Сіз мындасыз:

Қазақтың даласы қалдықтың моласы ма?
Қазақтың даласы қалдықтың моласы ма?

 

 

Атам қазақ айтатын  «Ат аунаған жерде түк қалады» деп. Қазір еліміздің шикізатын шетелден келіп пайдаланушылар «түк»  қалдырмағанымен, сайын далаға тау- тау қылып оның қалдықтарын қалдырып жатыр. Өзгені былай қойғанда өзіміздің байлық қуған ашкөздеріміздің өзі оған бас ауыр-
тып отырған жоқ. Жер танабын қуырып, қойнындағысын қонышына басып алып, байысам болды дейтін құлқынның құлдығында жүргендер.

 

Кезінде Кеңес одағы Байқоңырды барынша мақсат мүдделеріне пайдаланғаны белгілі. «Жабық аймақтағы» құпия тірліктің талай сыр- жұмбақтары сол кездегі мұрағатпен қоса кетті. Улы заттардың неше түрі сонау Жезқазған, Атырау, Алтай,  Сырдың аралығындағы сайын далаға төгілді. Сол кездегі «Ленинск» атанған бүгінгі  Байқоңырдың ішіне талай нәрсе көмілді. Оның болашақта адам өміріне қауіптілігі мен зиянын кім зерттепті?

-Кеңес үкіметі тарқағасын «балапан басына, тұрымтай тұсына кетті» ғой. Барлық қақпа ашық қалды. Ғарышқа ұшатын алаңдардың орны үңірейіп қалды. Бар қазақ пұлдау үшін темір- терсек жинады. Қазірдің өзінде Ақай, Төретам тұрғындарының тілім-тілім болып жер қазып, металл іздеуі толастар емес. Әскери ірі шенді құдамыз болды. Сол кісі осы аймақты өзі жақсы білетін болғасын, бір бригада жасақтап, темір- терсек тасыды. Маған да айтқан. Оған менің шамам жетпеді, қолым да босамады. Бәрі де шаруасын дөңгелетіп әкетті. Әрі- беріден соң вагондап Қытай асырды. Сондай бір сапарда  толтыра темір тиеген КаМАЗ бен келе жатқанда құдамыздың көзі өзінің қолына түсіп кетеді. Алабажақ  екен терісі. Алдында да денесі қышып жүреді екен. Сонан жаман ауру болды, ақыры  көз жұмды. Сол бригададан сауы болмады. Тірісі жоқ бүгінде, ерте кетті,- дейді төретамдық  Жеңіс ағай.

Талай мәрте тұрғындар өздерінің аурушаңдығын айтып шағымданды. Депутат болған шағында Мұхтар Шаханов та зар қақты мінбелерден. Құбыжық балалар келді өмірге. Шиелі ауданында уран өндірілетін.  Оның қалдықтары кез келген жерде тауға айналып, соққан желмен ауаға тарап жатты. Талай комиссия барды, экологтар мен тиісті зертхана мамандарын шақырды жұрт, бірақ олар тәуелсіз емес еді. Мұндай тексеріс соңы ас та төк дастархан жасап, оларды шығарып салумен аяқталатын.

Сол кездің өзінде уран жер асты жолдарымен жылжып елдің ішіп отырған суына қосылуы мүмкін деген дүдамал пікірлер де айтылды. Оның сол жердегі халықтың денсаулығына айтарлықтай зияны көп екендігін алға тартқандар болды. Ал сол уранды өндіріп жатқандар оған мейлінше «белгісіз» бір дәлелдерді алға тартумен болды. «Жанымызда күріш шаруашылықтары бар, солардың неге дақылдары өліп қалмайды,уран шынымен зияндылығын сыртқа таратып жатса » деп қарсы дау айтты. Ал «құбыжық» сәбилердің көбеюін тағы да бір «түсініксіз» экологиялық дағдарыстарға әкеп тіреді. Қазір мұнайлы өлкелердің де табиғаттық- экологиялық ажуалы оңып тұрған жоқ. Мұнай қалдықтарының төгіндісі дала жануарларының бет алды безіп кетуіне соқтырып жатыр. Олардың жылдан жылға саны азайып,  «Қызыл кітаптың» қыртысты беттерінен тізімделуі де осы жан -жаққа тастап жатқан зиянды төгінділердің әсері.

«Мәңгілік ел» болуға бет бұрған қазақтың жалпақ даласында 30 миллиард тоннадан көп өндірістік және радиоактивтік қалдық шашылып жатыр. Оның 6,7 миллиарды өте қауіпті улы қалдықтардан тұрады. 5 миллиарды өндіріс қалдықтарының «моласы». Ақтөбеде хром,  Павлодарда титан мен феррум қалдықтары сонау  кеңестік кезден бері  «мұраға» қалып, жайрап жатыр. «Қошқар Атадағы» уран қалдығы 300 миллион тоннаға жетті. Ал Ақмола облысындағы радиоактивті төгінділер 45 миллион тонна болды. Екібастұздағы көмір қышқылдың қалдықтары  630 метрлік биіктікті құрапты, аумағы 60 шақырымға созылыпты.  «Теңізшевройлдың» күкірт үйіндісі бүгін таңда көкті «тіреп» бара жатқандығымен аян.

 

Ал жоғарыда айтқан Байқоңырды қойшы, тәйірі?! Екі күннің бірінде басына зымыран құлап, төбесіне гептил төгіліп жатқан жоқ па? Ірге тасы қаланған сол 60 жылдан бері қазақтың басына «әңгір» таяғын ойнатып, ажал себумен келеді. Жылына 30-35 мың тонна улы затты таратса, елдің тағдыры тәлкекке түспей не істесін?! Және сол зымыран қалдықтары түсетін Қазақстанда 47 аймаққа түсетін болса, оның 39- ы Қызылорда облысының төбесінен қарша борайды екен. Содан келе бүгінгі билікті үлкені мен кішісі жабылып  «Байқоңыр біздің –бағымыз» деп «маңырай» беретіндігін түсінбеймін…

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика