Сіз мындасыз:

Түрік-армян арасындағы 100 жылдық дау
Түрік-армян арасындағы 100 жылдық дау

 

 

 

 

 

Өткен аптада, 24-сәуір күні Түрік Республикасының Президенті Тайып Режеп Ердоған  Армения халқына жазбаша жолдау бағыттады. Жолдауда ол осыдан жүз жыл бұрын болып өткен қырғын үшін кешірім сұрады. Болашақта «геноцид» деп атамаса да бұндай әрекеттерді болдырмуға шақырды.

Ал, 25-сәуір күні армяндар Ереванда Осман империясы тұсында орын алған, 1,5 миллионға жуық армян халқының өкілдері қаза тапты деп есептелетін  «армян геноцидінің» жүз жылдығын үлкен ауқымда атап өтті. Іс-шараға Франция мен Ресейдің президенттері қатысты. Жалпы, «геноцид» деген терминнің өзі 1944-жылы пайда болып, 1948-жылы БҰҰ-ның қабырғасында ресми түрде өмірге жолдама алғанын атап кету керек. Және ол нақ осы түріктердің армяндарға және неміс фашистерінің еврейлерге қарсы жасаған қырғынының, осы құжатты дайындаушылардың пікірінше, нәтижесінде дүниеге келген болатын.

Жүз жылдан бері армяндар түрік тарапынан геноцид болғанын әлемнің мойындауына, сол арқылы түрік елін мойындатуға күш  салып келеді. Не үшін?

Андраник Мигранян, ресейлік Демократия және ынтымақатастық институтының Нью-Йорктегі өкілдігінің жетекшісі, саясаттанушы: «Армян геноцидінің болғанын түрік жағының мойындауы- мұндай қылмыстың екінші қайталап болмауының, армян халқының қауіпсіздігінің кепілі. Бүгін бірінші қадам ретінде ол мойындалса, басқа мәселелерді кейінірек, уақыты келгенде шеше беруге болады. Мысалы, түріктер тартып алған біздің біраз жерімізді,  бірнеше қаламызды, ең болмағанда Елтаңбамызда бейнеленген Арарат тауы тұрған аймақты қайтаруы. Қылмыс жазалануы тиіс. Бұл біздің ұлттық идеямызға айналған нәрсе. Барлық армян жек көрушілік пен кек алу деген сезіммен өсіп-жетілген».

Ара Абрамян, Ресейлік армяндар одағының, Бүкіләлемдік армяндар конгресінің Президенті, ЮНЕСКО-ның «Ізгі ниет елшісі»: Ертелі-кеш түріктердің Осман империясы тұсында геноцид болғанын мойындауына тура келеді. Ал, біз әзірге бұл мәселені халықаралық сот орындары арқылы шешуге талаптанып жатырмыз».

Геворг Мирзоян, «Эксперт» журналының тілшісі: «Армяндар репатрация (мүлік) дауымен, жер дауымен байланыстырып отырған кезде түріктер геноцид болғанын еш уақытта мойындамайды. Мойындау – түріктер үшін бірінші қадам емес, соңғы қадам болуы тиіс. Ал, армяндар өз тарапынан екі ел арасын қалыпқа келтіру туралы келіссөзді шекара мәселесімен байланыстырмай, біржақты түпкілікті бекітіп (ратификация) жіберсе ғана, сөйтіп, келесі қадамды түрік жағына қалдырса, сонда ғана іс алға басады».

Түркияның Еуроодақ істері жөніндегі министрі Болкан Басқұр: Біз бұл мәселеге ең алдымен тарихи тұрғыдан қарауымыз қажет. Және 1915-жылды ғана алмай, 1870-1920-жылдар арасын алайық. Ол соғыс кезінде тек армян бауырларымыз ғана емес, түріктер де, күрділер де зардап шекті. Геноцид – тұ-йыққа ғана апарып тірейтін жол, сондықтан да біз оған қарсымыз.  Түркия мемлекетінің  де, Осман империясының да тарихында өзгелер алдында ұяттан қызарар жері жоқ. Тағы да қайталап айтамын, тарихи текетірестер саясат құралына айналмауы тиіс. Саясаткерлер тарихи оқиғаға байланысты шешім қабылдай алмайды. Еуропа Парламентінің (ПАСЕ), Австрия Парламентінің «армян геноциді» деген бағытта шешім қабылдағаны белгілі. Ал, 1987-жылы қабылданған сол шешімді заңнамалы тұрғыдан бекітіп тастау үшін Польша үкіметі  Еуропалық сотқа да берген болатын. Бірақ, 2003-жылы аталмыш сот «саяси шешімнің заңнамалық салдары болуы мүмкін емес» деген үкім де  шығарған. Қысқа да нұсқа.

2009-жылы Цюрих келісіміне қол қойылып, екі ел арасы қалыпқа түсе бастаған еді. Бірақ ол үдеріс Қарабаққа байланысты үзіліп қалды. Енді қайта орнына келу үшін Армения өзінің Түркияға қарата айтылатын, ешбір негізі жер дауынан бас тартуы тиіс. Екіншіден, геноцид деген сөзге жабысып, бізді беталды айыптаудың орнына, комиссия құруға келіскені жөн, Және нақ осы екі бап Цюрих келісімдерінде көрсетілген болатын. Бір мүмкіндіктен айрылып қалдық. Енді сол хаттаманы қайта тірілтпек ниет болса, онда біздің бүгінгі күн тәртібіне қояр талабымыз қазіргі жағдайға сәйкес өзгеруі мүмкін. Саясатта жиі солай болады ғой. Қарабақтан армян оккупациялық әскерін шығару, біздің жаңа шартымыз  болуы әбден мүмкін».

 

Армяндар неден қорқады? 

«Түрік мұрағаттарының есігі зерттеушілерге, тарихшыларға, саясаттанушыларға айқара ашық. Және ол бүгін ашылған жоқ, Тұрғұт Озал кезінен бері ашық. Осман империясының архивтері Парижде, Лондонда, Берлинде бар. Менің өзім Сыртқы істер министрлігінде 38 жыл жұмыс істедім, құжаттар жайын жақсы білемін,- Болкан Басқұр.

Түркияның кесікті сөзді айтуды тарихшылардың еншісіне қалдырайық деген ұсынысын, армян жағы «солай еткеннің өзінде де олар шынайылыққа қол жеткізе алмайды, себебі әр елдің тарихшылары өз мемлекетінің бақылауында болатындықтан ешкімге бұрмайтын әділ беспристрастный шешім табылмайды»,- дейді.

«Мұндай сөз армян жағының түпкі ойын олардың еркінен тыс сыртқа жаяды, өйткені біз тарихшыларға ешқандай қысым жасамаймыз. Кез келген елдің тарихшысы келіп жұмыс істей берсін! Бостон мұрағатында маңызды құжаттар деп естиміз, бірақ, оның есігі тарихшыларға жабық. Армян елі де өз мұрағаттарын ашқан жоқ. Біздің тарихшылардың Арменияға барып жұмыс істеуіне, ол елдің билеушілері рұқсат беріп отырған жоқ. Дәл сол секілді олар өз тарихшыларын біздің мұрағаттарға да жібермейді. Біз «келіңдер» дейміз. «Комиссия құрыңдар» дейміз, Президенттен бастап біздің барлық ресми өкімет орындарымыз сол комиссияның қорытындысын қабыл аламыз деп отыр. Білікті мамандардан құрылған комиссия құру – біздің армяндармен келіссөзде қойып отырған шешуші талаптарымыздың бірі. Бірақ, Армения да, армян диаспоралары да комиссияның қандай қорытынды шығарарын жақсы біледі, сол себепті бұл ұсынымызды қабыл алудан қашқақтауда».

Түрік елінің министрінің бұл сөзін америкалық саясаткер былай растайды.

Американың бұрынғы Президенті Рональд Рейганның кеңесшісі болған Брюс Фейннің мәлімдеуі бойынша, Ақ Үй Осман империясында 1915-жылы орын алған әйгілі оқиғаға байланысты тергеу жүргізген.  Тергеу нәтижесінде АҚШ үкіметі «армян геноциді» туралы сөз айтуға ешқандай негіз жоқ екеніне көз жеткізген, өйткені 1915-жылы қаза тапқан түріктер саны армяндар санынан әлдеқайда көп болып шыққан. «Президент Рейганның тапсырмасымен арнайы тексергенімізде біз Еуропа елдерінің әскери мұрағаттарынан, Осман империясының мұрағаттарынан көптеген маңызды құжаттар таптық, — дейді Брюс Фейн.  «Армян геноциді» деген ертегі- сол армян тарихшыларының өздерінің қиялының жемісі». Фейннің айтуынша, армян бандалық құрылымдары  Анатолия аумағында екі миллионнан астам түрікті қырып салған.

«Мына жағдайды ешқашан естен шығаруға болмайды. Ол замандағы Түркияда барлық этникалық және діни азшылық қауымдар түріктердің өздеріне тиесілі жеңілдіктердің бәрін пайдаланған. Гректер, армяндар, күрділер, черкестер, ассириялықтар, арабтар және тағы да басқалар ол кездегі Осман империясында айтарлықтай биік лауазымдарда отырған.  Солардың ішінде әсіресе армяндар жеңілдіктерді өте жақсы пайдалана білген.  Ал, бірінші дүние жүзілік соғыс басталған кезде армяндық түркілер (түрік мемлекетінде әлі күнге дейін барлық ұлт өкілдерін бір сөзбен «түркілер» деп қана атайды, ал, олардың этникалық тегін анықтағысы келген кезде барып «армян түркілері, күрді түркілері» деген секілді анықтауыштарды қосады, біздің қандастарымызды да «қазақтар» демейді, «қазақ түркілері»- дейді  Ө.А.)  Армян бөлімдері кавказ майданында Ресей армиясымен иық тіресе соғысқан. Олар түрік пен грузин ауылдарын тонаған және өртеген, бейбір тұрғындарын өлтірген.  Ол мәліметтер бойыша шамамен 2 миллион адам қаза тапқан. Тергеу кезінде бізге түрік жағы өз мұрағаттарын пайдалануға  рұқсат етті-дағы, армян жағы олай етуден үзілді-кесілді бас тартты. Менің ойымша, осы мұрағаттарды ашуға мүмкіндік туса, ақиқат міндетті түрде анықталатын болады. Сол кезде армяндарға тарихи өтіріктері үшін күллі әлем алдында, әсіресе түріктердің алдында кешірім сұрауға тура келеді»,- дейді Рональд Рейганның бұрынғы кеңесшісі.

Біз «бәріне уақыт төреші» деген аксомамен келіссек те, түрік тарапының бұл даудағы дәлелдері басым түсіп отырғанын айтуды парыз деп білеміз. Және АҚШ-тағы, Франциядағы секілді, өте белсенді де салмақты армян диаспорасы АҚШ Президенті құрған құзырлы комиссияның тергеу қорытындысы  шындықты жазғандықтан ғана шарасыз болып қалған деп есептеген жөн. Түрік министрі дұрыс айтады, тарихи дауды саясаткерлердің емес, тарихшылардың еншісіне берген абзал.

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Май 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Апр    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Жоғарыға