
Осыдан бір-екі жыл бұрын Ақмола облысында жастар ісі жөніндегі басқарманың қызметкерлері Көкшетаудағы жоғары оқу орындарында оқитын студент жастар арасында «қанша әдеби кітап оқыдың?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген екен. Сөйтсек, жоғары оқу орынында оқитын жастардың көпшілігі әдеби кітап дегенді қолдарына мүлдем алмаған болып шықты. Ал оқығандары бес-алты кітаптан аспайды. Бұл енді тек көкшетаулық жастардың ғана басындағы жай емес, еліміздің барлық жастарының жайы осындай десек, шындықтан алыс кетпейміз.
Ертеректе ҚазМУ-дің тарих факультетінде Бақтажар Мекішев деген кісі сабақ берген. Сол кісі айтушы еді: «30 жасына дейін мың кітап оқымаған адам, адам емес» деп. Қазіргі жастардың арасында қолдарына мүлдем әдеби кітапты ұстамағандар көп. Жастардың кітапты аз оқитыны, тіпті оқымай бара жатқаны шындық. Бұның себебі неде?
Енді осы сауалға жауап іздеп көрелік. Қазіргі жастар топастанып кетті деген жөн болмас. Компьютердің құлағында ойнайтын, бір емес, бірнеше тілді меңгерген, университет, тіпті мектеп қабырғасында жүріп ғылымға сүбелі үлес болып табылатын тамаша жобалар жасаған, халықаралық дүбірлі олимпиадаларда жүлдегер болған жастарымыз аз емес. Ендеше, жастардың кітап оқымайтын себебі ілім-білімге деген құштарлығының төмендігінен, ынтасының аздығынан деген жөн болмайды. Сонда себеп неде?
Өткен жылы ресейлік инфобизнесмен Станислав Ильин дегеннің бейнекурсын сатып алған едім. Онда ресейлік инфобизнесмен ақпараттық тауарды сатуға шығармас бұрын ол қай аудиторияға таралады және кімдердің арасында сондай тақырыпқа сұраныс бар дегенді анықтап алу қажет дейді. Ол, тіпті электронды кітапты немесе бейне-дыбыс курстарын дайындаған кезде алдын-ала оқырманыңыз кім болатынының болжамды бейнесін жасап ал деп кеңес береді. Мәселен, жасы 20-40-тың арасында, интернет арқылы табыс табуды ойлайтын, тұрақты жұмысы бар, бірақ табысына көңілі толмайтын адам деген сияқты. Міне, соны жасап, дәл сондай аудиторияға арнап оқу курсын шығарсаңыз, ол қолға тимей әп-сәтте өтіп кетеді екен. Бұл – қазіргі ақпарат нарығында тәжірибе арқылы сынақтан өткен ақиқат.
Жә, сонымен мұның қазақ жастарының әдеби кітапты оқуына қандай қатысы бар дейсіз ғой. Тікелей қатысы бар. Бұлай деп үзілді-кесілді айтуымызға себеп болған жайды енді назарларыңызға ұсынайық.
Биыл көктемде астаналық журналист, қаламгер Тұрсынбек Әлиұлы «Австралияда нең бар еді, құлыным!» деген шытырман оқиғалы кітабын жазып, оны бірнеше ұлттық сайттарға салады. Нәтижесі қандай? Таңғаларлық. Айналдырған үш-төрт айдың ішінде кітапты 5 мыңнан астам адам оқып, 500-дей пікір жазыпты. Пікірлердің бәрі «тамаша екен, бас алмай оқыдым, керемет» дегенге саяды. Тағы бір таңғаларлығы, кітапты оқығандардың 90 пайызы жастар. Сонда жастар кітап оқымайды дегеніміз қайда?
Жастар неге Тұрсынбек Әлиұлының мына кітабын жарыса оқып жатыр? Бұл сауалға жауап беру үшін кітаптың мазмұны мен жазылу стиліне назар аударған жөн сияқты. Кітап бұрыннан қазақ әдебиетінде қалыптасып қалған классикалық жазылу стиліне ұқсамайтын қарапайым журналистік стилмен жазылған. Тұрсынбек Әлиұлы журналист болғандықтан, қалыптасқан стилімен жазған болуы керек. Онда ең алдымен, артық баяндаулар атымен жоқ. Қазақ немесе КСРО шекпенінен шыққан барлық елдердің әдебиетіне тән құбылыс – баяндау және кейіпкердің ой-толғанысы арқылы өмірге көзқарасын беру, бетбейнесін ашу басты назарда ұсталады. Неғұрлым пәлсапа көп болса, кітап соғұрлым бағалы болып саналатын. Мәселен, Шыңғыс Айтматовтың пәлсапалық кітаптары кезінде қолдан қолға тимей оқылды.
Тұрсынбек Әлиұлының кітабынан пәлсапаны да, баяндауды да таппайсыз. Жоқ. Онда оқиға мен диалог және аздаған кейіпкердің ішкі толғаныстары артық сөзсіз берілген. Және оқиғалар тез өрбіп, адамды баурап әкетеді. Автралиядан басталған кейіпкердің азапты жолы океания, Африка, Оңтүстік Америка, Гренландия, тундра болып жалғасады. Сол болған жерлердің табиғаты мен адамдарының өмірі, тұрмысы қаз-қалпында боямасыз беріледі.
Шытырман оқиғалы хикаяда қазіргі шет елдік боевик киноларда көрсетілетін төбелес, қарулы қақтығыс, еркек пен әйелдің арасындағы төсек жақындығы дейсіз бе, бәрі бар және бәрі боямамасыз қарапайым тілмен еркін жазылған. Қазіргі кітаптарға тән астарлы ой, ұтымды сөздер жоқ. Кейіпкерлерінің тілі дөрекілеу болса да күнделікті өмірде көріп, естіп жүргеніміздей құлаққа етене жақын, таныс.
Кітапта тараулар, тақырыпшалар деген де жоқ, бірден оқиға басталып, артық сөзсіз жалғаса береді. Басты кейіпкердің бойында қазіргі заман адамдарына тән қасиеттердің бәрі бар. Яғни, ол біздің бүгінгі әдебиетімізге тән ойдан шығарылған ұнамды немесе ұнамсыз кейіпкер емес. Ол ең алдымен өз заманының тұлғасы, қарапайым пенде. Шығыс жекпе-жегімен аздап айналысып, қара төбелесті меңгерген кейіпкер қай жерде де кеудесін таптатпай, ә десе, мә деп жұдырық ала жүгіретін бүгінгі жұрт сүйетін боевиктің герейларына ұқсайды. Осы қасиеті оны қияметтің қыл көпіріндей азапты жағдайлардан құтқарады.
Басты кейіпкердің бойында ойдан шығарылған ұнамды мінездер атымен жоқ. Ол дөрекі, қарақан басын ғана ойлайды. Адамдарды құлдыққа салып, арзан жұмыс күші ретінде пайдаланған қылмыскерлердің көрікті еркектерді әйелге айналдырып, әйелше киіндіріп ойларына келгенді жасаған арсыздықтары біздің кейіпкерімізді онша жиіркендірмейді. Ол тіпті, әлгі әйелше киінген еркектерге қызығып та қалады.
Елде жары мен балалары қалғанын қаперіне алмай Оңтүстік Америкада жас, сұлу қызбен жақын болып, құмарын басқан кейіпкеріміз аяғы ауырлап қалған қыздың «мені сүйесің бе» дегеніне жауап бермейді. Өз қолымен жасағанын мойнымен көтермей, жас қызды жүкті етіп, онан әрі өз жолымен кете барады.
Ол ұрлап алып, жинаған алтынын беріп, басына бостандық алғанда өзімен жақын дос болған қырғыз жігітінің жайын мүлдем естен шығарып, тозақтың отына тастап кетеді, қара басын құтқарғанына қуанады. Міне, осындай қазіргі заман адамына тән қара басының жайын ғана ойлайтын және басын басқалар үшін қатерге байлау, жауапкершілікті түйсіну, махаббат, жарға адалдық деген сияқты сезімдерден ада кейіпкердің бейнесі бүгінгі заман адамы үшін ұғынықты және жақын.
Тұрсынбек Әлиұлының аталмыш кітабы «қазіргі жастарға не қажет?» деген сауалдың жауабын дәл тауып берген сияқты. Қазіргі жастар ақын-жазушыларымыз жазып жүрген «ауылды, ауылдың шағыл құмдарын сағыну, аспандағы ай мен жұлдыздарға қарап тәтті қиялға берілу, пәк махаббат, жарға деген адалдық» сияқты сезімдерден аулақтап кеткен секілді. Жастарға бүгінде теледидардан түспейтін атыс-шабыс кинолардың кейіпкерлері сияқты жалғанды жалпағынан басып, бес күнгі тірліктің қызығы мен шыжығына кенелуді ғана ойлайтын, адами ізгі қасиет дегендерді ұмытқан, жұдырығы жуан, дөрекі, батыл, тапқыр кейіпкер қажет. Ал Тұрсынбек Әлиұлының кітабының кейіпкері дәл сондай. Кітаптың жастар арасында қатты қызығушылық туғызуының себебі де осында болса керек.
Енді жоғарыда айтқан ресейлік инфобизнесменнің тәжірибесіне қайта оралайық. Ақпараттық тауарларын жасамас бұрын алдын-ала оны кім қажет ететінін анықтап, біліп алған соң ғана іске кірісетін кәсіпкерлер табысқа шаш етектен кенеліп жатыр. Бұл – бүгінгі нарық заңы.
Сол сияқты біздің бүгінгі ақын-жазушыларымыз қазіргі нарық заманында кітап жазу арқылы шет елдік жазушылар сияқты атағын шығарып, мол табыс тапқысы келсе, оқырмандардың, оның ішінде жастарымыздың талғамынан шығатын дүниелер жазуы керек болады. Бүгінгі жастарды «қазақтың бұлбұлы» атанған Бибігүл апамыздың концерті қызықтырмайды, оның есесіне, Қайрат Нұртастың қан қыздыратын концертіне бар жиған-тергенін салып, қырылып барады. Егер концерт болмай қалса, төбелес шығарып, ашу-ызасын айналасына төгуге де әзір. Міне, солай. Бұл енді өмір шындығы.
Осы тұрғыдан алғанда, Тұрсынбек Әлиұлының «Австралияда нең бар еді, құлыным!» деген шытырман оқиғалы хикасын нарық талабына сай жазылған алғашқы дүние деп қабылдаған жөн сияқты. Егер ол осы бағыттағы еңбегін онан әрі жалғастырса, табысты күреп табатын кәсіпқой жазушыға айналары анық. Ал кітаптың жастарымызға берер тәлім-тәрбиелік мәні қандай деген мәселеге келсек, ол енді басқа әңгіме…
Қалкөз ЖҮСІП.
Тұрсынбек Әлиұлының «Австралияда нең бар еді, құлыным» кітабын «Қазақияның» сайтынан тегін жүктеп алуыңызға болады.


































Жауап беру