
Тіл төңірегіндегі түйткілдерді халық болып шешуге араласатын уақыт келген сияқты. Қазақстанның «Тіл туралы заңының» да кемшілігі көрсетіліп, уақыт сұранысына сай өзгерістер қажеттігі қаншама айтылса да, әлі күнге дейін мызғымай тұр. Тіл төңірегінде тегеурінді, ашық іске көше бастасаң болды: «көп ұлтты мемлекетпіз» деген, өзгемен қорқыту секілді екі жақты саясат адымымызды аштырмай келеді. «Тіл туралы заңды» 10 жылда іске асырып боламыз деген мемлекеттік бағдарлама, 23 жыл өтсе де, орындалған жоқ.
Мемлекеттік тіл деп жариялай тұрып, оның жұмысын күні бүгінге дейін қоғамдық ұйымға («Қазақ тілі» қоғамына) ысырып келуі де — мемлекеттің бұл мәселемен айналыспай отырғанының дәлелі. Бүгінгі биліктегі русофилдер бұл күресті тағы бір 70 жылға созар түрі бар, олар дүлей күшке айналып бара жатыр. Қазақтың ішінен шыққан бұл «субэтнос» бүгінде өз «субмәдениетін», өз «субтілін», өз «субидеологиясын» және «субортасын» жасауда. Ондайлар биліктен тыс басқа (банк, бизнес, т.т.) салаларды да жаулап болды. Сөз көп, тілге деген нақты бетбұрыс жоқ. Соның салдарынан мұндай субортаның айналасына аты қазақ болғанымен, заты орыс, орысша ойлап, орысша түс көретін, ұлттық рухтан жұрдай дүбаралар жиналуда. Мен қазақ та емес, қазақ емес те емес, бүкіл ұлттық болмыстан жұрдай мұндайларды 21 ғасырдың жаңа бір «этносы» дер едім. Біз қазақ ішінен шыққан бұл этносқа «Дүбараэтнос» деген ат қойуымыз керек сияқты.
Бүгінде қазақ балаларының 37%-ы орыс мектептерінде білім алуда. Бұл — көп. Орыс тілінің өмірдің бар саласындағы басымдығы, қазақ мектептерін бітірген 63 пайыз қазақ балаларының өзін орыс тілінде сөйлеуге мәжбүрлеуде. Қазақстанның 90%-ы орыс тілінде өмір сүруде десек те болады. Бұған қолайлы жағдай туғызып отырған да бірінші кезекте ішкі және сыртқы, бірде бір жиында қазақша сөйлемейтін Президентіміздің өзі.
Кез келген тілдің дамуына, қызмет етуіне қажетті шарттар көп. Соның бірі — тілдік орта жасау. Біз бұл мәселені осыған дейін де «Алтын ғасыр» газеті арқылы көтерген едік (02.02.2007). Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұған елең еткен билікті, қоғамның қолдауын көрмедік. Ендеше тіл төңірегінде қолға алатын төмендегі мәселені құзырлы органдардың назарына және саламыз.
Мемлекетіміздің орыс тілін игеруді ұлт мектептерінің оқу программасына міндеттеп кіргізуі — қате саясат. Орыс тілі тек қана шет тілдерінің бірі ретінде (француз, ағылшын, неміс, испан, араб т.б) сабақтан тыс, ерікті түрде арнаулы ақылы лицейлерде оқытылуы керек. Оған шет тілінің бірі ретінде таңдауда да, оқуда да еріктілік берілуі тиіс. Сонда ғана өмірдің барлық саласында, орыс тілінің ықпалы әлсіреп, бірте-бірте тілдік орта қалыптасып, қазақ тілі өз басымдылығын ала бастайды. Орыс тілін орта мектепте міндеттеп оқыту, мемлекеттік деңгейде меңгеруді уағыздай беру — оның мәртебесін көтеріп, үстемдігіне қызмет ете бермекші. Шет тілінің бірі ретінде орыс тілін білу белгілі бір мамандар үшін ғана, қажеттіліктен туындайтын нәрсе. Тұтас бір халықты орыс тілін білуге мәжбүрлеу – адамның құқы мен таңдау еркіне қол сұғу болып табылады.
Онсыз әлемдік өркениет көшінен қалып қоямыз деу бекершілік. Кез келген өркениет көшіне өзің таңдаған ағылшын, француз, неміс не араб тілінде де ілесуіңе болады. Кавказ және Балтық бойы республикалары орыс тілінсіз-ақ, өз тілінде де әлемдік өркениет көшіне ілесе бастады. Тіптен қазіргі эстон, латыш, литва, грузин ұрпағы орыстың тілін білмейді де. Көштен қалған жоқ. Олар көп жағдайда экономикалық, әлеуметтік, саясатта да Қазақстаннан көш ілгері келе жатыр. Тағы да қайталап айтамыз, ендігі жерде мемлекет тарапынан, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тұтас бір халықты орыс тілін үйренуге зорлауға болмайды. Орыс тілін пән ретінде жоғарғы оқу орындарында және ұлт (қазақ, ұйғыр, өзбек…) мектептерінде міндеттеп оқытуды қысқарта бастауымыз керек. Неге екенін жоғарыда түсіндірдік.
Оның орнына барлық ұлт мектептерінде республиканың жетекші ұлты – қазақ тілі пәні оқытылуы тиіс. Әлемнің барлық мемлекеттерінде де осылай. «Тіліміздің бағын ашу да, байлау да Президенттің өз қолында» — деп С.Зиманов айтқандай, ендігі жерде Президент те орыс тілінде сөйлеуді, елді жасытуды қоюы керек. Осы бағытта орыс тіліне ресмилік мәртебе беретін Конституциядағы және «Тіл туралы заңның» кейбір баптарына өзгерістер енгізу қажет.
Тіл мәселесі демографияға да байланысты өзгеріп отырады. Орыстар бүгінде елімізде азшылыққа, тіптен кейбір облыстарда іздесең табылмайтын экзотикалық қауымға айналды. Мәселен, биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысынан Ресейге көшкісі келетін 1350, Павлодар облысынан 1200-нан астам, Батыс Қазақстан облысынан 1500-ден астам адамның арызы түскен. Семейден, әсіресе Курчатов, Бесқарағай, Бородулиха аудандарынан, Ақтөбе облысынан да көптеп кетіп жатыр. Бұл процесс алдағы уақытта да жалғаса береді. Соңғы деректерге сәйкес Ақтөбе облысында орыс ұлтының үлесі 11%. Республикада өзге ұлттардың да саны кеміп, қазақ халқының үлесі бүгінде 68%-дан асты. Енді жалтақтамай, орыс тілінің орта мектептегі сағатын біртіндеп, қысқарта беретін кез келді.
Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігі осы бір тың реформаны насихаттауы дұрыс болады. Әрине, бұл бірден емес, белгілі бір даярлықтан соң, бірте-бірте іске асатын өзгеріс және білім беру жүйесінің кейбір стандарттарын қайта қарауды талап етеді. Сырт көз сыншылар әдеттегідей «мынау төтесінен кету, басқаны үркіту, тіптен, еліміздің жағдайы өзге республикалармен салыстыруға келмейді» дер. Тіптен де олай емес. Біздегі басты кемшілік – билік тарапынан осы бағытта, халықпен мүлдем жұмыс жүргізілмейтіндігінде. Түсіндіре білсе мұның дұрыстығына өзге жұрттың да көзі жетеді. Осындай «табанды түсінік жұмысының» нәтижесінде Балтық бойы республикалары, Латвияда орыс көп болса да, бұндай жағдайға баяғыда жеткен. Ал, біздегі тілімізге деген ықылассыздыққа ашынасың. Оларда орыс тілін мектептен тыс оқытуды бая-
ғыда-ақ жолға қойған. Енді кавказ республикалары да (армян, әзірбайжан) осындай реформаға көшуге әзірленіп жатқан көрінеді. Орта Азия мемлекеттерінде де орыс тілі сағаттары қысқартылуда.
Бүкілхалықтық түсінік жұмысына өзгеге үлгі етіп, жарнамалап жүрген, «Қазақстан Халықтары Ассамблеясындағы» диаспора өкілдерін да тартуымыз керек. Сол кезде олардың қаншалықты қазаққа бауырмалдығы, қазақ тіліне деген шын жанашырлығы бірден көрінеді. Алдағы жылдары тілдік ортаның қалыптасуында шешуші роль атқаратын фактордың бірі — осы. Бұндай реформаға Парламент, Білім және ғылым
министрлігі, барлық деңгейдегі мәслихаттар, «Қазақ тілі» қоғамы, «Тіл комитеті», филолог — мамандар мен ғалымдар, әсіресе ұлт мектептеріндегі қазақ тілі пәні мұғалімдері, барша тіл жанашырлары араласуы керек. Тіліміздің мәртебесін көтеретін тың реформа қалың жұрттың қолдауына мұқтаж. Бұндай реформа — уақыт талабы.
Н.Қошаманұлы


















Жауап беру