Сіз мындасыз:

Қазіргі аштық жайлы ащы шындық…
Қазіргі аштық жайлы ащы шындық…

 

 

 

…Бізге дейінгі айтқандардан асырып бірдеңе дей алмаспыз.  Ашаршылықтың ақтаңдақтары ашылып та жатыр, жазылып та жатыр.Талай рет жылап отырып оқыған «Күлпаш»  пен «Жетімдерді» енді түсіне бастағандаймыз ба, қалай? Пәленбай миллион қырылған қазақ туралы көзі ашық кез келген оқырман біледі. Ал  бірақ  біздің жартыкеш көңілге сол кешегі ашаршылық пен бүгінгі мәдениетті» ашаршылықтың арасында бір параллель бар  сияқты болады да тұрады…

 

Көңіл неге  жартыкеш?

…Қоғамның екіге жарылғаны  жалған емес. Байлар мен кедейлер. Кешегі бай біздің санада кеңестік кинолардағы жексұрын кейіпте емес, бүтін бір ауылды асыраған Байғабыл-Қартбай бейнесінде қалыптасып қалыпты. (Ақтөбе облысының Ырғыз өңірінде өткен ағайынды байлар).  Мыңғыртып жылқы айдаған Байғабыл байдың жылқышысы  Әлжан шалды  бала кезімізде көріп үлгердік. Алты ай арқыраған қыста жылқымен бірге ығып жүретін жылқышыларға Байғабыл малдың ең семізін сойып жеулеріне рұқсат етеді екен. Ауылдағы туған-туыс, қатын-баласы, екі бастан,  байдың мойнында, қарамағында.

Қазір ше? Бір жағдайларға байланысты  жоғары білім ала алмай қалған Ұлмекен деген  сыныптасым бар. Қалаға мектеп бітірген бойда келді. Сол кезден бастап, міне, отыз жыл, бала бағады. 50 мың айлығы  бар. Өзіміз іштей сезсек те, қазіргі байлардың адам нанғысыз қатігездігін осы құрбымыздан есіттік. Жұмысқа жарты минут кешігуге болмайды. Бұл, енді, дұрыс делік. Күні бойы байдың еркетотай баласымен әуре. Бұл да дұрыс шығар, себебі ақшасын алып отыр ғой. Бірақ…

-Бірде олар алатын арнайы дәретхана қағазы таусылып қалып, баланың дәретін  жалпы  дәретханада тұрған қағазбен сүрткем. Құлағымнан үш күн қиқу кетпеді. Сөйлей берсін, үйренгенмін ғой, тек маған қатты батқаны «біздің баланы өз балаңызбен салыстырмаңыз. Ол тек қана қымбат  дүниелерді пайдаланып үйренген» деген сөзі. Ал тағы бірде кешеден қалған қазы-қарта, колбаса-сыр қалдықтарын тастағалы жатыр екен. «Айман, таза нәрсе ғой, мен ала салайын» дегем. «Мен сізге ақша төлеп отырмын. Ештеңе де алмайсыз» деп әлгілерді қоқысқа ақтара салды. Дүниеде төменшік болудан асқан бақытсыздық жоқ,-деп күрсінген сонда құрбым.

…Ақтөбенің базарында пісірілген  ішек-қарын сататын дүңгіршектен келісін 50-100 теңгеден алып, жан бағып отырған жанұяларды да білем. Әлгі ішек-қарын өлекседен алынады, ит пен мысыққа арналған. Вермишель қазақтың ұлттық  тағамына айналып болғалы қашан?

 

Ашаршылық өтті, аштар әлі бар…

Жалпы осы мақаланы қолға алғанда кешегі нәубетке ұшырағандардың санын тізбектемей-ақ қояйық деген анық мақсатты алдымызға қойғанбыз. Себебі ол сан рет айтылып, жазылып жүр. Қазақтың басынан өткен екі аштықтың да небір сұмдық фактілері тасқа басылды. Сол қат-қабат құжаттарды  қарап отырғанда, мынадай бір нәрсені көзім шалды.

Ашаршылыққа ұшырап босқан елге Ресейден келген 1 вагон картопты көрсеткен құжатта (Ақтөбе мұрағатынан) сол кездегі жергілікті байлардың да қарашаға қол созғаны анық жазылыпты. Ата- тегі  көрсетілмегені өкінішті-ақ, бірақ Қарабұтақ пен Ырғыз аудандарының екі байы ауылына сиыр сойып беріп, талғажау жасағаны айтылған.

Әңгімеміздің басында айтылған параллель тағы  көлбеңдейді. Бір байдың үйін сыпыратын танысым одан кейде таяқ жейтінін де жасырмайды. Барар жер, басар тауы жоқ байғұстың басынан сыйпай алмаймын, артық дүние өзімде де жоқ…

Терісі қабырғасына ілініп көлік жуып жүрген балақайды да ақтөбеліктер жақсы біледі.  Саяжайды паналап отырған ауру шешесіне қарайласқан түрі. «Ыстық сорпа ішесің бе?» деген сұрағыма «күнде ішем, Ролтон» деп жауап берді. Аш емес деп айтып көріңіз балақайды…

Кеше ғана Ақтөбе қаласында 27 мың қазақ саяжайларды паналап отырғаны туралы ресми деректі оқыдым. Сол саяжайда тұратындардың 10-15 пайызы ғана адам  сияқты тұрады. Ал қалғаны- «дачаның арағы» аталып кеткен 250 теңгенің арағын алып ішіп, сүреңсіз тұрмыстарын «гүлдендіріп» жүр. Жұмыс жоқ. Бар жұмыс еңбекақыны дұрыс төлемейді. 35 мың жалақысы бар жұмысқа тұру үшін 70 мың теңге «орамал» беру жазылмаған заңға айналғаны қашан? «Өтірік ет», «өтірік палау» деген тамақтың түрлері осындай жұмыссыз қазақтардың ас мәзірі. «Өтірік ет»- қайнаған суға бір бульон (Мэгги) салынады да, қамыр жайылып салынады. Жұмыртқа  бөлек пісіріліп, үстіне туралады. Бұл қазіргі көп қазақтың қонақ келгенде көтеретін қазаны. «Өтірік палау» да осыған ұқсас, күріштің өзінен ғана жасалған шәулі.  Қазір нан қалмайды. Ілуде  бір қатып қалған нан қайта жібітіліп, пайдаланылады. Сондай айлап, жылдап ет жемейтін, дәрумендерді түсінде көретін қазақты аш емес деп айта аласыз ба?

Қазір садақаларды үлкен мейрамханаларда жасау сәнге айналды. Және бірер күн бұрын теледидардың жүгірпе жолынан хабарландыру беріледі. Сондай хабарландыруларды тізіп алып, әлгі жерден оны-мұны әкеп қолындағы немересіне нәпақа айырып жүрген кейуананы да білеміз. Өзінің пенсиясы  пәтерақыға кетеді, қызына жұмыс жоқ. Осылар бүйірі шығып тамақ ішіп жүр деп айта аламыз  ба? Қан аздық, асқазан аурулары көбейіп кетуінің бір ұшы осы ашқұрсақтықта жатқан жоқ па екен?

 

Қуғын-сүргін…

31 мамырды саяси қуған-сүргін құрбандарын еске алу күні деп қызартып қойдық. Ата –бабамызды қынадай қырған ашаршылық та сол «саясаттың» көлеңкесінде айтылып жүр. Ал бүгінгі ашаршылық туралы айтпаймыз… себебі бізде бәрі жақсы… Бірдеңе мыңдаған еңбекақымыз бар, бірақ төленбейді, дүкен сөрелері азық-түліктен қайысып тұр, алуға қол қысқа, қораңа бір тышқақ лақ ұстауға мүмкіндік жоқ, себебі шөптің бір арбасы -40 мың теңге… Аш отырған қазақ  отбасы туралы сіз де, біз де білеміз, айта алмаймыз, себебі ашаршылық туралы айтылатын әңгіменің егізі болып кеткен бір ұғым тағы бар, ол саяси қуғын…

 

 

Шара ЕЛЕУСІЗ

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Май 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Апр    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Жоғарыға