
Қазақстан Мәжілісі депутаттары Ресей-Белорус-Қазақстан Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы келісім-шартты ратификациялады. Ал оны Сенат ешбір талқылаусыз өткізді. Осының алдында ғана Алматыда одақтың құрылуына наразылық танытушылар ЕАЗЭС-тің Қазақстанға тиімсіз екенін дәлелдей отырып, Мәжіліс депутаттарының бұл шартты ратификациялауын «тарихи қателік» деп бағалаған болатын. Олардың ендігі үміті Сенатта еді. Бірақ үміт ақталмады.
Конституциялық заң бойынша мәселені келесі кезекте қараған Сенат «бір ауыздан» мақұлдап, нүктені қойды. Сөйтіп, Қазақстанның ЕАЭО-қа қосылуы − ешбір талқылаусыз, халықтың келісімінсіз жасалған «волюнтаризм» ретінде тарихқа енді. Ендігі жерде еліміздің тәуелсіздігінің бар жауапкершілігі осы қадамға барған қазіргі билік пен оның дегеніне ың-шыңсыз көне салатын «халық қалаулыларының» мойнында…
Қазақ қоғамында «мұның арты тәуелсіздіктен ажырауға апармай ма?» деген сұрақтың басы ашық тұр. Ал жағдайды тұрақтандыру үшін айтылған «бұл ешқандай да саяси құрылым емес, тек қана экономикалық жоба» деген уәжге Украинадағы соғыстан хабардар халық сенбейді. Оның үстіне Ресейдің өзі де небір құйтырқы амалдармен Қазақстандағы «орыс факторын» еске салумен келеді. Ресей бізбен «одақтас» бола отырып, арадағы қатынасты «өзара тиімді» дегеннен гөрі, өзінің «ең жақын стратегиялық досы» Қазақстанды қорқытып-үркітіп ұстағысы келеді. Сонда оның «өзара тиімді» дегені осы ма?
Бірақ, қаншама көз жұмсақ та «көзге көрінер нәрсе көрінбей қалмайды». Сондықтан Одақтың болашақ «салқын лебін» қоғам ғана емес, Қазақстан билігінің өзі де сезіне бастағандай. Мәселен, жыл сайын Алматыда 20 қыркүйекте әкімшілік пен қоғам өкілдері бірлесіп «Қазақ тілін қолдау акциясын» өткізетін. Жұрт бұл бастамаға оң көзбен қарайтын. Алайда биыл Алматы әкімшілігі «әдетінен жаңылып», ақын Мұхтар Шаханов бастаған тіл жанашырларына «Қазақ тілін қолдау акциясын» өткізуге рұқсатын бермей қойды. Ол аз болғандай, «әкімшіліктен рұқсат жоқ»» дегенмен қосып «алаңға шығу жазаланады!» деген қатаң ескерту қатар келді
Біз мұның басты себебін Ресейдің «тілдік мәселені» орыстар көп тұратын Шығыс Украинада сепаратизмді өршітуінен іздер едік. Оның арты соғысқа ұласқаны белгілі. Бұл Қазақстан билігін де шошытып, оны «аш құлақтан тыныш құлақ» дегенге мәжбүрлеген сияқты.
Егер біз өзіміздің ішкі мәселеміз «мемлекеттік тіл мәселесін» өзге мемлекеттің қас-қабағына қарамай шеше алмайтын болсақ, онда «толыққанды тәуелсіз мемлекетпіз» деп қалай айта аламыз? Ал «екі шоқып, бір қарайтын» жағдайда отырып, оны тудырып отырған мемлекетпен қалай Одақ құруға болады?..
…Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап өзінің сыртқы саясатында «көп векторлы» бағытты ұстанды. Оның себебі бірнеше объективті жағдайлардан туындады: біріншіден, КСРО ыдырағаннан кейін орын алған алапат дағдарыстың соңы мемлекеттегі әлеуметтік апатқа ұласып кетпеуі үшін жан-жақтан инвестиция тарту көзделді; екіншіден, жаһандану заманында әлемдегі озық технологиялар мен ғылыми жаңалықтарға қол жеткізу үшін дамыған мемлекеттердің барлығымен өзара тиімді және тең қарым-қатынаста болу көзделді; үшіншіден, КСРО-ның қаңқасын құраған Ресей экономикалық коллапсқа ұшырады да, өзі де инвестицияларға мұқтаж болып қалды. Қазақстанмен «бірге» болмақ түгілі, ол инвестиция жөнінен Қазақстанмен бәсекелік жағдайға түсті; төртіншіден, Қазақстанның сол кездегі «көп векторлық» саясаты оған инвестицияларды мемлекет тәуелсіздігін сақтаудың кепілі ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп, Қазақстан мемлекеті халықтың табиғи байлығын әлемдік алпауыт трансұлттық компанияларға мемлекетке тиімсіз жағдайда үлестіруге мәжбүр болды; бесіншіден, қазба байлығы мол дамушы елдердің байлығын «қолға алуды» жақсы меңгерген шетелдік компаниялар Қазақстанның қиын жағдайын мейлінше тиімді пайдаланып, оны «көп векторлыққа» амалсыз көндірді.
Халықаралық деңгейдегі «экономикалық киллерлер» Қазақстанға еніп, неше түрлі коррупциялық схемаларды жүзеге асырды. Және де, «киллерлер» ұсынған «коррупциялық ережеге» сол кездегі экономикалық-әлеуметтік хаос қатты қолдау болды. Онымен қоса, қиындықтарға тап болған елдің билігі мен элитасы ұлттық мүддені алға шығара алмады. Оны қорғау үшін жігерлілік танытуға қауқарсыз екендіктерін көрсетті. Сөйтіп, біз қазіргі «Одақ құру» мәселесіндегі орын алып отырған «жігерсіздігіміздің» бастауы сол – «көп векторлық» кезден басталғанын байқаймыз. Бірақ, бізге инвестиция ұдайы жоғары сұранысқа ие шикізат саласына енді. Алдымен мұнай, одан кейін металлургия мен көмір, түрлі-түсті металл салалары инвестицияланып, шетелдік компанияларға өтті.
Бірақ ол шарттардың барлығы дерлік ұлт мүддесіне сай жасалған жоқ. Мәселен, сол кездері бізде әлемдік деңгейдегі банкілердің кепілдіктері (банкілік гарантия) қатты сұранысқа ие болып шыға келді. «Гарантия» дегеніміз нақты ақша емес, кепілдік қағаз! Бірақ сол «қағаз» аса ірі шикізат өндірістері мен тау-кен орындарын жекешелендіруге мүмкіндік әперетін құжат еді. Соның арқасында көптеген ірі тау-кен кәсіпорындары жоғарыда аты аталғандарға басқаруға беріліп, артынан жекешелендірілді. Бұл «қулықты» дер кезінде байқаған жұмыссыз қалған өндіріс директорлары мен кәсіподақ ұйымдары: ««Инвесторлар тікелей инвестиция әкелген жоқ. Олар қоймаларда жиылып қалған тауарларды офшорлар арқылы сатумен ғана айналысып жатыр» деп дабыл қақты. Олар мұның ешқандай да инвестиция емес, реинвестиция екендігін дәлелдеуге тырысты. Ешкім құлақ асқан жоқ. Ақыры солай болып шықты − «инвесторлар» әлеуметтік міндеттемелерін ұмытты. Соның арқасында халықтың жағдайы күйзеліске түсті, ол дағдарыстан әлі де шыға алмаудамыз.
Бұл әрекеттердің барлығы коррупциямен ұштасып жатты. Дегенмен, Қазақстан үшін осындай қауіпті тенденциялардың болуына қарамастан, ел экономикасына құйылған инвестиция, шикізат экспортынан түскен табыс бірқатар салалардың дамуына мүмкіндік тудырды: ел өзінің жаңа астанасын сала бастады, құрылыс қарқыны артты, сауда және қызмет көрсету саласы дамыды және т.с.с. Әлемдегі көптеген елдермен екі жақты тұрақты экономикалық байланыс артты.
Міне, осылай «көп векторлы» «бейбіт бәсекелестік» бағытымен дамып келе жатқан Қазақстан, кенеттен, 2010 жылдан бастап Ресей мен Белорусиямен бірге Кедендік одаққа енуге, сөйтіп, сол қадам арқылы осыған дейінгі өзін-өзі ақтаған «көп векторлы» саясатына шектеу қоюға келісімін берді. Не себептен екені жұртқа әлі түсініксіз. Бұл туралы билік пен қоғам арасында ешқандай да ашық әңгіме болған жоқ. Ал билік айтатын «біздің алдымызда 150 млн халқы бар үлкен нарық ашылады» деген уәж шикізаттан басқа тауар экспорты жоқ ел үшін күлкілі жағдай ғана…
Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақтың жүзеге асуы Қазақстанда демократиялық үрдістерге қатаң шектеу қоя бастады.
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, Алматы қаласы





















1 пікір
21.10.2014 - 14:37
Құрметті отандастар!
Ең алдымен, әр тұрғынның өз-өзіне және еліне деген сенімге ие болуын қамтамасыз етуге уәде беремін. Өзімізді және ой-өрісімізді айналамыздағы жақсы нәрселерге қарай өзгертсек – жақсы өзгерістерге қол жеткіземіз.
Бастауында еңбек пен білім жатқан кезде, жолда кездескен еш қиындыққа қарамастан Қазақстан болашағы жарқын болатынына сенемін. Қабылданатын экономикалық шешімдердің ел дамуына, ұлт жағдайының көтерілуіне, азаматтардың материалдық жағдайының жақсаруына әсер етіп, адамдардың өмір сүргісі келетін, жұмыс істегісі келетін, оқығысы келетін орта құруына әсер етеді деп ойлаймын.
Бай табиғи ресурстарымыз, еңбекқор да білімді халқымыз, мемлекеттің мықты саясаты арқылы еліміздің гүлденетінін дәлелдеуге дайынмын. Осы жұмысымда көпшілік тұрғындардың мені қолдайтынына, ұлттық мүдделерге жауап беретін саясатты ңске асыруға күш-қуатымыздың жететініне кәміл сенемін. Сонымен қатар, елімізде әділ сот пен жақсы басқаруды нығайту керектігін көрсетемін. Менің борышым – жеке өзім үшін емес, мемлекет игілігі үшін әсер ету.
Республиканың дамуы өз қолымызда, біздегі күш-қуат, құрбаншылдық, отаншылдық халқымыздың саулығына негізделеді.
Қазақстан халқы – оның ең басты да ең құнды мемлекеттік байлығы. Адам – ол экономиканың бастауы мен мақсаты. Сондықтан да мен адамның, отбасының, мемлекеттің теңдестірілген дамуын ең басты етіп көрсетемін.
Кей кездері бізге білім мен тәжірибенәі жеткіліксіз болып қалуы себебінен, менің басымдылығым – білім жүйесі. Дамыған елдерде білім мен дана ой және олардың тиімді пайдаланылуы – ел өсуінің негізі.
Ел мүддесінің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде халықаралық аренада оны нық қорғауымыз керек.
Ең негізгі құндылығымыз – еркін, тәуелсіз, дамыған қазақ мемлекеті. Біз оны қорғаймыз. Басты мәселеміз – қазақ мемлекетінің егемендігі мен оның қорғанысы екенін әрдайым айтып жүрмін. Қосқым келетіні, қазақ мемлекетінің дамығанын қаласақ, Қазақстан халқының амандығын қаласақ, бұл жеткіліксіз. Бізге керегі, жоғары мемлекеттік лауазымнан бастап ең қарапайым жұмысқа дейін әр адам мемлекетке, ойына, шешіміне, іс-әрекетіне дербес қарап, өзін еркін сезіне білуі керек. Барлығымыз бірге еркіндік ауасымен тыныстайтын боламыз.
Керей мен Жәнібек хандар құрған мемлекет көптеген ұрпақтардың күш-жігері арқылы халқымызды бүгінге жеткізді. Мемлекеттілігімізді нығайтудағы ата-баба ісін жалғастыруға міндеттіміз.
Әр халықтың тарихы өзінше қиын. Біздің тарихымыздың қиын болып қана қоймай, үмітке толы болғандығына қуануымыз керек. Бүгінгі күні тәуелсіз және егеменді ел екендігімізді, аспан түстес байрағымызға мақтанышпен қарай алатынымызды айта аламыз. Бұл – тарихымыздың ең жақсы жетістігінің куәсі.
Біздің тарихи жолымызда талай сынақтар, жеңістер мен жеңілістер, ауыр шығындар және жарқын үміттер болды. Осы жолда халқымыз өсті, нығайды.
Қазақстанның ары қарай дамуы үшін адамдардың өз мемлекетіне деген сенімі мен біріккен еңбек қажет. Қазақстан игілігі үшін тер төгуге дайынмын!
Қазақстанды біз өзіміздің жақын, сұлу адамымыздай жақсы көреміз. Өз сезімдерімізді жиі жасырсақ та, Отанымызбен бірге оның жетістіктеріне қуанамыз. Қиын кездерде мұңаямыз. Үміттерімізді ақтамаған кездері ренжиміз. Алысқа кеткенде сағынамыз. Қазақстанда болған кезде де, басқа жақтарда жүрген кезде де уайымдап, болып жатқан оқиғаларды қадағалауды тоқтатпаймыз.
Жерді, халықты, отандастарды адам өзі таңдамайды. Қазақстан бізді таңдады. Сондықтан да біз осындамыз. Бізді таптады, бірақ езіп тастай алмады. Бізге оқ атты, бірақ құлата алмады. Бізді жаулап алды, бірақ бағындара алмады. Әр жерге тарап кеттік, бірақ біздің тамырымыз осы жерде.
Қазақстан жаһандық экономикада әрекетшіл болуы керек. Қазақ мемлекеті өз дамуында бедел мен мақсатқа жету мүмкіндігіне ие болуы үшін, экономикамыз жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Болашақтағы Қазақстан еңбекқор, білімді, азаматтық жауапты және ұйымшыл халық өмір сүретін ақылмен басқарылатын, экологиялық, шығармашыл, әлеуметәк ұлттық мемлекет болады.
Қазақстан – мықты халқы бар ел. ХХІ ғасырдың жаңашыл Қазақ мемлекетін құратынымызды білемін. Қазақстан басқа елдермен достық, ынтымақтастық, сыйластық негізінде байланыс орната алатын белсенді, инновациялы, шығармашыл және ұлттық ел болатынына сенімдімін.
Барлық ойым мен ісімді осы мақсатқа арнауға дайынмын, себебі мен Қазақстанды сүйемін.
Жаратқан иеміз Қазақстанымызға қолдау болсын! Жаратқан иеміз еңбегімізге демеу болсын!