
Жалпы Сыр бойында ауыз су мәселесі қай уақыттан бері күрделі жағдайда. Су жергілікті халықтың қабырғасына батумен келеді. Ауданға барған қай басшының да алдынан «айқайлап» шығатын осы ауыз су! Жылдар бойы беріліп келе жатқан уәде осы кезге дейін елге ауыз су болып шөлін қандырған емес.
Жаңақорған ауданынан шалғай жатқан Келінтөбе ауылы тұрғындарының таңдайы жібімей отырғанына бірталай уақыт болды. Өткен жылдары да өмірдің нәрі — судың ақіретін айтып шағымданған болатын. Ол кездегі аудан басқарған Бекмырза Еламанов мырза «Түйткілді түйін шешілуге жақын» деп бір алдарқатқан-тын. Айтпасақ асылық болар. Ақша бөлінбеді демейік. Бөлінгенде қандай! Бармағыңды баса бер. Есепшотыңды аша бер. Сонау бір жылы 22 млн тенгенің көлемінде ауыз су құбырын тартты. «Сантехстрой сервиз» деген мекеме осы қаржыға керек десеңіз суды үй-үйдің ішіне дейін тартып беретін болды. Құрғақ уәдемен жұртты «құлақтан теуіп» ол кетті. Ұмытпасақ, бұл 2009 жылғы «тебіспе» ме еді, құдай-ау?
«Келінтөбе» ауылының әкімі Ж.Әбілқайыров деген сөзден ұстатпайтын кісі екен. Әңгіме арқауын су құбырларының қай басқармаға, қай мекемеге қарайтындығынан бастап, соңғы кезде оның тізгіні ауылдық әкімге (өзіне) тиесілі екендігінен кеп бір-ақ тоқтады. Құр сөздің ауылдағыларға су болмайтындығын айтып зорға тоқтаттық оны…
-30 жыл бұрынғы бұрғылар ғой пайдаланып жатқанымыз. Ауылды түгелдей ауыз сумен қамтуға күші келмейді. Жоғарғы жақта тұратын тұрғындар оның үстіне мотор қосып, судың ағынын азайтады дейді, — ол өз уәжінде.
Жалпы бүгінгі биліктің құлағын ұстағандардың айтары — сылтау. Сосын ақталу. Сосын ашығын айтып жазғанға тас ату, өкпелеу. Шындығын айтқанға шамырқану. Кіші әкім де шамданып қалды. Ау, ауылдың тағдыры ауыл әкімінің қолында емес пе? Аспаннан салбырап түскен жоқ. Сол елдің тумасы, төл азаматы. Елмен етене араласуы керек. «Өле ішкенше бөле ішу» жағын түсіндіріп, ақсақалдар алқасын құрып, бұл істі қадағалауына болады ғой? Жоқ. «Анау сүйтеді, мынау бүйтеді» дегендей, болмайтын сөзбен бас қатырып жүр. Кімге пайда, кімге зиян? Ауылдың басшысы. Елі ерге қараса, ері жерге қарағаны ұят та!
-Түсіндіруін түсіндіреміз ғой. Бірақ, ауылды толықтай сумен қамтуға мүмкіншілік жоқ, — деп бір қойды ол. Әй бір, осындайда ақылды әрі қатал бір басшы болып «Осы ауылдың жүгін арқалаған екенсің, елге ауыз суды арқалап тасып бересің» деп мынаған қамшы үйірер ме еді, ә?! Бұрынғылар екі адамға басшы болудан қорқады екен. Оның жауапкершілігі, жүгі ауыр ғой, өйткені. Бүгінгілер билікке құмар. Бірақ, жұрт алдында жауапкершіліктен жұрдай!
Бәтір-ау дейсің, ауданның әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев облыста «Су патшасы Сүлеймен» болған маман еді. Әкім болғалы судың қалай қарап ағатынын ұмытқан-ай, сірә? Соңғы кезде көпсөзділігі көбейіп бара жатқан сияқты оның да…
Өткенде облыс әкімі Қ.Көшербаев осы ауданда болған бас қосуда Жаңақорған ауданында көп нәрсенің ақсап жатқанын айтқан. Сонда аудан басшысы осы Сұлтанбек Тәуіпбаевтың мінбе төрінен жасаған баяндамасы сылдыр су сияқты болды. Сырғытып цифрлармен сөйлегісі келген. Баяғы сәбеттерше. Бірақ, жыртықтың жамалған жері көріне берді. Оң өзгерістерден гөрі құлдырап бара жатқан жерлері жылтыңдай берді. Осы сапарда көптеген мекеме басшылары мен аудан әкімдері аймақ басшысынан «смотри» деген ескерту алды.
Қырымбектің айтуындай бар. Жоғарыдағы ауыз су немесе елдің басқа да әлеуметтік экономикасын жамау үшін бөлінген қаржы игерілмей қалған. Бөлінбесе бір сәрі, «Мә, халқыңның қамына жұмса, еліңнің игілікті ісінен аянба!» деп ұстатқан ақшаны жұмсай алмау дегенің?! Тек білімсіз, беделсіз, біліктілігі, іскерлігі жоқ адамның ісі емес пе? Олай болса оларды ауыздықтап, арқандап ұстағанда не абырой табамыз?
— Жұмыс істей алмай ма, ешкімге кесірін тигізбей, өз шаруасымен айналысу керек. Қаржы берілмесе екен. Берілді ғой. Неге ол тиісті жеріне тиісті уақытта игерілмейді? Екі жыл ішінде ешқандай тапсырыс, айтулы жобаларға байланысты ұсыныс жасалмаған. Жұмыс істелмеген. Сонда не, мемлекеттік тапсыр-
маны орындауға құлық жоқ па?—деді облыс әкімі. Бұл сөз және жалпылама айтылған жоқ. Жаңақорған ауданының әкімі С.Тәуіпбаевқа қаратылып айтылды. Соның жұғымсыз ісіне берілген баға іспетті бағытталды. Бақандай 350 млн теңгенің бумасы ашылмаған, игерілмеген. (Қайта оны тышқан кеміріп кетпегенін айт). Бірінші тоқсанда ең төменгі көрсеткішті «өңгеріп» алған да осы аудан. Ләппай аймақ басшысына біз уәж айта алмаймыз, бірақ мұндай әкімді енді демалдырса қайтеді деген сауал-өтініш айттық, аржағын өзі біледі. Өйткені, енді жетектегеннен пайда жоқ. Зорықтырып аламыз атпал азаматымызды. Қызық. Қаржы бар ауылдарда ауыз су жоқ, жұрт зар қағып отыр.
-Мына ми қайнаған ыстықта не ауыз су, не аяқ су жоқ. Бұлдырық болып ұшпасақ, қаталап өлетін халге жеттік. Бау-бақша түгілі, бір шелек ауыз суға мұқтаж қылып қойған әкімдерден не қайыр? — дейді ашынған ауыл тұрғыны Бекхожа Ержанов. Ал келінтөбеліктер болса ауыз судың азарына шыдамай енді соттасып жатыр. «Маңғыт, аузыңа саңғыт» деп кеткен аляқтардың берекесіз ісіне байланысты. Бірақ, бұл ауылдағылардың шөлін қандыра ма?
Жеткер Жүсіп

















Жауап беру