
Одақ қызметін 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енгізетін келісімге біздің мәжілісмендер еш қарсылық танытқан жоқ. Оны заң жүзінде бекіту үшін Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев одақ туралы жобаны Мәжілістің пленарлық отырысына ала келді. «Әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуінің қолайсыз жағдайларында ЕАЭО-ға Қазақстанның қатысуы – экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін көтеру, әлемнің барынша бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына ену үшін қажетті тұғырнама жасайды. Еуразиялық интеграция комитетінің экономикалық әлеуеті өте жоғары», – деді Е.Досаев.
Оның пікірімен келіскен төменгі палата өкілдері заң жобасына ешқандай уәж білдірген жоқ. Тек депутат Азат Перуашев қана соның аясында өзіміздің ұлттық мүддені де ескеру керектігін айтып қалды. Ал, одақты құруға қатысты бір сенаторымыз дауыс бермей қойды. Бірақ, оның кім екені әлі жұмбақ… Сенатор Мұхтар Алтынбаев былай деді: «Егер еліміздің тәуелсіздігіне қауіп төнсе, біз бұл одақтан шыға аламыз. Халықтың өйтуге құқығы бар».
Сол құқықты қазір-ақ пайдалануды жөн санайтындар да жоқ емес. Қазiр отандық жетекшi сарапшылар мына экономикалық құрылымның алғашқы сатысы ретiндегі Кедендiк одақтың біздің ел үшін тиiмсiз болғанын айтуда. Мәселен, ол одақ «Қазақстанға 153 миллион адамға тең нарықты ашады» деген үмiттi ақтамаған. Біздің Кедендiк одақ елдерiне шығаратын экспорт қазiрдiң өзiнде 3,7 пайызға төмендепті. Ал, Ресей мен Беларусьтың Қазақстанға экспорты, керiсiнше, 12 пайызға артып отыр. Ал, қазақстандық заңгер Марат Ілиясұлы «Еуразиялық экономикалық одаққа бір кірсек, шыға алмай қалуымыз мүмкін» дейді…
Сонымен, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім шартты ратификациялау туралы заңға Беларусь президенті өз қолын өткен аптада қойды. Енді интеграциялық үдеріске бірігудің белсенді фазасында Армения мен Қырғыз елі тұр. Одан кейін Кеден одағы елдерімен еркін сауда аумағын құруға Үндістан, Вьетнам, Исландия, Норвегия, Швейцария мемлекеттері мүдделі.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ, Астана қаласы




















Жауап беру