
Ғылымның дамуы сапалы ғылыми-зерттемелік жұмыстарға тікелей байланысты. Мұны басты назарда ұстаған «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ мен Almaty Management University мемлекеттік емес білім беру мекемесі «Ғылыми еңбектің этикасы. Плагиат» деген тақырып пен өткен дөңгелек үстелде еліміздегі ғалымдардың басын қосып, үлкен талқылау ұйымдастырды.
Бүгінде плагиат ғылым білім саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, оған атүсті қарауға болмайды. Жиынға қатысқанымызда «ҰҒТАО» АҚ-ы бұл мәселемен жан-жақты күресіп келе жатқанын түсіндік. Орталық президенті Әділ Ыбыраев қазақстандық автордың ғылыми еңбегіне сілтеме көрсетпей пайдалануды және пайдаланған дерек көздерін тексеруді 2010 жылдан бері жүргізіп келе жатқандарын алға тартты. Сондай-ақ, ол 2010-2014 жылдар аралығында «Антиплагиат» жүйесі арқылы орталық қызметкерлері 5721 ғылыми жұмысты тексеруден өткізгенін де тілге тиек етті.
Ғылыми жұмысты жазу барысында авторларға сілтеме көрсетпей көшіріп алу – ғылымға жат құбылыс. Көшірме жұмыс шынайы ғылымның дамуына иненің жасуындай да үлес қоспайтыны анық. Жалпы алғанда ғылымдағы плагиат – Қазақстанның басындағы мәселе емес. Бүгінде көшірме ғылыммен дүниежүзі елдерінің бәрі бетпе-бет келіп отыр. Оған мына бір әлеуметтік сауалнаманың қорытындысы айқын мысал болады. Таяуда АҚШ-та қоғамдық ұйымдар студенттер арасында сауалнама жүргізіп, жастардың 80 пайызы өмірінде бір рет болса да ғылыми жұмыстарды ғаламтордан көшіргендерін мойындапты. Әлеуметтік зерттеуге қатысқан студент-жастардың 36 пайызы оқу барысында ғаламторда ғылыми жұмыстарды ұдайы көшіретіндіктерін жасырмаған. Жастардың ғаламтор арқылы түрлі рефераттарды көшіріп, пайдалануы біздің елде де әдетке айналғаны жасырын емес. Қазіргі таңда ғылымда плагиаттық іс-әрекеттердің өршіп кетуіне ғаламтордың дамуы да әсер етуде. Мұндай жағдайда плагиаттық іс-әрекетпен күресу шараларын да жетілдіріп, ізденушілерге жаңа талаптар қоюдың мәні зор екенін түсінесің.
Бүгінде ЖОО бітірушілер өз жұмыстарын плагиаттық тексеруден өткізеді. Бұл сөз жоқ маңызды қадам. Осыдан кейін бітірушілер өз жұмыстарын әр жерде, тіпті интернеттегі бағдарламалар көмегімен тексеруден өткізіп, «плагиаттан таза» деген анықтаманы оқу орындарына әкеліп тапсырады. Осы ретте таяқтың екі ұшы бар екенін де естен шығаруға болмайды. Қазір ақылы түрде дипломдық жұмыстарды тексеретіндер де өз істеріне салғырт қарап отырғаны жасырын емес. Олар дипломдық жұмысты ғаламтор арқылы тексерген болып, ізденушілердің ақшасын қалталарына басқандарына мәз. Ғылыми жұмысты тексеруші мекеменің ғылыми жұмыстар жинақталған, толық мәтінді, ауқымды мәліметтер базасы болуы шарт. Қазіргі таңда ғылыми жұмыстарды кейбір оқу орындары өздері тексеріп жүргені белгілі. Тіпті олардың кейбірі, ізденушілердің ғылыми жұмыстарын көзбен шолып шығып, еш жерден көшірілмеген деп анықтама жазып беретінін естігенде таңқалғанымызды жасырып қайтеміз. Дөңгелек үстелге қатысушылар ғылымды бұлайша саудаға салуына наразы екендерін ашық айтты.
2010-2014 жылдар аралығында «Антиплагиат» жүйесі арқылы ҰҒТАО қызметкерлері тексеруден өткізген жұмыстардың басым бөлігі магистрлік жұмыстар екенін айта кетуіміз керек. Ғылыми ортада әртүрлі дереккөздерін, оның ішінде заманауи дереккөздерді пайдалануға тыйым салынбайды. Тақырып бойынша әдебиеттерді оқу, қайта басқа ғалымдардың жұмысының нәтижелерін тұтастай көшіріп алмай, ғылыми жұмыс оларға негізделуі тиіс. Әр кезде жаңа шығарма, басқа авторлар идеясын сараптап ғылыми тұжырым жасаудың мәні зор екенін осы дөңгелек үстел барысында түсіндік. Плагиат ретінде айыпталмау үшін ғылыми жұмысты жазуда белгілі бір ережені ұстанудың маңызы зор. Өзгенің ойын, дәйексөздерін пайдаланғанда автор барынша мұқият болуы шарт. Өзіне бөтен ойды меншіктеп алмай, дереккөзіне сілтеме жасағаны дұрыс. Ғылыми және пікірталас жұмыстарында дәйек келтіруге рұқсат етіледі, бірақ автор дәйексөз көздерін іріктеуі, дәйексөздің мағыналық дәл шекарасын айқындап, дереккөзді көрсетуі керек.
Әділ ЫБЫРАЕВ, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы президенті:
– Ғылымда жиендік жасау, яғни плагиаттық іс-әрекет өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Қазіргі таңда әлемдік ғылыми қоғамдастық мұнымен жан-жақты күресіп жатыр. Бұл ретте Қазақстан да қарап отырған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бұл мәселемен біздің орталық 2010 жылдан бері күресіп келеді. Осы ретте өткенге сәл шегініс жасасақ. 1994 жылы Қазақстан Үкіметі ғылыми жұмыстар мен түрлі тақырыпта қорғалған диссертациялық жұмыстарды мемлекеттік тіркеу ісін ҰҒТАО-ға тапсырған болатын. Міне, содан бері біздің орталық ғылыми жұмыстарды тіркеумен жан-жақты айналысып, жұмыс істеу жүйесін қалыптастырды. 20 жылға жуық уақыт аралығында орталық қызметкерлері ғылымның барлық саласы бойынша 42 мыңнан астам ғылыми жұмысты тіркеп үлгерген. Осылайша ауқымды ғылыми мәліметтер базасын қалыптастырғанымызды мақтанышпен айта аламын. Қазір ғылымдағы плагиаттық іс-әрекеттермен күресуде осы мәліметтер базасының пайдасын көріп отырмыз. 2010 жылы орталық қызметкерлері ғылыми жұмыстарды плагиаттық тексеруден өткізетін «Антиплагиат» жүйесін іске қосудың сәті түсті. Қазіргі таңда «Антиплагиат» жүйесі магистрлік жұмыстан бастап, докторлық жұмыстарды плагиаттық тексеруден өткізіп, ғылымдағы «жиендік жасауға» барынша тосқауыл қойып келеді. 2012 жылы Үкімет Қаулысы бойынша, елімізде қорғалатын докторлық жұмыстардың ҰҒТАО-ның «Антиплагиат» жүйесінде тексеруден өту міндеттелген-ді. Елімізде шынайы ғылымның дамуы үшін магистрлік жұмыстарды да «Антиплагиат» жүйесінен өткізуді міндеттеудің мәні зор деп есептеймін. Бұған біздің әлеуетіміз толықтай жетеді. Қазіргі таңда бұл бағытта орталықтың облыс орталықтарындағы бөлімшелері белсенді түрде жұмыс істеуде.
Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ, Almaty Management University мемлекеттік емес білім беру мекемесінің президенті:
– Қазіргі дамыған заманда зияткерлік меншікті сақтау, плагиттық іс-әрекеттерге тосқауыл қою биік мәдениет пен өркениеттің белгісі ретінде қабылдануда. Сондықтан ғылымдағы ҰҒТАОның осындай маңызды шараға ұйытқы болып отырғанынан шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазір біздің университетіміз плагиаттық іс-әрекетке жол бермеуге баса мән беріп отыр. Плагиатқа тосқауыл қою – бұл кез келген оқу орнының білім беру саласындағы бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткішіне айналыуы тиіс. Өз басым көшірме ғылымға тосқауыл қоюда ЖООның үлкен мүмкіндігі бар деп есептеймін. Кез келген оқу орны ғылыми-зерттемелік жұмыстармен айналысқан ізденушілердің жұмысын сапалы, жоғары деңгейде орындауына талап ете алады. Тіпті, бұл бағытта ғылыми мақала жазуға ынталы студенттерге де талап қоюдың мәні зор. Осылайша жастардың көкейіне плагиаттық іс-әрекеттің жат құбылыс екенін ерте бастан ұғындыруымыз қажет. Біздің университет студенттердің ғылыми мақалаларын плагиаттық тексеруден өткізуді 2011 жылдан бері жүргізіп келеді. Әрине, ғылыми жұмысты орындау барысында өзге ғылыми еңбектерге сілтеме жасаудың маңызы зор. Ең бастысы ғылыми жұмыстың авторы сілтемені анық көрсетуі шарт. Бұдан басқа қалыптасқан заңдылық бойынша сілтемелік көрсеткіштер ғылыми жұмыстың 40 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Өз басым плагиатпен күресуді білім мен ғылым саласының жеке мәселесі деуге келіспеймін. Бұл дертпен қоғам болып күресуіміз керек.
Думан ЕСЕТ





















Жауап беру