
Күні кеше Ресей Думасы Путинге Украинаға әскер кіргізуге рұқсат беріп, соғыстың үңірейген аузы көрінгендей болды. Бүкіл әлем Ресейден секем алып қалды, ал Ресеймен одаққа кіруге бас тартқан украиналықтарды қолдап шықты. Сол кезде біз ойға қалдық: «егер Қырымды аннекциялау көрінісі Қазақстанда қайталанып жатқандай болса, онда қазақтың қолдай кетерлік досы бар ма?» деп. Дос дегенде, әрине, алдымен өз ішіміздегі жағдайды еске аламыз. Яғни, біз татулық-бірлігі жарасқан халықпыз, ал елдегі тыныштық осы татулықтан өрбіп отыр дегім келеді.
Бірақ өткен тарихта өзім куә болған бірнеше оқиға мені осылай айтуға мүмкіндік бермейді. Соның бірі − ұлыорыстық шовинизм көріністері. 1975 жылы әскерге алындым. Мәскеуде 6 ай «учебкадан» өтіп, Ржев деген қалаға келдік. Сол кезде алғаш рет «ұлттық кемсіту» дегеннің не екенін көрдім. Біздің мектептегі біліміміз бен спортқа икеміміз ешкімнен кем емес-ті. Бірақ, әттең, орысша тіл білмейміз − жеке сөз болмаса, сөйлегенде толық ұқпаймыз. Осыны пайдаланып орыстар бізді «шурик» деп мазақтайтын. («Чурка» дегені). Оларға қой деп айтар адам болсайшы? Алайда, арамызда екі мәскеулік жігіт болды: бірі − жауынгер Веселовский, екіншісі – МАИ түлегі, аға лейтенант. МГУ-дің математика факультетінде оқыған Веселовский бір күні есеп беріп: «мына есепті шығара алмағандар чурка болсын» деді. Бізді адам санауды намыс көретін сержант Еременко мырс етті. Алайда, қазақтар есепті тез шешіп бергенде, оның өті жарылып кете жаздады. Себебі, нағыз «чурка» өзі болып қалған-ды.
Енді бірде волейболдан жарыс болды. Аға лейтенант команда жасақтады. Оған кілең қазақ балалары еніп, лейтенантпен бірге әскери бөлімдегі өзге командалардың бәрін қирата ұттық. Сонда оның «бұның қалай?» дегендерге: «бір қазақты өзге онға айырбастамаймын» дегені есте…
Бірақ, біз ұлттық дискриминация дегеннің не екенін сол кезден бастап түсіне бастадық. Масқара болғанда, ондай дискриминация 1975 жылы Алматыға келіп оқуға түсерде тағы қайталанды. Сол жылы «Сабақ орыс тілінде жүретін мамандықтарға емтихан орыс тілінде қабылданады» деген нұсқау шығыпты. Сөйтіп, қазақ мектебін бітіргендерге ҚазМУ-дың философия және заң факультеттеріне түсе алмайтын қауіп төнді. Алаңға шығып, митингі өткіздік. Содан кейін ғана Үкімет нұсқаудың күшін жойды. Кейін, үйленіп балалы болғанда да Алматыдағы бала-бақша, мектеп мәселесінде, ғылымда тілдік дискриминацияға тап болдық… Міне, сөйтіп, біз жас кезімізден «ұрандататын достық» пен «шынайы достықтың» ара жігін ажыратып өстік. Ақыр соңында бұл 1986 жылғы қазақ жастарының көтерілісіне ұласты. Көтеріліс қызып тұрғанда Есік қаласы түріктерінің қазақ жастарына қысым көрсеткені, ұйғырлар да «шоқ-шоқ» деген сыңай танытқаны туралы хабарлар келіп жатты. Әйтеуір, көптеген түбі бір «туыстар» қазақтың басына туған сын сағатта бізді қолдаудың орнына, жарға итеруге дайын екендігін сездірді. Ендеше, «қазақта дос бар ма?» деген сұрақ орынды қойылып отыр.
Кейде: «қазақты тұқыртуға бәрінің дайын тұруы не себептен?» деп ойлайсың. Достық неге шынайы емес? Меніңше, бұл өзіміздің ішкі алауыздығымыздан, ұлт ретінде монолиттене алмауымыздан туындап жатқан сыңайлы. Бізде «ұлттық мінез» жоқ! Сондықтан, бізге жеке адами тұрғыда бағаласа да, ұлтымызға «әулет» ретіндегі құрмет аз. Ондай құрметке ие болу үшін бізге тұтастығымызды үнемі білдіріп отыру қажет. Бірақ солай ма?
Тіптен, қазірдің өзінде кілең қазақтан тұратын билігіміз өзінің ана тілі – мемлекеттік тілін менсінбей, тек орыс тілінде сөйлесе – кім тіліңді, салт-дәстүріңді құрметтейді? Ендеше, кім бізге «шынайы доспыз» деп айта алады? Бәрі жалған! Мұның көріністері жетіп-артылады: қазақ жерінде ұйғыр мемлекетін құру, туын желбірету, шоғырдай шешендердің кеуде көтеруі, казактардың қару асынып жүруі және т.т.
Екінші бір себеп – қазақтың өз мемлекеттігін сезінбеуі. Осының салдарынан бізді мемлекет ретінде дос санайтындар аз. Біздің мемлекет трансұлттық компаниялардың табыс табу көзі ғана. Сондықтан Украинадағыдай жағдай орнай қалса, бізге әлем жұрты көмек қолын соза ма? Сенім аз. Себебі, біздегі коррупция деңгейі мемлекеттілігіміздің іргесін шайқалтарлық деңгейге жетті! Коррупцияның салдарынан билігі халқымен тұтастығынан ажыраған мемлекетті ешкім де «нағыз дос» санай алмайды. Өйткені, ондай мемлекеттер – тұрақсыз мемлекеттер санатына жатады.
Ендеше тұрақсыздық бар жерде сенімді достықтың да болуы мүмкін емес! Соның бірі – Еуразиялық экономикалық одақ деп санаймын. Ресей бүкіл әлеммен қыр-ғи-қабақ күйде. Біз болсақ оған өз еркімізбен барып қосылдық. Бірақ «әлемнің өзге елдерімен қарым-қатынасты тоқтатпаймыз» дейміз. Ендеше, біз қанша жерден өзіміздің таза, бұзылып үлгермеген қазақи табиғатымызбен орысқа құшақ жайсақ та, Ресей бізді ешқашан «шынайы дос» дей алмайды. Сонымен қатар, өзге елдер де бізді «Ресеймен одақтастығымыз» үшін ондай «дос» қатарына жатқыза алмайды. Яғни, біздің ішкі ұлттық шашыраңқылығымыз – сыртқы саясатымыздан көрініс тауып, әлемдік қауымдастық арасынан арқа сүйер дос таба алмауда… Қазақ халық ретінде осы мәселелер туралы терең ойлануы қажет!
Қорытынды сөз: Елімізде ұлттық бірегейлікті орнату жүзеге аспайынша, мемлекет өзінің ұлттық сипатын қазақ ұлтына қарай бұрмайынша − қазақ халқы өзіне дос таппайды. Қазақстан мемлекеті тек қана саяси интригалардың құралы болып, шет елдіктер үшін байлығын еселейтін территория ретінде қала береді. Тіптен, жақын көршіміз өзбектердің де бізбен «достықтан» іш тартып отыруын осы себепке жатқызуға болады…
Әбдірашит Бәкірұлы, Алматы




















2 пікір
16.07.2014 - 14:30
Мен саясаттан анау-мынаудан коп тусине бермеймин карапайым ауыл казагымын. Бірақ козимнин бир жеткени баска баска орыстан дос ешкашан болмайтыны. Ауылдан алгаш келген жылдарымда дукенге кире алмай айналшыктап журетинмин. Еки айел кезектесип жумыс истеуши еди дукенде. Бири турик бири орыс. Орысша бир ауыз соз билмеймин. Орыс айел турган куни алда жалда дукенге кире калсам тил билмегендигим ушин емес ана орыс айелдин кемситкен кекеткен жек коринишке толы козкарасынан именип кара терге тусетинмин. Неге сонша корканымды озим де билмеймин. Бирак айтайын дегеним кала казактарына олай истеуге батылдары бара коймайды. Орыстардын ойткени олар кайткен кунде де оздерин корлауга жол бермейтинин биледи. Ал ауыл казактарын калай кемситсе де карсы келе алмайтынын корип соган уйренип калган. Қыскасы тек бир гана корлап караган козкарасынан-ак мен тусиндим, олардын кала казактарына дос таризди коринип ал ауылдан келген казакты калай жек корип туратындарын. Демек перде таккан отирик достар деген соз.
18.07.2014 - 16:14
Өте дұрыс айтасыз Гүлжахан. Ол тұрмақ қазірдің өзінде қазақ баласы қалаға келсе болды, өзінше орысша сөйлеуге ұмтылады. Мейлі ғой, тіл білуге деген талап артық емес. Әйтсе де, ол өзінің қазақ тілі мен тегін орыс пен өзгеден төмен санап тұруын қорлық десе болады. Ол ойлайды: «қазақшам менен ешқайда қашпас» деп. Жеке басына солай екені рас. Бірақ ол «ұлтым» дегенді алғашқы орынға қояр болса, онда ол кез келген жерде алдымен қазақшаны талап етер еді. Және, қазақ баласы өзінің қазақы дәстүрінен ешқашан ұялмауы тиіс. Ешкім бізге өзінікін әкеп бермейді, өзгеге үйір болсаң — өзің де қазақ болып қала алмайсың! Осыны ойлау крек алдымен! Өзгелер қалай ма-қаламай ма — онда қазақтың шаруасы болмауы тиіс!!!