Сіз мындасыз:

Ұстаздың ұлағатты ғұмыры (Тұрсынхан Ақшинеев туралы естелік)
Ұстаздың ұлағатты ғұмыры (Тұрсынхан Ақшинеев туралы естелік)

 Тұрсынхан  Ақшинеев кім?

Тұрсынхан Ақшинеев (15.01.1929–12.01.2004) бұрынғы Степняк, қазіргі Бұланды ауданында туылған. Ғибратты ғұмыр кешкен ұлағатты ұстаз, қазақтың Жұмабек Тәшеновтей арысының үзеңгілес інісі, күрес-кер, қайраткер.
1960 жылы Қазақ КСР-ның құрамындағы Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары «Тың өлкесі» болып құрылды. Кеңес үкіметінің басшылығы осы тың игеру сылтауымен қазақ жерін бөлудің, пайдаланудың жымысқы саясатын жасады. Аты «тың игеру» болғанымен, заты саяси мақсатта ұйымдастырылған бұл өлке Жұмабек Тәшенов бастаған асыл азаматтарымыздың тегеурінді қарсылығына тап болып, ақыры 1965 жылы таратылды. Әне, сол өлкеде қазақтың бел ортасында жүріп, залым саясаттың ыстығы мен суығын қатар көрген аталарымыздың бірі де бірегейі Тұрсынхан Ақшинеев болатын. Сол қиын кезеңнің тауқыметі мен тағлымын суреттейтін естелікті атамыздың жұбайы Гүлфия Ақшинеева апамыздың әңгімесімен жалғайық.
Уақыт өткен сайын ұлағатты ұстаздың тұлғасы бұлдырай бастайды. Ал, қолға қалам алсам, асқар таудай жақындай түседі. Міне, сол ғибратты ғұмыр ұрпаққа үлгі болсын, қолда бар қасиетті ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ қадірін түсінсін деп осы әңгімені бастап отырмын.
Біздің заман қандай заман еді?! Біздің заман сонау Сталиннен бастап Горбачевқа дейінгі ащысы мен тұщысы қатар жүрген солақай саясаттың күші басып тұрған кезі еді. Бәріне де көніп, шыдап, білім беру саласында жұмыс істедік. Алайда, біз не көрмедік?! Сталиннің репрессиясында қуғын-сүргіннен өттік, соғыстың кермек дәмін де таттық. Хрущевтың қара нанын талғажау етіп, тың игерудің қарбалас шағына да куәгер болдық.

Сәбит Мұқанов берген ақыл

Тұрсынхан ерте партия қатарына өтті, екі институтты тәмәмдады: Қарағанды, Семей; орысша-қазақша; 1946-53 жылдары. Осы жерден білімімізді толықтырып, үлкен, ауыр, жауапты жолға аттандық.
1954 жылы ОблОНО бізді Атбасардағы Майқұтов атындағы қазақ орта мектеп-интернатына ауыстырды. Жолдасым осы мектепте 8 жыл директор болды. 28 жасында «Білім беру үздігі» («Отличник просвещения») деген белгіге ие болды. Қалада үш орыс мектебі болды, ол кезде мектеп қабырғасында «соцсоревнование» атты әлеуметтік жарыс ұйымдастырылатын.
Әр мектеп 1-мамыр, 9-мамыр мерекелеріне орай ұйымдастырылатын жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болу үшін ат салысатын. Әлі есімде, біздің мектеп сол жарыста үстіне қазақтың ұлттық шапанын кигізіп, қолына домбыра ұстатып, сахна төріне қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімді «Ленинградтық өренім» («Ленинградцы, дети мои») өлеңімен шығарды. Алайда, төрелік мүшелерінің бәрі тың игеруге келген өзге ұлт өкілдері болғандықтан, біздің тарихымызды білмегендіктен, Тұрсынхан Ақшинеевке тиісіпті. Сондағы айтқандары: «На сцену вывел какого-то старика в халате и хочешь занять первое место?» Тұрсынхан сол кезде оларға қазақ тарихының, мәдениетінің маңызды тұстарын, құрметке лайық Жамбыл Жабаевтың бейнесі сомдалғанын жеткізіпті: «Это не какой-то старик, а наш казахский легендарный акын – поэт Жамбыл Жабаев, который своей поэмой поднял дух жителям Ленинграда, оккупированный немецкими фашистами». Иә, қай кезде де дұрыс айтылған дерек әділ бағаға ие болары анық. Сондай қақтығыста бірінші орынға ие болып, мектептің мәртебесі бір асқақтап қалған еді. Осы жайттың өзі Тұрсынханның «қазағым» деп, «ұлтым» деп шырылдап, бар жақсысын, асыл қасиетін көрсетуге ұмтылғанын, халқына жанашырлығын көрсеткен еді.
Тағы бір оқиға есіме оралды: 1958 жылы біздің мектепте атақты жазушы Сәбит Мұқанов мұғалімдердің арасында конференция өткізді. Бір үйде ас берілді. Сол кезде қазақ мектептерінің жабылып жатқан кезі еді. Сондағы айтқаны: «Жәй отырмаңдар, ауылға-отгондарға барып ата-аналарымен әңгімелесіп, балаларын қорықпай интернатқа беріп, оқытсын деңдер, оқушылардың санын көбейту керек, мектептерді сақтап қалу керек, салт-дәстүрімізден айырылып қалмайық» деген. Тың игеру аймағына айналған бұл жерде қазақ тілінің мүлдем ұмытылып бара жатқаны ақиқат еді.

Жұмабек Тәшеновтің шапағаты

Тұрсынхан Ақшинеев Жұмабек Тәшенов атамызбен үзеңгілес, жолдас болды. Бірін-бірі құрметтеді, қолдады. Соңынан ерген інісі болды.
Жұмабек Тәшенов десе елең етпейтін адам жоқ. Жұмабек атамыз Ақмола облысы Аршалы ауданының тумасы. 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында «қазақ ауылын» құрды деп айыпталды. «Қазақ әдебиеті» газетін жабудан, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. «Ұлтшыл» деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды.
1959 жылы егіннің мол шыққан кезі. Сол кезде Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы Жұмабек Ахметұлы Тәшенов пленум өткізді. 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы кезінде Қостанайға пленум өткізуге бара жатқан жолында біздің үйге келіп, атамыз Ақшинейге сәлем беріп, қонақ болған еді. Ағаның осы сапарынан кейін ескі ағаш мектептің жанынан екі жылдың ішінде 400 орындық мектеп-интернат салынды. Міне, бұл Жұмабек ағамыздың салауаты мен Тұрсынханның салмағының жемісі болатын.
1962 жылы жолдасымды Новочеркасский ауданына Астраханка білім беру бөлімінің төрағасы етіп тағайындады. Сол кездерде партия қатарындағыларды аудан-
ауданға ауыстырып тұратын. Бұл ауданда да орыс мектептері басым болатын, тек ауылдарда ғана «малокомплектный» қазақша бастауыш мектептері сақталған. Не керек, барлық орыс мектептерінде қазақ тілін оқытатын болды. Мұғалімдерді тағайындап, Ақмолаға «Институт усовершенствования» деген болған, сонда екі айлық курсқа жіберіп оқытты.
Бір жылы үш ағайынды Қасен, Манап, Жұмабек Тәшеновтер келді. Жұмабек Ахметұлы ол кезде қызметінен алынған кезі. Біздің үйде қонақ болды. Сол жолы ұлымыздың атын Бекет деп Жұмабек ағасы қойған еді. Сол жолы да ауданда «Тәшеновтер Ақшинеевтің үйіне келіпті, солардың туыстары екен» деген гу-гу әңгіме өрбіді. Иә, заман солай еді ғой, адамдар бір-бірін аңдып, аяқтан шалған қиын шақ еді. Осыдан кейін-ақ аудан басшылары жолдасымның жұмысына жөн-жосықсыз тиісіп, ілік іздеп-ақ бақты. Сонда да төрт жыл жұмысын атқарды.
1966 жылы Ерейментау ауданына ауыстырылды: төрт жыл білім беру саласында, екі жыл мектеп-интернаттың директоры қызметінде болды.

Мұсылманша жерлеу – партияға қарсылық

Сол жылдары КазГУ, ЖенПИ жоғарғы оқу орындарынан жас мамандар көптеп келетін. Сондай жастардың жағдайына алаңдап, баспанасын алып беріп, жақсы мектептерге орналастырып, бір-екі жыл еңбек еткеннен кейін біліктіліктерін жоғарылатып, бағыт беріп отырушы еді. 1970-1971 жылдары бірінің соңынан бірі әке-шешесі қайтыс болды. Иә, ата-енемді барлық ағайыны жиналып, мәңгілік мекендеріне шығарысты. Ол кезде ағайын-туғандары түгел Ақмолада тұратын. Өздері келіп, өздері барлық жоралғысын жасады, бізге ауырпалық түсірмеді. Үлкен атамыз Қали Белгібайұлы кішкене мешіттің азаншысы болатын, сол кісі екі молданы әкеліп, құран шығартыпты. Мұсылманның соңғы сапарында бағышталатын құраннан маңызды не бар, бұл жерде ешқандай қылмыс жасалмаған еді. Алайда, арамыздан, өз қазағымыздан сатқын шығып, Тимошенкоға жеткізіпті: «Молда алдыртты, жылқы сойды, құран бағыштады, жолы жасалды» деп.
Тимошенко Тұрсынханды шақырып алып: «Что ты наделал? Теперь и мне, и тебе попадет!» деп ұрысқан екен. Ізінше: «Сейчас соберем бюро и дадим тебе выговор, продолжай работать, потом через 2-3 месяца выговор снимем» деп шорт кесіпті. Тимошенко орыс болса да «ана қазағың обкомға дейін барады, көрерсің» деген екен. Дәл солай болды да. Ақмолада өткен атеистердің семинарына шақырылды. Алдыңғы қатарда жолдастарымен бірге отырып, баяндамашыны тыңдап отырады. Ол болса, ұлты қазақ бола тұра: «Среди нас есть завРОНО Ерейментауского района Акшинеев. Какой он коммунист? Какой он атеист, если он придерживается всех мусульманских обычаев, как он может возглавлять интеллигенцию района с таким взглядом к религии» деп жерден алып, жерге салыпты. Әбден шүйліккен. «Ешкімнен рұқсат алмастан, трибунаға шығып, қазақша сөйледім» дейді жолдасым. Себебі залдың жартысы қазақ екен. «Менің әке-шешем мұсылман болған адамдар, мен қалай оларды «гробқа» саламын, сендер мені неге қолдамайсыңдар, менің кінәм не?» деген екен ашынып. Сөзінің жаны бар. Сол кездерде коммунистердің барлығын да «гробқа», табытқа салғызып жерлететін. Түн ішінде қабырды қазып, мәйітті «гробтан» алып, мұсылманша қойып та жатты талайы.
Трибунадан түсіп, орнына барса, жаңағы өзімен қатар отырған жолдастарының барлығы жылжып-жылжып, басқа орындарға ауысып кетіпті. Жалғыз өзі «халық жауы» сияқты боп қалыпты. Жиналысты өткізіп отырған орыс: «Кто тебе дал слово, к чему ты призываешь аудиторию, почему говорил на казахском языке?» деп шүйлігіпті. Ұзын бойлы екі орыс жігіті екі қолынан ұстап, қолтықтап алып шығыпты да, бір кабинетке қарай жетектепті. Тұрсынхан болса қолын тартып алып, «барар жеріңе өзім-ақ барамын» деп адымдай басып, сол кабинетке еніпті. Кабинеттегі адам обком, райкомға тапсырма беріп жатыр екен: «Дать строгий выговор с занесением в личную карточку, освободить от занимаемой должности!» деп. Сол оқиғадан соң Алматыға дейін барып, не керек, кінәсі жоқ екендігін дәлелдеп, «выговоры» алынды. Өзі барда салынған мектеп-интернатқа 2 жыл директор болды.

Қазақ тілі үшін күрес

Осыдан бастап басшылардың көзқарасы бұрынғыдан өзгерді, кейін Вишневка ауданына, Александровкаға сұранды (қазіргі таңда Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылы деп қазақша ауыз толтыра айтып, мәз болып жүрміз). Осы жерде 1972-1982 жылдар аралығында мектептің директоры қызметін атқарды. Жұмысын осы мектепте қазақ тілінен дәріс беруден бастады. Сол кезде мұғалімдер «қазақ тілін болдырмаймыз!» деп көше аралап, ата-аналарды азғырды, «жиналысқа саламыз» деп те қорқытты, не керек, біздің кісі өзінің іскерлігімен, қайсарлығымен қазақ тілін енгізді. Жиналыста ата-аналар қарсы шыққан жоқ. Бірақ, ауылдағы бір үлкен сыйлы кісі айқай салды: «Әй, Тұрсынхан, қазақ тілі, қазақ тілі деп бүкіл ауылды шулаттыңдар ғой, не керек осы қазақ тілі?!» Өз қазағың осылай өзеуреп тұрғаны қандай қорлық. «Іштен шыққан жау жаман». Сондай даудың басы болған қазақ тілі, міне, 40 жыл болды, осы мектепте оқытылып келеді, артында қалған рақымды із болды.
Жұмыс десе жанын салатын ол совхозда «производственная бригада» ашты. Оқушылар жазғы демалыс-
та сол бригадада жұмыс жасайтын, ақша табатын. Ресейдің ірі қалаларына саяхат жасап, мәз болатын. Совхоз тарапынан мектептің жөндеу жұмыстары іске асатын.
Сол жылдары мектеп директорының қазақ болғандығы мұғалімдердің көпшілігіне ұнамады. Ол жайында ашық айтылып та жатты. Арыздың неше атасын райкомға, обкомға, облОНО-ға жазып та жатты, тексеру келіп, қанша қазбаласа да, «факты не подтверждаются» деп кететін. Бір жылы екі қыз бала жүкті болып қалыпты. Ондай жағдай қайда болса да болатын, алайда сирек еді. Дәл осы жайтты пайдалана білген мұғалімдер арызды обкомды қойып Москва, Кремльге, ЦК КПСС-тың бірінші хатшысы Черненкоға жіберген екен. Арызда: «Злоупотребляет служебным положением, все его поддерживают, с пренебрежением относится к другим национальностям» деген сияқты сөз жазылған. Ол кезде бәрі де «ЦК»-дан қорқатын. «Қатаң сөгіс» берді, жұмысынан алды. Мұғалімдер қуанды, «все-таки добились» деп. Біраз уақыт жұмыссыз жүрді, обкомға арыз жазды. «Рассмотрите мое заявление и дайте ответ. В чем моя вина?». Кінәсі жоқ екендігі дәлелденіп, «выговор» алынып тасталды (Иә, сол бір жалғыз сөздің күші мықты, мысы қатты еді). Жылдар өте берді.
Бірде ол терең ойға беріліп отырып: «Алысып-алысып, әділдік үшін әлім кетті, адал іс үшін күш-жігерім таусылды, енді мен ештеңеге де араласпаймын. Кесірім балама тиіп кетер» деді ауыр күрсініп. Өзінің қара басын ойламай, «ұлтым» деген асыл азаматтың қу түлкідей бұлаңдаған заманда баласын қорғаштағаны ғой. Ол кезде Бекет селолық советтің председателі еді.
Пенсияға жасы жақындағанда Волгодон, Мартынов мектептерінде директор қызметін атқарды.

Тәуелсіздік шуағы

Ал, 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан соң тағы да күшіне еніп, тоқтатып қойған ісін жалғады. Совхоздың мамандарына қазақ тілін үйрететін курстар ашқызды. Балабақшадағы қазақ балаларына бөлек топ жасатып, алғаш рет ұлы мерекеміз — Наурыз тойын да ұйымдастыруға септігін тигізді. Қазақтың бай салт-дәстүрін, қонақжайлылығын, мәрттігін айқара ашып, мақтанышпен көрсете білді. Шеттегі бауырларымыз орала бастағанда, біздің кісі қазақтың көбейіп жатқанына қуанды. «Елге ел қосылса – құт» деп, үйлеріне барып танысатын, ерулік беруші едік. Солардың арқасында орыс мектебінде қазақ сыныптары ашылып, үшінші смена болса да ана тілімізде дәріс беріле бастады. «Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды». Қазақ тілі пәнінен сабақ беруді алғашқылардың бірі болып Мәруәр Ибрайымбекова бастады. Иә, орыс мектебінің табалдырығын имене аттап, қазақ тілін, ана тілін үйренген сол кездегі балаларымыздың да, қазіргі таңдағы ата-ана, оқушылардың да мақтанышына айналған зәулім сарайдай «мемлекеттік тілдегі 600 орындық мектеп» жеке бой көтерді. Заманына сай жабдықталған, қазақ тілі жарқын да жалынды патриоттыққа толы, қасиетті қазақ халқының барлық құндылығын ұстанып, дамып келеді. Мектепке қараған сайын жолдасым көз алдыма келеді.
Иә, атамыз армандаған Отан, жаңа мектеп, ана тілі ешқандай бұғусыз, ешқандай қудалаусыз заманның ағымымен биіктерге өрлеп келе жатыр. Тұрсынхан атамыздың қилы тағдыры ұрпақтарға ой салады, тарихтан сыр шертеді, қазіргі қасиетті тәуелсіздіктің қадірін түсінуге жетелейді. Ұрпаққа үлгі болып, болашаққа жол нұсқайды.
Атамыздың топырағы торқа болсын, ұрпақтары өзіне тартқан ұлағатты болсын!

Әңгімені жазып алғандар:
Бейсен Ахметұлы,
Маулен АхметқызыАжықанова.

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Май 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Апр    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Жоғарыға