
Іле Қазақ автономиясының төрағасы, Тарбағатай аймағының әкімі сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқарған сол кісінің ұзақ жылғы зерттеуінің, жинауының нәтижесінде шығарған қорытындысы бойынша: ағылшында – 500 мың, қытайда – 700 мың, ал қазақта – 1 миллион төл сөз бар екен. Мұны дәлелдеген дала академигі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Жағда Бабалықұлы екенін мақтанышпен ауызға аламын.
…Ана тіліміздің мәртебесі үшін бір өзі бірнеше Ғылыми-зерттеу институттарының қызметін атқарған қазақ абызы Жағда Бабалықұлының (бұл ағамыз емдік шөптердің және қалай емдеу керек екенінің көптеген түрін білетін, өзін-өзі емдеп алатын, сөйтіп, 95 жасқа дейін ұзақ жасаған ғұлама) соңында қазақ тілінің бай қоры бар екенін дәлелдейтін жүздеген том-том қолжазбалары қалды (әр том қолжазба шамамен 1,5-2 кг. деп есептеңіз).
Марқұм қолының қысқалығынан, безбүйрек биліктің қырсыздығынан бұл еңбектерін тұтастай көзінің тірісінде жариялап (Тек қана Шәмшә Беркімбаева ректор болған Қазақ қыздар педагогикалық университеті бұл кісінің қолжазбаларын реттеуге ат салысқан зор көмектерін айта кеткен жөн), ұлтымыздың ортақ игілігіне айналдыра алмады. Әйтсе де, көз жұмарынан біраз бұрын Жақаң мол қолжазбаларын нөмірлетіп, тіктіріп, ретке келтіріп, Алматыдағы мемлекеттік мұражайға өткізіп кетті (бұған Жақаңның ұл-қызы Алтай мен Розаның қосқан үлесі ерекше).
Ол кісінің қасында көп жүрдім, көп әңгімесін естідім, ана «Алаш» серкелеріндей ұлты үшін еңіреп туған айрықша перзент еді бұл азамат!
Бір өкініштісі, ол кісінің көзінің тірісінде ұлт екенімізді дәлелдеп, Жағда Бабалықұлы тәрізді айрықша туған ұлт перзентіне қол ұшымызды бере алмадық. Мәселен, ол кісінің қолжазбасынан бір ғана адам алақанындағы мүшелердің жиырмаға жуық атауын, жылқының біз білетін «жирен», «торы», «ақбоз», «қара», т.б. дегендерінен бөлек, жиырма шақты атауын, қазақтың ұлттық тағамадарының үш жүзге тарта атауын және ол тамақтарды әзірлеу, пісіру жолдарын көріп, таң қалғаным бар…
Қазақ тіліндей бай тілімізді қорлап, табан астына салып отырған, өзге емес, өзіміздің шала қазақтарымыз, жүздеген нигилистеріміз…
Таяу жылдарда болу керек, «Жазушы» (директоры – ақын Есенғали Раушанов) баспасы «Қазақ ауыз әдебиетінің» 100 томдығын жарыққа шығарды. Бұл — біздің қазақтың ауыз әдебиетіне бай екенін көрсетеді.
Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тіл. Біздегі бір ғана «Батырлар жырының» өзі жүздеп, мыңдап саналады. Лиро-эпостық ғашықтық жырларымыз одан да көп. Мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарымыз мыңдап саналады. Ал, қазақ ақындарының әртүрлі айтыстары жүз мыңдап саналады.
Бірақ, ең сорақысы сол – менің туған тілім – Қазақстанның тәуелсіздігін алғанына 20 жылдан асса да, Конституциямызда «Мемлекеттік тіл» деп бадырайтып жазылса да, әлі босағадан аттай алмай отыр. Жалғыз Мұхтар Шахановтың «Ана тілім!» деп шырылдағанынан не шығады, бүкіл ұлт болып атқа қонуымыз керек.
Жұмаш КӨКБӨРІ, ақын, қоғам белсендісі















Жауап беру