын сауатсыз да надан екендігін көрсетті.
Қазір қазақтың бүгіні мен келешек тағдырына қатысты сын сағаты туды. Сондықтан, тәуелсіз қазақ мемлекеті территориялық тұтастығы мен шекаралық мызғымастығын сақтап қалу үшін мейлінше мұқият қамдануға тиіс.
Елдігіміздің ең мықты кепілі – қару да, қалқан да болатын – қазақ тілі. Ол үшін жауырды жаба тоқитын, “өтірікті шындай, ақсақты дыңдай” етіп көрсететін кеселді әдетті үзілді-кесілді, шұғыл доғару қажет. Бізге құр сөз емес, ең пәрменді, ең ықпалды іс-әрекеттер керек.
Молдағали МАТҚАН, қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик



















Жауап беру