
«Қалмақ ұлым қамал бұзса,
қазақ ұлым — садаға!»
Халық даналығы
«Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, ҚР Парламентінің қос палатасындағы «мәу» деп ауыз ашпайтын, әйтпесе ұлттық мүддеге қатысты мәселе қозғамайтын, мәнжубас депутаттарға қарағанда, қай кезде де мемлекеттіліктің, қазақылықтың қамын күйттеп, тыным таппай жүретін Розақұл Халмурадовтың орны айрықша.
Мемлекеттік тіл. Мәжілістің 10 қыркүйек күні өткен жалпы отырысында, депутат жолаушыларды тасымалдайтын әуе көліктерінде, мемлекеттік тілге қатысты заң бұзушылықтардың орын алып отырғанын ашына жеткізді. Атап айтқанда, «Скат», «Эйр Астана» ұшақтарында жолау-
шы билеттері қазақ тілінде толтырылмайтыны туралы ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Ж. Қасымбекке депутаттық сауал жолдады.
Осы жерде сәл шегініс жасайық, 2013 жылы 4 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы мен «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» заңы Мәжіліс депутаттарының ұсынысы бойынша 24-2 бабымен толықтырылған болатын. Бұл бапта жолаушыларды тасымалдайтын көліктерге «Билеттерді сатуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды рәсімдеу кезінде мәліметтердің қазақ және орыс тілдерінде толтырылуын, ал халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде қосымша ағылшын тілінде толтырылуын қамтамасыз етуге міндетті», — делінген. Осыған орай, билеттерді сататын компаниялар толыққанды дайындалып алсын деген мақсатпен, аталған норманы бір жылдан кейін, яғни 2014 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізу қарастырылған. Заңда белгіленген мерзімнің аяқталғанына екі жарым ай болды. Бірақ, одан шыққан нәтиже аз.
«Ел ішіндегі рейстерге «Скат» компаниясының ұшақтарына сатылатын билеттердегі мәліметтер ағылшын тілінде ғана толтырылады. Ал, «Эйр Астананың» ұшақтарына билет сататындардың кейбіреулері барлық мәліметтерді ағылшын тілінде, ал кейбіреулері тек қана тасымалдау ережесінен үзіндіні үш тілде рәсімдейді,– деді Розақұл Халмурадов. – Осыған байланысты менің сауалым: «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Заңының 24-2 бабының талабы неге орындалмай келеді, оның орындалуын кім қадағалайды? Жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің барлық түрлеріне билеттерді сатуда заңда белгіленген нормаларды толыққанды орындауды қамтамасыз ету үшін қандай іс-шараларды іске асыру жоспарланған? Заңда белгілеген міндетті орындамаған жеке және заңды тұлғаларға қандай шаралар қолданылды?
Осы депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-ші бабына сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймын»,- делінген депутаттық сауалда.
Бұдан біраз уақыт бұрын ұшақтардың бортында көпшіліктің сүйікті басылымына айналған «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Жарылғап Қалыбайдың, ұлттық өнердің көшбасында жүрген «МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің, Атырау облысы, Мақат ауданы әкімінің орынбасары болған Биғали Мейрамбектің қатысуымен орын алған кикілжіңдердің бәрі осы «Скат» компаниясының мемлекеттік тілге менсінбей қарауының салдарынан орын алғанын естеріңізге саламыз. Тіпті, шенеуніктерге шекесі тырысып қарайтын жұрттың өзінің, қазақ тілінде қызмет көрсетпеген стюардессаны майлы құйрықтан тепкілеген Биғали Мейрамбекті әлеуметтік желілерде жақтап шыққаны көп жағдайды түсіндіреді.
Мүмкін, басқадай кезде болса, жұрт қызды тепкен шенеунікті жазғырар еді, бірақ мемлекеттің өзі қорғауға құлықсыз мемлекеттік тілді халық өкілдерінің, тіпті осылай күш көрсету арқылы қорғамақ ниетіне үлкен түсіністікпен қарады. Бұл – ана тілінің аяқасты болғанына жаны шырқыраған қазақ қауымының ашу-ызасы артып бара жатқанының бір көрінісі. Мұндай кикілжіңдердің талайы болып жатыр, әлі талайы болады да. Егер мемлекеттік билік бұдан әрі де «бізде тілдік мәселе жоқ, ұлтаралық мәселе жоқ» деп көзін жұмып отыра берсе, одан зорғысы болмасын деп тілейік…
Тәуелсіздік мерекесі. Өз басым депутаттарға қатысты «халық қалаулысы» деген анықтаманы сирек қолдануға тырысамын. Өйткені халықтың қамын емес, нанын жеуге ғана құмар «жепутаттар» (М.Шахановтың теңеуі) бұл сөздің садағасына да татымайды. Ал, енді, Розақұл ака, сөзсіз Парламентте отырған санаулы ғана халық қалаулыларының бірі. Р.Халмурадов жақында Парламент мінберінен тағы бір өзекті мәселені көтерді.
–Тәуелсіздік күні – мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтықтың, салауат пен болашаққа деген үміттің мерекесі. Ендеше, бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігімізді бағалау үшін, Тәуелсіздік мерекесіне дейін, жаңа жыл мерекесіне қарқынды дайындық жүргізуге өркениетті шектеу қойып, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне ауқымды түрде дайындық жүргізуді және өткізуді үкіметтік деңгейде қолға алынуы тиіс деп санаймыз. Бұл мәселеге қатысты жауапты жазбаша түрде жария етсеңіздер,– деді депутат Премьер-министрге арналған депутаттық сауалында.
Ол желтоқсан айы басталмай жатып қала мен даланы егемендіктің емес, жаңа жылдың атрибуттары басып алатынын айтып қамықты: «Желтоқсан айы кірмей жатып, еліміздің барлық қалаларында жаңа жыл мерекесіне дайындық басталып кетеді. Биік ғимараттарға құттықтау сөздері ілініп, миллиондаған ақша жұмсалып, шыршалар орнатыла бастайды. Бірақ, жаңа жылға дейінгі еліміз үшін үлкен мерекелер – Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні мейрамдары туралы ешқандай ақпараттар кездестірмейсіз. Тек қана үш-төрт күн қалғанда бұқаралық ақпарат құралдарында, кейбір бағдарламаларда жүгіртпе жолдар беріле бастайды. Бұл Тәуелсіздік күнін жаңа жыл мерекесінің, шыршаның көлеңкесінде қалып қоятынын көрсетеді. Егер біз ұлт ретінде тәуелсіздігімізді қадір тұтсақ, ең алдымен осы мейрамдарға көңіл бөлуіміз керек. Біз жаңа жылды тойлауға, қалаларды, елді мекендерді безендіруге, шыршаларды орнатуға қарсы емеспіз. Бірақ, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін жаңа жылды қарсы алуға кіріссек те жетер еді ғой»,– деді.
Р.Халмурадов бұл күндері Тәуелсіздік рухын танытатын плакаттар мен стендтер ілініп, жалынды сөздерді жарық беруші таблолармен безендіріп, жүйелі түрде халқымызды, жастарды отансүйгіштікке, бірлікке, қоғамдық келісімге шақыратын іс-шаралар ұйымдастырылса, бұл шараларға барлық министрліктер де, жергілікті атқарушы органдар түгел қатысса деген тілегін жеткізді.
Айта кетейік, былтыр Қарағанды облысының әкі-мі Бауыржан Әбдішев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тәуелсіздік мерекеесі өткенше бірде-бір мемлекеттік мекеме жаңажылдық дайындығын бастамасын деп қатаң тапсырма берген болатын. Енді, міне, биыл осы істен басқа өңірдің басшылары да үлгі алып, қазақтың мерейін өсірсе, Тәуелсіздіктің айбынын асқақтатса дейміз.
Редакциядан. Заңның орындалуын қадағалайтын арнайы және аса құзырлы мекеме бар, «Прокуратура» атты. Ол жерде отырған мырзалардың да пікірін естісек. Біз өз тарапымыздан Ж.Қасымбек пен К.Мәсимов мырзалардың жауабын асыға күтетін боламыз. Нақты сауалға нақты жауап бола ма, басқаша бола ма, басылым бетінде жариялау үшін.
Дәулет Асауов, Қарағанды




















Жауап беру