
Баяғыда бір қазақ: «Көрші-көрші дейсің, өзің тауығымды ұрлайсың» депті орыс тамыры тауығын ұрлап жатқанда үстінен түсіп. Бұл да сондай – қазақ пен орыс «достығының» бір сиқы. Тек, ұрлықтың ауқымы алапат.
Ресейдің Украинадағы сойқанына байланысты (Ресей бұған дейін көтензорлық қылып Молдавиядан – Преднестровьені, Грузиядан – Осетия мен Абхазияны бөліп алғаны белгілі-авт.) ЕО, АҚШ және жекелеген елдер кезең-кезеңмен, бірлесіп немесе жекелей және халықаралық жағдай ушыққан сайын, пәрмені күшті экономикалық санкциялар жариялай бастады. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, ол да өзінше тыраштанып, қарсы қарекет қылып жатыр: ЕО елдеріне бірқатар сала бойынша қарсы эмбарго қабылдады. Тиым салынған тауарлар негізінен азық-түлікке қатысты, сонымен бірге тоқыма, автомобиль де бар. Ресей, сондай-ақ, еуропалық авиакомпанияларды өз аспанынан ұшырмау ниеті бар екенін де байқатты. Бұл шектеулердің шеті Еуропамен де, Азиямен де, АҚШ-пен де экономикалық байланыс орнатып отырған Қазақстанға сөзсіз зиянын тигізе бастады. Соны біле тұра, Мәскеу бұл шешімдерді еуразиялық одақтастарымен еш келіспей-ақ, бір жақты, тек «өзім білемдікпен» қабылдай салғаны қай басынғандығы? Сонда кедендік одақтың төртінші жылында, енді келіп мына бірыңғай экономикалық кеңістік құрамыз деп отырғанда, «терезесі тең одақпыз, тату-тәтті көршіміз» деген уәденің желге ұшқаны ма? Мұндай әлімжетіктік әріптестіктен не қайыр, не құрмет?
Ресми Мәскеу Батысқа доқ көрсетуін қазаққа тізе батырудан бастаған сияқты. Осыдан жарты ай бұрын Еуропадан РФ аумағымен теміржол арқылы Алматының «Рахат» кондитер фабрикасына келе жатқан шикізат тұтқындалды. Бір сөзін екі етпей, кез-келген ұсынысын мақұлдап отыратын Астанаға орекеңдердің дәл бұлай қыр көрсететіндей еш заңдық та, моральдық та құқы жоқ еді. Қазақ билігі екі жақты текетірестен енді шындап сасайын деді. Өйткені, Ресеймен қырғиқабақ болып отырған мемлекеттердің көпшілігі біздің республикамен алыс-беріс жасап жүрген жұрттар. Сонда қазаққа алыс-жақын шетелдерден келетін тауарлар, енді екі ортада далиып жатқан орыс даласын айналып өтуі керек пе? Оның айналып өте алатындары бар, ал өте алмайтындар ше? Бұл Қазақстан мен шетелдердің экспорттық та, импорттық да қарым-қатынастарын қатты қиындатқалы тұр. Сондай-ақ, «орыстың Қырымға қол салуынан» Қазақстан қаншалық қаржылық шығынға бататынын кім санаған?
Бұл орыстың қазаққа көрсетіп отырған бірінші құқайы емес. О баста, Қазақстан Кедендік одаққа кіргенде біздің атқамінерлер отандық өндірістің алдынан, жалпы саны 170 миллион тұтынушысы бар алапат нарықтың есігі айқара ашылатын болды деп алақайлап еді, қазір сол үміт көздерінен бұл-бұл ұшты, даурығысқан дауыстар да өшті. Бірақ кедендік үштіктен пәтуа тауып жарытпасақ та, енді міне, Еуразиялық экономикалық одаққа да көз жұмып отырып, қойып кеттік. «Совет заманындағыдай аға ұлт, іні ұлт деген болмайды, бұл тек экономикалық қана Одақ, бәріміз тереземіз тең тұрып сөйлесеміз, Еуразия кеңістігінде жарқын болашақ орнатамыз!» деген сенімде жүргендердің өзінің дауысы бүгін жарқын шықпайды. Әсіресе, Украинадағы кейінгі жағдайдан кейін Ресейді жақтайтын, ақтайтын, мақтайтын теңеу таппай әбден қиналдық. Жә, саясатты қоя тұрып, оның тек экономикалық қырларына үңілейік.
Ресей қазақ автоөндірісінің адымын аштырмай отыр
Кедендік одақ құрылғалы орыс-тың автопромы қазақтың есебінен байлыққа белшесінен батты. Ресейлік «АвтоВАЗ» Қазақстандағы жаңа көлік сатылымының 30%-на ие болды. Сапасы жағынан шетелдік бәсекелестерінің шашасынан да келмейтін оның РФ-ның өзіндегі үлесі 15%-ға жетпейді. Ал, біздің жұрт «төрт дөңгелегі бар, жүретін тазиктерді» төбесіне шығарды. Сөйте тұра, Қазақстанда жасалған бірде бір машина, өзіміз көп айтатын «170 миллион тұтынушысы бар нарыққа» әлі шыға алған жоқ және шыға да алмайды. Оның себебі көп. Біздегі жылына 70 мың авто шығарады деп күткен мақтаулы «АЗИЯ АВТО Қазақстанымыз» өзі ресейлік компанияның еншілес кәсіпорны болғанымен, оның Ресейдегі негізгі «көкелері» француздар( Renault) мен жапондар (Nissan Motor Co). Өздеріңізге белгілі, бұл екі мемлекет те Ресейге санкция жариялағандардың санатында. Егер Путин сөзінде тұрып, жалпақ әлемге жар салған қарсы эмбаргосын қолданатын болса, онда «АвтоВАЗ» жабылып, Ресейде миллиондаған адам жұмыссыз қалуы тиіс. Бұл жағдайда біздің «АЗИЯ АВТО Қазақстанды» дамытуға салған $20 млн. қаржымыз желге ұшпақ. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер Ресей осы дүлейлігінен жазбай, қыңырайып алып жағдайды ушықтыра беретін болса, онда оның да ауылы алыс емес. Сондықтан, «АЗИЯ АВТО Қазақстанды» Ресей нарығын жауламақ түгілі, өзі жабылып қалмаса жарады деңіз.
Сондай-ақ, жолсыз жермен жүретін Қазақстанда «Nomad» көлігін құрастыратын «AllurGroup» үшін де Ресей нарығы жабық. Сатылымға шығарған күннің өзінде тек 2015 жылдан бастап және ресейлік «SsangYong Motor Company» делдал арқылы ғана рұқсат. Өйткені ресейліктер қазақстандық компанияны өздігінен «170 миллион тұтынушысы бар нарықтың» тесігінен де сығалатайын деп отырған жоқ. РФ үкіметі өз аумағында сатылатын шетелдік көліктерге салық салып қойған. Салық көлемі алапат, көліктің 15–20% құнына тең. Бұл автоөндірісшілерді ашық тонау екені даусыз. Ресей автосалықтан түскен ақшаны өздерінің автоөндірісін дамытуға жұмсап, өз нарығын қорғап отыр. Қазақстанда ондай салық жоқ. Айнала аласапыраны шығып жатса да, әйтеуір, бейғам жатқан бір елміз.
Осыған орай, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Талғат Ерғалиев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, Ресей Федерациясының аумағында шетелдік көліктердің сатылымы үшін, оның ішінде Қазақстанда құрастырылған көліктерге салық салынатынын, мұның отандық автоөндіріске кері әсер ететінін еске салды. Ол:
– Қазақстанда РФ-дан келетін автомобильдерге сатылым салығы да, кедендік баж да салынбайды, ал Қазақстаннан Ресейге экспортталатын автомобильдерге сатылым салығы салынады. Сондықтан, ел экономикасы үшін машинажасау саласының маңызы зор екенін ескере отырып, Ресейдің өз нарығын қорғағаны сияқты, біздің де өз нарығымызды қорғайтындай, соған сай әрекетке көшуіміз керек,– деп көптің көкейін тескен мәселені көтерді. Үкіметтен оған әзірше жауап жоқ. Әліптің артын бағып отыр ма, кім білсін?
Қайдасың, қайран 170 млн.тұтынушы?
«Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік пен «ҚазАлко» былтыр отандық өнімдерді Ресей нарығына жібермей жатыр деп бірлескен мәлімдеме жасады. Терістіктегі «құдайы көршіміз» тағы қырсық мінезіне басып, оған дейін уағдаласқан Кедендік одақ елдерінің өзара еркін сауда айналымы жөніндегі келісімін «түріп қойып», біздің алкогольді шекарасынан өткізбей тастаған. Ол пәрмен басқа емес, премьер-министр Дмитрий Медведевтің тікелей пәрмені бойынша жасалды. Ол «Росалкогольрегулированиенің» қолымен от көсеп, Қазақстан мен Беларусьтен келетін «ащы суға» түрлі шектеулер қойып, оны есепке алудың бірыңғай жүйесін орнатуды, ел ішінде тасымалдау тәртібі мен арнайы көліктерге тиесілі талаптарды күшейтуді, оны бұзған жеке тұлғаларды жазалау сияқты сан түрлі құйтырқылықтарды телуді қатаң тапсырып қойыпты. Ал, Қазақ үкіметі үйреншікті әдетінше, Ресей алкоголіне құшағын айқара ашып, бейғам жатқаны – жатқан. Соның салдарынан «Қазалко» ассоциациясының дерегі бойынша, Кедендік одақ құрылған 4 жылдың ішінде, Ресейден Қазақстанға тасымалданатын арақ көлемі 5 есеге, ликер-арақ өнімдері 10 есеге артқан. Жалпы алғанда, Ресейдің алкоголь импорты Қазақстанмен салыстырғанда 92 есеге көбейген. Сауда өнеркәсіптік палатасының есебі бойынша, былтыр екі ел арасында Ресей алкоголь экспортынан 50 млн $ Қазақстан 5 млн $ табыс тауыпты.
Отандық бизнес қауымдастығы осы жосықсыз бәсекелестіктің жайын айтып Қазақ үкіметіне де, Ресей үкіметіне де, кедендік үштіктің мүддесін қорғайды деген жоғарғы экономикалық еуразиялық кеңеске де талай арызданды, бірақ одан түк шықпады. Еуразиялық комиссияның төрағасы да (В.Христенко), оның мүшелерінің 2/3-де ресейлік болғандықтан, Ресейдің мүддесін көпе-көрнеу қорғайтын ұйымға деген сеніміміз о бастан жоқ еді. Бұл жолы да солай болып шықты. Олар қазақтың қайғысын қайтсін? Ал осы комиссияның құрамында отырған «біздің жігіттердің» қазақтың мүддесі тұрмақ, жалпы бір нәрсеге байланысты «мәу» дегенін естімеппіз…
Осы тығырықтан шығу үшін Қазақстан үкіметі өзінше амалдаған болды. 2014 жылдың 1 маусымынан бастап республикаға сырттан тасымалданатын бірқатар елдердің, оның ішінде Ресейдің қазақ тілінде затбелгісі (этикетка) дұрыс жазылмаған, тағы бірталай талаптарға сай келмейтін алкоголь өнімдеріне уақытша тиым салу туралы қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулы күшіне енді ме, болмаса сол күйі орындаусыз қалды ма, ол жағы тағы беймәлім. Дүкенде орыс арақтары қалай самсап тұрды, бұрынғысынша әлі солай самсап тұр.
Қазақ үкіметі неге ресейлік бизнестің сөзін сөйлейді?
Біздің үкіметте шалағайлық шетсіз-шексіз. Бірде таң қаласың, бірде шошып жағаңды ұстайсың. Кей-кейде ҚР Үкіметінің істеген ісіне қарап, осылар қай елдің мүддесін қорғап жүр деген күмән да туатыны жасырын емес. Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева Үкімет басшысы К.Мәсімовке жолдаған сауалында осы сөзімізді дәлелдей түседі. Ол: «құбыр және полиэтилен өнімдерін өндіретін алматылық бизнес-қауымдастықтың Ресей үкіметінің Кеденді одақ аясындағы бәсекелестік барысында, өз өндірісшілерін қорғайтындығына түсіністікпен қарайтынын, бірақ бұл жерде Қазақстан үкіметінің неге ресейлік бизнестік сөзін сөйлейтінін түсінбейтіндігін жеткізді».
Бақсақ бақа екен: жыл басынан бастап Кедендік одақ аясында 9,1 % импорттық баж енгізілген және импорттық лицензиясы алынып тасталған. Осыны пайдаланған ресейлік кәсіпорындар өз шикізаттарының құнын күрт көтеріп жіберген. Соның салдарынан оның бағасы біздің өндісшілер үшін бірден 40% қымбаттаған. Мәселен, 1 МТ ресейлік шикізат 9,1 % импорттық бажды қоса есептегенде, импорттық полиэтиленнің құнынан да қымбат. Бұл мәселе Кедендік одақ нарығында белгілі бір тапшылыққа тіреді.
Мәжілісменнің айтуынша, қолдан ұйымдастырылған осы жағдайды нарықтық жолмен реттеуге келмейді. Бұл импорттық шикізатқа тәуелді қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді және отандық құбыр өнімдерінің көлемін азайтуға әкеліп соқтырады. Ол өз кезегінде тендер өткізу кезінде де теріс әсер етеді, өнім өндірісінің барлық тізбектерінде бақылаудың босаңсуына ықпал етіп, мемлекеттің елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және газдандыру сияқты бағдарламаларына бөлінетін бюджет қаржысының ретсіз жұмсалуына әкеп соқтырады. Бәсекеге біршама төтеп беру үшін отандық кәсіпкерлер, әсіресе, 2016 жылға дейін импорттық шикізаттардан алынып тасталған лицензияны қайта қалпына келтіруді сұрайды.
Министрлік осы даулы мәселеге орай Кедендік одақ комиссиясының өкілдері қатысуымен бейнеконференция ұйымдастырған екен. Басқосу барысында, әлбетте, Ресей жағы өз шикізат өндірісшілерін (полиэтилен) қорғап, бірден өре түрегелген және қазақстандық құбыр өндірушілердің полиэтиленге деген сұранысын толық жаба алатындықтарын айтқан. Осы жағдайға қатысты Евразиялық комиссияның ресми қорытынды жауабында «Казаньоргсинтез» ААҚ (КОС) және бірқатар қазақстандық құбыр өнімін өндірушілер арасында нобайлық шарт жасалған. Бірақ, бұл шарттарда бизнес үшін аса маңызды болып саналатын нақты міндеттемелер мен шарттар қамтылмаған. Мәселен, өнімнің нақты құны, келісілген көлемі, жеткізілу мерзімі, тағысын тағылар көрсетілмеген. Бір қайнауы ішінде қалған бұл келісім ресейлік өндіріс үшін ғана қолайлы. Өйткені, Жабдықтаушы жақ (Ресей) Тапсырыс беруші (Қазақстан) өнімді сұратқан сайын, оның бағасын көтере беремін десе де, ештеңе қолбайлау бола алмайды. Сондай-ақ, қанша көлемді шикізат жібертсе де, «Казаньоргсинтез» ААҚ жеке-дара шеше беретін болды. Осыдан-ақ, аталған келісімшарттың ресейлік компанияның мүддесін қорғау үшін құрылғаны айқын көрініп тұр.
Әлбетте, мұндай жосықсыз бәскелестік (шикізат бағасының жоғарылығы, көлемінің шектеулілігі) қазақстандық өндірісті зорлықтың күшімен бәсекеге қабілетсіз қылары анық. Оның үстіне Қазақстан аумағында құбыр өнімдерін өндіретін Ресейдің өз зауыттары бар (Степногорск, Арыстан). Қазақстандық өндірісшілерге қарағанда, Ресейдің оларға жіберетін шиткізат көлемі де көп, бағасы да анағұрылым арзан.
Мәжілісмен А.Соловьева былай деді: «Егер Үкімет қазақстандық өндірісшілерді кемсітушілік процесін тоқтату үшін пәрменді шара қолданбайтын болса, онда ресейлік бизнес Қазақстан Республикасы мен тұтас ТМД аумағында құбыр өндірісі нарығын толықтай жаулап алуы сөзсіз»,– деп дабыл қағуда.
Қазіргі күні полиэтилендік құбыр өндірісі елімізде қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Қазақстандық кәсіпорындарда озық үлгідегі еуропалық технологиялар мен жабдықтар пайдаланылады. Оның өнімдері еліміздің әлеуметтік-экономикалық маңызы зор көптеген салаларында кеңінен қолданылады, әрі уақыт өткен сайын оған деген сұраныс арта бермек. Мәселен, елді мекендерге газ тарту, уран өндірісі, су құбырларын салу, егістік алқаптарды суару , т.с.с.
Расын айту керек, бұл — әлемдік сапа стандарттарына жауап беруге қабілетті, отандық, санаулы ғана салалардың бірі. Сондықтан, қазақстандық индустрияны алға сүйрейтін саланы, ресейлік бизнестің қолына көпе-көрнеу ұстата салуымыз елдігімізге сын. Онсыз да, нақты мүмкіндігіміз бола тұра, осы жайбасарлықтың, бейқамдықтың кесірінен Тәуелсіздік жылдарында талай артықшылықтарымыздан айырылып қалғанымызды неге ұмытамыз. Сондықтан, Қазақ үкіметі отандық бизнесмендермен кездесіп, аталған мәселеге қатысты өзекті ұсыныстарын Кедендік одақ аясында қабылдатуға күш салуға тиіс. Әсіресе, импорттық баж салығына байланысты, сырттан енгізілетін импорттық шикізатқа лицензия белгілеуді ұзартуға қатысты мәселелерді тереңнен ойластырғаны жөн. Сондықтан, ұлттық мүддені қорғау жолында отандық бизнес пен ҚР Үкіметінің ауызбіршілігі мығым болғаны абырой. Бүгінде Ресейге жалтақтайтын заман өткен. Ақыры, Еуразиялық экономикалық кеңістікке кірген екенміз, әзірге осында тұрғанда, осы алаңда қазақтың мүддесін табанды қорғай білейік.
Дәулет Асауов, Астана





















Жауап беру