
Бұл мақаламдағы пайымдауларым мен кейбір тұжырымдарым арқылы «Американы ашайын» деген ойым жоқ. Менікі – нағыз шындық деуден де аулақпын. Мақсатым — өз шама шарқым, ой-түйсігім арқылы күнделікті өмірге деген көзқарасымды түсіндірмек болған талпынысым. Мені сауатты, оқығандардан гөрі жәй, қарапайым азаматтар оңай түсінер деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Назарбаев: «Әуелі экономика, сосын – саясат дегенді жиі айтады. Бұл мәтелді қарапайым тілге аударсақ: «Маған берік сеніңдер, қара нан мен суға жұмыс етіп жүре тұрыңдар, молшылық пен жақсы өмір 2030 жылы, Қазақстанда капитализм орнатқан кезде болады».
Әрине, қазақстандықтар өздерінің тұңғыш президентіне сенді, көпке дейін сеніп келді. Соның арқасында өлместің күнін кешіп келеді. Бірақ, үміттері үзілген, күндердің бір күнінде өз еңбегінің жемісін көремін дейтіндер аз. Қазақстанның экономикасы қисайып, қарыздары артып, сұрғылт өмір кешіп жатқандар күннен-күнге өсуде. Осыдан барып мынадай сұрақ туады: 70 жылдан артық социализм құрдық, орната алмадық. Енді Капитализмнің пайдасын көреміз деп солай қарай бет алдық. Капитализмнің артықшылықтарын көре аламыз ба? Капитализм дегеніміз не нәрсе?
Біз орта буыннан жоғарылар, бәріміз КСРО-дан шықтық. Кеңес мектебінде оқып «мәңгілік қайырым мен мейірбандық» себетін коммунизм құрылысшылары болдық. КСРО азаматы бір-біріне «дос, туысқан, жолдас» болды. Бүгінгі замандағы осы тәрбиені көрмеген, алмаған жас ұл, қыздар бізді түсіне қоймас. Оларды мен аяймын. Бүгінгі жастар «адам адамға — қасқыр» деген ережемен тәрбиеленіп жатыр. Кеңес заманының кемшілік жақтары аз болған жоқ. Ол үлкен әңгіме. Бірақ, ол кездегі адамдар өз елін сүйетін, өз елінің егіс даласында, зауыт, фабрикасында елін көркейту үшін жанын салып істейтіндер көп еді. Олар – еңбекті бағалайтын. Ең жоғарғы байлық, өлшем – Еңбек еді. Социализмнің ең басты жетістігі де осы болатын.
Бірақ, қазіргі тарихшылардың айтуынша: «Социализм өзін өзі ақтамады. Қоғамды, адамдарды бір өлшемге теңеп, ынталылыққа, іскерлікке тежеу салды, жеке адамның творчестволық қабілетін құртты. Бәрін бірдей теңеу арқылы кейбіреулерді арамтамақтыққа тәрбиеледі. Нәтижесінде КСРО-ң экономикасын жойды» дейді.
Өндірушілердің меншігінің жалпыхалықтық меншік негізіне құрылған қоғамдық-экономикалық формацияға деген көзқарас осылай екі бір-біріне қарама-қайшы баға алды.
Бірақ, кеңес үкіметі өзінің алғашқы жылдарында социализм мен капитализмнің «тиімді ортасын» табуға жасаған әрекетін неге ұмытамыз?
Осы «тиімді ортаны» ұсынған Н.Бухаринді және оның пікірлестерін И.Сталин үлкен қателік жасап атып жіберді. Бұл адамзат баласы үшін, оның тағдырына орасан орны толмайтын ойсыратқан зиян әкелген, зор қателік болды. Міне, осы қателікті жөндеуге әлемдегі қаншама ел, адамдар әр кезеңде жұмыс істеп келеді. Социализм мен капитализмнің жақсы жақтарын бір жерге жинауға М.С.Горбачев та біраз әрекет жасады. Оның «қайта құру» жоспары ойда-жоқта жасалған іс емес, дұрыс ұйымдастырылған жағдайда оң нәтиже беретін еді. Нәтижесінде, бүкіл социалистік идеяға, оның жүйесіне деген сенімсіздікке, жек көрушілікке әкеп соқтырды. Социализмнің адам баласына деген, оның адами құндылықтарына деген жақындығы жоққа шығарылды.
Капитализмге келсек, оның «адам бір-біріне — қасқыр» деген Заңы социализмге қарама-қарсы.
Менімше, капитализмнің ең басты кемшілігі, оның негізі — өндіріс орындарының жеке меншікке берілуінде.
Оның артықшылығы – адамдарды іскерлікке ынталандыруы болса, екінші жағынан, жекеменшік, адам баласының ең жаман қасиеттері – қара басының қамын ойлауды, сараңдық пен эгоизмді тудырады. Нәтижесінде, бұл қасиеттер адамдарды жікке бөледі, қоғамға сына қағады. Себебі, жоғарыда айтылған үш қасиет хайуанға тән сезімдерді күшейтіп, «кім күшті, сол өмір сүреді» және «мақсатқа жету үшін барлық әдіс дұрыс» деген қағидаларға жол ашады.
Қайырымдылық, мейірбандық бұл қағидаларға жат. Сондықтан да біз айтып отырған капитализм – имандылыққа сәйкес емес.
Міне, осындай қағиданың өмірімізде орын алуының арқасында «Қазақстан республикасының Конституциясы» деген Негізгі Заң дүниеге келді. Бұл құжат екі адамдар тобының арасында шарт жасатып отыр. Шарттың бір жағында, әлсіздер яғни елдің қарапайым азаматтары, екінші жағында олардың потенциальды қарсыластары – билік өкілдері. Билік өкілдері, халықтың қолынан билікті, оның құралдары – қаржы, құқық армия, күш құрылымдарын қолына алып оны капитализмнің принциптеріне сәйкес халыққа қарсы пайдалана алатын болды.
Конституция бойынша билік өкілдері «халық мүддесін қорғаймыз, халыққа қарсы күш қолданбаймыз» деп уәде берді. Бұл уәделері бос сөз болып қалмас үшін капиталистік әлемде ойлап табылған «батыс демократиясына» арқа сүйенетін болды. Батыс әлемінде бұл механизмнің «биліктің үш тармағынан тұруы, олардың бір-біріне тәуелді еместігін, бірін-бірі таразылап бақылап ұстап отыратынын айтқан жөн. Сонымен бірге, тағы бір билік – тәуелсіз ақпарат құралдары (оны «төртінші билік» дейді) да дамуы тиіс. Өкінішке орай айтуға тиіспіз, біздің елдің билігі бұл түсініктер жайлы халқы ешнәрсе білмесін деп бар күшін салып келеді.
Бұл жерде айта кеткенім дұрыс болар, әлемдегі капиталистік елдер ішкі демократиялық жұмыстарын жинап қойып, сыртқы мүдделеріне көп уақыттарын жұмсауға кірісуде. АҚШ, Ресей, Қытай сияқты елдер империялық амбицияларының аранын ашып, оның аяғы халықаралық терроризмге әкеп соқтыруда. Соның салдары ретінде ондаған жылдар бойы Ирландия, Пәкістан, Ауғанстан, Палестина, Шешенстан т.б. елдерде соғыс жанжалы басылмай келеді, шахидтер мен жанбергіштердің бомбалары жарылуын тоқтатар емес. Саясаткерлер мұның себебі: әлемдік діндердің қақтығысы деп адамдардан оның шын себебін жасырғысы келеді. Оның шын себебі – капитализмде және оның негізгі принциптерінде жатыр.
Осыдан болар, фашизмнің зұлымдықтарын басынан кешкен, Нюрнберг процесінде фашизмнің қандай бір болмасын түріне тиым салуға қол қойған бүгінгі Ресей капиталистік елге айналып алған соң көшелерінде фашистік символикамен сайрандап жүрген тықырбас скинхедтерді қолдайтын саясат жүргізіп отыр. Ресей фашистік елге айналып, империялық ту астында әлемге өз шарттарын қоя бастады. Европаны фашистік жаулардан азат еткен қариялардың немерелері қазір нацистерге айналуда. Капитализмнің түпкі өзегі міне, қайда жатыр!
Американы «іскер Америка» дейтін болғандықтан оның сыртқы саясаты агрессиялық болуға тиіс емес. Пайда, табыс табу – капитализмнің ең басты идеологиясы. Шектен тыс пайдаға қол жеткізу экономикада да, саясатта да диспропорцияға әкеп соқтырады.
Қазір әлемде бизнестің ең көп пайда, табыс түсіретін түрлері дами бастады. Атап айтқанда, қазір әлемде пайда көзінің ең көп пайда әкелетін түрлері мыналар: ҚАРУ САТУ, НАРКОСАУДА, және ШОУ БИЗНЕС.
Қару Сату бизнесі – жоғарыда айтқанымыздай соғысқа, қан төгуге, зорлық-зомбылыққа апаратын, халықты осы мүддеге сәйкес тәрбиелейтін жол. НАРКОСауда – мафияға жол ашады, яғни мемлекет пен билік орындарының криминалмен жымдасуына, ұлттық, халықтың азып-тозуына әкеледі.
ШОУ БИЗНЕС – көңіл көтеру, думан, той қызметтерін көрсету жолымен шексіз пайда табу арқылы жастарды өздеріне елтіп тартады. Жастарды елдің, халықтың, қоғамның мақсат-мүдделерінен назарын аударып, елдің қажетті мақсатына – техникалық, ғылымдық, өндірістік саласынан ажыратады. Өндірісте жұмыс істеу, өнім шығару қор саналады, бұл салада істейтіндер екінші, үшінші, сортты адамдарға айналады.
Міне, осының бәрі бүгінгі күнгі капиталистік әлемнің жазылмас науқасы, әлемдегі капиталистік дағдарыстардың түпкі себебі деп айтар едім. Өздеріңізге белгілі, біздің Қазақстан да капитализм құрып жатқан ел, оны өзіміз таңдаған «ерекше жолмен» саламыз дейміз. Бірақ, біздің елдің басшылығының адам күлерлік жері сол, біздің реформа жасаушыларымыз капиталистік әдістердің ішінен бір ғана нәрсені – еркін бағаны таңдап алыпты. Осы әдісті таңдап алған мамандарымыз бағаны еркін шабысқа салды да жіберді. Жібергені сол екен, сол жібергеннен оны әлі күнге дейін тоқтата алмай келеді. Бұл жағдайда да үкімет күлкілі мазаққа ұшырап отыр. Әртүрлі келісім, қорқыту әдістерін пайдаланып көрді, бірақ бағаның өсуін тоқтата алмай келеді. Егер біздің мемлекет әрбір жеке меншік иесінің қасына базарға автоматы бар полицейді қойсын мейлі, ол бәрібір онымен келісім табады, әйтпесе банкрот болады. Жақында тұрғын үйлердің бағасы аспанға шығып кетті. Біздің кішкентай ғана жалақымызды (оны басқаша сөзбен азық-түлік карточкасы деуге болар), ондаған мың доллар жалақы алатын шетелдік дамыған елдердегі тұрғын үй бағасымен салыстыруға бола ма? Жоқ, салыстыруға болмайды. Нәтижесінде, біз құрып жатқан капитализмді рулі мен тежегіші жоқ автокөлік деуге болар. Бірақ, мұндай автокөліктің болуы мүмкін емес қой. Олай болса, бізде ешқандай капитализмде де жоқ, болуы да мүмкін емес нәрсе. Өндіріс пен техникада көз бояйтын жетістіктеріміз бар деп мақтанамыз. Мұнайдан түскен ақшаларға шетелден әртүрлі ғылым мен техника жетістіктерін сатып алып «міне біздің шыққан шыңымыз» деп бөсіп жүрміз. Бірақ, шын мәнінде рухани жағынан алғанда капитализмнің жабайы табиғатында оның жабайы заңдарын меңгеріп өлместің күнін кешіп келеміз. Бірақ, бұл жабайылыққа мән беріп оған бойлап жатқан билік бізде жоқ. Мұндай жабайылыққа қарсы тұратын басқару механизмді «батыс демократиясы» деп атайды. Бірақ, біздің билік басындағылар демократияны анархиямен қатар қойып, демократияны талап етушілерді «семірген халықтың еріккен ермегі», «біздің халық демократия деңгейіне жеткен жоқ, жетілмеген. Мұндай дамымаған, жетілмеген халыққа еркіндік берсең, аяғына нық тұрмаған еліміздің негізін шайқалтады. Елбасы Н.Назарбаевтың темір тәртібі ғана елімізді дамыған елдер қатарына қосты» дейді.
Біздің бұған үлкен күмәніміз бар. Шындығына келетін болсақ, демократияның жоқтығы ғана елімізде жайлаған жабайы адамдарға тән келеңсіздіктерге жол беріп халықты тұншықтырып отыр. Бір сөзбен айтатын болсақ, биліктің елімізді басқару жүйесі сын көтермейді. Халықты басқарып отырған билік емес – олардың қалай аман қаламын деген өзін өзі сақтау инстикті. Адамдар бір бірінен, көршісінен қорқады. Біздің елде бір ғана нәрсе қауіпсіздіктің кепілі болып саналады. Ол – ақша мен билік. Екеуі бір мағынаны білдіреді. Биліктің барлық тармақтары және күш құрылымдары жекешеленген. Барлық нәрсе жекеменшік көзқарасымен өлшенеді, яғни бәрі сатылады, бәрін сатып алуға болады. Билікке және байлыққа деген шексіз құмарлықты түсіндіруге болады. Әрбір байыған адам, өзінен «күштілердің» көз «қарауына» түседі. Ондай күштіден қорғану үшін, оны жеңу үшін амалсыздан байыған адам ақшасын онан да еселеп көбейтуге, қорғану үшін билікке жетуге тырысады. Себебі басқа жолмен күресу, қорғану әдісі жоқ. Бір ғана кепіл бар, ол – ақша мен билік….
Біз КСРО кезінде неге социализмді құра алмадық? Оған себеп, біз экономиканы түгелдей мемлекетке бағындыра отырып, сонымен бірге жеке адамдардың ойын, арманын, сапасын да мемлекетке бағындырғымыз келді.
Міне, енді бүгін капитализм құру жолына түскен кезде сол баяғы қатені қайталап отырмыз. Бір ғана айырмасы бар – экономиканы және мемлекеттік органдарды жекешелендіріп болып енді адамдардың ойын, санасын да жекешелендірмекпіз. Жәй халық бұған наразылық жасауда. Нәтижесінде, бұл наразылық елді, қоғамды быт-шыт қып бұзуға апаруы мүмкін. Қоғамды быт-шыт етіп бұзуға ерекше үлес қосып отырған мемлекеттік орындарда отырған шенеуніктер екенін басып айтқан жөн болар. Олар сырт көзге әдемі сөздер айтып, қайырымды көрініп «ядролық, жаппай қыратын қаруларды жояйық, химиялық, бактериологиялық қаруларға тиым салайық» деп мейлі қанша бұлбұлдай сайрағанымен олардың ішкі жыртқыштық сезімі, мейлі қанша жерден дамыған капитализм құрайық, өзгермейді. Олардың бойынан капитализмнің «адам адамға — қасқыр» деген принципті жоймайынша, сол хайуандық инстинктен айрылмайтыны анық.
Енді маған «Қандай жол ұсынасың?» дейсіздер ғой. Менімше, жекеменшік иелері әртүрлі ұйымдасу түрлерін пайдалана отырып бірте-бірте жекеменшіктің қоғамдық түрлеріне өтсе. Әрине, ол үшін азаматтардың оған лайықты капиталы болуы керек.
Қазақстандағы арамдық жолмен жиналған барлық байлықты халыққа қайтарып, миллиардерлерді жәй халықпен теңестірсек бүгінгі қайыршылар орта класс тобының иелеріне айналар еді. Әрине, бұл қиял, арман. Бізде кезінде колхоз, кооператив, тұтынушылар одақтары болды. Олардың негізінде капиталистік жүйенің арқауы бар. Олар жаман жұмыс істеген жоқ, бүкіл елді тамақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Бірақ кеңестік демократиялық централизм, қазіргі қазақ демократиясы сияқты кез келген жақсы нәрсені жаман нәрсеге айналдырудың шебері болды. Колхозды, кооператив, тұтыну кооперативтер одағын жойып енді капитализм құрамыз дейміз. Жақында Елбасы Н.Назарбаевтың өзі елдегі кадрлық дағдарыстың жүйелі дағдарысқа айналып бара жатқанын мойындады. Оның себебін де айта кеткен дұрыс болар.
Несін жасыратыны бар, бізде қызметтік орын, лауазымдардың барлығының сатып алу бағасы бар. Мұндай жағдайда ең басты мәселе – адамның әмиянының қалыңдығы шешеді. Адамдармен жұмыс істеу үшін оның жүрегі болуы керек, басқа сөзбен айтқанда имандылық мәселесі бірінші орында болуы тиіс. Бірақ, біздің елде жүрегі бар, иманды қасиеті көп адамдар қызметте, билікте ешқандай мансап жасай алмайды. Олар әлеуметтік «аутсайдер» болып қала береді.
Бір сөзбен пайымдауларымды қорытындыласам, Қазақстан үшін, оның халқы үшін елдегі саяси өмірді еркін жағдайға жібермей болмайды деп санаймын.
Мұхит Қазыбеков
Қызылорда қаласы






























Жауап беру