Сіз мындасыз:

Атом ауру әкелмейді деп қазақты қашанғы алдауға болады
Атом ауру әкелмейді деп қазақты қашанғы алдауға болады

 

 

Кешегі кеңестік сұрқия саясат қазақ жерін атом уына тұншықтырып, ұрпағын бақа-шаянға айналдыруды көздегені анық. Абырой болғанда алып империяның быт-шыты шығып, алапат апаттан аман қалып отырмыз. Дегенмен, бұл жағдайымыз жақсы деген сөз емес.

 

 

Жабылған Семей полигонын айтпағанда, Атырауда «Азғыр» мен «Тайсойған», Оралда «Капустин Яр», Алматыда «Сарышаған», Ақтөбеде «Ембі» және тағы да басқа көптеген сынақ ошақтары әлі де айылын жимастан қаруын сынап, неше түрлі уын тас төбемізден сорғалатып жатыр. Соның кесірінен киігіміз жыл сайын жүз мыңдап қырылады, даламызға шөп шықпайды, суымыз тартылып, топырағымыз тозып, ауамыз құрғап барады. Бірақ, оған бірдеңе деуге біздің биліктің қауқары жетпей-ақ қойды. Киік қырылса аттан салудың орнына әлдебір ауруға сілтеме жасап, топырақ тозса климатқа жауып күлкіңді келтіреді. Сорлылығымыз өзімізге сор. Одан Ресейдің қылшығы да қисайып жатқан жоқ. Миықтарынан күліп қойып, сынақтарын жалғастыруда.

Мысалы, 1957-1962 жылдары «Капустин Яр» әскери полигонында  қуаты 983 килотоннаға тең 11 ядролық әуе жарылысы жасалған. Ол 1945-жылы Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 65 есе көп. Сондай-ақ,1966-1979 жылдар аралығында «Азғыр» атом полигонында 17 жер асты  ядролық жарылысы жүзеге асты. Ең алғашқы жарылыс 1966-жылы сол кезде 500-ге жуық тұрғыны бар  Азғыр ауылынан 1,5 шақырым қашықтықта жасалып, жергілікті тұрғындар тәжірибеге алынған қоянның күйін кешкен. Жалпы осы полигондарда ұзын-ырғасы 27 мың зымыран, 200-ге жуық жаңа қару түрлері сынақтан өткізілген. Бұлардан келген экологиялық зардап төбе шашыңды тік тұрғызады. Су мен топырақтағы стронций, цезий, кадмий, мырыш, қорғасын, мыс секілді ауыр металдардың мөлшері қалыптағыдан жүздеген мың есе асып түскен. Күні бүгін осы қос полигонның маңындағы ауылдарда 2 мыңға жуық кемтар бала бар. Халықтың денсаулығы өте төмен, обыр, жүрек талмасы, қантамыр дерті, суицид өршіп тұр.

Міне, осындай ұлттық трагедияға қарамастан Қазақстанда 1994-жылдан бері құрылған арнайы комиссиялардың барлығы «біздегі ахуал қанағаттанарлық» деген қорытынды жасап, жұртты алдаумен айналысуда. Мәселен, «Капустин Яр» полигоны орналасқан Батыс Қазақстан облысының          Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов, Жәнібек, Қаратөбе және Ақжайық ауданының Тайпақ бөлігі жағдайы қанағаттанарлық аумақтарға жатқызылған. Мұны жақында облысқа келіп кеткен кезекті комиссия тағы да «дәлелдеді». Алайда, ашынған тұрғындар бұл қорытындымен мүлде келіспейді.

Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарын аралаған сенатор Сәрсенбай Еңсегенов бастаған топ жергілікті халықты «полигонннан еш зиян жоқ» деп сендіруге тырысты.   Полигондарға таяу аймақтағы халықтың өтінішіне назар аударылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары, сауықтыру шаралары жүргізіліп жатқанын, түрлі бағдарламалар арқылы қаржылай көмек беріле бастағанын әңгімеледі. «Экосервис-С» ЖШС-інің  бөлім бастығы Ерлан Сәдуақасов Бөкей ордасы ауданының — 21, Жаңақаланың — 7, Атырау облысы Құрманғазы ауданының 8 елді мекенінде жүргізілген зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Сөздеріне сенсек, ауа да, топырақ та, жерасты, жерүсті сулары да радиациядан, сынақ-жарылыстардан келетін басқа да залалдардан дін аман, тап таза, қалыпты нормада-мыс. «Сонда оқтын-оқтын пайда болатын тозаңды ақ тұман, адам мен малдың белгісіз аурулары, киіктердің жаппай қырылуы неден? Бұрынғы «Орда» совхозының №1 бөлімшесінде полигон жерінен мал азығын дайындаған алпамсадай, кеуделері кере қарыс пішенші жігіттер, сол жерлерде мал баққан азаматтар неге қырыққа жетер-жетпестен бақилық болды? Ауа ластанбаса, табиғат неге өзгереді? 1-1,5 метрден су шығатын құмның құдығы 4 метрге дейін неге төмендеп кетті? Жәңгір еккізген қарағайлар құлап жатыр» Ол неден?» — деді бөкейліктегі халық.

Жаңақалалықтар «Экосервис-С» ЖШС-і өкілінің хабарламасы «кабинетте отырып жазылған, шындыққа жанаспайды, қанағаттанарлықсыз» деп бағаласа, зейнеткер-ұстаз Мақсат Шәпиев ядролық сынақтардың зардабын тілге тиек етіп, соның салдарынан дертті болғандарға өтемақы төлеу мәселесін қозғады. Туғаннан мүгедек балаларды жыл сайын медициналық сараптама комиссиясына сүйрелемей, мүгедектігін түпкілікті заңдастыру, халықты шекаралық аймаққа қоныстандыру, полигон  іргесіндегі тұрғындарға жеңілдіктер қарастыру жайы да сөз болды. «Көзі жоқ адамға көз шықпайды, қолыаяғы жоқ адамнда енді қол-аяқ пайда болмайды. Сондықтан, мағынасыз мазалауды қою керек» — деді келгендер.

Тұрғындардың айтуынша, полигондарда атам қаруын сынау тоқтатылғанмен, дыбыстан жылдам ұшатын әскери ұшақтарды сынау, бұрынғы жойқын зымырандардың оқтұмсықтарын (боеголовка) жою жұмыстары жалғасуда. «Осы ауа тербелістері салдарынан жинала бастаған жауын бұлты ыдырап, бұл өңірге ылғал түсуден қалды. Синоптиктер өз әдістемелеріне сүйеніп, жаңбыр болжағанымен, жерге тамшы тамбайтын халге жеттік. Жер азып, шөп сұйылып, құм көше бастады. Сейітқали елді мекенін құм басып болса, Жиекқұм мен Үштеректі иектеп, енді Бисен ауылдық округі орталығына ойысуда. Құм бораны жиілеп барады. Бұл апаттың алдын бүгін алмасақ, ертең кеш қалуымыз мүмкін» — деді тұрғындар.

Облыстық мәслихат депутаты Әлібек Сәтбаев, «үкіметтік емес экологиялық ұйымдар ассоцациясы» облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасы Ғазез Хаймолдин халықтың жанайқайының орынды екендігін атап көрсетіп, келген республикалық комиссия мүшелері шынайы қорытынды жасайды, Үкімет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылады деген сенім білдірді.

 

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Орал

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика