Сіз мындасыз:

Қарабура Таманың баласы болуы мүмкін бе?
Қарабура Таманың баласы болуы мүмкін бе?

Қазақ елі егемендік алғалы Қарабура әулие туралы көп кітаптар мен мақалалар жазылды.Солардың ішінде тарихи және ғылыми зерттеулерін жасағандар Ш.Уәлиханов пен Ә.Кекілбаев.

Қарабура – Тама елінің ұраны болса да бүкіл қазақтың аса киелі, әулие есебінде бас иетін абыз есімінің бірі. Тама шежіресінде осынау әруақты адамның аты бар…

Қазақ Совет энциклопедиясының 10-томында академик Ә.Х.Марғұланның тұжырымдап  жазған қысқа мақаласында Қарабура атамыздың есімі Тама елінің ұраны екені айтылған. Сондай-ақ, Тама деген рудың монғолдың Енисей қырғыздары және жалпы Қыпшақ мемлекетіне кірген халықтарда соның ішінде башқұрт пен қырғыз халықтарының арасында бар екені айтылған. Тамалар Қыпшақ таңбалы… Дешті Қыпшақ, Ноғай ордасы, Қазақ хандығында  тамалардың іргелі ел болғаны белгілі. Осыған қарағанда тамалар тарихы Қыпшақ мемлекетінің жуан ортасында Х- ғасырдан бері белгілі. Алайда, Тама елінің тарихы басқа түркі тайпалар секілді арыда жатқаны көрініп тұр.

ХҮ ғасырдан бергі тарихтың өзінде, яғни Қазақ мемлекеті шаңырақ көтергелі Тама елінің көптеген ардақты адамдары болған, олар туралы жан-жақты айтылған жоқ. Мысалы, Бұхара  қаласындағы әйгілі Көкілтас медресесі Тама елінен шыққан зиялы адамдар құрғызған тарихи ғимараттар екенін мақтанышпен айтамыз. Кезінде осы ғимараттар тарихын мұқият зерттеген Х.Досмұхамбетұлы сол Бұхарадағы үлкен медресе ғимаратын Көкі деген зиялы адам құрғызғанын, және оның Тама елінен шыққан адам екенін дәлелдеп Тама шежіресіндегі орнына дейін көрсетіп еді.

Қазақ мемлекетінен арғы тарихты қарасақ, Қыпшақ мемлекетіне кірген ұсақ тайпаларды емес, ірі тайпаларын айтсақ саны 26 болған еді. Солардың бірі Тоқсоба…. Сол Тоқсоба қазір Таманың құрамында жүр. Бұл жағдай тарих зерттеушілерін қатты қуантқаны белгілі. Тарихтың кейбір шындығын мысалға алсақ, сонау ҮІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүрген Қарлұқ мемлекеті құрамында бізге етене таныс тайпалардан Беріш пен Жеменей бар.  Он екі ата Байұлының ішінде Адай мен Беріш  бар екенін айтсақ Жеменей сол Адайдың сегіз арысының бірі болып жүр. Міне, Тоқсоба тайпасының да тағдыры осылай.

Ел құрметіне ие болған Қарабура атамыз аса киелі, қасиетті адамның бірі болған. Оның жерленген жері — Қаратаудың етегі. Атам заманнан түркі тайпаларының мекендеген алтын ұясы. Соңғы жылдары егемендіктің арқасында етек жеңін жиған қазақ елі, бұрынғы өткен киелі адамдарын құрметтеп, ескерткіштерін жаңартып және еске алып, ас беріп ел есінде қаларлықтай шаралар өткізіп жатыр…

1997 жылы қазақ елі Қарабура атамызға бағыштап үлкен ас берді, энциклопедиялық көлемде кітап шығарды. Аталған үлкен жинақта Қарабураның бүкіл түркі  халықтарының көрнекті тарихи тұлғасы, мемлекет қайраткері, Орта Азияда ислам дінінің етек алып орнығуына елеулі үлес қосқан, түркі тайпалары арасындағы әскери ақсүйектердің абызы екені кең көлемде жан-жақты көрсетілген. Оның арғы атасы Тама, әкесі Көгіс өз кезінде ел басқару ісіне араласып, елге, бүкіл Ноғайлы ұлысына қорған болған әйгілі батырлар, яғни тарихи тұлғалар.

Батыс Түрік қағанатының қара шаңырағы болған қазақ даласында Қарахан мемлекеті бой көтергенде оның нығаюына Қарабура белсенділік көрсеткен. Мемлекет ішінде ислам дінінің орнығуына Қожа Ахмет Яссауимен бірге атсалысып, өзінің өсиеттерімен ел көксеген мақсат мүдделерін ортақтастырған абыз. Қожа Ахмет Яссауи дүние салғанда, өзінің өсиеті бойынша, арулап жерлеу рәсімі Қарабураға жүктелгеніне қарағанда, оның өз заманында аса беделді адам болғаны көрінеді. Әрине, бұл айтылғандар тек халық ауызындағы аңыздар ғана. Шындығында, Қарабура Х-ғасырда өмір сүрген Сұлтан Сатұқ Буғра хан сынды тарихи тұлғаның прототипі болып шығады.

Бұл күндері Созақ ауданындағы Қарабура әулиенің кесенесі түрік әлемінің киелі қорымына /пантеон/ айналған. Кесене айналасында өз өсиеттері мен өтініштері бойынша Ақназар хан, Қоңырат Құрбан ата, Сарыүйсін Белгібай қажы, Тама Құлтас би, Тарақты Шілмембет би, Тама Дәулет-Қарабура батыр, Шахасым ахун, Қожамқұл ғұлама сияқты әйгілі, ел құрметіне бөленген адамдар жерленген. Халықтың ыстық құрметінің белгісіндей болып, қазір Қарабұра әулиенің басында салтанатты кесене, мазар ғимарат бой көтерген. Сондай-ақ, Шымкент қаласында Қарабура мешіті құрылған…

Қарабура кітабы 1997 жылы Алматыдағы «Өлке» баспасында жарық көрді. Осы кітап туралы бірер сөз айта кеткеніміз артық болмас. Бұл өте көлемді жинақ… Қарабураға қатысты мақалалармен қатар өлең, жырлар, толғаулар кіргізілген. Сонымен бірге, Қазақ елі тарихындағы белгілі тұлғаларға да орын берілген. Кейбіреулерін атап айтсақ Әйтеке би /279-298 бб./, Жалаңтөс батыр /190-196 бб./, Әбілхайыр хан /197-200 бб./ және басқалар…

Аттила туралы М.Аджи мен Ш.Айтматов пен М.Шахановтың мақалалары берілген…

Бәрін айт та, бірін айт демекші аса құнды ғылыми мақала Ә.Кекілбаевтікі екенін айтып мақтанышпен алғысымызды айтуға міндеттіміз. /Елдік пен ерлік киесі. 14-22 бб. Кейінірек толық көлемде 8-томына кіргізілген, 1999 ж./. Тарихты терең зерттеп зерделеген Әбекеңнің сөз саптауы да, тарихи мәліметтері де — елден ерекше шоқтығы әрқашан биіктен көрінеді…

Біз бұл кітапты шыққан соң бір-ақ көрдік. Әттең, ең болмаса пікір жазу үшін бізге әкелгенде, біз біраз түзетулер енгізер едік. Ең болмағанда, Бұхарадағы әйгілі ғимарат Көкілтасты құрғызған Тама елінің өкілі туралы жазып берер едік, және Х.Досмұхамбетұлының Тама елінің зиялылары туралы жазылған аса құнды зерттеулерін кіргізген болар едік. Сондай-ақ,  Аттила мен Әбілхайыр туралы аса құнды зерттеулерді де кіргізгенімізде нұр үстіне нұр болатын еді….

Қарабураны біз ардақтауға міндеттіміз. Себебі, Түрік қағанаты және одан соңғы мемлекеттер дүние жүзі тарихында белгілі болса да, ғұламалары мен түркі жазуымен жазған кітаптары бізге жеткен жоқ. Араб әліппесінде жазған кітаптарының арқасында біздің заманға еңбектері жеткен ғұламалар бармақпен санайтындай ғана. Олар негізінен Яссауи, Фараби, Баласағұни ж.б. еңбектері. Ал, еңбектері бізге жетпесе де, ел аузында жақсы сақталған абыздар — Қорқыт ата, Арыстан баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Баба ата, Қарабура сынд әулиелерді халық пір тұтып, табынып, бас иеді

Қарабура Тама елінің шежіресінде және Қазақ елінің әйгілі жырлар тобы /Мұрын жырау жырлаған, алғаш рет 1961 жылы жарық көрген/ төмендегідей орын алады. Қырымның Қырық батырының бірі болса одан Жұбаныш, одан Сүйініш, одан Ер Бегіс, Ер Көгіс, одан Тама батыр, одан Қарабура, одан Нәрік, одан беріде Шора батыр, Есенгелді, Атамшыл, Торым, Базарқұл, Көкі, Есет батыр болып беріледі. Аталған тарихи тұлғалар, бәрі де жыр арқауы болған батырлар. Бұл жерде Тама атауы осынау ерлердің бәріне қатысты ру атауы, этноним екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ, Қырымның Қырық батыры жинағындағы батырлардың бірі Ер Қосай Адай елінің батыры…

Ә.Кекілбаев: «…Қарабура… Қара… Бура… Памир мен Қаратау арасын жайлап жатқан ежелгі мәдениетке ерекше тән құбылыс. Киелі ұғым. Қара – көптің белгісі. Бура – күштің белгісі. Шабынған Бура бейнесін ескі жартастардағы суреттерден де, ежелгі қалалар орнынан табылған мүсіндерден де, ескі  ғимараттардың ою-өрнектерінен де табуға болады. Эфталиттер мен хазарилер, кушандықтар мен қаңлылар соқтырған ескі теңгелерден де қанатты, қанатсыз буыршындар бейнесі  ұшырасады. Алтайдан келген Қарақытайлардың да бұл өлкеде аз билігін орнықтыру үшін бұл тұспалға жүгінуі тегін емес. Кие – күш. Күш – кие. Кие дарымай ер көсегесі көгермейді. Біздің тәй – тәй басқан тәуелсіздігіміз бен қаз – қаз тұрған азаттығымыз аруақтанып, асқақтай түсуі үшін де айбар керек.

Өлі риза болмай, тірі байымайды деседі. Аруақ разы болмай тұрып, абырой асар ма? Абыройсыз айбар бітер ме?…»/Қарабура, 21-бет/  деген аталы сөзін ескерсек, Қарабура терминінің өзі де көп жәйтті аңғартады. Мысалы қазіргі кезде шұбатты /қымыран/ жақсы көрсек те түйеге қатысты көптеген атаулар ескіріп бара жатқан жайы бар… Алайда, бура атауы ерекше көрінеді. Ашып айтсақ түйеге қатысты атаулар мыналар:

Бір жасқа дейін бота,

Екі жаста   тайлақ,

Үш жаста еркек болса нарша, ұрғашы болса қаймал…

Бір өркешті түйе аруана деп аталады, еркегі үлек.

Екі өркешті түйе інген деп аталады, еркегі – бура.

Бір өркешті түйе мен екі өркешті түйеден, яғни шағылысып туған түйе мая әлде нармая деп аталады.

Інгеннен туған – 5-6 жастағы түйе атан деп аталады.

Аруанадан туса көрт деп аталады.

Нармаядан туған үлекті піштірген соң – нар деп атайды….

Демек түйенің үлегі әрқашан асау, адамға қарайтын қорқынышты жануар, сондықтан алып күш пен мықтылықты көрсетеді. Сондықтан М.Өтемісұлының:

Қас үлектен туған қатепті,

Қара нар керек бұл іске…

Қабырғасын бір бірлеп,

Қақыратып сөксе де,

Қабағын шытпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске, – деп азаттықты аңсаған зары мен ұранды қара нарға теңеп айтқаны Қара бура деген ұғымның аса кең мағынада айтылатынын және қара күштің көптігін білдіреді.

Түйе атауларымен қоса қазақ елінің ертеден келе жатқан тағамы қымыз бен қымыран да бір сөз екенін айта кеткеніміз жөн болар. Қым – ертедегі түрік тілі мен хун тілінде сүт деген мағына берген. /Қараңыз: Ә.Х.Марғұлан еңбектері және Б.Е.Көмеков «История кимаков по арабским источникам», С.К.Өтениязов, «Аттила»/

Қарабураның өмір сүрген заманы Қарахан қағанаты, Ғазнауи сұлтандығы, Салжұқ сұлтандығы, Хорезм мемлекеті сияқты елдік-мемлекеттік құрылымдар арқылы Орта Азияда ислам дінінің салтанат құра бастаған кезі еді…

Міне, осындай өтпелі кезеңде қайраткерлік, ойшылдық, саясаткерлік, ерлік күрескерлік қасиеттермен ел тағдырына белсене араласқан түркі елдері арасындағы аристократияның беделді тарихи тұлғаларының бірі Қарабура болды.

Енді Ә.Кекілбаевтың халқымыздың тарихына арналған зерттеулерін байыптап қарайық. Олардың арасында  «Елдік пен ерлік киесі» атты Қарабура әулиеге арналған көлемді мақаласы бар. Мұнда Әбекең аңыз бен шежірені барлық уақытта шындыққа балауға болмайтындығын айтады. Белгілі зерттеуші Ә.Кекілбаев қазақ шежіресінің кейбір бөліктері, кейбір емес- ау көп бөлімдері тарихи шындыққа дәл келмейтінін нақтылап көрсетеді.

«Шежіреге айтқызсаңыз, ол – Тама батырдың баласы. Ал Тама батыр атақты «Қырымның қырық батыры» дастанының бір тарауы «Қарадөң балалары» топтамасында, Мұрын жыраудың айтуынша, былайша өрбиді: Қарадөң батыр, оның баласы Жұбаныш, оның баласы Ер Бегіс, оның баласы Ер Көгіс (кейде Тоғыс деп те аталады), оның баласы Тама, одан Тана туады. Жырау бір топтаманы осы арадан үзіп, Нәрік хан мен оның баласы Шора батыр туралы жеке жырлайды», — деп көрсетеді. (”(8-том,165 бет) Одан ары:

«Қарабура Таманың баласы болуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Өйткені, тамалар – Х ғасырдан бұрын да бар этникалық атау. Ал Қарабура – адам болсын, жоқ тек ұран ғана болсын, мейлі Х-ХI ғасырларда дүниеге келген Қарахан мемлекетіне байланысты құбылыс…

…Қарабура Таманың өз кіндігінен тууы қандай мүмкін болмаса, нақты деректерге қарағанда, XV ғасырларда өмір сүрген Нәріктің де Қарабурадан тууы еш мүмкін емес. Өйткені, Нәрік XV ғасырда Қаратау бойынан соңына ызғындай рулы ел ертпей, салт басты сабау қамшылы көшіп барып, Қазақ хандығының шонжары бола салмайды. Ал XV ғасырда Еділ бойында өмір сүріп, Қаратауға келіп дүние салған десек, онда Қарабура Қожа Ахмет Иассауидің жаназасын шығаруы еш мүмкін емес.

Ендеше, Тамалардың ұранына айналып, көне Созақта күмбезі тұрған Қарабура Қарахан мемлекетінде туып, Қара мен Боғра хандардың құрметіне осындай атқа ие болған перзент болса ғана, түркі дүниесіне дін таратушылардың алғашқы легіне, есімі Қожа Ахмет Яссауимен бірге аталатындай сый-құрметке ие болуы мүмкін” (8-том,173-175 беттер) – деп түсініктеме береді.

Сұлтан Сатұқ Боғра хан туралы Қарахан мемлекетінің алғашқы зерттеушісі Ш. Уәлиханов «…воитель за веру» деп және оның 915-955 жылдары, яғни Х-ғасырда мемлекет басында отырғанын, және исламды қабылдағанын, қабылдап қана қоймай исламға қамқоршы болғанын, Тараз, Қашқар, Баласағұн қалалары сол кездің мәдениет орталықтары болғанын жазады (Собрание сочинений Ч.Ч.Валиханова. 3-том, 1964. 179-81, 566-беттер.), Қорыта айтқанда, Ш.Уәлиханов бастаған түбегейлі зерттеуді Ә.Кекілбаев одан ары дамытқан. Осы екі  зерттеушінің  Қарабура туралы еңбектері бұлтартпас тарихи шындықты көрсетеді…

ХҮІ ғасырдың 1-жартысына дейін өмір сүрген ұлы тарихшы Мухамед Хайдар Дулатидің еңбектерін алғаш рет Ресей ғылымында зерттеп, ғылыми айналымға кіргізген қазақ ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов еді. Оның әйгілі ғылыми еңбегі «Очерки Джунгарии» Петербургтегі ЗРГО-ның (Записки Русского Географического Общества) 1861 жылы 1-кітабында 184-200 беттерде, 2-кітабында 35-58 беттерде басылып шыққан еді.

Ш.Уәлиханов Қарабураға қатысты Қарахан мемлекетінің тарихын Қашқария сапарынан (1858-59жж.) соң зерттеген еді. Оған себеп, өзінің Қашқардан «Тазкирян Ходжагян» (Қожалар тарихы) атты кітапты алып келгенін, оның ХҮІ ғасырдың ақырындағы тарихтан бастап 1758 жылға дейін мәлімет беретінін айта келіп: «Таким образом «История ходжей» служит продолжением «Тарихи – Рашиди» — деп баяндап оған қоса және өте құнды 4 кітап алып келгенін жазады: «Из книг, приобретенных мною в Кашгаре еще заслуживают внимания:

1. «Тазкирян султан Сутук-Бугра  хан Гази» жизнеописание хана Султан Бугра из династии Илеков, который первый принял ислам и распространил его в Кашгаре.

2. «Тазкирян Туглук Темир хан (жизнь Туглук Темирхана из джагатаевичей который первым из монгольских ханов Могул улуса принял ислам).

3. «Ришахат» или известия среднеазиатских законоучителях и чудотворцах.

4. «Абу Муслим Марузи» — героический роман, замечательный потому, что вошло много местных исторических преданий» (ССВ, том 1, 1961. 403-404беттер) — деп қысқаша баяндайды.

Тағы бір айта кететін жәйіт Ш.Уәлиханов Сұлтан Сатұқ-Бұғра ханның моласы Қашқарда екенін де көрсеткен. Қашқария туралы әйгілі зерттеуінде: «Астын Артыш (нижний Артыш), иначе Алтын Артыш (золотой, на севере востоке и от Кашгара в 60 верстах, замечателен гробницей и мечетью, построенными на могиле султана Сутук Бограхана Гази, которые служат местом пилигримства для набожных мусульман» (Сочинение Ч.Ч.Валиханова. СПб, 1904, 101-102 беттер) – деп нақты мәлімет береді… Одан ары қарай: «Гробницы туркестанских царей того времени сохранили им титул гази (воителей за веру). Один из них Сутук Бугра –хан, умерший в 429 году хиджры, распространил газат до Турфана и Комула…» (сол кітапта 109 бет) – деп Бугра ханның ислам алдындағы қызметін көрсетеді.

Бұл жерде біздің айтпағымыз, Бұғра хан мен Қарабура тарихта бір тұлға екенінде дау жоқ. Алайда, оның моласының екі үлкен екі аймақта болуы да ғажап емес…

 

Ә.С.БЕЙСЕНОВА,  академик

Б.Е.КӨМЕКОВ, академик

Ә.САРАЙ, халық жазушысы.

С.К.ӨТЕНИЯЗОВ, профессор

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

1 пікір
 

  • аман токин

    16.06.2014 - 17:44 Ответить

    Осы рушылдық пен ата-бабасын мақтауды қашан қоямыз… Ру қан тазалығы үйлену құда-жегжат болу сонда ролін атқарса болды. Ал, Қарабура Боғрахан бір тұлға деп өтріктің керегі не? Ал, солай болғанда кімге не пайда, одан қазақты біріктіру бір мәселені шешуге ұмтылайық… Орыспен мысалы төбелессең сені ой евтв… тама не қоңырат деп отырмайды, «бей-убей казаха» дейді… Сондыктан әулиені тыныш койып реал маселеге көшкен жақсы академик-сымақтар…

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Октябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Сен    
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика