
Украинадағы жағдай төрткүл дүниемен бірге қазақ халқын да алаңдатып отыр. Өйткені, Ресей Федерациясының өз әскерін жасырын түрде Украина жеріне кіргізіп жатқандығы шындыққа жақын. Мәскеу тарапы бұрынғы Кеңес одағындағы – елдерге қысым жасауға бет алғаны айқын.
1991 жылы 21 желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 12 одақтас республикалардың басшылары «Алматы декларациясына» қол қойды. Декларацияда Кеңестік Социалистік Республикалар одағы өз еркімен тарағанын бәрі бір ауыздан мақұлдады. Осылай одақтас республикалар өзара тәуелсіздіктерін мойындап, мемлекеттік шекараларын айқындап алған болатын.
Жаңа ғасырдың басында Ресей билігіне В.В.Путин келгелі жаңа ұлтшыл, ұлыдержавалық күштер ұйқысынан оянып, Алматы декларациясының принциптерінен бас тарта бастады. Орыстілді ақпарат құралдарында Кеңес одағын тарату туралы «Беловежде жасалған Украина, Белорусь пен Ресей арасындағы келісімі заңсыз» деген пиғыл таратылды. Оның қолтығына су бүркіген радикалдық партиялары мен қоса В.Жириновский басқарған ЛДПР партиясы және басқа саяси ұйымдар мен шовинистік топтар болды. Кремльдің көксегені тәуелсіз республикаларды Ресейдің қолтығына қайта кіргізу екендігі анық. Тіпті, кейбір сарапшылар Еуразиялық экономикалық одақты бұрынғы Кеңес Одағын қалпына келтіретін мемлекеттің жаңа формасы деп атауда.
Сөзім дәлелді болу үшін айтайын: Мәскеудің тікелей қолдауымен Молдаван республикасының үштен бір бөлігін орыс және басқа да славяндық экстремистік күштер басып алды. Халықаралық қауымдастықтың бірде-бір мемлекеті мойындамағанына қарамастан Ресей «Приднепровская Республикасы» деген қуыршақ республика құрды. Мәскеу экстремистерге сол жерде тұрған бір полктің қару-жарағын беріп, жергілікті молдаван тұрғындарды өз атамекендерінен 24 сағатта қуып шықты. Бүгінге дейін «Приднепровская Республикасы» тікелей Ресейдің әскери, саяси, экономикалық қолдауымен ғана өмір сүріп отыр.
Таулы Қарабах облысы Кеңес Одағы кезінде Әзербайжанның территориясы болып келді. Ресей астыртын (армяндар христиан дінінде болғандықтан шығар) көмек беріп, Арменияның қарулы күштері Әзербайжанның аталған облысын басып алып, мыңдаған әзербайжанды пулеметтің астында қырып салды. Мыңдаған әзербайжанды босқын қылып жіберді. Мәскеу екіжүзділік жасап, Армения күштеп басып алған жерлерді қайтару — тек қана келіссөздер арқылы ғана болсын деп, әзербайжандарға өз территориясында тұруға жол бермей отыр.
2008 жылы Грузия үкіметі өзінің мемлекеттік тұтастығын сақтау үшін Оңтүстік Осетия сепаратистеріне қарсы әрекет жасағанда, Ресейдің қарулы күштері Грузия қарулы күштеріне қарсы соғыс ашып, қырғынға ұшыратты. Ресейдің бұл агрессиясына АҚШ, Еуропа және Азия елдері наразылықтарын білдірді. Бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қаралып, Ресейге өз әскерін қайта шығару талап етілді. Осыған орай, Мәскеу грузин жерінен шегінуге мәжбүр болды. Алайда, түпкі мақсаты – Оңтүстік Осетия мен Абхазияны Грузия Республикасынан бөліп алу болғандықтан, әскерлерді осы аймақта қалдырды. Осы екі аймақты өзінше бөліп алып, қуыршақ мемлекет құрып, «тапқырлық жасап», қанатының астына алды…
…Украинаға келсек, Ресей алғашында: «Орыс тілін неге қолдамайсыңдар?!» деп ұрынды; сосын, газ құбырларын бірде ашып, бірде жауып қиын жағдай туғызып: «Газдың құнын екі есеге өсіремін» деп озбырлық жасады, күлкі қылды.
Осындай оспадарсыз көрінгенімен, шын мәнісінде, Кремльдің арнайы жоспарымен басталған түсінбеушілік, түтіндеп келіп, соғыс отына айналды. Қырымды зорлықпен басып алған Ресей әскерлері 24 сағатта 3 миллионға жуық жергілікті тұрғындарға «Ресей азаматы» деген паспорт таратып, Севастополь, Семфирополь және Украина әскери бөлімшелерін өз игілігіне пайдалануда. Ресейден келген орыс казактары жергілікті халықты ұрып-соғып, Украинаның әкімшілік мекемелеріндегі украин тіліндегі жазуларды өшіріп, орыс тілінде жазып қоюда. Солай істегеніне қарамастан, Ресей Президенті: «То, что происходит на Украине, Россия не при чем, не при делах. Крым веками было в составе России, свое время Н.С.Хрушев отдал…» – деп, ұялмай-қызармай, бөсіп отыр. Тарихты тереңдей берсек, V ғасырда Қырым Осман Империясының территориясы болғанын Путин өтірік ұмыта қалыпты…
Әйткенмен, елі мен жері үшін кескілесе айқасқан украин халқының ерлігі мен қаһармандығына бас июге тұрарлық. Қазір Украинаның Донецкі мен Славянск қалаларындағы қарулы қақтығыстардың салдарынан қарапайым халық күн сайын оққа ұшуда. Украинаның жаңа президенті Петр Порошенко Қырымды Украинаға қайтаруға уәде берді.
Бірақ, өткен күннің өктемінен арылмаған орыстың кейбір кертартпа саясаткерлері бос қиялын бопсалауын қоя алмай әлек. Мәселен, ЛДПР партиясының «көсемі» В.В.Жириновский тікелей эфирден: «Никаких республик Средней Азии. Это Среднеазиатский федеральный округ России – главный город Верный! Сегодня у него чужое название, Алма-Ата – мой родной город. Среднеазиатский федеральный округ» – деп сандырақтады.
Сайып келгенде, Қырым бізге сабақ болуға тиіс. Қазақ жерінде орналасқан барлық Ресей әскери полигондарын жабу керек, олардан зияннан басқа пайда жоқ.
Дәп қазір ғаламтордағы орыс сайттарында: «Что на уме у Путина, то на языке у Жириновского» деген сөздер өріп жүр. Меніңше, орыстың осы бір саясаткерсымағын жер жәннәты Жетісудағы Алматы түгілі, жалпы, Орта Азия аймағынан ит қосып қуып, кіргізбей тастау керек. Қырғыздар бейпілауыз В.В.Жириновскийді «Персона нон грата (латынша: persona non grata)», яғни, “сенімнен айырылған бірлік”, деп жариялап, Қырғызстан аймағына аттатпай қойды. Ал, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей СІМ-не жолданған сыпайы наразылық нотасымен шектелмей, В.Жириновский, Э.Лимонов, А.Проханов және басқа да егемендігімізге нұқсан келтіруге тыраштанған дұшпандарымызды Қазақстанға кіргізбеу туралы шешім қабылдауды талап ету керек.
Кеңес Одағының ыдырағанына 23 жыл болғанына, Орта Азияда әлем таныған тәуелсіз 5 мемлекеттің егеменді өмір сүріп жатқанына қарамастан, Мәскеуде осы күнге дейін бұрынғы Кеңес одағын көксеп отырған ықпалды саяси күштер бар екендігі айқын. Бұл харам пиғылды топтар тәуелсіз елдердің аймақтарындағы ниеттестеріне қыруар қаржылар құйып, орыстар көбірек шоғырланған жерлерде аракідік қоқан-лоққылар ұйымдастырып келеді.
Мысалы, 2010 жылы Көкшетау қаласынан шығатын «Степной маяк» деген орыс тілінде шығатын газет сканворд бетінде «Убежище бомжа казаха» деп төрт әріптен тұратын сөз жасырып, қазақтың киіз үйін мазақтады. КТК телеарнасы қазақтың киелі асы етке тиісіп, «Бешбармақ шоу» деген бағдарлама шығарды. Белгілі әншілеріміз Роза Рымбаева мен Нұрлан Абдуллин «Беш тарту» деген клип түсіріп, қазақ жаппай наразы болғасын, кешірім сұрауға мәжбүр болды. Астана қаласындағы «Үркер» бала бақшасында «Абай Құнанбаев (1905-1981)» деп, қате жазып қойды. Балабақша меңгерушісі Раушан Қаржаубаева: “мұны орыстілді қазақ жазып берді”, деп ақталды. Өскеменде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін әдейі, жоспарлы түрде ергежейлі етіп құйып, ақырында облыс әкімі ескерткішті алдырып тастады. Бұл құйтырқылықтың бәрі дұшпанның ісі. «Жау жоқ деме, жар астында», үнсіздік – қамсыздыққа ұласпауы керек.
…Ақырында, «ойына келгенді істейтін орыстың» ойынынан от шығып, АҚШ пен Еуропаның екіжақты қысымына ұшырады, сірә, таяуда орға құлауы да ғажап емес…
Жұмамұрат ШӘМШІ, Астана





















Жауап беру