
… Кезінде жасыл желек жамылып, күре жолмен өткен жолаушылардың ақпейіл анасындай болып жататын Қарабұтақ селосы кешегі алмағайып уақытта аудан мәртебесінен айрылып қалды. Сол кездегі Комсомол, қазіргі Әйтеке би ауданына қосылып кеткен (әлде солақай билік қосып жіберген) Қарабұтақ селосы жадау, жадағай күйге түсті. Адамдары болымсыз бір анықтама алу үшін де аттандап Комсомол асатын, ол кезде қазіргідей жол да жоқ, жаздың аптабы мен қыстың бораны қарабұтақтықтардың таусылмайтын қайғысына айналғандай еді…
Қазақтың талай асылдары шыққан, Кобзарьға пана болған ауыл соңғы төрт — бес жыл көлемінде адам танымастай өзгерді. Ел экономикасының түзелуіне орай, ауыл жағдайы да оңала бастады. Тұрғындар әр түрлі кәсіпке машықтанды, ауыл үстінен өтетін «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» жолы елге көп жеңілдік әкелді.
Кеше облыс әкімі Архимед Мұханбетов Қарабұтаққа іссапармен барды. Әйтеке би ауданына қарасты Қарабұтақ ауылына тартылған газ құбыры желісінің ашылу салтанатына арнайы келген облыс басшысы ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдеріне көптеген жағымды жағдайларды хабарлады.
Аудан халқының 10 % қоныстанған Қарабұтақ ауылына тартылған газ құбырының ұзындығы 71,1 шақырымды құрайды, жобаның жалпы құны 1606,7 млн. теңге, қаржы республикалық бюджеттен бөлінген.
Тағы бір маңызды жәйт, осы жылы Әйтеке би ауданын газдандыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылды. Комсомол ауылына ағымдағы жылы құны 2122,9 млн. теңгені құрайтын, ұзындығы 78,2 шақырым газ құбырының құрылысы бойынша жобалық сметалық құжаттама даярланды, газды түбегейлі өткізу жұмыстары 2015-2016 жылдарға жоспарланып отыр.
Ал одан да артық қуанышты хабар, ауданның Ақкөл, Аралтоғай, Жамбыл тәрізді қаға беріс қалтарыстағы ауылдары да көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады. Осы нысандарды газдандыруға мүмкіндік беретін Талдысай және Жарөткел ауылдарына жалпы құны болжаммен 1809,9 млн теңге болатын газ тарату жүйесі станциясының құрылысы 2016-2017 жылдарға жоспарланып отыр.
Жалпы Ақтөбе облысы үшін биыл газ саласы бойынша жақсы жаңалық үшеу: бірінші, 2014 жылдың қорытындысы бойынша қосымша 20 мыңнан астам адам газбен қамтылатын болады; екінші, облыстағы 26 елді мекенге газ тарту бойынша техникалық- экономикалық негіздеме және жобалық- сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, оларды қаржыландыру 2016-2017 жылдарға белгіленген. Үшінші, осы жұмыстардың нәтижесінде 2017 жылдың соңына қарай, тұрғындарды газбен қамту үлесі 90 пайызды құрайтын болады.
… Ауыл тұрғындары облыс әкімі мен мердігер компания өкілдеріне алғыстарын білдірді.
Шара Нұр














Жауап беру