Сіз мындасыз:

Ұлт құндылығы құрып барады…
Ұлт құндылығы құрып барады…

Әр ұлттың өзінің ұлттық құндылықтары болады. Бір ұлтты екіншілерінен ерекшелендіріп тұратыны оның: тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, лиро-эпостық және батырлар жырлары, әдет-ғұрпы, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары т.б. өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Осылардың бәрі – ұлттық құндылықтарға жатады.

Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, өкінішке қарай, өте нашар сақтап жүрміз. Кеңес өкіметі көптеген ұлттық құндылығымызды «ескінің қалдығы» деген сылтаумен көзін құртпақ болды. Сөйтіп, ұлттың өзін жоюға тырысты. Егеменді ел болғаннан бері ұлтжанды азаматтар ұлттық құндылығымызды қалпына келтіруге ниеттенуде. Бірақ, «Нарықтық қатынас, әлемдік қауымдастыққа кірігу» деген сылтаумен ұлттық құндылыққа көңіл нашар бөлінуде. Қазір жалпы ұлттық мүддеге қарағанда, әркім өзінің жеке қара басын көбірек ойлайды.

Ұлттық құндылықтар сол ұлттың меншігі болып есептеледі. Әр ұлт өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтау­ға тырысады, әрі қорғайды.

Қазақ халқы да өзінің ұлттық құндылықтарын сақтауы керек. Италияның жиһанкез кәсіпкері Реналью Гаспирин: «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – Қазақстан халқы екен», – депті. Егер өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алсақ, болашақта біреулер: «Қазақ деген өздерінің ұлттық құндылығы жоқ, бейшара халық екен» деуі мүмкін.

Қазақтың ұлттық бұйымы бесіктің пайдасын өмірдің өзі дәлелдеп, осы уақытқа дейін жетіп отыр. Баланың таза болуы, ұйқысының тыныш болуы өз алдына, баланың ана құрсағынан жарық дүниеге келген соң табиғи өсуіне бесік өте пайдалы әсер етеді. Жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Щияу Иде Илаң қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып, зерттеу жүргізген. Оның зерттеуі бойынша «сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тербеліске түседі. Алайда өмір есігін ашқан соң жарық дүниеге бірден үйлесе алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай әлдилеп, тербетіп отыру керек» деген қорытынды жасайды. Міне, қазақ халқының ұлылығы сонда – осы процестерді өзінің өміріне пайдаланып, бала жарық дүниеге бейімделгенше, бесік­ке бөлеп, тербетіп отырған.

Өкінішке қарай, қазір жас келіншектер баланы бесікке бөлеуге ерініп, памперсті күні-түні қолданатын болып жүр. АҚШ пен Еуропа елдерінде озық ойлы дәрігерлер памперс­ті қолдануға қарсы «Келініңізге күйеу іздеңіз!» деген акциялар ұйымдастырып, жасанды жая­лықтан бас тартуға үндеуде. Бұның мағынасы: «Сіздің памперс кигізіп өсірген ұлыңыз белсіз, яғни ұрпақ әкелдіре алмайды» дегенді білдіреді. Себебі памперстің балаға зияны ұшан-теңіз. Памперстің кеселінен нәжісті өзіне сіңіріп, химиялық жолмен буландырып жіберетін қоспалар адамды белсіздік пен бедеулік ауруына душар етеді екен.

Алланың жаратуы бойынша, ұл баланың мүшесінің ұшы мен ен қалтасының қалыпты температурасы болады. Жас бала памперске кіші дәретті жіберген кезде дене температурасы бірден жоғарылайды. Аздан кейін памперске сіңген зәр қайтадан суиды. Сөйтіп, қысқа аралықта бір күйден екінші күйге алмасқан температура аталық бездің дамуын тежейді. Демек, табиғи қуатын жойып жібереді. Бұндай жағдай қыз балаға да кері әсер етеді. Осыдан барып белсіздік пен бедеулік ауруына ұшырайды.

Алматыдағы «Академик Б.У.Жарбосынов атындағы уро­логия ғылыми орталығының» директоры Мырзакәрім Кәрім­ұлы Алшынбаев мырза бастаған ғылыми топ Қазақ­стандағы ерлердің белсіздігі туралы зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, ұрпақ беру жасындағы 15 пайыз ерлер­дің белсіздікке ұшырағаны анық­талған. Оған себеп: қазіргі эко­логия, азық-түліктегі химия­лық қоспалардың көптігі, дене қозғалысының аздығы т.б. жағ­дайлар. Бұл памперс кимеген ұрпақтың жағдайы. Енді памперс киіп өскен ұрпақ отбасын құрар жасқа жеткенде, бұл пайыз арта түсері сөзсіз. Бұл – ұлтқа төнген үлкен қауіп.

Ұлттық құндылықтар, негізінен, ауылды жерде жақсы дамиды. Қалада басқа ұлттардың салт-дәстүрлері араласып кеткен. Мысалы, қазір қалалы жерде баласының туған күнінде торттың үстіне шырағдан жағып әкеліп, оны балаға өшіртеді. «Отың өшпесін», «шырағың сөнбесін» дейтін қазақ халқы үшін бұл жаман ырым. Бірақ оны ойлап жатқан ата-ана жоқ.

Халықты өсіретін де, өшіретін де – әйел! Қазіргі жас келін­шек­тердің өз жанын аялап, жал­қауланып, баласын бесік­ке бөлемей, памперс кигізуі қазақ халқын «өшіріп» жіберуі мүмкін. Сондықтан әрбір қазақ қатты ойланулары керек.

Қазір қазақ халқының ішінде урбанизация жүріп жатыр. Халық ауылдан қалаға шоғырлану үстінде. Қазірше ауылды жердің қазағы көп болғанымен, 30-40 жылдан кейін қазақтардың басым көпшілігі қалалық болады. Осы жылдар ішінде Алматының халқы 2 миллионнан, Астана, Шымкент, Ақтөбенің халқы бір миллионнан асады деп күтілуде. 30-40 жылдың ішінде Қазақстан халқы 20 миллион болғанның өзінде 50 пайыздан көбі қалалық болады. Демек ұлттық құндылықтың қолданылуы кемиді. Сөйтіп, ұлттық құндылықтар ұмытыла береді. Бұл да ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ұлттық құндылықтарды заманға қарай дамытып, қалаға «көшіре» бастау керек.

Қазір ұлтжанды азаматтардың арқасында тоғызқұмалақ, қазақша күрес, бәйге, көкпар жақсы дамып келеді. Енді қазақ­ша күресті олимпиада ойын­дарына кіргізуге күш салу керек. Қыз қуу, бәйге, аударыспақ, көкпар, т.б. атпен ойналатын ойындарды қаланың иппадром­дарында жиі-жиі өткізіп, оны тиісті деңгейде жарнамалап, насихаттап отырған абзал.

Қазақ халқының ұлттық ойындарының біреуі – асық ойыны. Асық ойнау: баланың ойлау қабілетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке баулиды. Соңғы кезде жігіттер асық ойынын қолға ала бастады. Бұл құптарлық жағдай. Онша көп жерді керек етпейтін, қымбатқа да түспейтін асық ойынын мектеп балаларының ішінде дамытқан тиімді. Асық ойынынан сыныпаралық, мектеп­аралық олимпиадалар өткізген балалардың қызығушылығын арттырады. Асық ойынын осы ретпен жоғарғы оқу орындары арасында да жарыс өткізуге болады. Басқа да ұлттық құндылықтарды қаланың ыңғайына қарай икемдеп «қалалық» жасаған абзал. Ұлттық құндылықты дамытқан азаматтарды мемлекет те қолдап отырса нұр үстіне нұр болар еді.

Ұлттық құндылықтар шет елдегі, әсіресе Қытай, Монғолия қазақтарының ішінде жақсы сақталып, жақсы дамыған. Осыларды жоғалып кетпей тұрғанда жинастырып, бір ізге түсіру керек. Ұлттық құндылықтарды дамытып қана қоймай қорлаудан да қорғауымыз керек. Кейінгі кезде ұлттық құндылықтарымызды қорлау байқалып жүр. Мысалы «КТК» телеарнасы «Бешбармақ шоу» деп қазақтың қадірлі асы — еттің атын қорлауда. Біріншіден қазақта «беш» деген сөз жоқ. Қазақтар «бес» дейді. Адамда барлығы төрт қана бармақ бар, екеуі аяқта екеуі қолда, қалғандары саусақ деп аталады. Қазақ­тар: «Бес саусақ бірдей емес». «Саусақ бірікпей ине ілік­пейді» деп мақалдайды. «Бес бармақ бірдей емес». «Бармақ бірікпей ине ілікпейді» деп айтпайды. Екіншіден, қазақ­та «Бешбармақ» деген ас жоқ. Қазақтар «ет тағамы» дейді. Кеңестік кездің өзінде асха­на­ларда «Қазақша ет» деп жазатын. Ал «бесбармақ» деп патшалы Ресей кезінде «қазақтар тамақты қолмен жейтін жаба­йылар» деп мазақтап, қорлап айтқанынан шыққан. Сол кездегі мазақтап, қорлап айтқан атауды енді өзіміз телеарна арқылы бүкіл елге жарнамалап жүрміз.

М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, М.Шаханов т.б. ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан ет туралы «бешбармақ» сөзін кездестірмейсіз. Өйткені олар бұл сөздің шығу төркінін жақсы біледі. Сондықтан, айтуға намыстанады. Намыстанбай жүрген тек осы шоуды ұйымдастырғандар, оны жүргізгендер, оған сарапшы болғандар.

Көрші ұлттардың өзі ұлттық құндылықтарын ешкімге қорлатпайды. Өзбектер палауын, қырғыздар да етті қолмен жейді. Бірақ олар ұлттық астарын «бешбармақ» деп қорлатпайды. Бұндай қорлауларды дер кезінде тыймаса, қорлауларын жалғастырып, келешекте жастарды шатастыратын болады. Қазір өсек таратқандарды жазалайтын заң қабылдадық. Сол сияқты қазақтың ұлттық құндылықтарын және оның атауын қорлағандарды да жазалайтын заң қабылдау керек.

Ұлттық құндылықтарға халықаралық патент алу үшін, оның бәрі өзімізде стандартталуы керек. Бұл – көлемді жұмыс. Мысалы, қазақ үйдің жеке патентін алу керек болса, оның әрбір құрамдас бөлігіне: кереге, уық, шаңырақ, басқұр, туырлық т.б. бөлшектеріне жеке-жеке патент алу керек. Себебі осы бөлшектерге басқалар патент алып алса, «біз ойлап тапқан затты қазақтар құрастырып үй тікті» деп дауласуы мүмкін. Сол сияқты бесіктің өзіне және әрбір құрамдас бөлшегіне жеке-жеке патент алу қажет. Басқа құндылықтарға да солай. Патентің болмаса сенікі – ұрлық болып есептеледі.

Ұлттық құндылықтарымызды стандарттауда  министрліктерге тапсырма беретін, оны халық­аралық патентке дайындайтын Комитет құрылуы керек. Бұл комитет тікелей Премьер-Министрге бағынғаны жөн. Комитеттің басқаларға сөзін даусыз өткізе алатын құзыры болуы керек. Егер біз әлі де нeмқұрайлылықпен, жайбасарлықпен жүре берсек барлық ұлттық құндылықтарымыздан айрыламыз. Сондықтан тездетіп комитет құрып, ұлттық құндылықтарымызды қорғау керек.

ХХІ ғасырдағы қазақ ұрпағының міндеті — экономикамыз­ды дамыта отырып, ұлттық құн­ды­лы­ғымызды қорғап, дамы­тып, сақтай отырып әлемдік қауым­дастыққа кірігу. Егер ұлттық құндылығымызды сақтай алмасақ, жаһандануға жұтылып кетеміз. «Мәңгілік Ел» болып қалу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақ­тап, қорғай білуіміз керек. Себе­бі, ұлттық құндылық – ұлттың тірегі!

 

Назрахмет ҚАЛИ, Алматы қаласы

 

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

1 пікір
 

  • Төреғали Қазиев

    02.11.2014 - 20:38 Ответить

    «Қазақ-нама» керек. Еврейде «Тәурат» бар, сенбі сайын отбасымен оқиды, рухани бірлігін сақтайды. «Қазақ-наманы» жазсақ, 15 миллион шашыраған қазақ баласының басын біріктіреміз. Сын — бүгінгі буынның соған әлі жете ме? Құдай азаттық берді, енді тест қойылды — адамсың ба, малсың ба, байғұс?.. Зарлаудан бала тумайды-ау…

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Қажымұқан ҒАБДОЛЛА - 8 701 111 61 05 8,

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Ноябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Жоғарыға