
Құрбан айт мейрамының тарихы Алла Тағаланың Ибраһим Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) ұзақ уақыт аңсап күткен, тұңғыш ұлын құрбандыққа шалу әмір етілген кезеңінен бастау алады. Ибраһим Пайғамбар ұлын құрбандыққа шалғалы жатқанда, Алла Тағала құрбанды қойға ауыстырған. Осылайша сенімі сыналған Ибрахим Пайғамбар Аллаға мүлтіксіз бағынудың үлгісін көрсетті және Раббысының рақымына бөленіп, дәрежесі көтерілді. Ибраһим Пайғамбар да, оның ұлы да (екеуіне де Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаланың әміріне бағынып, Жаратқан Иемізге бойұсынудың ғажап өнегесін өрнектеді.
Осынау орасан оқиғаның ғибраты бойынша, төрткүл дүниенің түгел мұсылмандары Құрбан айтта құрбандыққа мал шалады. Малдың еті үш бөлікке бөлінеді: бірінші бөлігі жоқ-жітіктерге таратылады, екінші бөлігі отбасына қалады, үшінші бөлігінен қонақтарға мерекелік ас әзірленеді. Яғни, Аллаға құлшылық жасалады, кедей-кепшіктерге жәрдем беріледі, туыстық және достық қарым-қатынас сақталады.
Қасиетті Құранда құрбандыққа шалынған малдың еті де, қаны да Аллаға бармағанымен, мүміндердің бойұсынуы мен тақуалығы, адалдығы мен Алланың рақымынан үміт ететіндігі, жомарттығы мен шын ниеті Ұлы Рахманымызға баратындығы айтылған. Құрбан шалу бірқатар хикметтерге бағытталған.
Бірінші нығмет – нығметке шүкіршілік. Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың нығметтерін санасаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар…» – деп ескертілгендей, құрбан шалу – Алла Тағаланың пендеге берген сансыз нығметтеріне деген шүкіршілік. Адам баласы өмір бойы Жаратқан Иесінің қисапсыз нығметтеріне бөленеді. Айталық, бір жылдан келесі жылға аман-есен жету. Иман нығметі. Дене-мүшесінің саулығы нығметі. Мал-дүние амандығы нығметі.
Екінші нығмет — Ибраһим (ғ.с.) сүннетін жандандыру. Құран Кәрімде: «Ол (ұлы) оның өзімен бірге жүріп, әрекет етуге жеткен кезде Ол: Балам! Мен түсімде сені (құрбандыққа) шалып жатқанымды көремін. Байқап қарашы, сен не ойлайсың? – деді. Ол: Әкешім! Өзіңе бұйырылғанды орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табасың,– деді» – деп, Ибраһимнің ұлы Исмаилдің (ғ.с.) иләһи әмірге бойұсынып құрбан ету сынағына ұшырағаны баян етіледі. «Анығында, бұл – ашық сынақ. Және Біз оның орнына үлкен құрбандық бердік» – деп, әкелі-балалы пайғамбарлардың үлкен сынақтан сүрінбей өткендігі айтылады. Мұның өзі құрбандық шалудың мұсылманға сынаққа төзу мен әрбір істе сабырлық қажеттігін үйрететін ғибадат екендігін ұғынамыз.
Үшінші нығмет – садақа жасау. Құрбандық етін мұқтаж жандарға садақа ету арқылы міскіндердің қиыншылығын жеңілдетіп, шаңырақтарына шаттық сыйлауға себепкер болады. Бұл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманынан жалғасып келе жатқан сүннет һәм игі дәстүр.
Құрбан айт мейрамы кезінде мұсылман бауырларымыз бір-біріне деген өкпе-реніштері болса құлан-таза кешірім жасаса игі. Кешірім сұрай білу де шынайы мұсылманның мінезі. Ниетіміз қабыл, Құрбан айт құтты болсын!
Құрбандық шалу – шүкіршіліктің бір көрінісі.
Қан шығарумен құлшылық орындалады, яғни Құран Кәрімнің: «(Ей, Мұхаммед!) Анығында, Біз саған Кәусарды бердік. Раббың үшін намаз оқы және құрбандық шал» – деген әмірін орындаған болады.
Тақырыпқа тұздық
Бір діни әңгімеде былай баяндалады: бірде Сүлеймен пайғамбар демалып отырған кезде, кеудесінде жорғалап бара жатқан құмырсқаны алып, лақтырып жібереді. Жәбірленген құмырсқа ашуланып:
- Әй, Алланың пайғамбары, сен маған аяушылық етпестен неге лақтырасың? Қиямет күні жер мен көктердің Иесі, жәбірленушінің ақысын зұлымдық етушіден алып беретін, әділдік иесі Алла Тағаланың алдында жауап беретіндігіңді ұмыттың ба? — дейді. Құмырсқаның бұл сөзін естіген Сүлеймен пайғамбар есінен танып қалады. Сәлден соң есін жинап, құмырсқадан кешірім сұрайды. Сонда құмырсқа:
- Менің үш шартымды орындамайынша, сенің жәбіріңді кешірмеймін,- дейді. Сүлеймен оның қандай шарт екенін сұрайды. Құмырсқа оған:
- Біріншіден, бірдеңе сұрап келген адамды бос қайтарма, өйткені, сенен қайыр сұраушы, шын мәнінде, Алланың саған берген кеңшілігінен сұрап келеді. Олай болса, оларды Алланың кеңшілігінен қалайша тыясың? Екіншіден, осы дүниеде өзіңе берілген артықшылықтарға алданып, дандайсыма, жүрегің қатаяды. Саған бүкіл патшалықты берген Алла Тағала екенін есіңде тұт. Үшіншіден, көмек сұрап келген адамнан қолыңнан келгенді аяма! – дейді.
Сүлеймен оған:
- Алла қаласа, бұл айтқан шарттарыңды орындаймын, – деп құмырсқаға уәде беріпті.
Сондықтан, біз кешірімді болсақ, ин ша Алла, Раббымыз да бізге рақымдылық көрсетеді.



















Жауап беру