Сіз мындасыз:

Қазақия біртуар азаматынан ажырап қалды
Қазақия біртуар азаматынан ажырап қалды

(досым Мәлік Исабеков туралы естелік)

 

Қазақтың «жазмыштан озмыш жоқ» деген сөзі бар. Қыркүйектің 7-сіне қараған түні досымыз, «Қазақия» газетінің сарапшы-журналисі Мәлік Исабеков өмірден озды. Осы жазда Мәлік екеуміз журналистер күніне орай «Қазақия» газетінің шақыруымен Ақтөбеге келген едік. Семинар басталар сәтте оның қан қысымы көтеріліп, арты инсультке ұласты. Содан құлаған Мәлік ес жия алмады, екі жарым ай жатты да, бақилық болып кете барды… Қазақ жұрты өзінің бір азаматынан ажырап қалды. Азамат болғанда да қандай азамат еді десеңші! Мәлік мақалаларын орыс тілінде жазса да,  алдымен ұлттық мүддені алға қоя білетін қаламгер еді.  Жазмыш осы десек те, бұл – орны толмас өкініш!

Мен Мәлікпен отыз жылдан астам әріптес, дос-жолдас болып, бұл өмірде үзеңгілесіп келдік. Енді, міне, Мәліктің өткеніне қарасам − ол үнемі интелектуалды ортада өсіпті: өскен ұясы, балалық шағы, студенттік кезі, МГУ-дің философиялық факультеті, аспирантура, педагогтік қызметі… яғни, оның бар ғұмыры өз салаларында үлкен жетістіктерге жеткен дарынды тұлғалармен байланысты болып келеді екен… Әрине, оған Мәліктің өзінің де жоғары интеллект иесі екенін қосыңыз, сонда көп нәрсе түсінікті болып шығады. Мысалы, оның студенттік кездегі ажырамас досы Нұрлан Қадырұлы Сейтахметов еді. Кейіннен ол қазақ философиясында өшпес із қалдырған ғалым болды. Оның еңбектері неміс тіліне аударылып басылды. Бұндай құрметке ие болған қазақ философы ілуде біреу ғана! Бұл − қазақ философиясы үшін зор бедел! (Өкінішке қарай, Нұрлан үш жыл бұрын 60 жасқа толар шағында қайтыс болып еді, енді міне, оның ажырамас досы Мәлік те 60 жасқа толуына аз күндер қалғанда өмірден қайтты. Достардың ұқсас тағдыры ма бұл, әлде, басқа бір заңдылық па?)…

Бұрынғы Алматыда жоғары интеллектіге деген сұраныс, құрмет өте зор болатын. Содан болар, Мәлік араласқан адамдар арасында актерлар, суретшілер, тағы басқа өнер адамдары көптеп кездесетін. Оны театр қайраткерлері қатты сыйлады. Әрине, оған себепкер өзінің нағашы ағасы, «Қазақфильм» әртісі Байкенже Белбаев болған шығар. Дегенмен, ол құрметке Мәліктің өзі де лайықты тұлға болды: ол аздаған таныстықтан соң-ақ режиссерлар мен актерлардың досына айналушы еді. Мысалы, сол кездері «Белый шаман» фильмі арқылы қазақ өнерін Одаққа танытқан Жамбыл Құдайбергенов оны інісінен артық жақсы көретін. Өнерін актерліктен бастаған белгілі режиссер Болат Қалымбетов кезекті фильмін түсірерде Мәлікті іздеп жүретін. Ал Мәліктің қонақжай шаңырағында «Тамаша» майталмандары Мейірман мен Уаис ағаларды жиі көретінбіз… Осы жерде тағы бір шындықты айту қажет: ол – Мәліктің жары Бақыттың кең пейілді дастарханы, қазақтың нағыз келіні болып, қонақты күте білуі! Бұл жағынан алғанда Мәлікті өмірде жолы болған жігіт десе болады…

Ол өзінің аға достары Мұрат Әуезов пен сол кезде Философия институтында эстетика бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып істеген,  қазір Украина Ғылым Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы Рүстем Жанғожин арқылы суретшілермен жиі араласты. Әсіресе, суретші Салихеддин Айтбаевтың (Қалжан аға) шеберханасында өтетін философиялық мағынадағы терең әңгімелер естен кетпейді.  Сол отырыстарда бәріміз де «Өнердің адамзат руханиятының дамуындағы ролі» мен «Адам болмысының өнерге қатысы» туралы Мәліктің «шағын лекцияларын» сүйсіне тыңдайтынбыз. Бұл сәттер санадан ешқашан өшпейтін кездер!

Мәлік, 2000 жылдардың басында баласы Дәуреннің жұмысына байланысты отбасы жағдайымен Атырауға көшті. Алғашқыда ол «Дәурен орнықсын, көп ұзамай Алматыға қайтамын» деген еді. Алайда, оның бұл «отбасылық іссапары» он жылға созылды. Ол жақта Мәліктің маңайына Атыраудың интеллектуалды элитасы топтасты. Олар оның шағын пәтерінде талай-талай шығармашылық «конференциялар» өткізіп жатты. Мысалы, Махамбеттің отты жырларын орысшаға аударып, Махамбет колоритін, батырлық болмысын қаз-қалпында өзге жұртқа таныстырған дарынды философ-жазушы, ақын Бекет Қарашин мен мұнай-барлау саласының маманы бола тұра «Айқын тарих» атты тарихи-танымдық кітаптың авторы Махамбет Хакимовтар Мәліктің ең жақын достары болды.

Олар «Мәлік Атырауға келіп, ондағы интеллектуалды элитаға жан бітірді, талант иелерін  біріктіріп,  шығармашылығымызды жаңа арнаға бұра білді» деп мойындайды. Бүгінде құрылуына ол атсалысқан «Каспий табиғаты», «Алшы», «Академик З.Қабдолов» секілді қорлар Қазақстан бойынша танымал. Халықтың рухани қазынасын дамытуға ұйытқы болып жүр. Атырауда жүрген жылдары оның өмірінің маңызды белесі екендігі туралы Мәліктің өзі де айтушы еді: «Алматыдан орысшамен барған мені Атырау қазақша сөйлеуге тез «көндірді». Соңында өзім оларға «қазақша сөйле» десем, олар жорта намыстанушы еді» деп күлетін.

Оның қоғамдық қызметі назардан тыс қалмады. Бастапқыда Атырау әкімдігі Мәлікті «оппозициялық көзқарастағы адам» деп қабылдағаны рас. Өйткені, Мәлік әкімшіліктің әлеуметпен жұмыс істеу тәсілдерін өткір сынға алып, оған қызметкерлер тікелей жауапты дейтін. Бірақ, көп ұзамай-ақ, олар сынның дұрыстығына көздері жетіп, оны жұмысқа шақырады. Бірақ «әкімшілік жұмыс менің өмірлік принциптеріме сәйкес емес» деп, одан бас тартты. Оған балама ретінде «Әлеуметтік мәселелерді зерттеу орталығы» қоғамдық қорын құрды. Міне, сол кезден бастап, әкімшілік бұл мәселе бойынша Мәлікпен тығыз байланыста жұмыс істей бастады. Сөйтіп, ол облыс көлеміндегі шиеленісті мәселелерді дер кезінде анықтауға, наразылықтардың алдын алуға, оны оң арнаға дер кезінде бұруға көп ықпал етті. Оның мұндай белсенділігі «Ақжол» партиясының назарынан тыс қалмады. Партия оған облыстық филиалдың төрағасы қызметін ұсынды. Сонымен қатар, ол Жовтис басқаратын «Халықаралық адам құқын қорғау» ұйымының облыс бойынша «Өкілетті уәкілі» қызметін қосып атқарды. Халыққа қызмет етудің жолы осы болса керек! Мәлік осы жолды таңдады.

Оның қарапайымдылығы, азаматтығы туралы әңгімелер бүгінде атыраулықтарға белгілі. Мысалы, атыраулық Қатауғали аға: «Бірде таксилетіп күн көріп жүрген маған Мәлік «машинаңыз қайда?» деп сұрады. Мен «машине соғылды, жөндеуге ақша жоқ» дедім. Ол «қанша керек?− деді. Мен ыңғайсыз болса да, «200 мың теңге» дедім − соққан машинаның да жөндеу жұмысын қосып. Мәлік сөзге келмей қаржы тауып берді. Кейін мен Мәлікке: «қарызымды зейнетақыдан қайтарайын» десем, ол «Қатеке, қайтармаңыз. Сіздей азамат ағама көмек болсын» дегенде  қатты риза болдым» дейді.

Атырау мұнайлы өлке саналады. Ол ел бюджетінің қомақты бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Бірақ соған қарамастан облыстағы халықтың тұрмыс жағдайы облыстың тапқан табысына сай емес. Неге? Бір кездері Мәлік осы мәселеге назар аударады. Сөйтіп, бір топ азаматтар Қазақстан бойынша әрекет ететін «Мұнай табысы – халықтың бақылауында» атты Коалиция құрады.  Оның мақсаты — Қазақстандағы мұнайдан түсетін табыстың ашықтығына қол жеткізу болатын. Негізі, Англияда көтерілген бұл бастамаға Қазақстан қол қойған.

Бірақ Қазақстан Үкіметі ашықтық мәселесіне келгенде «белсенділік» танытпай, халықаралық деңгейде есеп берілмей жатты. Міне, осы мәселені халыққа жеткізуді көздеген Мәлік Қазақстанның барлық облыстарын аралап, семинарлар өткізді. Семинар жүргізушілер қатарында «Каспий табиғаты» қорының президенті Махамбет Хакимовпен бірге мен де қатысқан едім. Сол жобаға қатысуымды мен «ең пайдалы іс» деп санаймын. Өйткені, «елім үшін» деген ұстаным осылай оянатынына көзім жетіп еді. Ал Мәлік болса, мұнайлы ел Норвегия Үкіметінің шақыруы бойынша, оның астанасы Осло қаласында ұйымдастырған халықаралық конференцияға Қазақстан Үкіметінің баяндамасына балама баяндама жасау үшін аттанып кетті. Одан оралған соң Вашингтондағы өткен конференцияға қатысты. Сол кезден бастап «Мұнай халықтың байлығы» екендігі туралы мәселе ашық түрде айтыла бастады.

Соңғы жылдары Мәлік Алматыға қайта оралды. Ол Мұрат Әуезов, Герольд Бельгер сынды қоғам қайраткерлермен бірге жаңа шығармашылық жобаларды бастағанды. Олардың идеяларын бірнеше баспалар өз жоспарларына енгізіп те қойған еді. Әттең, елге қажет, ұрпақтан ұрпаққа жететін кітаптар енді жоба күйінде қалмаса болды деп өкінесің шарасыздықтан!

 

Мәлік өзінің терең білімін, ойын бөтенге көрсетуден аулақ жан еді. Әдетте, мұндай қасиет парасатты адамның бойында ғана кездеспек. Меніңше, мұндай парасаттылық оған гендік тұрғыдан берілсе керек. Ол  қазақтың нағыз зиялы өкілдерінің тұяғы: әкесі Әбдімір аға Қазақстан орман шаруашылығы министрінің орынбасары болды. Ол кісі де қарапайым адам еді. Мысалы, оның есігі әрқашанда айқара ашық кабинетіне кіре қалсақ, ол  «азаматтарым келіп қалыпты ғой» деп, өз қолымен шәй беретін, жарықтық… 

Енді Мәлік арамызда жоқ.  Бірақ Мәлікті іздейтіндер көп, олар − ол он бес жылдан астам педагог қызметінде болған Қазақтың Қыздар Педагогикалық университеті ұжымы,  БҰҰ-ның Қазақстандағы  өкілеттілігі Ұйымы ұжымы, Атырау орыс-қазақ гуманитарлық университеті ұжымы, бұрынғы «Ақжол» партиясының атыраулық ұжымы, Қазақстанда қанатын кең жайған Үкіметтік емес ұйымдардың мыңдаған өкілдері…

Амал нешік, қыркүйектің 10 күні газет шыққанға дейін, 1954 жылы 11 қыркүйекте туған, философ-ғалым, қоғамтанушы қайраткер, МГУ-дің философия факультетінің түлегі, интеллектуал азамат Мәлік Исабеков Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленді. Жатқан жерің жайлы, иманың жолдас болсын Мәлік!

 

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Қажымұқан ҒАБДОЛЛА - 8 701 111 61 05 8,

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Октябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Сен    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

Жоғарыға