
Елдің тағдырына іс жүзінде заңды-заңсыз жолмен майланып-қоңданған олигархтардың ықпалы зор екендігін сыбайлас-жемқорлық деректерінің көптігінен, экономикадағы алаяқтықтың белең алғандығынан, әділетсіздік пен ұрлық-қарлықтың асқынып бара жатқандығынан аңғаруға болатын сияқты. Мұндай жағдайда әлеуметтік саясатты қалай белгілемек керек. Экономиканы қандай күш алға сүйремек? Әлеуметтік жағдайдың төмендеп, қымбатшылықтың қысып бара жатқанын бәріміз сезінсек те, одан шығудың жолдарын ешкім нақты көрсетіп беріп отырған жоқ.
Әрине, жасалып жатқан бағдарлама атаулыдан көз ашпаймыз. Бірақ, нәтижесіне келгенде, күмілжіп қаламыз. Оны өз кезегінде Елбасы да сан рет өткір сынға алды. Әкім-қаралар немесе министрлер бір орыннан келесіге ауысқанда «өз командасымен» барып, бұрынғыларды ығыстыратындығының себебін Парламентте Мемлекеттік қызмет саласына жауапты агенттіктің басшысы шынайы сипаттап берді. Ол мұндай «командалық» тәсілдің астарында жемқорлықтың ізі жатқанын ашық айтты. Қазір жоғары лауазымдық қызметте жүргендердің арасынан жемқорлықтан аулақ, ары таза жандарды табу қиынға соғады…
Расында, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, тауар өндіру, қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау секілді елдің ең бір өзекті мәселелерін қағаз жүзінде ғана керемет көрсеткіштермен алаулатқанымыз болмаса, іс жүзінде сын көтермейтін халдеміз. Бір министріміз шетелдік мамандарды салықтан босату, оларға бюджеттен арнайы жеңілдік жасалуы керектігін айтып жомартсыды. Соған қарағанда, біздің бюджетте ақша тым көптік етіп, бұлар тауыса алмай отыр ма деп ойлап қаласың. Олай дейін десең, артынша олигархтардың ұрлап апарып, шетелге тыққан лас капиталдарынан салыққа пәлен қаржы түскенін айтып қуанып жатады. Мұнысы ортақ қазанның ортайып, тиын-тебен таппай қысылып отырған елдің тірлігін аңғартады. Бәрі шым-шытырық, ештеңесін түсініп болмайсың…
Бір анығы, қазіргі жағдайда ортақ қазаннан қаншалықты мол қарпып жеп қалсаң, соншалықты әл-ауқатың көтеріліп, қазынадан ұрлаудың арқасында баюға болатындай ұғымның қалыптасқаны рас. Майлы жіліктің басын ұстап отырғандардың көбінің қандай жолмен байығанын бүгінгі күні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бес саусағындай біледі. Ештеңе де, ешқашан сұраусыз, жауапсыз қалмайтынын ескерсек, оның да бір есебі болар.
Жалпы әр қазақ ел мен жердің байлығын білім-пайымымен, моралдық құндылықтарымен ту-талапай етуге жол бермеуі. Халықтың жайбырақаттығы мен жайбасарлығының салдарынан бүгінге дейін бай мен кедейдің аражігі барған сайын алшақтап барады. Қазіргі кең өріс алған жұмыссыздық, қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлық пен асқынған парақорлық, әлеуметтік теңсіздік – халықтың отаншылдық сезіміне селкеу түіріп, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретіндігімен қатерлі.
Ең сорақысы, білім мен ғылым саласын дамытуға бөлінеген қыруар қаржының желге ұшып жатқаны аса қауіпті жағдай. Магистрлік, докторлық дәрежелі мамандар дайындауға жыл сайын қомақты қаржылар бөлінеді. Кейбір университеттер мемлекеттік гранттық орындарды саудалайтын жағдайға жетті. Ресми дәйектелмеген дерек көздерінің мәліметі бойынша, белгілі бір салаға мамандануға тиіс бөлінген гранттық орындардың біреуі магистрлік талапкер үшін 4 мың АҚШ долларын, PhD гранты 10 мың АҚШ долларын құрайды екен…
Кедейшілікке сүйреген екінші жол – барған сайын өршіген инфляция мен коммерциялық банктердің ақылға сыймайтын пайыздық өсімдері. Осының бәрі қазақ халқының 23 жылғы сенімі мен үмітіне қаяу түсіріп отыр. Тәуелсіздікті нығайту, оны баянды етіп ұстап тұрудың маңыздылығы барған сайын өткір сезілуде. Ол үшін, ең алдымен, әлеуметтік теңдікті, әділдікті қалыптастыруға тиіспіз.
Біз демократиялық зайырлы қоғам құруды Конституция арқылы бекіткен елміз. Мұндай қоғамда мемлекеті өз тұрғындарының ішер асы мен киім-кешегін, баспанасын сатып алуына қолайлы жағдай тудыратын жұмыс орнымен қамтуға тиіс. Мемлекет өз азаматтарының қарны тоқ, киімі бүтін, қолайлы баспаналы болуын қамтамасыз етуге міндетті. Егер оны жасай алмаса, халықтың төлеген салығы есебінен жалақы алып, артықшылықтар иеленіп, абажадай аппараттарда шіреніп, жан-жағын қорғаушылармен қоршап, қымбат көлікте шалқайып отыруға құқы жоқ. Осы мәселелер шешкеннен кейін барып, саясат, экономика, геосаяси мәселелер жөнінде әңгіме айтып, халықаралық іс-шаралар ұйымдастыруға болады.
Демократия дегеніміз – адамгершілік пен әділдікті, теңдік пен бостандықты ту ететін адами құндылық. Ал, тәуелсіздіктің 23 жылында біз осы үрдістерді қалыптастыра алдық па?.. Сөз жүзінде әл-ауқатымыз пәлен есе артты делінгенімен, халықтың 50 пайыздан да көбі кедейшіліктің қамытып киіп отыр. Экономикалық өсім болғанымен, әлемде бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, алға шығып кеткен ештеңеміз жоқ. Керісінше, сыртқы қарызға белшемізден батып, оның өсімі жыл өткен сайын өсіп келеді. Дес бермей тұрған инфляция мен банктердің пайыздық өсімі жоғары несиесіне құл болғандардың саны күн санап артып келеді.
Тоқсаныншы жылдардың басында кеңшарларды таратқанда, ата кәсібіміз төрт түлік малдың құнын түсіріп, мысалы, бір қойды – бір қап ұнның деңгейіне дейін құлдыратып, ауылдың тоз-тозын шығарған едік. Енді жер қойнауын ақтарып, өзен-суларымызды ластап, құрғатып бітіретін түріміз бар. 1990-жылдары қаңырап бос қалған өндірістердің орнына ештеңе салынбады. Қазір не өндіріп, кімді жарылқап жатқанын түсінуден қалдық.
Жер қойнауын ақтарып қазба байлықты түгесуге жақындадық. Мұнайымыздың да мұңы көбейіп тұр. Үміт артқан кен орындарымыздың біразы қаңтарылған қалыпта. Үш күндік ғұмыры бар кәсіпорынды ашуымыздан – жабуымыз жылдам. Халықтың күнкөрісінің көзі болып отырған қара базар өртенсе, қарапайым саудагерге соқыр тиын өтейтін тірі жан табылмайды. Сөйте тұра, Астанадағы мега ойын-сауық орталығының мұртын балта шаппаса да мемлекет бюджетін қыруар қаржы бөліп, орынсыз жарылқап тастамаққа тырыштанамыз.
Әлем елдерінің көбі өздерінің стратегиялық маңызды нысандарын жекеменшіктің қолына беталды ұстата салмайды. Ал, біз көбін жекеге беріп қойдық. Енді оның бағасын білгендерінше өсіріп, жұрттың қалтасын қағып жатса, қоғамдағы тұрақтылыққа кепілдік бере аламыз ба?..
Шетел компаниясында жұмыс істейтін өз отандастарымыздың алатын еңбекақылары сол ұжымның жат жұрттық жұмысшылары алатын жалақысымен салыстырғанда, жер мен көктей айырмашылығы туралы өкпе наз айтыла-айтыла жауыр болды. Шикізатқа ғана негізделген, мұнайға бай бола тұра жанармайға мұқтаж елдің дамудың қай деңгейінде екендігі түсінікті. Арақ пен темекіден басқа ауыз толтырып айтарлықтай өнімі жоқ елді «бәсекеге барынша қабілетті» деп қашанғы алдарқатамыз.
Қоғамды қатыгездік жайлап бара жатқандығы да алаңдаушылық тудырады. Есірткіге еліргендер мен маскүнемдер, қоғамдағы немқұрайдылық пен безбүйректіктің салдары ақыр аяғында он екі мүшесі сау жас балғындардың қыршыннан қиылуға дейін әкеліп соқтырып жатыр.
Біздің қазіргі экономикалық саясатымызда ұлттық мүдде ең алдыңғы қатарға қойылмай, бізге алға жылжи алмаймыз. Демек, қазақ деген ұлтымыз өспей, қазақстандық жұртымыз өспейді. Ел экономикасының дамуына құрғақ уәделер мен орындалмайтын түрлі бағдарламалардан гөрі, нақты қызмет, жұмыс орындары мен білімді де білікті азаматтар керек.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, доцент, журналистика саласының зерттеушісі, ұстаз
















Жауап беру