
Киiм – кез-келген адамның бейнесi. Әйтсе де, ар-ұятымды жауып тұрса болмай ма деп қалай болса, солай киiнуге бола ма? Әсiресе, ол мемлекеттiк қызметкер болса ше? Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметкерлерiнiң Ар-намыс кодексi мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк қызметшiнiң қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн айқындап берген. Егер бұрын мемлекет өз қызметкерiнiң алдына материалдық құндылықтар қойса, қабылданған құжатта басты мәселелер ретiнде адамгершiлiк нормалары қойылған. Бұл мемлекеттiң мүддесiн қорғайтын басты фактор. Ендi осы фактор әлем елдерiнде қалай қолданып жүр?
Украина үкiметi министрлер кабинетiнiң жауапты қызметкерлерi үшiн дресс-код енгiзген — министрлер мен хатшылық қызметкерлерi бүгiн киген киiмiн келесi күнi кие алмайды. («Дресс-код» дегеніміз «киім кодексі» дегенді білдіреді. Ал, адамның киім киісі оның мінез-құлқы мен ішкі ұстанымдарынан, әдеттері мен әуестіктерінен хабар береді). Өзге адамдардың назарын аудармау үшiн түрлi жылтырақ жiптермен көмкерiлген киiм мен ашық, қанық бояулы галстук байлауға да шектеу қойылған. Жаңа ереже бойынша үкiмет хатшылығы өкiлдерiнiң алма-кезек ауыстырып киiп отыратын кемiнде үш костюмi болуы тиiс. Министрлер кабинетiнiң қызметкерлерi жұмысқа қаракөк немесе сұр костюм киiп келуi ерекше бақылауға алынған. Мұның астарында үкiмет қызметкерлерiнiң әлемiш сәндi киiм киюлерiне шектеу қою ұғымы жатыр.
Жалпы, киiм — сол халықтың ұлттық белгiсi. Оның ежелден тарихи түсінігі бар. Мысалы, Қытайдың бұрынғы диктаторы Мао Цзедунның бешпентінің өзі тұнып тұрған саясат екен. Бешпенттегі бес түйме Қытайдың негізгі әкімшілік, атқарушылық, заң шығарушылық, сот және бақылау сияқты билік тармақтарын білдіріпті. Ал төрт қалта Конфуцийден қалған әдептілік, сенімділік, абыройлылық пен тазалықты паш ететін болған. Сондай-ақ, кастюмінің жеңіндегі үш түйме – ұлтшылдық, демократия және социализмді білдіреді екен.
Фашизмнің нышанын білдіретін «свастика» сөзі санскрит тілінен аударғанда игілік деген мағынаны білдіреді. Кезінде Шыңғыс хан оң қолына свастика белгіленген жүзік таққан деседі. Жалпы, свастика бедерленген жәдігерлердің бәрі Еуропа мен Азия құрлығынан гөрі Сібір жерінен, соның ішінде Арқайымнан көбірек табылуы көп жайдан хабар берсе керек. ХІ ғасырдың ортасына дейін Еуропада түрік салтын ұстану, түрікше киінудің сәнге айналуы осының ықпалы десек те болады.
Қазір көптеген ел басшылары ресми шараларға да өз ұлтының дәстүрлі киімін киіп жүр. Бiз Ауғанстанның президентi Хамид Карзайды басына киген шошаймасы мен үстiне желбегей жамылған шапанымен танимыз. Президент ол киiмiн мiне, 9 жыл болды, әлi өзгерткен емес. Кезiнде Ресейдiң бұрынғы президентi Борис Ельцин Шешенстан басшылары Масхадов, Яндарбиев, Закаев, Удуговтардың қаракөл елтерiсiнен тiккен бас киiмiне үрке қараған. Марқұм Ливия көсемi Мумаммар Каддафидiң шетелдiк ресми делегация өкiлдерiн бедуиндердiң шалашында ұлттық киiммен қабылдауына таңданбаған адам жоқ. Мұндай протоколмен қатталатын дәстүрлер дүниежүзiлiк тәжiрибеде бар. Ондай тәжiрибенi мемлекеттiк қызмет iстерiнде араб елдерi көп қолданады.
Кезiнде Египет Араб Республикасының президентi болып сайланған, қазір бүкіл әлемнің назарын аударып отырған экс-президент Хосни Мүбәрәк өзiнiң ең алғашқы өткiзген үкiмет отырысында министрлерден мемлекеттiк қызметте жүрiп, тек отандық өндiрiстен шыққан киiм киюiн, екiншiден, тек қана мемлекеттiк тiл – араб тiлiнде сөйлеуiн, үшiншiден, жинаған ақшаларын ел банкiлерiнде сақтауын талап еткенi бар. Бұл Египет президентiнiң мемлекеттiк қызметкерлердiң ел алдындағы жа-
уапкершiлiгiн арттыруды көздеген ойы едi.
Киiмiңе қарап, қызмет көрсететiн елдер де бар. Мысалы, Австралияға баратын болсаңыз, дұрыстап киiнiп баруға тырысыңыз. Бұл елде қара киiнiп жүруге болмайды. Киiзден жасалған аяқкиiм киюге де тыйым салынған. Жергiлiктi ұғым бойынша, мұндай киiмдi тек қарақшылар киедi деген түсiнiк қалыптасқан. Қызыл түске жоламаса да болады. Мұндағы әр штаттың киiм киюде өзiндiк ережелерi бар. Мәселен, Виктория штатында аптаның жексенбiсiнде қызыл түстi шалбар киюге рұқсат жоқ. Егер Ұлыбританияда ақсүйектер қауымы юбка киюдi өздерiне сән көрсе, Италияда юбка киген ер адамды сотқа сүйреуге қақысы бар.
Әлемде киiм киюдiң тарихы сан қилы. Иран тарихында Реза шах билiгi тұсында киiм киюдiң өзiндiк дәстүрi заң жүзiнде қалыптасқан. Реза шах пен оның айналасындағылар әуел бастан-ақ әртүрлi бас киiмдер (сәлде, шапка, телпек, қалпақ) кию ескiлiктiң, артта қалғандықтың белгiсi деп санаған. Сол себептi француздардың әскери бас киiмiне ұқсайтын жаңа бас киiмдi жасап шығарып, оны «Пехлеви бас киiмi» деп атаған және барлық ер адамдарды осы бас киiмдi киiп жүруге үкiм еткен. Ал, мемлекеттiк қызметкерлерге еуропалық үлгiдегi костюм киюдi мiндеттеген. Халық арасында киiм киюдiң осы үлгiсi насихатталған. Уақыт өте осы «Пехлеви бас киiмi» француздық шапкаға ауыстырылған. Ол Иранда «Леген шапка» деген атпен әйгiлi болды. Киiмнiң саясатқа араласқан уақыты да осы тұс. Иран билiгiне өзге дiндi ұстанушылар айтқан болуы керек деген ой да туындайды. Реза шах бұл шапканы ұлттық белгiнi жою мақсатында және оның қыры намаз оқуға ыңғайсыз болғандықтан, намаз оқитын мұсылмандарға қарсы тәсiл ретiнде қолдануды ойластырған. Шахтың бұл айла-тәсiлiнiң iшкi астары ашылып қалып, ол өзiне деген наразылық әрекеттердi күшейте түскен.
Бас киiм демекшi, Ресей патшалығы кезiнде қазақтардың қара шашақты, кейде жарты ай және жұлдызбен кескiнделген қызыл тақия кигенi жергiлiктi басшылардың ашу-ызасын келтiрiптi. Далалық генерал-губернатор атына «тақияға орыс билiгi қалай төзедi?» деген өтiнiш түскен. Онда орыс бодандығындағы мұсылмандарға мұндай бас киiмдi киюге тыйым салуға рұқсат беруiн сұраған. Алайда, өлке бастығының кеңсе меңгерушiсi «Жоғары мәртебелiм заңдық негiз болмағандықтан мұндай өтiнiштi қанағаттандыра алмады» деп жауап берген. Мысалы, Малайзия, Араб елдерінің киімдері дінмен де байланысты. Орта Азия елдері ішінде ұлттық киімге назар аударып отырған ел — Түркіменстан. Әрине, Өзбекстан, Қырғызстан халқы да өздерінің ұлттық киіміне ерекше мән береді. Енді қырғыз депутаттары спорт киімдерін, шолақ шалбар, жемпір, жинсы, кроссовка, күртеше кимейтін болады…
Ермек СҰЛУТАМ

































Жауап беру