
Атырауда қазіргі күні қала ішіндегі қоғамдық көлік тасымалы 50 теңге, қала шетіндегі елді мекендерге 70-80 теңге аралығында. Бұдан бір-екі жыл бұрын автобус құнының 65 теңге болатынын естіген халық жаппай қарсы болып, соңынан бұл сома 50 теңгеге тұрақтаған еді.
Еліміздің көп өңірімен салыстырмалы түрде алғанда, салыстырғанда бұл баға – төмендеу. Содан ба, жан-жаққа көз салып отырған қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын мекемелер жолда жүру құнын өсіруге мүдделілік танытатын сыңайлы. «Айс Транс Холдинг» ЖШС басшылығы бұл тарапта жергілікті әкімшілікке әзірге ешқандай ұсыныс жасамапты. Бірақ, серіктестік директоры Мақсот Сүйінов «бастапқыда бизнес-жоспарлар мен есеп-қисаптар 65 теңгеге есептеліп жасалғанын» айта отырып, қазіргі орын алып тұрған жағдайда бағаның өсуі орынды болатынын айтады.
Бүгінде Атырау қаласы бойынша 84 бағдар болса, оның 22-ін «Айс Транс Холдинг» ЖШС қамтамасыз етеді. Есеп бойынша, автопарк ай сайын дизельдік отынға 145 мың литр, майға 1900 жұмсайды, 14 дана шина сатып алады, кем дегенде 4 аккумулятор ауыстырады. Оның үстіне, жолаушылардың барлығы бірдей жолақы төлеуге міндетті емес. Зейнеткерлер мен студенттерге жеңілдетілген жолақы болса, оқушылар сабақ уақытында тегін жүреді. Жұмсалған қаржының қайтарымы да кері әсерін тигізуде.
Әзірге қала ішін жақын арада жолда жүру бағасының өсетіні жөніндегі алып-қашпа сөз кезіп жүр. Тұрғындар автопарк саясатын түсінбейді деп айту асылық болар еді. Баға атаулы күн санап көтеріліп, жанар-жағармай бағасының өсейін деп тұрған кезінде жолақыны «елу теңгеден асырма» деп ешкім айта алмайтыны рас. Көпшіліктің қабағына кірбің әкелетін жай басқа. Ол – қоғамдық көліктердегі қызмет көрсету деңгейінің төмендігі. Автобустар мен шағын «Газельдерде» жолаушылардың аузы-мұрнынан шығып тұратынына; «маршруттардың» бір-бірімен жарысып, аялдамаларда сағаттап кідіретіні мен кондукторлардың дөрекілігіне; басқа да жайларға көз үйренгелі қашан. Қоғамдық көлік жүргізу аса табысты саналмайтындықтан да, бұл салада гастербайтерлер көптеп кездеседі. «Мен төлеуден қашпаймын, алайда, ұсынылатын қызмет соған сай болуы керек» дейді көптің ойы. Бұған кім дау айта алғандай?!
Құралай Қуатова, Атырау облысы



















Жауап беру