
Оқулықтың тапшылығы – жыл сайын қыркүйек айында мазаны алатын проблема. Бірақ, биылғы шырғалаң жылдағыдан асып түскен сияқты. Жылда жаңа оқу жылы басталғалы Атыраудағы С.Зиманов атындағы, З.Қабдолов атындағы, сондай-ақ, «Читающий Прикаспий» кітап дүкендері желілерінің алды ығы-жығы адамға толы болатынына көз үйренген. Әйтсе де осы жолы кейбір кітап дүкендері көшеге дейін шығып кеткен ата-аналар бір-бірінің басын жарып, көзін шығаратын болғасын, тәртіп сақшысын ұстап, сұралған оқулықты есіктегі темір тор арқылы беруге көшкен.
Атырау облысы бойынша 2014-2015 оқу жылы 100 мыңға жуық бала мектеп есігін ашып отыр. Оның ішінен, 11600 бүлдіршін бірінші сынып табалдырығын аттаған. Осынша оқушыны кітаппен қамтуға бөлінген қаражат – 305 млн.теңге құрайды. Мұның 18 млн. 595 мыңы – тасымалдау қызметі үшін бөлінген.
Жұртшылықты жауыр қылған мәселе халық қалаулылары араласқаннан кейін, оң шешілер деген үміт бар. Әзірге оқу жылының екі аптасы өтсе, де оқулық іздеп сабылған ересектерден көз сүрінеді. Сауда орындарындағы ата-аналармен сөйлесе келе, қала мектептерінде ахуалдың өзі түрліше қалыптасқанын байқаймыз. Облыстық қазақ-түрік мектебі, ұлттық гимназия, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы, Ж.Досмұхамедов атындағы лицей, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия сияқты маңдайалды білім ошақтарында кітап тапшылығы көрінбейді. Себебі, оларда қыркүйек айына дейін, қай сыныпта қанша баланың оқитыны нақтыланып, дәлме-дәл тапсырыс берілген. Қала мектептерінің бірінің басшысы жаңа оқу жылы басында оқушылардың бір мектептен екіншісіне ауысуы оқулық тапшылығын тудырады дегеніне сене қоймадық. Біріншіден, орта оқу орнын ауыстырып жатқандар соны соншалықты көп емес. Екіншіден, лицей-колледжердің мониторинг жүргізудегі тәжірибесін басқа білім мекемелері де негізге алмасқа?!
«Айтуға оңай» дегендей, онсыз да табанынан тозып жүрген әке-шешелерді кіналауға бейімдер де аз емес. Мәселен, С.Зиманов атындағы кітап үйінің директоры Орынша Әлимақанова «Біз оқулықтарды шілденің соңы мен тамыздың басынан бастап бере бастадық, баласы мектепке баратындар сол кезден бастап қамданса да болар еді» деп отыр. Алайда, баспаға байланысты былық-шылық, ата-ананың кітапты алдын-ала сатып алуына еш мүмкіндік бермеуде. Әр мектеп әрбір жылы әртүрлі баспаның оқулығымен білім алады. Кітап үйі сөрелерінде «Атамұра», «Алматыкітап», Білім», «Аруна», басқа да баспаханалардан шыққан оқулықтар көздің жауын алып, самсап тұр. Оның ішінен қайсысы керек екенін мектеп басшылығы айтпай білмейсің. Былтыр қала мектептерінде бір апта оқығаннан кейін бастауыштың кітаптарын жинап алып, бөтен баспаныкіне қайта ауыстырған жағдай да кездескен.
Баласы 5 сыныпқа баратын Әлима Санаеваға мектеп тарапынан бір ғана кітап берілген. Қалған оқулықтарды «Дина» базары мен кітап дүкендері арқылы түгендеп, 8200 теңгеге шығындалыпты. Айтуынша, былтыр да бірнеше кітап салып алған. Оларды тұтынатын бала болмағаннан кейін үйде босқа жатыр. Сол сыныптың баласы болса арзан бағасына бергісі келген, сөйтсе мектеп бағдарламасы өзгеріп кетіпті.
«Білім бұлағына» толы дорбасын көтеріп, үйіне беттеген Әлиманың қуанышында шек жоқ. Қызық, шаһарды кезіп жүріп сатып алған кітаптары келесі жылы кәдеге асар ма екен?! Әлде не баспасы, не мазмұны жарамай тағы да шаң басқан сөрелерден табылар ма?!
P.S. Қазір оқулық мәселесі саябырсып, оқу процесі жөнге түсе бастағандай. Енді оқулық тікелей мектептердің өзінде сатыла бастапты. «Кітап жоқ» деп аузын құр шөппен сүрткен білім ошақтарының тікелей коммерцияға өздері араласа бастағаны ма, оны қалай түсіндік?!
Құралай Қуатова, Атырау облысы


















Жауап беру