Сіз мындасыз:

Қазіргі зиялылар қандай болуы керек?!.
Қазіргі зиялылар қандай болуы керек?!.

Біз зиялы қауым деп атайын интеллигенцияның қоғамымызда ерекше орын алатыны анық. Оған жұрт айрықша үміт арта қарайды. Оның жастар тәрбиесінде де зор рөл атқаратыны белгілі. Ал жас буын – еліміздің келешегі, ендеше интеллигенцияның өскелең ұрпаққа қандай тәлім-тәрбие беріп, үлгі көрсетіп жүргеніне бейтарап қарамау ләзім. Дәлірек айтқанда, осы бір интеллигенция деп аталатын қауымды айқынырақ тануға тырысқан дұрыс. Табиғатына көз жүгіртіп, интеллигенция дегеніміз қандай топ, интеллигент деп кімді айтамыз, ол қандай болу керек деген сауалдарға жауап іздеп байқау абзал. Жалпы, бүгінгі интеллигенттің сыр-сипаты қандай, яки қандай болуға тиіс?

Тарихқа қысқаша шолу

Қызметтің интеллектуалдық түрімен кәсіби түрде шұғылданатындар ежелгі замандарда да болған. Ертеде олардың қатарын мұғалімдер, дәрігерлер, өнерпаздар және тағы сол сияқты ой еңбегі адамдары құрады. Жаңа заман дәуірінде ғылым, әдебиет, өнер салаларының ерекше дамуы, тиісінше ой еңбегімен айналысатын адамдар санының күрт өсуі нәтижесінде, интеллигенция ірі әлеуметтік топқа айналды. Сол уақыттан бастап олардың әлеуметтік-мәдени қауымы пайда болды. Ғылым, білім, өнер, құқық салаларында еңбек ететін осынау қауым өкілдері мәдени құндылықтарды жаңғыртты, өсірді әрі дамытты, сөйтіп оқу-ағартуға, прогреске септесті.
Біздің еліміз ұзақ жылдар құрамында болған Ресей империясында да осындай үдеріс жүрді. Мұнда интеллигенция сөзі ХІХ ғасырдан қолданыла бастаған. Дальдің әйгілі сөздігінде оған «тұрғындардың парасатты, ақыл-ойы дамыған бөлігі» деген анықтама берілген екен. Сол шақта Петр Боборыкин деген жазушы бұл сөздің неміс мәдениетінде қоғамның интеллектуалдық қызметпен шұғылданатын өкілдерінен тұратын қабатын белгілеуге қолданылғанын, ал орыс тіршілігінде оған жаңа және ерекше мән берілетінін айтыпты. Ол интеллигенцияны «ой еңбегімен шұғылданатын қызметкерлер» деп емес, «биік ой және этикалық мәдениеттің» адамдары деп тұжырымдаған. Түсіндіруінше, интеллигенция – әртүрлі саяси қозғалыстарға жататын, бірақ рухани-имандық негізі ортақ, алуандаған кәсіби топтарға кіретін кісілер.
Интеллигенцияның негізінен «ой еңбегімен шұғылданушы» ретінде белгіленген өлшемі ХХ ғасырда қатты өзгеріске ұшырады. Дұрысында, оның орнына басқа анықтама келді. Ресей интеллигентінің басты белгісі ретінде азаматтық жауапкершілік, қоғамдық ар-ожданды иеленушілік, айналадағы құбылыстарға ахлақи қатыстылықты сезіну қасиеттері атала бастады. Сөйтіп, өз отанының тағдырына алаңдаушылық, әлеуметтік тұрғыда сын айтушылық, ұлттық дамуға кедергі келтіретіндермен күресуге ұмтылушылық, кемсітілгендер мен қорланғандар үшін адамгершілік уайымға беріле алушылық ресейлік интеллигентке тән қадір-қасиеттерге айналды.
ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығының екінші жартысында «Орыс қоғамдық ойының тарихы» кітабы және «Вехи» («Кезеңдер») деген атпен бір топ философтың орыс интеллигенциясы туралы жазған мақалалар жинағы шықты. Солардан кейін жаңа анықтама пайда болды. Соған сәйкес, білімділер ішіндегі патша үкіметіне сыншыл көзқарастағылар, «мешеу» билікті сынға алғандар ғана интеллигенцияға бірінші кезекте жатқызылды. Олардың бүйрегі либералдық және социалистік идеяларға бұрылып тұрды.
Қоғамның әлеуметтік құрылымындағы интеллигенцияның орыны революцияға дейінгі пікірталастарда айрықша талқыға түсті. Бұл мәселеге біреулер таптан тыс көзқараспен келіп, интеллигенция ешқандай да әлеуметтік топқа жатпайды, ол – қоғамның элитасы, сондықтан таптық мүдделерден жоғары тұрады, өйткені жалпыадамзаттық мұраттарды көксейді деп санады. Екіншілері оны таптық көзқарас ауқымында қарастырды. Мұндайлардың бірқатары «интеллигенция әлеуметтік топ емес, бірақ оған әр тап өкілдері кіреді» десті. Келесі біреулері оны белгілі бір тапқа – буржуазия табының немесе пролетариат табының бір бөлігіне жатқызды. Енді бір көзқарас бойынша, интеллигенция ерекше тап ретінде бөлек қарастырылды.
Революцияның алғашқы жылдарында большевиктер көсемі Лениннің интеллигенцияға: «…өздерін ұлттың миымыз деп ойлайтын капитал итаршылары», – деген анықтама беріп, – «…іс жүзінде бұлар ми емес, нәжіс», – деп (Максим Горькийге жазған хатында) бағалағаны баршаға мәлім.
Аталған кезеңдерде қазақтың орыс оқу-білімімен тағаланған, орыс интеллигенциясының ықпалын сезінген жаңа сипатты зиялы қауымы пайда болып, қалыптаса бастады. Ұлттық тәрбиені шығыс білімімен ұштастырған интеллигенция да едәуір еді, бірақ империяның оқу жүйесінде тәрбиеленгендер орыс революциялық қозғалысына бұлардан гөрі тақаулау тұрды. Солар ұлттық қозғалысты өрістетіп, монархия құлағаннан кейінгі тұңғыш автономиялық өкімет органы болып табылатын Алаш-Орданы тарих сахнасына әкелді.
Ұлт қайраткерлері автономия үкіметін Петроградтағы большевиктер төңкерісі «әкеле жатқан анархияға» қарсы тұру мақсатымен, Орынборда құрғаны белгілі. Бірақ «анархияға» төтеп бере алмады – большевизм бұрынғы империяның барлық түкпірінде жеңіске жетті, сонда Алаш қайраткерлері совет өкіметін мойындап, өзіндік «сменовеховство» ағымын – бағдар ауыстырушылықты бастан кешкен болатын. Революция тұсындағы қазақтың ескі интеллигенциясы ел болашағына осылай, кеңес платформасында қызмет етуге ұйғарған еді.
Алайда, Қазақстанды басқаруға 1925 жылы жіберілген орталық эмиссары алашордашылар деп аталатын ескі интеллигенцияны оқу-ағарту, мәдениет салаларынан аластау бағытын ұстанды. Бұрынғы оқығандарға тек шаруашылық салаларында ғана еңбек етуге кеңшілік етті. Ұзамай одан да қуды. Және ұлттық бағыттағы ұлт коммунистерін қоса қудалады.
Ақыры, большевизмнің толықтай жеңуімен, халықтың үш дүркін соққан ашаршылықтан жаппай қырылуымен аяқталған солақай реформалардан кейін, жаңа тұрпаттағы кеңестік интеллигенция қалыптаса бастады.
Советтік дәуірде социалистік құрылысқа белсене қатысатын жаңа интеллигенция қалыптасты деп есептелетінін бәріміз білеміз. Оған коммунистік партия мен жұмысшы табы басшылық жасады делінеді. Бұған ешкім күмән келтірген емес. Қала интеллигенциясы, ауыл интеллигенциясы деген ұғымдар орнықты. Стандартқа құрылған заман орын алды. Сол тоталитарлық дәуір анықтама бойынша, интеллигенция дегеніміз – кәсіби түрде ой, көбіне күрделі ақыл-ой еңбегімен, шығармашылықпен және мәдениетті таратумен шұғылданатын адамдардың қоғамдық тобы.
Шындап келгенде, бүгін де осы анықтамадан көп ұзай қойған жоқпыз. Интеллигенция дегеніміздің «ойлайтын, түсінетін, ақыл-есті» деген мағына беретін латын сөзінен шыққанына қанағаттанатындар әлі де баршылық. Солардың ішіндегі өзіне өзі сенімді зиялылар қауымдастығы бастықтардың бірінің: «Біз саясатпен айналыспаймыз, біз әдебиет жасаймыз» деп мәлімдегені бір кездері жұртшылықты аң-таң қалдырғаны бар. Өкініштісі, қоғамдық өмірде осындай көзқарастағылар көп кездесетіндіктен, баспасөзде: «Бізде зиялылар қауымы бар ма?» және «Зиялы қауым ба, әлде зиянды қауым ба?» деген сауалдар елеулі түрде әлсін-әлсін көтеріліп қалып жүр.

Интеллигенцияның қазіргі заманғы анықтамасы

Тәуелсіздікпен бірге рухани ортамызға интеллигенцияның зиялылар деген қазақы балама атауы және сол қазақы атауға арнайы тоқталып, сындарлы анықтама берген Мұстафа Шоқай да оралғаны мәлім. Ол 1931 жылы «Жас Түркістан» журналы бетінде «Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз?» – деген сұрақ қойған еді. Сосын бұл сұрауға дұрыс жауап қайырудың оңай еместігін ескерткен. Өйткені, Мұстафаның ойынша, «оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн зиялы» деп, оларды «ұлт зиялысы қатарына қоса беруге» болмайтын.
Ойшыл күрескер: «…ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады», – деп түсіндірді. Зиялылардың мiндетiн ұлы да қасиеттi, сол себептi өте ауыр деп білді. Себебі интеллигенцияға «жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар» халықты «ұлт деңгейiне көтеру» сынды ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi жүктелген. Сондықтан ол бұқараны тұтастырып, адамдардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзу жолында еңбек етуге тиіс. – Мұстафа осылай пайымдаған. Мойындайық, бұл сөздер біздің бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізген заманымызда да өзекті естіледі.
Ол өз дәуіріндегі ұлттық интеллигенцияның кей топтарының қасіретті тағдырына алаңдаушылық білдірді. Қайтіп дейсіздер ғой? Назар аударыңыздар: Мұстафа орыс (батыс) мектептерінде тәрбиеленген «зиялыларымыздың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы» деп көрсеткен болатын. Мұндай зиялылардың халыққа пәлендей бір рухани тәрбие беріп жарытпайтынын және халықтың да олардан пәлендей бір ұлттық тәрбие алып жарымайтынын төтесінен айтқан. Бұл да қазіргі даму сатымызда өзектілігін жоғалтпаған жәйт. Тіпті, өзектілігі арта түскен мәселе деуге болады. Бізге ұлтымыздың біртұтастығына қол жеткізу керек. Бұл үшін қазіргі орыстілді деп аталатындар неше жерден білімді болғанымен, өздерінің ұзақ жылдарғы орыстандыру саясатының құрбаны екендіктерін мойындап, шынайы қазақ мүддесіне қызмет етуге бейілдіктерін көрсетулері жөн. Қиын мәселе, бірақ елімізде нағыз интеллигенция қалыптасар болса, шешілуі әбден ықтимал мәселе.
Эмиграциядағы Мұстафа Шоқай кеңес өкіметі түркі жұрттарына жаңаша қиянат жасап жатқан кезеңнің өзінде ұлттық зиялылар қатарының өсу үстінде екенін атап айтты. Бұл үдеріс үш ортада жүріп жатыр деді. Сондағы атап айтқан бірінші ортасы – туған ел. Бірақ, атамекендегі болашақ ел иесіне айналуға тиіс «жас күштер ұлттық бағыттың бастауында бола алмай», «ұлттық тәрбиеге қас жау болып табылатын «таптық тәрбиемен» қоректенуде» деп қынжылды. Әйтсе де, солардың көпшілігінің ұлттық рухы шығыс рухында тәрбие көрген көне зиялыларымызбен тоғысып жатыр деп тәубә етті. Екінші орта – Түркия. «Батыс білімін» «шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды деді. Түркия ұлттық күштерінің қуаты – түріктің европалық тәрбие алған зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары қосылып, түркі менталитетін сәтімен үйлестіре алғанында, сол себепті Түркияда дайындалып жатқан зиялыларымыздан көп нәрсе күтуге хақылымыз деп түйді. Үшінші орта ретінде Германияны атады. Онда оқып жатқан жастар да ұлттық рухын кеміткен емес, ұлттық мұратқа апарар жолды адаспай тауып, сол рухты халқымыздың игілігіне жарату жолдарын үйренуде деп көрсетті.
Осы үш ортада білім алып жүрген біздің жастарымыздың бәрі де «ұлттық зиялы» санатына әбден лайық деп, алыс шетелдегі Мұстафа Шоқай ерекше серпілген болатын. «Ей, менің намысты жерлестерім, сендерге өмір бойы қызмет етуден басқа біздің ешқандай да бір ойымыз жоқ екенін білгейсіздер!» – деген сөздермен жүрекжарды сырын ашқан. Сөйтіп, қандай да бір қиындықтарды, «чекистердің қилы қаруларын» елеместен, «ұлттық рухты өшіріп алмай, жас ұрпақтарымызды сол рухта тәрбиелей білгін, ей, менің қаһарман отандастарым!» – деп жар салған еді.
Мұстафа Шоқай ұлт зиялысы хақындағы осынау анықтамасы мен аманатын тұжырымдағалы бері 84 жыл болды. Ойлап қарасақ, арада кемі үш ұрпақ ауысатын жеті мүшелдей уақыт өтіпті. Соған қарамастан әлі күнгі ескірмегені анық. Бірақ, әрине, зиялылық белгілерін қазіргі заманымызға, мемлекеттік тәуелсіздігімізге орай нақтылап алу жөн.
Иә, біз бүгінде тәуелсіз елміз. Тиісінше, интеллигенциямыз Кеңес Одағы кезіндегі шарттылықтардан азат, еркін дамуға қол жеткізген. Еліміздің экономикасының, мәдениетінің, әлеуметтік және қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігінің өсіп-өркендеуі осы азат интеллигенцияның, егемен мемлекет зиялыларының көз алдында және солардың көбінің белсене атсалысуымен өтіп жатыр. Алайда, несіне жасырамыз, қазіргі таңдағы даму белесімізде бастан кешіп отырған жәйттердің бірқатарының жұртшылық көңілінен шықпай жүргені рас.
Жұртшылық зиялыларды ел мен билік арасындағы дәнекер, ел намысын жыртушы, халық мұңын билік құлағына салушы деп біледі. Бірақ зиялыларымыздың ұлт мүддесі тұрғысынан нендей ой пішіп, жоғарыға қалай жеткізіп жүргені беймәлім. Айталық, басқасын былай қойғанда, бүгіндері бастан кешулі кедендік одақтың біздің елімізге тек ұтылыс әкеліп тұрғаны мәлім болып келеді. Оның одан әрі дамуы және экономикалық одаққа ұласуы аңсап жеткен тәуелсіздігімізге қауіп төндіретіні де аныққа шыққандай.
Ал жұрт үміт арта қарайтын дәстүрлі интеллигенция үнсіз. Шынтуайтында, жекелеген интеллигенттер әрбір күдік туғызған құбылысқа байланысты сыни ой-пікірлерін уақытында-ақ жария етіп келеді. Өкініштісі, қауым болып үн қата алмауда. Ал билік жалғыз-жарымға құлақ аса қоймайды. Соған орай бұл қалай деген сауал туады. Зиялылар бірлестіктерінің кеңестік дәуірдегі жалтақтығынан азаттық тұсында да арылмағаны ма? Совет заманында ұлт қамын ойлатпайтын мәскеулік құрсау тұрды. Енді ше? Енді неге зиялылар қауымы елдің сөзін сөйлемейді? Халық мұңын жырта алмайтын мұндай интеллигенция жас ұрпаққа қандай тәрбие беріп қарық қылмақ?
Еліміздің дамуына байланысты тағдырлы шешімдерді Президенттің өзі қабылдайды, мұны бәріміз білеміз. Бірақ, шамалауымызша, шешімін көптеген кеңестерді тыңдап барып жасайды. Ендеше, оның қасында жүрген немесе қабылдауына емін-еркін кіріп-шыға алатын зиялылардың дұрыс кеңес бере алмайтын болғаны ма? Халық тілегін жеткізе алмағаны ма? Мұны қалай түсінеміз? Бұл олардың интеллигентке тән болуға тиіс ел қамын ойлаушылық қасиеттен жұрдайлығын көрсетпей ме? Бәлкім, зиялыларымыз бен олардың қилы қауымдары сол қасиеттің кемшіндігінен, әлде мүлдем жоқтығынан тек мадақ сөздер, одалар құрастырумен шұғылданып жүрген шығар? Жеке басқа табынушылық дертін қоздырып, тиісінше мемлекет басшысына да, туған халқына да зиянын тигізіп жүрген болар?
Егер біз өзімізге интеллигенцияның жоғарыда айтылған сыр-сипаты, әсіресе Мұстафа Шоқай тұжырымдаған белгілері қазіргі зиялыларымызға тән бе, жоқ па деген сауал қойып байқасақ, оған негізінен теріс жауап аларымыз хақ. Әрине, аталған талапқа лайық жекелеген интеллигенттер жоқ емес. Мәселе – интеллигенттер тобының, интеллигенцияның, олардың қауымдастықтарының шын мәніндегі ұжымдық Бұхар жырау бола алмай отырғанында.
Ал Мұстафаның тұсындағы еңсені басып тұрған отарлық ахуал мен қазіргі тәуелсіз заманның жер мен көктей өзгешелігі бар емес пе? Демек, бүгінгі зиялыларға қойылатын талап, олардың бойынан табылуға тиіс қасиеттер отарлық дәуірдегіден гөрі күрделірек, салмақтырақ болса керек.
Осыдан келіп қазіргі зиялы қандай болуға тиіс деген табиғи сұрақ туады. Біздіңше, Мұстафа атап көрсеткен ұлттық рух бүгінгі интеллигенттің қадір-қасиетінің басты белгісіне айналуы қажет. Ұлттық рухы күшті зиялылар ғана шын мәніндегі қазақ мемлекетінің мың жылдық тәуелсіздігін ойлайды. Ұлт мүддесіне кереғар іс-әрекеттерге міндетті түрде қарсы шығады. Сонымен бірге, тәуелсіздігімізді баянды етуге және тәуелсіздік туын болашақта алып жүруге лайықты жастарды тәрбиелеуге атсалысады.
Демек, қазіргі таңдағы интеллигенция өкіліне ұлттық рухқа суарылған отаншылдық қасиет тән болуға керек.
Елін, жерін, ұлтын сүймейтін адам шын зиялы бола алмайды. Отансүйгіштік сезімі кемшін зиялыдан жас ұрпақ тәрбиесіне тек залал келеді.
Жастарға ұлттық тәрбие беру ісіне шығармашыл интеллигенция өнімдерінің өте зор үлес қосатыны белгілі. Өкінішке қарай, бұл салада да сүйсінеріміз аз. Олай дейтініміз, тәуелсіздік азаматтарын тәрбиелеуге қызмет ететін өнер туындылары жоқтың қасы. Біздің зиялыларымыз, айталық, өнердің кино сынды ең пәрменді де маңызды түрі бойынша елге қажет шығарма жасауды мақсат етпейді. Олар фильмдерін халқымыздың жоғын түгендеу үшін, рухани мұқтаждығын өтеу үшін емес, шетелдердегі фестивальдерге арнап, әлдебір халықаралық жүлделерден дәмеленіп жасайды.
Ал қазіргі таңда бізге жалпыадамзаттық бұлдырлау құндылықтарды көксейтін, «өнер үшін» жасалған «өнер» керексіз. Ұлттық мүдде тұрғысынан маңызы шамалы, жасанды, аспани «өнер» қажет емес. Бізге қазіргі таңда бүгінгі жасты тәуелсіздік туын қолда бекем ұстауға жігерлендіретін, отаншылдық рух беретін көркем фильмдер керек. Бұл тарапта бірден-бір қанды қыздырып, отансүйгіштік сезім телитін кинолар қатарына, көптеген кемшіліктеріне қарамастан, жалғыз ғана «Жаужүрек Мың баланы» шығаруға болады. Бұлай болу себебі – аса талантты деген кино түсіруші шығармашыл зиялыларымыздың ұлттық рухы, өкінішке қарай, талантына сай емес, тіпті, мүлдем төмен. Ұлттық рух, отаншылдық сезім жетекші орында болмағандықтан да, қаншама дарынды болғанмен, олар ел тәуелсіздігіне қызмет ететін қандай туынды беру керектігін ойлап бас қатырмайды. Оларды тек «үлкен өнер» жасап, әлемдік деңгейде танылу ғана қызықтырады.
Шығармашыл патриот бірінші кезекте ұлтымыз бастан кешкен түрлі кезеңді бейнелейтін, сонысымен еліміз үшін мақтаныш сезімін тудырып, жүректі тулататын, отанымыздың абыройын асқақтата түсуге жігерлендіретін отансүйгіштік фильмдер легін жасауды басты парызы ретінде ұғынуы керек. Егер тым болмаса биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы ұранымен тап сондай кино түсіре алса, ондай шығармашыл тұлға, сөз жоқ, халықаралық дәрежеде де мойындалады.
Байқалып тұрғандай, біз бүгінгі интеллигенцияға қойылатын талапты тәуелсіздігіміздің мүддесімен байланыстырып отырмыз. Осы орайда 1990 жылғы 25 қазанда қабылданып, тәуелсіздікке жол салған Декларация ойға оралады. Араға жылдан сәл астам уақыт салып, мемлекетіміз тәуелсіздігін жария етті, әйтсе де сондағы «ұлттық мемлекет құрамыз» деп алға қойылған мақсат тәуелсіздік туралы заңда көрініс таппады. Соған қарамастан біздің елді басшылығымыз да, шет жұрттар да қазақтың ұлттық мемлекеті деп есептейді. Алдағы мақсат – соны нақты мазмұнға толтыру. Бұл үшін зиялылар қауымы билікпен бірге жастарға ұлттық тәрбие берудің жөн-жобасын жасап, жүзеге асыруы тиіс. Осы ретте ел бірлігін нығайта түсудің маңызы арта беретіні аян. Өйткені ол – тәуелсіздігімізді баянды етуге қажет шарттардың бастыларының бірі.
Ал мұндай істе орнын ештеңе алмастыра алмас көмекші – ұлттық тарих болып табылады. Халқымыздың тұтастығын, бірлігін қамтамасыз етуде тарих арқылы тәрбиелеудің ықпалдылығы ересен зор болары хақ.
Мәселен, өткен ғасырдың ортасында, түрлі қасіретті саяси науқандар салдарынан, қазақ халқы өз жерінде ұлттық азшылыққа айналған шақ орын алды. Солай болуын ашаршылықта құрбан болғандардың мекеніне әр жақтан күшпен көшіріліп әкелінген, әсіресе, тәтті ұрандар жетегімен өздері келіп қоныстанған миллиондаған сырт жұрт мүмкін етті. Тиісінше, жер иесінің тарихи құқтары шектелді.
Осы қасіретке жанама түрде болса да қатыстылықтарын еліміздегі әрбір кірме ұлт шашырандыларының – диаспоралардың бүгінгі интеллигенциясы бірінші кезекте түйсінсе дейсің. Солардың көмегімен шынайы ұлттық тарихты баршаға білгізу арқылы ұлтаралық қатынасты жасампаз арнаға түсіруге болары хақ. Диаспора зиялылары осы істі қолға алса, сөйтіп, қазақ халқына байланысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге атсалысу қажеттігін жас ұрпақ санасына құйып отырса дұрыс болар еді.

Ұлт зиялыларынан не күтеміз?

Еліміздегі күллі өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқы төңірегіне топтасуы ел бірлігін нығайтудың, сөйтіп, алға ұлы мақсат етіп қойылған ұлттық мемлекетке қол жеткізудің шын мәніндегі кепілі болып табылады. Мұны нақты шындық, тарихи қажеттілік ретінде еліміздегі барша зиялы қауымқабыл алса нұр үстіне нұр.
Осы орайда бір маңызды мәселені айтпауға болмайды. Ұлттық мемлекеттің өз-өзінен түсінікті белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл екеніне ешкім дауласпаса керек. Біздің Қазақ елінің де негізгі заңымызбен – Конституциямен бекітілген мемлекеттік тілі бар. Бірақ соны тиісті мәртебесіне сай қолдану мәселесіне келгенде, түрлі ақылгөйлердің ширек ғасырдай уақыт бойы сан-алуан саясатшылдық тәсілдер қолданып, орынды-орынсыз кедергілер жасаумен келе жатқанын көріп жүрміз.
Озық ойлы, шын зиялы қауым үшін мемлекеттік тіл өрісін тарылтушылардың өтірікті-шынды дәйектеріне жүгіне бермей, тарихи ақиқатты бұлталақсыз мойындайтын уақыт әлдеқашан жетті. Диаспора зиялылары осыны ұғынып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысса дейміз.
Ал мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің оңтайлы да пәрменді және мүлдем қарапайым әдісі – барлық іс-шараларда мемлекеттік тілден ілеспе аударма жасап тұру. Мұны қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, бар салаға енгізуді интеллигенция мен билік оп-оңай жүзеге асыра алар еді. Осыған ынталы болып, тиісінше атсалысу абзал.
Меніңше, интеллигенцияның бір ауызды болуы қазіргі таңдағы маңызы зор мәселелердің бірін – еліміздің басты мерекесін тойлайтын күнді қайта белгілеуді мүмкін етер еді. Нысанамызды нақтылайық. Тәуелсіздігіміздің бастауы болған тарихи құжат қабылданған күнді – кезінде республика күні ретінде белгіленгенмен, кейінгі уақыттарда ұмыт қалдырылып келе жатқан 25 қазанды – тәуелсіздік күні ретінде атап өтіп отырудың өте орынды боларын мойындасақ, әрі мұны бірінші кезекте интеллигенция түсінсе деген ұсыныс айтқымыз келеді.
Біздің ойымызша, Тәуелсіздік күнін мерекелеуді Тәуелсіздік туралы Заң қабылданған 16 желтоқсаннан Тәуелсіздік туралы Декларация қабылданған 25 қазанға ауыстырудың сөкеттігі де, қателігі де жоқ. Кезінде біз Советтік Қазақ Республикасының туған күнін 26 тамыз деп білгенбіз. Ол қазақтың автономиялық республикасын құру жайында тиісті Декретке қол қойылған күн болатын. Ал қазақ елі іс жүзінде республика болып 1920 жылдың қазан айында өткен ұйысу құрылтайында жарияланған еді. Сол сияқты, бүгіндері Астана қаласының туған күнін ел орталығын Ақмолаға көшіру жайында парламент шешім шығарған 6 шілдеде тойлап келеміз. Іс жүзінде өкімет органдарының Алматыдан көшіп барып, сол шаһарды еліміздің бас қаласына айналдырған датасы басқа болатын.
Ендеше, мемлекеттік тәуелсіздігімізді мерекелеу күнін басқа да тарихи оқиғалармен астасып жатқан 16 желтоқсаннан тәуелсіздікке қол жеткізуді көздеген тарихи Декларация қабылданған 25 қазанға ауыстыру қай жағынан қарағанда да орынды болар еді. Егер бұл мәселеде зиялы қауым бір ауыздылық көрсетсе, халқымыздың жаппай қолдарына күмән жоқ. Демек, билігіміз де тиісті шешім шығаруды созбас еді де, сонда, тарихи мән-маңызы ұмытылыңқыраған 25 қазанды жаңғыртып, еліміздің тәуелсіздігін жаңаша мейрамдар едік деген ой келеді.

***
Жалпы, интеллигенцияға көп жүк артылатыны белгілі. Ендеше интеллигенция да өзінің парызы мен қарызын дәл діттеп алуға міндетті. Классиктер айтқандай, өзі тәрбиелі жан ғана басқаға дұрыс тәрбие бере алады. Демек, шын мәніндегі зиялылар қауымы ғана қазақтың ұлттық мүддесін қорғап, ел бірлігін бекіте түсуге, жастарды тәуелсізеліміздің болашағын сеніп тапсыруға лайық жан-жақты білімді, отаншыл азамат етіп тәрбиелеуге жан қиярлықпен ат салыса алады.
Әсіресе шығармашыл зиялылардың бұл тараптағы үлесі өлшеусіз зор болуға тиіс. Тек солардың дұрыс бағытта еңбек етуі мемлекеттік билік тарапынан жүйелі, мақсатты жоспармен әлеуметтік тапсырыс беріліп тұруына да байланысты болатынын ұмытпайық. Интеллигенция заман талабына сай еңбек етуге тырысар, оған өкіметіміз де барынша жағдай жасар деп сенеміз.

 

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Август 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика