Сіз мындасыз:

Айнаға өкпелегіш төраға өз жобасына тамсанды
Айнаға өкпелегіш төраға өз жобасына тамсанды

 

 

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына келген  ҚР Инвестициялар және Даму Министрлігі аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың журналистерге деген өкпесі қара қазандай екен. Неге екенін қайдам, «БАҚ-тағы әңгімелер шындыққа сай келе бермейді» — деп, тосын мәлімдеме жасады. Бейне бір «Қазсат-1»-дің із-түзсіз жоғалып, одан кейін ұшырылған құрылғылардың да айтарлықтай пайдасы болмағандығына, басталған істерінің нәтижесі нөлді көрсетіп тұратындығына журналистердің «өтірікшілігі» ықпал еткендей-ақ тым қатты ренжулі екен.

 

Осы кезде сөз алған депутат Айгүл Соловьева ханым БАҚ өкілдеріне ара түскендей болды. Депутат ханым айтса айтқандай-ақ! Қазақстанда құрастырылып жатқан жер серіктерінің сапасы сын көтермейтінін БАҚ жазса, оның несі жалған болмақ? Қазақтың «бетің қисық болса, айнаға өкпелеме» дейтін қанатты сөзі осындайда еріксіз еске түседі екен. Баспасөз өмір айнасы екені рас болса, қоғамда болып жатқан оқиға, әркімнің іс-әрекеті қаз-қалпында көрініс табарын дәлелдеп жатудың өзі артық.

 

Батырдың аңғалдығы десек те…

Ал, өз кезегінде төраға Мұсабаев Парламент мінберіне келіп мақтанған тұстарына депутаттар мен журналистер куә. Өзінің қалжыңбастығымен де талай рет залға көңілді  күлкі сыйлаған.

Бірде депутат қойған сұрақты төраға Талғат Мұсабаев мырза «тамаша сұрақ, өте маңызды, аса өзекті мәселе» деп мақтап-мақтап алып, лезде қасындағы көмекшісіне  бұрылып «қандай сұрақ қойылды, өзі?» деп те әпенділікке көшкені бар. «Батыр аңғал келеді» деп санады ма, онысын жұрт айыпқа бұйырған, сөге жамандаған да баспасөз болмаған еді.

Хош сонымен, палатаның кезекті жиынына бас ғарышкер-батырымыз Қазақстан мен Франция  Үкіметтері арасындағы  Жерді қашықтықтан зонттаудың  ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарының  құрастыратын, сынақ өткізетін кешенін құру мен пайдалану шарттары туралы келісімге  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын ұсына келген екен.

Мұсабаев төрағаның айтуынша, бұл келісім аясында бүгінде  «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы мен Францияның «Астриум САС» компаниясы бірлесіп  жерді қашықтықтан зонттаудың ғарыш жүйесін  және  Астана қаласында  ғарыш аппараттарының құрастыру-кешенін құру жобалары іске асырылып жатыр екен.

Алайда, жалпы құны 69,6 миллиард теңгеге жететін  жобаға әріптес   тарапынан көрсетілетін қызмет пен қолданылатын тауарларды қосымша құн салығынан босату мәселесі келісімде қарастырылмапты. Сондықтан оған өзгеріс енгізу қажеттігі туып,  өткен жылы Франция президенті Франсуа Олландтың елімізге мемлекеттік сапары шеңберінде қарастырылған.

 

Мақтануды қатырады

Заң жобасында бұл шараны құқықтық тұрғыдан бекітетін негіздер барынша қамтылғандай көрінді. Баяндама барысында төрағамыз қабылданған  шешімнің дұрыстығын және қажеттігін дәлелдеуге бар өнерін салды. Мақтанудан да шет қалмады.

Төрағаның сөзіне илансақ, елімізде жүзеге асырылып жатқан екі жүйеден тұратын аталмыш жоба еліміздің мақтанышы екен.  Жерді қашықтықтан зонттау жүйесінің ТМД елдерінде, тіпті Ресейде баламасы жоқ,-дейді. Көршілеріміз ойланып-толғанып, керіліп-созылып болғанша біз жып еткізіп, тындырып тастамақ екенбіз. Егер рас болса, айналамыз-
дағылардың бәрі біздің жер серіктерінің түсірілімдерін қолданады, тіпті бізге мұқтаж секілді.  Ресейден және жалпы ТМД елдерінен Қазақстанға жерді қашықтықтан зонттау қызметіне  түсіп жатқан  тапсырыста қисап жоқ дегенге жақындатты. Алдағы уақытта тіпті де көбейе түспек екен.

Себебі, Франция, Германия секілді өркениеттің биік шыңына шығып кеткен елдерден біліктілігін арттырған біздің мамандар жерді қашықтықтықтан зонттауды игерумен қатар оның түсірілімдерінің әрбір деталін дәлме-дәл зерделей алады-мыс. Ондай мықты мамандар біздің ғарыш мекемелерінде жыртылып айрылатын көрінеді.

Жалпы жерді қашықтықтан зонттау, халық шаруашылығының барлық саласы үшін қажет екен. Оның көмегімен жер астындағы пайдалы қазбаларға барлау жүргізуге  болады. Басты артықшылығы, қомақты қаржылық шығынмен арнайы бригада құрып, барлау, қазба жұмыстарын жүргізудің қажет болмайтындығында,- дейді. Барлығы жер серіктері арқылы жүзеге асырылатындықтан экономикалық тиімділігі де айтарлықтай. Бүгінде оның Қазақстанда екі, яғни жоғары және орта деңгейін қолдану мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, Мұсабаев батырымыз франциялық әріптестермен бірге жүзеге асырылып жатқан екінші жобасын да аузының суы құрығанша мақтады. Бәрін айт та, бірін айт, ғарыш аппараттарын сынау-құрастыру кешені біздің маңдайымызға біткен бағымыз екен. Ондағы құрылғылардың қуаты мен мүмкіндігі  кең. Кешенде тек сынақ қана емес, жер серіктерін жобалау, құрастыру жұмыстары да сәтті жүріп жатыр екен. Енді аталмыш келісім аясында оған француздық технология енгізілмек. Мұндағы мамандардың деңгейі де әлемдік талаптарға сайма-сай. Осылайша жаңа жобаларын ұзатылып жатқан қыздан бетер мақтауын асырған Мұсабаев батыр депутаттар қойған сауалдарға жауап бергенде де алған бетінен қайтпай мақтанудан жаңылмады.

Бірақ, заң жобасын талқылағанына депутаттардың бір қатары оның жылпылдатқан жылтырақ сөзіне аса илана қоймаған сыңай танытты. Онысы орынды да. Шындығына келгенде, біздің ғарыш қызметімізде оңға басқан қандай істі көріп едік?

 

Жерсерік қайда?

«Қазсат-1» жерсерігінің бүгінде қайда екені белгісіз. Ал, «Қазсат-2»-нің де шығып жатқан шиі шашетектен. «Байтерек»  ғарыш кешенінен де көріп отырған пайдамыз шамалы. Іс жүзінде ол маңда қызып жатқан еңбек майданы жоқ. Өлі тыныштық пен марғау тірліктен өзге мақтанарлықтай ештеңе байқалмайды. Оны еліміз баспасөзі жайдан жай сынға алып жүрмегені белгілі. Ғарыштық жобаларға кеткен ел бюджетінің  өлшеусіз шығыны мен рәсуа болған қаржысына іздеу салып жатса, оның несі айып. Керісінше, Талғат секілді ержүрек батыр демесек те, қазақ журналистерінің патриоттықтары мен жанашырлықтары жетерлік болса керек.

Обалы нешік, жоғарыда атап өткеніміздей депутат Айгүл Соловьева ханым жағдайды жақсы түсінетіндігін осы жиында анық аңғартты.  Бірақ, Мұсабаев батыр  жер серіктері  сапасының сын көтермейтіндігі туралы ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығармаққа әрекеттеніп бет бақтырмай қойды. Ақыры, өзінің жұмысындағы кемшілікті мойындаудың орнына беті бүлк етпестен «БАҚ өкілдерінің  көп сөзі  шындыққа сай емес» деп көпе-көрінеу қаламнан өзге қаруы жоқ журналистерге шүйілікті.

Депутат Тұрсынбек  Өмірзақов  бұл салаға соңғы он жылда жұмсалған қаржының 1,5 миллиард теңгеге жуықтап қалғанын ескерте келе, оның қайтарымының мардымсыздығын сынағанда қанша батыр болса да, Тәкең шындықты аттап өте алмайтындығын көрсетті. Депутат Өмірзақов мырза төрағаның жанды жерінен бас салғандай көрінді. Талғат Мұсабаев осы сәтте жатып келіп таңданыс білдірді. «Бұл қызметтік мәліметтер ғой. Оны қайдан алып жүрсіз?» деп оған қарсы сауал қойғаны батырдың тағы бір мәрте әпенділікке көшкенін айғақтады.

Сондай-ақ, депутат Андрей Бегенеевтің сұрағы да мірдің оғындай зу ете қалды. Неге аталмыш жобаларды жүзеге асыру үшін  мұндай істен тәжірибелері  әлде қайда озық АҚШ секілді елдер емес, дәл осы Франция таңдалып алынды?! Әрине, оның себебін төрағамыз бүге-шігесіне дейін түсіндіре алмады. Сонда да, тек тұрмаудың амалын ойластырғандай «жерді қашықтықтан зондтау жер серіктеріне Біріккен Араб Әмірліктеріне қарағанда  еліміз үшін мейлінше тиімді шартпен қол жеткіздік дегенге келтірді. Уәжіне қарағанда,  Қазақстанда жұмыс істеп жатқан аталмыш франциялық аппараттар  коэффициент тұрғысынан да, сапа мен баға  тұрғысынан  да  әлдеқайда  тиімді» —  деп дәлелдеуге тырысты.

«Мысалы, Араб Әміріліктері сатып алмақшы болып отырған жерді 0,6 метрлік  мүмкіндікте түсіре алатын  Жерді қашықтықтан зонттау жүйесі  1миллиард доллар тұрса, біздің екі жер серігі мен жер үсті инфрақұрылымның тұтас кешені  бар болғаны 260 миллион еуро тұрады. Солай бола тұра  олардың мүмкіндіктері көптеген параметрлер бойынша аталмыш елдердегі жүйелерден озық тұр. Бұған қоса Араб әмірліктері  жер серіктерінен алынған мәліметтерді тек пайдаланумен шектелсе,  ал қазақстандық мамандар  бұл шараның тұтас технологялық желісін игеруде» деп ақталмақ болды.

 

Ғарыш саласына тексеріс керек

Сөзінің соңында бәріне көз жеткізу үшін депутаттарға «кешенді арнайы келіп, көріңіздер» деп шақыруды да ұмытқан жоқ. Бірақ, оның меймандостығы уақытын таппағанға ұқсайды. Заң жобасы келіп түспес бұрын шақырып апарып, қонақ етіп күтіп-күтіп жібергенде қалай болар еді? Бұл орайда журналистерді де ұмытпаса, «сен жақсы, мен жақсымен» жайма-шуақ талқылау болып өтер ме еді кім білсін?!

Еш қалжыңсыз айтқанның өзінде жалпы, төрағаның сөзінен гөрі өндірістің өз ошағына барып көз жеткізген жағдайда шынайы болмысқа көз жеткізген болар ма едік. Ал, төрағаның сөзі жиынға қатысқандарды аса иландыра алмады. Тіпті, көптеген күмәнді ойларға жетелейтін түрі бар.

Айналып келгенде, ғарыш саласының өзі  құпиясы мен шашатын қаржысы тым көп нысанға айналуы алдағы уақытта бір ірі кешенді тексерісті қажет етіп тұрғаны анық аңғарылып тұр. Іске жауапты тұлғалардың кеңседе отырып болжам жасауы, БАҚ арқылы алған азын-аулақ ақпараттың деңгейінен аса алмауы кейін одан да зор орны толуы екіталай шығынға ұшыратпасына кім кепіл?! Ал, тіл мен жаққа сүйенген бас ғарышкердің баяндамасы абсалюттік ақиқат бола алмасы екі бастан белгілі. Күмәнді тұстарының көптігіне қарамастан және түсініксіз жайлардың көрініп тұрғанымен де санаспай жатып жобаны тұтастай мақұлдап жіберген депутаттардың әрекеті де дұрыс болмады.

«Іс бітті, қу кеттінің» керін келтіргендей Мәжіліс залынан шыға қашқан Мұсабаев батыр жан-жағынан қарша бораған журналистердің ешбір сұрағына ләм-им деп тіл қатпады. Бас ғарышкердің мұнысы шын мәнінде шындықтан қашу еді. Өзі басқаратын салада проблеманың көптігін, күмәнді жайлардың бар екендігін жасыруы, тым құрығанда жұрттың күдігін сейілту үшін болса да ауыз ашуға жарамауы, алдағы күні дәл осы жобадан шу шықпасына кепілдіктің жоқтығын көрсетіп бергендей болды.

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика