Сіз мындасыз:

Ұстаздар неге жасқаншақ болып барады?
Ұстаздар неге жасқаншақ болып барады?

Алғашқы қоңырау соғылып, қазақтың өте көрнекті композиторы Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым менің ұстазым» өлеңін естіп едік. Ұстаздар да әртүрлі болады. Бірі уақыт өте келе көңілімізден көмескіленсе, енді бірі өзінің биік болмысы мен түр-тұлғасымен санамызда мәңгілікке қалып қояды. Осы бір жүрекке жылы естілетін, балалық бал дәурен шақ ғажап еді, қамсыз курсанттік шағымның шаттықты күндерін тағы бір парақтатып, ерекше күйге бөлейтін ұлағатты ұстаз атаудың бүгінгі күні қадірі де, қасиеті де төмендеп бара жатқандай ма деп сараптап көрдім.
Негізі, парсы тілінде «ұстаз» сөзі қазақтың «ұста» деген ұғымына жақын келеді. Ұста қолына түскен кез келген темірді балғаның күшімен иілдіріп, шынықтырса, ұстаз қанатының астындағы қалың шәкірттерді озық ойымен, білікті, білгір парасатымен өнегелі өмірге жол сілтейді. Өз кәсібіне салақ қарайтын, мамандығына таңдап емес, адасып түскен кейбір мұғалімдердің кесірінен «ұстаз» деген ұлы атаудың атына кір келуде. Кейде мұғалімнің біліксіздігін, шалалығын көргенде қараптан қарап қаның қарайып, «қазіргі ұрпаққа тәлім беріп отырған ұстаз осы ма?» деген ойға қаласың. Алайда, бұл барлық мұғалім қауымына топырақ шашқанымыз емес. Сөзіміз көпшілікке түсінікті болу үшін ойымыздың арғы түкпірінде жатқан жанайқайымызды су бетіне шығаралық.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны—мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болады. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептің балалары білімді болып шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі—білімді, педагогика, медодикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім»,—деген сөзі өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Сондықтан, «Ұстаз—мектептің жүрегі» болып табылатындықтан, ол барлық қасиетімен де өз шәкіртіне үлгі болуы тиіс. Ұстаз—білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы тұлға. Ол—мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп тұратын дәнекер. Мектепке «тарыдай болып кірген шәкіртін таудай етіп шығаратын» да сол мұғалім. Осынау қастерлі мамандық иесінің қоғамдағы беделі көңіл көншітпейіндей күйде.
Қоғамның сесі мен сынынан жасқанып қалған ұстаздар қауымы көпшіліктің алдына шыққанда да, мектеп директоры мен ата-аналар алдында да жалтақ, тіпті оқушылар алдында тұрса жасқаншақ екені көзінен көрініп тұрады дейді көпшілік. Ең бір өкініштісі, көп жылдардан бері әкімшілік жұмыстардың дені мектептегі мұғалімдердің күші арқылы атқарылып келеді. Басқаны айтпағанда, қоғамдағы кез келген саяси іс-шараларға жегіледі, қандайда бір жұмыстар осы мұғалімдерсіз шешілмейтіні рас, «барып кел, шауып кел» бүгінде олар нағыз қолбалаға айналып бара жатқандай. Астанадан бастап кез келген ауыл аймақтардағы түрлі мәдени шаралардан бастап, үлкен стадиондағы жиналыстар мен конференцияларға адам қарасын көбейту үшін мұғалімдер тартылады. Түрлі қоғамдық жұмыстардың насихаттаушысыретінде сондай іс-шаралардың басы-қасынан табылатын мұғалімдерді мектептің қағазбастылығы өз алдына таусылмайтын жыр-дастан. Одан қала берді, жоғарыдан келетін сан-алуан бітпейтін тексеріс те осы ұстаздар қауымын «жүнін жұлған тауықтай» жүдетіп жібереді.
Оның үстіне директордан бастап, ата-аналарға дейін мін айтуға дайын тұрады. Олар біз оқыған кездегі ата-аналар мен бүгінгі ата-аналардың айырмашылығы жермен көктей. Қазіргі ағайын қит етсе, мұғалімді жазғыруға бейім. Әсіресе, жыл сайын атышулы ҰБТ да көбінесе оқушы мен мұғалімді әуре-сарсаңға түсіреді. Осы мәселеге байланысты ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов; «ҰБТ—ға көп жағдайлар байланысты болып тұр. Мұғалім, мектеп, аймақ жұмысы осымен бағаланады. Мұның барлығы—қысым. Алдағы жылдары ҰБТ-ны күйзелісі аз етіп ұйымдастыруымыз керек» деп отыр. Әйтсе де, бұл мәселенің оңтайлы шешілуі тағы да уақыттың құзырындағы дүние болып қала береді-ау.
Жыл –өткен сайын білім саласын дамытуға билік тарапынан қыруар қаржының бөлінетініне қарамастан, мұғалімдер ата—аналарға қол жаюға мәжбүр. Өйткені, мұғалімдердің мардымсыз жалақысына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Осының барлығы, сайып келгенде, қоғамдағы ұстаз беделінің құлдырауына әкелмегенде қайтеді? Бірақ күнделікті атқаратын төзімділік пен білімділікті талап ететін мұғалімнің мәртебесі мәселесі тек жалақыны жоғарылатумен шешіле салмасы анық. Бедел маманның ой-өрісінің кеңдігіне, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, педагогикалық қызметіне көзқаразы,шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері, ұйымдастыру жеке-дара қабілетінің мықтылығымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда, «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» жанынан Педагогикалық шеберлік орталығы, Педагогтардың біліктілігін арттыру орталығы жұмыс істеп жатыр. Заманауи орталықтарда мұғалімдер әлемдік тәжірибеге сай әзірленген жаңа бағдарламалар бойынша арнайы үш айлық қайта даярлаудан өтеді. Мұндай қайта даярлаудан алдағы 5 жылда120 мың мұғалім, яғни еліміздегі мұғалімдер корпусының тең жартысына жуығы өтпек. Алайда, бұл да азшылық етеді.
Сыртқы объективтік факторларға біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен психологиялық-педагогикалық ахуал тағы басқа көздер жатады. Екіншіден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұғалімнің ісін марапаттау, мемлекеттік атқару органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқара ақпараттық құралдар арқылы жүргізілетін үгіт-насихаттар, ата-аналардың көзқарасы т.б айтамыз.Мұғалімнің оқушылармен педагогикалық қарым-қатынасы, білім-білігі, өзін-өзі дұрыс ұстауы, киім-киісі, жүріс-тұрысы, әрбір қимыл әрекетіне дейін жағымды әсер қалдырауы тиіс. Ұстазға тән қасиеттің барлығы бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайдытыны ақиқат. Сондықтан, мұғалім мәртебесін көтеруді жоғары жақтан күтпей, әрбір ұстаз өз атына лайықты қызмет атқарса, барлық нәрсе реттеледі деп ойлаймын.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуге балаға»-деп хакім Абай айтпақшы, ол заманда молдалардың барлығы дерлік ер кісілер еді, бүгінде ең «ұшынып» тұрған мәселенің бірі—мұғалім мамандығы бойынша гендерлік сәйкессіздіктің реттелмеуі. Елімізде мұғалімдік қызметті атқаратындардың 86% әйелдер екендігін ескерсек, бұл салаға ер азаматтарды тартудың қажеттілігі «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері. Өйткені, «Тәрбиесіз берілген білім—адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, мектептегі жоғарғы оқу орындардағы тәрбие жұмысына ер-азаматтардың қосар үлесі ұшан-теңіз.
Тоқтамды түйін;
Елімізде біріншіден, кейбір мектептер тұтастай мұғалімдері мен оқушылары қазақтар болғанымен, мектеп орыс немесе аралас мектебі аталады. Парадокс ішіне кірсең, бір орысты таппайсың, кім үшін бір-бірімен орысша сөйлесіп жүр бір Аллаға аян. Кейбір өз қандастарымыз өз ұлы мен қызын орысша оқытып жатқанын мәртебе санайды құдайым-ау. Ертең өз ұрпағы қарттар үйіне жетектеп алып бармасына кім кепіл? Өйткені, жүрегінде иманы жоқ, ар-ұяттан жұрдай, обал-сауаптан бейхабар,әке-шешесіне «сен» деп тұратын тасбауыр өсіп шығуы ықтимал. Ата-анасын қарттар үйіне апарып тастап жатқан қазақтардың барлығы орыс мектептерін бітіріп шыққандар екеніне күмәнім кәміл.
Екіншіден, ұстаздың жалақысы сатылап көтеріліп келе жатқанымен, әлі де болса айлығы шайлығына жетпей жататыны жасырын емес. «Ұстаздық ету» әлеуметтік-кәсіби статусы, мамандық мәртебесі әлі де болса төменгі сатыда тұр. Соның салдарынан бүгінде педагогикалық корпус қартаю үстінде. Білімді жастар айлығы жоғары кәсіптерге ұмтылатыны сөзсіз. Сондықтан мұғалімдік саланы таңдайтындар жоқтың қасы. Бұл тұрғыда шығыстағы Қытай халық Республикасының үлгісі қызықтырады. Өйткені, ондағы мұғалімдердің айлығы елдегі жоғары айлықтардың қатарына жатады. Соның арқасында «ұстаз» атануға ұмтылатын жас кадрлар жыл санап көбеюде. Осылай білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеруде ұстаздар қалтасына түсетін айлықтың қомақты болғаны да маңызды.

Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты

 

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика