
Бүгінгі өмірімізде еркек пен әйелді қарсы қойып, «еркектер қоғамда әйелдерге билікке жол бермейді, кемсітеді», «әйел депутаттың, әйел министрдің, әкімнің үлесі түген ғана пайыз» деген пікірлерді күн тәртібінен түсірмеушілердің саны азаятын емес. Осы пікір мен идеяны жүзеге асыруға ат салысып жүрген, отандық және шетелдік гранттар мен жобалардың ақшасын игерумен айналысып жүрген әртүрлі гендерлік және феминистік қоғамдық ұйымдар тіпті азаяр емес, жыл сайын көбеюде. Бұл ұран қайдан шықты, оны кім көтеріп жүр? Осы сұрақ еркек атаулыны, қоғам қайраткерлерін жиі мазалайды. Мазалағаны сонша, «осы шынымен әйелдерді кемсітіп, теңсіздікте ұстап жүрміз бе, әйелдерді қай жағынан төмендетіп жүрміз?» деп ойланып жан-жағымызға қараймыз. Шолып қарап ешқандай теңсіздікті таба алмайсың. Көбіне керісінше көріністер көзге ұрады, қоғамда әйел өктемдігі артуда. (Еркектерге бала туғызбақсыңдар ма дегенге дейін барып қаламыз!). Әйелге бала туу міндеті – оған табиғат берген қасиеті, оны еркектер ойлап шығарған жоқ. Әйелдің отбасында көбірек отырып, бала тәрбиесімен айналысуы, еркектің отбасында отағасы саналуын да еркектер өздері ойлап тапқан жоқ. Ол да – ғасырлар бойы тәжрибеден өтіп қалыптасқан, тиімді озық дәстүр.
Қазақта ешқашан қыз баланы, әйелді кемсіту болған емес. Еркек өзін қаншама қожайынмын, баспын десе де, үйдегі билікті әйелге берген. «Ер азамат үйдің басы болса, мен оның мойнымын» деп айтатын әйелдің сөзінің жаны бар. Рас, еркектен патша, хан, президент, министр, әкім көп. Бірақ, солардың әйелін кемсітіп отырған жағдай бар ма? Қай елде болсын, президенттің әйелі сол елдің бірінші әйелі — ханшайым. Қала, облыс, аудан әкімінің әйелі сол аумақтың бірінші ханымы саналады. Еркек осындай дәрежеге ие ме? Әйелі қала әкімі болса, оның ері сол қаланың «бірінші еркегі» саналатын дәстүрді көрдіңіздер ме? Бұл жағынан алғанда әйелдердің биліктегі үлес салмағы төмен, олар биліктен шеттетіліп отыр деп айта алар ма екенбіз? Сонда бұл мәселені қоздырып ел арасына таратып жүргендер кім? Сірә, бұл мәселе кейбір кісілерге тиімді болғандықтан шығар. Сонда олар кімдер? Үндемей қолдаушылар кімдер?
Ең бірінші — бұл мәселе жұмыс берушілерге тиімді. Әйелдер жұмысқа жауапты, жұмыстың ауыртпалығына, ондағы қажетті еңбек шарттарының сақталуына мән бермейді, істей береді. Ең бастысы – аз жалақыны қанағат тұтады. Бір еркекке елу мың теңге жалақы бергенше, екі әйелді жұмысқа алып сол жалақыны бөліп берген тиімді. Бұл жағдайға еркектер де өз үлесін қосып отыр. Өз отбасының жауапкершілігінен қашып (әрине оны жасырып), әйел теңдігін ту етіп, әйелін жұмысқа тықпыштайды. Бұл көріністің тағы бір тиімді жағы – жұмыс берушіге де, үкіметке де жақсы. «Бір үйден бір адам жұмысқа орналастырылады», «жұмыспен қамтамасыз етілгендер саны да» көбейеді.
Ал, әйелдердің билік басында аздығы жайлы әңгімеге келсек, әлемдегі дамыған елдерде олардың биліктегі үлес салмағы 10-13 пайыздан аспайды. Қазақстан бұл жағынан алғанда олардан қалып отырған жоқ. Әрине, еліміз дамыған сайын еркек пен әйелге барынша тең жол ашылып, олардың қоғам өміріне, елді басқаруға қатынас үлесін арттыруды дамыта беру керек. Әйелді тек отбасында қалдырып, бала бағумен шектеу нағыз надандықтың белгісі екеніне күмәніміз жоқ. Осы тұрғыдан алғанда дамыған елдердегі бұл жағдай қалай қалыптасқан? Олардың жеткен жетістігі, шыққан тауы қайсы? Қазіргі өркениетті саналатын «ішкені алдында, ішпегені артында» елдерде жалғызбасты әйелдер, баласын әкесіз туып өсіріп жатқан әйелдердің үлес салмағы 65-70 пайызға жеткен. Әрбір екінші некеге тұрғандар ажырасқан. Мұндай отбасыларда өмірден түңілушілік, өзіне қол салушылар көбейген. Халықтың өсіп-өнуі тоқтаған. Осы деректердің деңгейінің біздің еліміздегі жағдайы жөнінен біз де алдыңғы қатарлардың біріндеміз. Ажырасу жағдайы күннен күнге өсіп барады. Қаншама қыз-жігіттер жалғызбастылықты өмірге үйреніп тіршілік етуде. Кез келген мекемеге барсаңыз, ондағы жұмыс істейтін әйелдердің кемінде үштен бірі жалғызбастылар, баласын әкесіз өсірушілер. Бұл үрдіс үдеріс табуда. Бұл үдеріс жұмыс берушілерге де жақсы, қарамағында істеуші әйелдердің жалғызбасты болғаны, баласының болмағаны, декреттік демалысқа шықпағаны, отбасылық тірліктеріне алаңдамағаны оларға өте тиімді.
Қазір батыс елдерде «баласыз отбасы» дәстүрі қалыптасып, ерлі-зайыптылардың медициналық жолмен стерилизациядан өтуі көбейіп барады. 10 миллионнан астам американдық ата-ана «баласыз өмір сүреміз», «баласыз екі адам-екі табыс» деген үрдісті таратып отыр. Бұл үрдістің Қазақстанға да бір күні тарап кетуі мүмкіндігін ойлағанда, оның қаншалықты қорқынышты екенін көзге елестетудің өзі сұмдық. Түсіне білген адамға, байтақ елімізде әрбір адам, әрбір қазақ санаулы! Кезінде өз елінде үлесі 29 пайызға дейін түскен қазақ халқының қыздары феминистік және гендерлік саясаттың осындай жолына түсер болса, Елбасы қойған халқымызды 20 миллионға жеткізу деген сөздің бос әңгіме боларын ұмытпасақ керек.
Қазақ қыздары дегеннен шығады, соңғы жылдары батыстық еркектер арасында азиялық әйелдерге үйлену дәстүрі көбеюде. Иа, батыстық еркектердің азиялық әйелдерге, қазақ қыздарына қызығушылықтарының жөні де бар. Оның бір себебі, қазіргі батыстық еркектердің әйел теңдігінің арқасында әйелдердің диктатына түсіп, теперіш көріп отыруында. Бір американдықтың айтуынша: «біз әйелдерімізге «әйелдік міндеттер» (еркекке кұтім жасау, үйде тамақ дайындау, отбасында еркекті күтіп отыру сияқты жанұялық жылылық пен сезімдер) тақырыбын айта да алмаймыз» дегені бар. Осы тұрғыдан алғанда, азиялық әйелдер отбасыға жақын, үйден түтін шығарғанды ұнатады, күйеулерін жұмысқа шығарып салып, шаршап келгенде алдынан күтіп алуға бейім, қонақжайлылығы тіпті ерекше, балажандылар.
Бізде ежелден қалыптасқан, догма болып қалған бір көзқарас бар: үйде бала өсіріп, отбасымен отырып қалған әйел топастанып қалады, дамымайды, қоғамның жартыкеш мүшесі болып қалады дейді. Бұл догманы қазіргі әлемдік ғаламдану кезеңінде түбегейлі өзгерткен дұрыс. Атақты Уинстон Черчилль «Әйелдің жас баланың аузына құйған емшек сүті ел экономикасына құйған қаржыдан қымбат» деген.
.. Адамзат баласы өз жолы мен тәжірибесіне сүйеніп дамып келеді. Ол ғасырлар бойы әйел теңдігі мәселесін де жолға қоймақ болып талай тәжрибені бастан өткерді. Бір ғасырларда бар билік әйелдерге беріліп матриархат та орнатып көрді. Әйел билеген ру, тайпалар, бірыңғай әйелдер өмір сүрген амазонкалар тайпалары да болды. Бірақ олар өмірдің сыны мен тезінен өте алмады, жоқ болып кетті. Сол өткерген жолды тағы да қайталап қажеті болмас…
Ж.Алашұлы.
































Жауап беру