Сіз мындасыз:

Қазақтың Робин Гуды
Қазақтың Робин Гуды

 

 

«Қазақия» газетінде жарияланған «Рыжий Алмаз»-Несіпбай туралы мақаланы оқыған соң, мына бір оқиға санамызда жаңғырған еді…

 

 

Нарықтың кезі. Бұрын-соңды басқа түспеген нәубет болды, cол күндер. Төрт аяғы тең тұрған одақ әп-сәтте опырылып ортасына түседі деп кім ойлаған? Барлық байланыс пышақ кескендей үзілді. Мекеме біткен жабылып, жұмыссыздық жайлады елді. Қаладағы жылу орталғында электрик болып жұмыс істеген Тоқтардың да төбесінен жай түскендей болды. Біреуді біреу түсініп болмайды, бірақ «сәбетски» дәуреннің енді қайтып оралмайтыны анық болып көрінді. Қайда барсаң –қысқарту, есігін қаққан мекемең ертесіне тарқап жатады. Әке-шешеден ерте қалған Тоқтардың үлкен ағасы ауылда отбасылы, қалған екі қарындасы мен інісі қолында оқып жатқан еді, тағдырлары тығырыққа  тірелді. Ел біткен ала сөмкісін арқалап пойыз кезді. Базарда жабайы сауда, сапырылысқан саудагер. Алушыдан сатушы көп. Амалы жоқ, жабылған мекемесінен алған азын-аулақ «расчетімен» бұл да сауда жасамаққа бел буды. Өзі білетін ісі-электр жабдықтары, соған қажетті заттарды арзандау алып, үстіне тиын қосып сататын болды. Алғашқы кезде жаман болған жоқ, күнделікті нан пұлын айырып тұрды. Сондай бір күні базардан таныс тапты. Ол Тоқтарға:

-Мына тірлігің тірлік емес. Қарызға ақша алып, айналдыру керек. Менің бір жамағатымның баласы сөйтті. Қазір ішегі айналып, жұртқа өзі қарыз беретін болды. Дүкені бар, моншасы және бар,- деп бір қойды ол.

-Әкем марқұм біреуге бір теңге қарызданса, зейнетақысын алғанша қашқақтап жүретін, қипақтап. Қарыз деген бәле. Сонан аулақ жүрсем…-деді бұл оған ыңғай білдіре қоймай.

Сауданың аты сауда. Жаңадан ашылған базар аз уақыттың ішінде араның ұясындай құжынап кетті. Жан-жағы сауда нүктелеріне толды. Жапырласып жұрт сол жерден жер алып, дүкен ашып жатты. Жердегі жайма затқа жұрт мұрынын шүйіретін болды. Тоқтардың қолы жүрмеді. Ойлана-толғана өсіммен қарызға ақша алып, ең болмаса бір дүңгіршік ашқысы келді. Сөйтіп әлгі өзінің танысына ойын айтты.

-Міне, азамат! Міне, болашақ комерсант! Несі бар, бір-екі жылда дөңгелетесің шаруаңды!  Әй, сен бала, сол кезде мына жаман ағаңды қарауылдығыңа алуды ұмытып кетіп жүрме!,- деп қарқылдай күлді ол.

Сонымен келісілген кезде, келісілген жерде кездесті олар. Қарыз беруші талап қойды.  -«Сұраған ақшаңды 20 пайыз өсіммен беремін, үйдің құжатын бересің маған. Дер кезінде төлейсің, сосын оны қайтып аласың. Тенге ме, рубль, доллармен аласың ба, оны өзің шеш»,- деді. Сонымен Тоқтар да оның айтқанына лажсыз көнетін болды. Айтқанын істеді. Өзіне керекті қаржысын алды. Дүкен ашудың шырғалаңымен шапқылап кетті. Көп ұзамай, шағын сауда орынын да ашты. Заттарға тапсырыс беріп, әжептәуір «комерсант» болды. Бірақ кешкілік еденді жуып, қоқысты өзі шығаратын. Сөйтіп жүріп марқұм анасының бір сөзін есіне жиі түсіруді де ұмытқан жоқ. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды».  «Жә, оны да көрермін, бойымды тіктеп алайын. Бауырларым оқуын бітірсін»,- дейді оның арманы арманмен арпалысып.

Сауда жүрмеді. Өзін он орап алатындардың затымен толды жан жағы. Қытайдың затын Ресейден келген дүние басты. Жұрттың талғамы өсті, баға басқа шықты. «Отвечаюға» алған электр жабдықтарының иелері қыңқылдай бастады, ал өсіммен алған ақшаны қайтарудың өзі мұң болды. Ол да соңғы кезде «счетчик айналдырамын» деп, әкіреңдей бастады. Баратын жер, басатын төбе қалмады Тоқтарға. Ішкені ірің, жегені желім болды. Әкесі алып берген басындағы үш бөлме пәтерден айрылса, тағдырлары не болмақ?  Басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды, түк шықпады. Араша болар кімі бар? Жалғыз ағасы ауылда, өзі «шықпа, жаным» шықпамен» отыр, бала- шағалы. Теміржол жұмысы қысқарып, біреуге жалданып жүр. Не істеу керек?

-Сен енді «қораға кірдің»,- деді бір көзі ашық, көкірегі ояу көршісі. Өзі сыртқа «КАМАЗ»-бен зат апарып, зат әкелетін. Кейде айлап кетеді, Ресей, Қырғыз,Уфаға.  -Бұлар жалғыз сені емес, талайды осылай жер сипатумен айналысады. Сондайлардың «мафиясы» бұлар. Әр қалада «бөлімшелері» бар осындай. Оның басшысы Бішкекте. Мен ертең сол жаққа жол жүрем, сен жолға жинал, менімен бірге барасың. Алдына барып аяғына осы бастан жығылмасаң, тып-типыл боласың»,- деді ол. Барды Бішкекке. Кірді әйтеуір «мафияның бастығына». Бар жәйді баяндады, жағдайын айтты, бауырларының суретін көрсетті, жалынды жалбарынды. Қарындасы Гүлімнің суретіне ұзақ қадалған әлгі сосын:

-Жарайды, оны бір ретке келтірерміз. Бірақ мына қызды осында жібересің, аманатқа. Бізге ұнап қызметімізге жарап жатса, сенің бар қарызың қайтарылады. Керек болса, бізге «мүшелікке» кіріп, сен де жұмыс атқаруыңа болады.

Тоқтардың жаны ышқынып кетті. Жар дегенде жалғыз қарындасының басын бәске тіккенше өлгені артық емес пе? Елге не дейді? Анасының ақырғы  аманаты емес пе еді?

 

-Жоқ!- деді ол көзіне жас тұна ышқынып. Оны біреулер келіп сүйрей жөнелді. Сосын дырылдатып апарып, сыртқа лақтырып жіберді.

Іші жанып, қасқырдай ұлыды. Қонақ үйде домалап, көршісін күтті. Ол екі күннен кейін келіп, мән-жайды түсінді. Оның да тек жаны бөлек демесең обалына не керек, Тоқтармен қоса қиналысында шек жоқ. «Көрші ағайыннан да жақын» деген қазақтың алтын сөзін осындайда түсінеді екенсің.

Ол сол жақтағы тағы бірнеше жерге соқты, біреулермен кездесті.

 -Тәуекел, бір реті болар! Сен тамақ іш, келгелі нәр тартқан жоқсың,- деді Тоқтарға. Қандай мейрамханаға апармасын, уайымнан қан жұтып отырған оған ас қайдан батсын?! Өбектеп жатыр көршісі бар ауқатты ұсынып. Аузы ашылмайды, ашылса тас шайнағандай.  Іші оттай жанып, күйіктен өліп кететіндей, ерке  Гүлімнің жәудіреген көзі, бір сәтке кетсей, көз алдынан?! 

-Жә, кеттік Алматыға! Құдай сәтін салса, мәселеміз сол жерден шешіледі. Келіпті ғой, үлгеріп қалайық соған,- деді ол.

Көршісі Алматының Ұзынағашына келді. Сол жерде біреулермен ұзақ сөйлесті. Сөйтіп қаланың тысқары бір ауданындағы үлкен көк қақпалы үйдің алдына тоқтады. Арттарынан бірнеше жеңіл көліктілер де келді. Ішінен біреуі Тоқтарға «жүр» деп ым қақты. Күзетші арқылы олар екінші қабатқа көтерілді. Бөлменің есігі қағылды. Ар жақтан «иә» деген қоңыр дауыс естілді. Жұқалтаң сары торы жігіт біреумен бір мәселе туралы пікір таластырып отырғандай көрінді. Амандасты. Ол Бішкектегі «мафияның бастығына» айтқан мұңын, бұған да бастан аяқ баяндап берді.  Және  «мафия бастығының» өзіне қойған талабын да жасырып қалған жоқ. Ол осының бәрін тізбектеп айтып отырғанда анау бірде қызарып, бірде сазарып кеткенін байқады.

-Жақсы,- деді ол бір кезде. -Біздің жігіттер айналысады, бара бер ауылыңа. Еш саспа бауырым!- деп көзін қысты сосын, тікірейген шашын артқа қайыра отырып.

Тысқа шықты. Сенімнен үрей басым әлі де. Анаусы анандай, мынаусы мынандай,- дейді. Басы дал болды Тоқтардың.

Жолда келе жатып көршісі:

-Көрдің бе, қандай керемет азамат! Қазақстанды осындай жігіттердің қолына беру керек. Намысты қолдан таптатпайды олар. Қазақтың ары үшін жолында бастарын садақа етеді!

«Не деп келеді, мынау, қайдағы біреудің бір шығарып салма сөзіне бола сонша елергені несі? Асатпай жатып, құлдық деп» өз ойынан өзі түңілген Тоқтар шарасыз күйде бүк түсіп перде тұтқан артқы төсекке жата кетті.

Елге жетті. Үйдегі бауырларының көзінде үрей. Біреулер келіп «Үйді босат» депті бұларға.  Базарға барса, дүкеннің құлыбы бұзылған, басқа құлып салынған. «Аналар келіп, алып қойды »,-деді сұрағандар. Енді не істеу керек? Көршісіне соқса, ол Саратовқа жүк алып кетіпті. Салы суға кетті.Үйге келіп, теріс қарап жатып қалды.

Телефон шыр етті. Зауықсыз көтерді оны. Арғы жақтан «Тоқа, сіз бе, жолықсақ?»,-деді бір жағымпазданған жұмсақ дауыс. Түкке түсінбесе де барды. «Арирон» кафесіне кездесуге.

Мәссаған! Ол өз көзіне өзі сенбеді. Өсіммен «өлтіргелі» жатқан қожайынның өзі! Жылмаң -жылмаң. Самсаған дастарханның шетін ала бұл да отырды. Олардан бөлек үшеу, біреуін шырамытты. Алматыда ана сарының қасындағы жағына пышақ жанығандай қара торысы.

 

-Біз ортақ келісімге келдік. Сенің қарыздарыңды «амнистия» қылады мынау,- деді ол. Ал «мынау» болса басын қайта-қайта изеп «ләппайлап» жатыр.

-Үйдің құжатын бер. Дүкеннің кілтін ұстат қолына,- деді сосын тағы. Бәрі қараторы айтқандай болды.

-Рахмет, ағалар!-деп Тоқтар қалай өзінің жүрелеп отыра кеткенін байқамапты. Көзден ыршып шықан жастың аяғы легітіп кетті…

…Үш күннен кейін жергілікті теледидардан  «пәленше көшесінің қиылысындағы бір тойхана мен іргесіндегі саунаның өртеніп кеткендігі» туралы көрсетіп жатты. Әлгі ақшаны «өсіммен» бергіштікі екен. Тоқтар жағасын ұстады, бір түрлі қанша үрейленгенімен, іші бірдеңеге жылып сала берді.

«Сөйтпесе «Сары Алмас» бола ма, Несіпбайдай азамат! Айтып едім ғой әнеу күні өзіңе! Қазақтың ары ғой ол, намысын таптатпаған ешкімнің»,- деді көршісі келгесін Тоқтарды қуаныштан жұлқылап тұрып…

 

Жеткер ЖҮСІП

 

 

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

1 пікір
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Август 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика