Сіз мындасыз:

Ұрпақ  тәрбиесіндегі салт-дәстүрдің мәні
Ұрпақ  тәрбиесіндегі салт-дәстүрдің мәні

Біздің ата-бабаларымыз балаға 7-9 жасында әкесінен бастап ағайын-туысын, нағашы жұртын, алыс-жақынды таныстыру, ата-тегін, руын, ел-жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. «Жеті атасын білу» заң болған. Ер жігіттің үш жұрты бар, оның шығу тарихын, тегін білу ер-азаматқа парыз деп ұққан халық; «Жеті атасын білген ұл, жеті жұртқа жөн айтар» деген аталы сөзді арқау етіп, баласына ата-баба тарихын жастайынан жаттатқан, ел-жұрт тарихын білу ер-азаматты ерлікке, елдікке баулиды деп ұққан. Әкесі, атасы балаға жеті атасына дейінгі бабаларының ел-жұрты үшін жасаған ерлігі, өнегелі істері жайлы да әңгіме еткен. Сол арқылы бала ата-баба дәстүрін жалғастырса екен деген мақсатты көздеген. Сондай ата-бабасының өнегелі, үлгілі істерінен сусындау арқылы бала бойында өз еліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін тәрбиелеген.

Дегенмен, ата, ру тарихын білу жақсы. Бірақ, баланы өз руының адамдарын ғана қолпаштап, жақсы, текті, асыл азаматтар тек біздің рудан ғана шыққан деген өзімшілдік, менмендік көзқараста тәрбиелеу дұрыс емес. Басқа рулар мен елдердің де ақылды, шешен, батыр, ақын адамдары сөз қозғап, әңгіме ету, «Жақсы — көпке ортақ», «Жақсы туса — елдің ырысы», «Жақсыда жаттық жоқ, ол халықтың қамқоршысы» деген ой-пікірді жастардың жетесіне жеткізу — азаматтық парыз.

Баланы өз елін, Отанын сүюге тәрбиелеу мақсатында жүргізілетін тағы бір жұмыс болды. Ол бала 5-7 жасқа келгенде әкесі оны далаға алып шығып, өздері өмір сүріп отырған жер-су аттарымен таныстыру. Әкесі баласына бұл атаулардың шығу тарихы, оған байланысты кейбір айтулы оқиғалар жайлы қызықты тартымды аңыз-әңгімелерді айтып берген. Ел тарихынан осылайша бірте-бірте хабардар еткен, ата-бабасының зираттарын көрсетіп, олардың кейінгіге үлгі-өнеге болар істерін, ерліктерін әңгімелеген.

 

Сүндет той

Қазақта ер бала өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі оны — сүндеттеу. Сүндетке отырғызу VII-VIII ғасырларда араб елдерінен шығып, бүкіл мұсылман жұртына тараған. Сүндетке отырғызу мұсылмандықтың белгісі болып саналады. Ер баланы сүндетке 5, 7 немесе 9, яғни, тақ жасында отырғызған. Баланы неғұрлым ерте отырғызса, соғырлым ауырсынбай, тез жазылып кетеді. Сүндетке отырғызу көбінесе жазға салым немесе күзге қарай іске асырылған. Себебі ыстық та, суық та балаға әсер етпесін деген мақсат көзделген. Кейде 5, 7, 9 жастағы ауыл балаларын жинап, қожаны шақырып, 3-4 үйдің балаларын бір-ақ  сүндеттеткен. Қожаға баланы сүндетке отырғызғаны үшін қой, тайынша, тай немесе ақша берген. Баланы сүндетке отырғызғанда әкесі, «сүндет атың» деп балаға арнап белдеуге ат байлаған.

Сүндеттелетін бала ел аралап тойға жұртты өзі шақырған. Ол өзінің ерекше көркімен назар аударып тұруы керек. Соған орай балаға жаңа киімдер кигізіп екі иығына, бөркіне үкі таққан. Ердің алды-арты алуан түсті матамен желбіреген. Астындағы атының құйрығы сүзіліп, ақ шүберекпен бунақталған. Жалы өріліп, әрі түсті жіппен байлаған. Кекілі түйіліп, бір шоқ үкі тағылған. Баланың қолына ұстайтын қамшысының сабына да әр түрлі орамалдар байланған. Мұның бәрін жол үстінде кезіккендер бірден байқап, баланы құттықтап, тілектерін білдірген.

Бала ауылдың екі-үш жігітін ертіп, ағайындарды аралатқан. Бала барған ауылдың әйелдері шашу шашып қарсы алған, әр түрлі сәнді түймелерді, күмістерді қадаған. Ал ер кісілер айыл-тартпа, жүген-құйысқан, қамшы сияқты атқа қажетті заттар сыйлайды. Жігіттер тойдың болатын күнін жариялаған.

Сүндет тойы қазақ өміріндегі қыз ұзатудан кейінгі екінші ірі той болған. Оған да арнаулы мал сойылып жиналған, жұртқа табақтар тартылған. Ат жарыс, бәйге, аударыспақ ойындары ойналып, палуандар күреске түскен. Содан кейін көкпар беріліп, той тарқаған.

Келесі күні баланы сүндетке отырғызған. Бұл күн ата-ана үшін де, бала үшін де қуанышты күн. Ересектер сүндеттелетін баланы қошеметтеп, «енді жігіт боласың» деп жігерлендірумен болған. Арнайы бөлмеге жұмсақтап төсек салып, баланы жатқызып, балаға сүндет жидесін (сүндетке отырғызылатын балаға арнайы тігілген, етегі ұзын, әрі кең жеңіл киім) кигізген.

Бүгін үйге молда келеді,

Кәмпит тола дорба береді,

Кәмпитті жыламаған жейді,

Жыламағаны ұнамағаны дейді,

Сүндетке шыдамағаны дейді,

Шыдамасаң масқара-ай,

Мазақ болма басқаға-ай,-деген сияқты тақпақтар айтып баланы алдаусыратып, намысын шындаған.

Баланы сүндетке отырғызар алдында молда сүндет дұғасын оқып «бір, екі, үш, төрт, бес, насыбайым ұшын кес» деп баланы сүндеттеген.

Сүндеттелгенде кесіп алынған тері «сүндет тері» деп аталады. Мұны шүберекке түйіп немесе тұмар жасап тығып қойған. Кейде құдайдан ұл тілеп жүрген келіншектер әдейі келіп ырым қылып қалап алатын да болған.

Ауыл адамдары кейде сүндетке отырғызылған баланың тойына шашу ретінде мал атаған. Бұл мал «сүндет мал» деп аталған. Тойға келушілер «әдеміленген» тойға барамыз деп тұспалдап айтқан.

Демек, сүндетке отырғызу – азаматтықтың белгісі. Мұнан әрі бала ересек адамдардың қатарына қосылып, өзін ересек сезіне бастаған. Бала бойында жауапкершілік сезімі оянады. Жалпы, бұл той бала психологиясына әсер етіп, өзін үлкендерше әрекет жасауға бағыттайды деуге болады. Қазақта сүндет тойынан кейін 12-13 жастағы ер балаға қыз айттырып, құда түсу дәстүрлері орындалған. Бұл баланың психикасына ықпал етіп, өзін үлкейген екенмін деп сезіне бастаған.

Сонымен, жоғары да аталған әдет-ғұрыптар бала өмірінде өзіндік іздерін қалдырып отырған. Бұл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің орындалуы барысында балалар көпшіліктің ықыласына бөленіп, көңілінде қуаныш, өздерін қоршағандарға бауырмалдық, мейірімділік, сүйіспеншілік сезімдері оянады. Сол мейірімділік ықыластарын есейгенде өзгелерге жасауға үйренеді, ата-баба дәстүрлерін сақтауларына ықпал етеді.

Қазақ халқы «Қыз» деген   сөздің өзін  әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың белгісі ретінде қолданған. Сондай-ақ, қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін, сүйкімділігін, шеберлігін, өнер – білімге бейім тұратынын жоғары бағалап,  оның сол қасиеттерін нақыл сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы, «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыздың тіккен кестесіндей», «Қыз – елдің көркі,  гүл жердің көркі», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қызы бар үйдің қызығы бар» т.б.

Сонымен  қазақтың ауыз және  жазба әдебиеттеріндегі қызға берілетін жалпы сипаттамасы  мынадай: «Сұңғақ бойлы, сыңғырлаған  дауысты, оймақ ауыз, күлім көз, жайдары мінез, алма мойын,  ақша бет, ақ тамақ, тал шыбықтай  бұралған бұраң белді, сүмбіл шашты, ұзын кірпікті,  ақ білек, маржан тісті, қыр мұрынды» деп суреттелген.

Халқымыздың ұлттық дәстүрлеріндегі бір ерекшелік – тәлімдік, ақыл-кеңесті  жас ұрпақ санасына, әсіресе, қыз балаға тұспалдап жеткізу, жөн-жосық нұсқап, бағыт-бағдар беру, өнеге көрсету. Бұл салт ауылдық жерлерде әлі де сақталған. «Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю» деген сөздерде тәрбиелік талап-тілектерді бетке айта салмай, тұспалдап жеткізеді. Әсіресе, қыз мүшеліне толысымен «Ұлдың ұяты — әкеде, қыздың ұяты — шешеде», «Қызымның өзі – үйде, қылығы – түзде» деп анаға баса назар аударған.

Халқымыз қыз баланың тәрбиесі жолында әдет-ғұрып, ырым -жораларды қалыптастырды. Мысалы, «Қыз қабағы күрең тартса, елде жұт болады» деп қызды ренжітпеуге тырысқан; қыз баланы босағаға отырғызбаған, қыз бала босағаға отырса, үй иесі бақытсыздыққа ұшырайды деп білген; қыз баланың қолына көбіне ырым етіп «құлып» білезік салған. Бұл тәртіпті, тәрбиелі болсын деген ұғымнан шыққан: бойжеткенде қыздарымыз құстай қалықтасын деп, қыз балаға құс тұмсық жүзік салған.

 

Құлақ тесу

Қазақта қыз баланы кішкене күнінде құлағының сырғалығын тары дәнімен уқалап етін өлтіріп, отқа қарылған инемен тесіп, оған жіп өткізіп тұйықтап байлап қойған. Кейіннен кішірек күміс сырға таққан. Ол бір жағынан «балаға көз тимесін» деген ниет болса, бір жағынан айналасындағы адамдарға деген ыстық ықыласын мейірімділігін, сүйіспеншілігін оятқан.

Алқа тағу

Қазақ қызы он үш жасқа келген соң, оған екі алқа сыйлап, мүшел жасын тойлаған. Екі алқаны қызының омырауына таға отырып, ана «Сен енді үлкейдің, секірме, текіректеме, жүгірме. Ерсі болады, жәймен, баппен сыпайы жүр. Жақсы жүрсең алқаңдағы күміс қоңырауларың да жақсы әндетеді, одыраңдап жүрсең-берекесіз шолдыр-шұлдыр етіп өзіңді бездіреді» — деп ақыл-кеңес берген, дұрыс жүріп-тұруға, әдептілікке тәрбиелеген.

Қазақ қызды қонақ десе, мүшеліне толғанда «қонақ жасы» деп санаған. Әсіресе, осы кезде қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Бұрынғы аналар қызының әдепті, ісмер, әсем болуы үшін бар күш-жігерін жұмсаған.

«Шешеге қарап қыз өсер» дегенге сүйеніп, қызды көргенді ету үшін, аналар ең алдымен өзіне шек қойған. Яғни, қыз бойжете бастасымен ол бұрынғы қыдыруын доғарған. Осыған байланысты «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болады» деген сөз қалған.

Қазақта «Қыз мұраты — кету, жол мұраты – жету» дегенімен, бойжеткен қызын сыртқа жөнсіз шығудан шектеген. Тек кей жағдайларда аса бір аяулы адамды аттандыруға үйде ешкім болмағанда ғана жұмсайтын болған, жұмсамаса қыздың өзі оны аттандыра алмаған. Себебі – оны кез-келген кісімен кезіктіру қазақы әдептің салтында жоқ, әдепсіздік деп білген.

Қыз бойжеткен   соң, оны құтты жеріне қондыру ата-ананың арманы. Халқымыздың ежелгі дәстүрі бойынша, ер жігітке  серік боларлық ақылды, әдепті, еңбекқор, адал жар таңдау, өнегелі көргенді жерден  қыз алу келешек отбасы бақытының  басты нышаны болған. Қазақтың «Тегіне қарап қызын ал»  деген  нақыл сөзі бар. Текті жердің қызы әдепті, ибалы, іске шебер, қиыншылыққа төзімді, анасы сияқты тәрбиелі болып келеді, ол өскен ортасы мен  ата – анасына жаманат сөз ергізбейді. Сол себепті бабаларымыз «Аяғын көріп асын  іш,  шешесін көріп, қызын ал»   деп өсиет еткен. Әсіресе, қалыңдықтың ақылына ерекше көңіл бөлген. Ол үшін  қызға сыншылар әр түрлі сыйлықтар ұсыну арқылы бойжеткеннің  дүние – мүлікке   көзқарасын, жұмбақ  шешкізіп зейін – зердесін байқаған, аға – іні,  құрбы – құрдастарымен қарым – қатынасына қарай  бауырмалдығы мен қайырымдылығын екшеген. Киген киімі, істеген ісі, сөйлеген сөзіне қарап, оның ұқыптылығын, іскерлігі және мінез-құлқынан мағлұмат білген.

Ісмерлікке, қолөнерге қазақта балаларды әке-шешелері, ауылдың салиқалы тәжірибелі қарттары, шеберлер баулыған.  Қызына ана алдымен кесте тіккізіп, одан әрі өсе келе түскиізге, тақияға тігіп одан әрі сырмаққа, түрлі бұйымдарды оюлармен жалғастырған. Әдетте кестемен түскиіздер, орамалдар, әйелдердің бас киімі, көйлектері, қамзол, белбеу, белдемелері т.б. әшекейленді. Қазақта қолөнерге икемі жоқ қыздарды «Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде тон пішер» деп келеке еткен.  Жалпы қыздарды қолөнерге баулу арқылы олардың бойына биязылық, адамгершілік асыл қасиеттерді сіңірген. Өнерлі адамның жаны таза болатынын біліп, қызын алдымен еңбекке, ісмерлікке тәрбиелеген. Кішкене күнінен қыздарды тігуге, тоқуға, киіз басуға және сол сияқтыларға үйретеді, дәл сәл өсе келе енді мұның бәрін олардан талап еткен. Себебі, әдепті, арлы, ибалы қыздар ертеңгі күні тәрбиелі ұрпақты дүниеге әкеліп, тәрбиелейтін абзал ана. Сондықтан қыз бала тәрбиесіне халқымыз үлкен мән берген.

Ерте кезден бастап ата-аналарымыз осы бейнелеу өнеріне өте жақын, сонымен бірге біте қайнасып келе жатыр десек артық айтпаспыз. Әжелеріміз кезінде киім-кешек, үйдің іші-сыртын безендіруге керемет-керемет оюлар ойлап тауып, аталарымыз сонау ерте заманды айтпағанда киіз үй мен ер-тұрман, зергерлік бұйымдардың неше түрін жасап, әшекейлеген. Алғашқы дизайнерлік шешімдердің үй тұрмысында қолдануы біздің ұлы шеберлерімізден бастау алғанын мақтанышпен айтуымызға болады. Қазақтың кез келген оюын алып қарасаңыз қайталанбас керемет туынды. Әбілхан Қастеев атамыздан сурет салуды қайдан үйрендің дегенде – «ешкінің мүйізінен, әжемнің киізінен, таудың жотасынан үйрендім» деген екен. Қорыта келе, ұлттық  тәрбиенің ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше.

 

Айсұлу Кенжан, педагогика ғылымының кандидаты

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Қажымұқан ҒАБДОЛЛА - 8 701 111 61 05 8,

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Октябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Сен    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

Жоғарыға