
Осыдан тура ширек ғасыр бұрын «Азамат» газетінде (01-16.04.1990 ж.) жарияланған «Қазақ ғарышкерін ХХ ғасырда көреміз бе?» атты көлемді мақаламда мен былай деп жазған екенмін (шағын үзінді):
«Космодром орнады, оның қажетіне миллиардтармен өлшенетін қыруар қаржы жұмсалды. Сарысы бар, қоңыры бар, орысы бар, қазағы бар, малшысы бар, шахтері бар, бүкіл халықтың маңдай тері сіңген есепсіз-қисапсыз қаржы. Ал, сол қаржының қандай мақсатқа жұмсалуына және космодромның қалай пайдаланылуына кім билік жасап отыр? Сол баяғы Москва биігінен «төменде» көсіліп жатқан қазақ жеріне мұрнын шүйіре көз тігіп, мыңдаған жылдар бойы жүздеген ұрпақтар мекендеген өлкеден ондаған миллион гектар («Военными ведомствами у нас занято 20 миллионов гектаров. Для сравнения: площадь пахотных земель в республике – 25 миллионов га». «Ленинская смена», 17.03.90) «бос жер» тауып алған еліміздің «көреген көсемдері». Тұтас бір ұлттың бар-жоғына, ерік-ықыласына, мұң-мұқтажына, болашағына атүсті қараған мұндай «ел ағалары», олардың өз психологиясына, өмірлік позициясына сай іріктеп, дайындап, қазақ жерін «игеруге» аттандырған «кадрлары» кімді оңдыртсын, нені аясын!
Нәтижесінде космодромның іші-сырты көлемі жағынан адамзат тарихында теңдесі жоқ қоқсық алаңына айналып шыға келді.
Генерал-полковник, СССР космонавты Г.С.Титовтың сөзі: «На территориях Джездинского и Улытауского районов разбросано 890 целых и взорванных ступеней космических ракет, которые загрязняют землю токсическими веществами, препятствуют пастьбе скота и заготовке кормов. Дело в том, что в течение 30 лет почти упавшую на землю отработанную ступень ракеты военные взрывали (как говорят, для обеспечения секретности их устройства), осколки разлетались и превратили пастбища и сенокосы на территории в МИЛЛИОНЫ ГЕКТАРОВ (бөлектеген біз. – Ж.Қ.) в свалку металлолома. По оценке местных властей, ежегодный ущерб от этого сельскому хозяйству составляет 14 миллионов рублей» («Казправда», 02.03.90).
Осының бәрінен келіп туындайтын заңды қорытынды: Байқоңыр космодромынан республикамызға келетін пайда жоқ десе де болғандай, ал зияны ұшан-теңіз! Және де ол зиян бүгін қаншалықты ауыр болса, ертеңгі ұрпақтардың көрер зардабы бұдан да ауыр болмақ. Әрине, бұл аса маңызды мәселені түбіне жеткізе зерттеп, ғылыми дәлелді экономиқалық және экологиялық тұжырымдар жасау – тиісті мамандардың міндеті. Ал, ондай мамандар осы жердің болашағы үшін, ел тағдыры үшін тек сөз жүзінде емес, шынайы жаны ауыратын ұлтымыздың өз перзенттері болса, тіпті жақсы.
Менің ойымша, егер жағдай бұдан әрі де жедел өзгермесе, бізге тап-таза зияннан басқа берері жоқ космодромды Қазақстаннан тысқары жаққа алып кетуді бүкіл халық болып талап етуіміз керек».
ЕНДІ, МІНЕ, 25 ЖЫЛДАН СОҢ КӨЗІМІЗ АНЫҚ ЖЕТІП ОТЫРҒАНДАЙ, РЕСЕЙ ҒАРЫШ КЕШЕНІНІҢ ЗАРДАБЫ БҰРЫНҒЫСЫНАН ДА АУЫРЛАП, ЕЛІМІЗДІ АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙҒА ӘКЕП ТІРЕДІ.
Мұның бұлтартпас дәлелі – сонау зілдер (мамонттар) дәуірінен бүгінгі заманға дейін аман-есен жеткен киелі жануар, талай ақын-жырауларымыз бен сазгерлеріміздің жүрекжарды шығармаларына арқау болған қазақ даласының символы іспетті аяулы ақбөкендеріміз қазір жаппай қырылып, жер бетінен мүлде жойылып кету алдында тұр. Ал, бүгін киіктердің басына түскен зұлмат ертең бүкіл халқымыздың басына түспесіне кім кепілдік бере алады? Ешкім! Алла Тағала оның бетін әрі қылғай, әрине, бірақ Құдай тек сақтанғанды ғана сақтайтынын ұмытпайық!
ЕНДЕШЕ, БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ КЕШЕНІН, СОНДАЙ-АҚ, РЕСЕЙДІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАРША ПОЛИГОНДАРЫН ТҮГЕЛ ЖАБАТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ, МЕНІҢШЕ.
Жасарал Қуанышалин, саясаткер




































Жауап беру