
немесе қазақша сөйлегім келеді…
Қайыңдай қаттылық, қарағайдай мықтылық керек
Мен билікте жүрген азаматтарды «шпиондар (тыңшылар немесе жансыздар), толық және жартылай сатылғандар, ұлттық қауіпсіздік комитетінің агенттері мен Қытай, Ресей және АҚШ тыңшылары» деп атаймын. Мен «Азат» қозғалысы дүрілдеп тұрған 1991-1992 жылдардан кейін қазақтың қоғамдық күштерінің басы қосылмай жүрген басты ауруы туралы кеңірек айтқым келеді.
…Республика сарайында қазақтардың құрылтайын өткізу туралы сөз айтылғаннан бастап, «шпиономания» деген індет басын көтерді. Ал құрылтайды ұйымдастыруды нақты қолға алған уақытта маған көптеген мәліметтер келе бастады. Сол мәліметтерден бар ұққаным – бәріміздің де шпион екендігіміз. Дәлелдеп береуге тырысайын. Бұрынғы депутат болған азаматтардың барлығы да шпион екен, себебі, билікке сатылмайынша, депутат болу мүмкін емес. Мұны бес жыл бойы сайлауды бақылаған менен артық ешкім де білмейді. Сенуге тура келеді…
Қазіргі депутаттар да шетінен биліктің жансыздары, себебі, басым бөлігі «Нұр Отанның» мүшелері. Ал депутат емес ұлтшылдардың бәрі тағы да биліктің жансыздары, себебі, олар депутат болса, биліктің адамдары екендігі жария болып қалады. Сондықтан, олар депутат болмай жүр…
Талай рет түрмеге түскен ұлтшылдардың барлығы да – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жансыздары. Арамызға кіргізу үшін оларды бес-алты жылға түрмеге отырғызып алады емес пе? Соған халық алдана салады. Екіншіден, Сталиннің: «Қолға түскендердің барлығы – сатқындар!» — деген сөзін де есімізден шығармайық. Демек, ұлты үшін сотталғандардың барлығы – ұлтын сатқандар. Оларға жоламауымыз керек. Олардың жауапқа тартылуы, азап шегуі – біздің арамызға кірудің қитұрқы тәсілі ғана.
Бұрын мемлекеттің басшы қызметінде болып, кейіннен қоғамдық-саяси жұмысқа не оппозицияға келгендердің барлығы – биліктің адамдары. Оларды жіберудің себебі де қарапайым: табиғи көсемдерді шығармас үшін, осылайша қолдан көсем жасап, қолдан партия құру керек.
Енді мемлекеттік қызметке өмір бойы жоламаған жандар (оның ішінде мен де бармын) – ең қауіпті шпиондар. Оларды осылайша 20-30 жылдай бейшара, жұмыссыз, үйсіз, күйсіз етіп көрсетсе, адамдардың сеніміне кіру оңай болады. Бұған да сенуге болады. Биліктен айла артылған ба?..
Бизнестегі «жаңа қазақтар» «демократпын», «ұлтшылмын» десе де, тек бас пайдасын ойлаған пысықайлар. Оларға жолауға болмайды. Олардың ақшаны кетпен шауып таппағаны белгілі. Демек, билікке жаққан адамдар. Олардың ақшасы да – арам, өздері де харам. Саясат пен қоғамдық жұмысқа жолатуға болмайды.
Редакторлардың ішінен де ту ұстаған «күрескерлер» шыға бастады. Бұлар ешқашан сенуге болмайтын екіжүзді қулар, нағыз биліктің адамдары. Олар билікке қарсы болса, газет-журналдарына бюджеттен қаржы беріп, қолдау жасалмас еді. Бізді бүлдіру үшін жіберілгендер. Оларға сенуге болмайды.
Қоғамдық ұйымдарды басқарған жандарға мүлдем жоламаңдар. Бұлардың барлығы – АҚШ пен Еуроодақтың ақшасын алып байыған адамдар. Ақшаға ұлты түгілі, әкесін де сатады. Жалпы демократия деп сайрағандардың барлығы бұрынғы КГБ АҚШ-тың ЦРУ-і арқылы ұстап отырған – бізді орға құлату үшін дайындалған шетел агенттері.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар – МҚК (КГБ)-ның агенттері. Оларды 1986 жылы келешекте біздің арамызды іріту үшін дайындап, алаңға алып шыққан, ұрған-соққан, түрмеге жапқан, кейбіреулерін сенімдірек болу үшін өлтіріп те жіберген. Халық оларды «нағыз күрескер» деп, бастарына көтереді…
…Әр адамға, әрбір ұйымға жасап жатқан істеріне ғана баға беру керек. Егер бұл мәселеге нүкте қойылмаса, басымыз ешқашан піспейді, нәтижесінде ұлтшылдар нақты саяси күшке айнала алмайды. Біздер – ұлтшылдар – аса көп те емеспіз ғой, қайыңдай қатты, қарағайдай мықты болуымыз керек!..
Қазақша сөйлегім келеді…
Қазақстандағы 121 ұйым өкілдері қол қойған орыстілді азаматтар Біріккен Ұлттар Ұйымына мынадай хат жолдады:
«Біздер, Қазақстан республикасында тұратын сан түрлі ұлт өкілдері, орыстілді азаматтар, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты болып жатқан келеңсіз мәселелерді Сіздерге жеткізіп, қазақтар мен Қазақстанның билік орындарының біздерге (орыстілді азаматтарға) көрсетіп жатқан адам айтқысыз қысымдары мен біздің құқықтарымызды бұзуға бағытталған іс-әрекеттеріне араша түсуді сұраймыз. Сіздер араласпасаңыздар, біріншіден, орыстілді тұрғындарды топас, ақыл-есі төмен етіп көрсету, екіншіден, біздерге қазақ тілін үйренуге мүмкіндік тудырмауға бағытталған жұмыстар тоқтаусыз жүргізіле береді.
Біріншіден, қазақтың барлық елдімекендерінде қала, ауыл, көше аттарын екі тілде жазуды тоқтату керек. Бұл – біріншіден, бізді шеттетудің нақты көрінісі болса (Мемлекет үшін – «Өскемен қаласы», ал орыстар үшін «Усть-Каменогорск» деген сияқты), екіншіден, біздің ақыл есіміздің, қабілетіміз бен біліміміздің төмендігін көрсету үшін жасалғаны анық. «Байзақов көшесінің» екінші жағына «улица Байзакова» немесе «Жандосовтың» жанына «Жандосова» деп жазу да, әдейі біздерді ақымақ етудің жолы. Сонда Қазақ елінде қанша жыл өмір сүріп, «қ» әрпін оқи алмайтын топас емеспіз ғой. Әлде «көшенің» «улица» екенін білмейді деп ойлайды ма екен? Біздің ойымызша, әлемнің ешбір елінде жоқ бұл қорлықтың астарында мазақтан басқа ештеңе жоқ. (Астана қаласының көшелерінің атаулары үш тілде беріледі. Меніңше, бір ғана мемлекеттік тілі бар Қазақ елі бұл жағынан төрт мемелкеттік тілі бар Швейцариядан да асып кеткен сияқты. Оларда көше атаулары тек қана бір тілде жазылады…)
Екіншіден, ғимараттардың маңдайшасындағы «дүкен», «нан», «шаштараз», т.б. сөздердің жанына оның орыс тіліндегі аудармасын беріп, «магазин», «хлеб», «парикмахерская», деп жазу – біздерді, басқа ұлт өкілдерін «мектепте он жыл бойы қазақ тілін оқып, осы сөздерді де білмейсіңдер» деп қорлағанмен бірдей. Құдайға шүкір, жылына бес-алты сөз үйренсек те 50-60 сөзді білетін ақылымыз бар! Барлық маңдайшаларға екі тілде жазу – бізді ғана емес, жалғыз ғана мемлекеттік тілі бар унитарлық елді масқаралаумен бірдей.
Үшіншіден, Қазақстанның ақшалары – теңгенің ішіне қазақ тілімен бірге орыс тілінде номиналын көрсету – бізді қорлаудың, төмендетудің тағы бір нақты дәлелі. Біздер, орыстілді азаматтар, теңгенің ішіндегі орыс тіліндегі жазуды – «сендер санды да айыра алмайтын миғұласыңдар, сондықтан, санмен қатар орыс тіліндегі номинал жазуға тура келді» деген мазақ ретінде қабылдадық.
Төртіншіден, жиналыстар мен конференцияларда баяндаманың басын қазақша бастап, негізгі мәтінін орыс тілінде айтуда да үлкен қулық, бізге деген қарсылық жатыр. Олар қазақ тілінде сөйлей бастағанда, әйтеуір бір-екі сөз үйреніп алайық деп, құлағамыз елең етеді де, кейін орыс тіліне көшкенде көңіліміз пәс болып қалады. Бұл екіжүзділіктің артында біздерді қазақша үйренбесін деген пасық мақсат жатыр. Түпкі мақсат – орыстілділерді өмір бойы қазақ тілін түсінбейтін, бейшара күйде қалдыру. Мүмкін, қазақтарды барлық жиындарда қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүрлейтін халықаралық заң қабылдарсыздар. Бұл — “қазақ тілді” қазақтардан бұрын, біздерге керек.
Бесіншіден, біздің балаларымыздың болашағы – қазақ тілінде. Бұл — Президентіміздің аузынан шыққан сөз. Соңғы уақытта Қазақстанда үш тілді енгізу басталды. Біздің бүлдіршіндер қазақ тілін енді ғана үйренуге бет бұрып, сең қозғала бастап еді, қазақтар ағылшын тілін де үйренуді міндеттеп қойды. Қазақтардың басым бөлігі қазақ және орыс тілін жақсы біледі, демек, олар үшін үшінші тілді меңгеру қиындық тудырмайды. Ал, орыс балаларының 6 жасынан бастап, бөтен екі тілді үйренуі – ақылға симайды. Бұл келешекте орыстілділер қазақ тілін меңгермесін, екінші сортты болып қалсын деген оймен жасалып жатқан сұрқия әдіс, саяси қадам.
Алтыншыдан, мемлекеттік қызметке қазақ тілін білетін адамдарды алу туралы талап жылдан жылға күшейіп келеді, ал қазақ билігі өзбек, тәжік, орыс, ұйғыр тіліндегі мектептерді шашау шығармай ұстап отыр. Неге Қазақстанда Германия, Италия, Англия, Жапония сияқты барлық мектептер тек қана мемлекеттік тілде болмайды?.. Тәжіктер ғана көп жылғы күрестің нәтижесінде, орыс тіліндегі мектептерді жабуға жақында ғана мүмкіндік алды. Қазақ тілді мектептердің маңдайшасына «Қос тіл – қос қанатың» деген сөз көп жазылады, ал орыс мектептерінде ондай сөзді жазбайды. Тәуелсіз ұйымдар қаншама рет наразылық көрсетсе де, орыс тіліндегі балабақшалардың ашылуы тоқталар емес. Бұл да қазақтардың біздің балаларымызды бірқанатты ету тәсілі деп білеміз.
Жетіншіден, мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану мәселесін түбегейлі шешу үшін – бәріміз де бір бірімізбен тек қазақша сөйлеуге тырысуымыз керек. 90-жылдары Прибалтика елдері орыс тілін қолданудан бас тартып, тек мемлекеттік тілде сөйлеуге көшті. Осы тәсілдің арқасында Прибалтикадағы орыстілді азаматтардың басым көпшілгі мемлекеттік тілді бір-екі жылдың ішінде толық меңгеріп алды. Орыстілділердің тез арада қазақ тілін меңгеріп кететінін білген қазақтар аса тиімді осы тәсілді әдейі қолданбай отыр.
Сегізіншіден, Парламентке Қазақстан Халқы Ассамблеясынан тоғыз депутаттың баруы – орыстілді азаматтарды қорлаудың кезекті белгісі. Біздер, қазақ жерінде тұратын басқа ұлт өкілдері, өздеріміздің біліктілігімізбен, білімімізбен, ақыл-ойымызбен кез келген округтен депутат бола аламыз. Тоғыз депутатқа квота беру арқылы мемлекет барлық этникалық топтардың өкілдерін («Егер квота бермесе, ешқашан Парламентке бара алмайтын сорлысыңдар» дегендей) жерге қаратты.
…Билік басындағы мемлекеттік тілді білмейтін (немесе білгісі келмейтін) қазақтар осы жағдайлардың барлығын «орыстілді азаматтарға көмек жасап жатырмыз» деген желеумен жүзеге асырып келеді.
Құрметті төраға мырза!
Осы айтылғандардың барлығы сізге ертегі сияқты болар, бірақ, қазақстандықтар үшін күнделікті болмыс, қарапайым шындық. Біздерді кемсітушілікті тоқтатып, қазақтармен бірдей құқық пен міндетті қамтамасыз етуді өтініп сұраймыз»…
Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы



















Жауап беру