
Өткен жылдың 27 желтоқсанында «Свобода слова» газетінің тілшісі, Игорь Кимді (Лақап аты Ларра) ұрып-соғып, тонаған бұзақылардың соты аяқталып, осы іс бойынша жалғыз сотталушы Мерболат Сұлтанов 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Осымен іс бітті, әділдік жеңді деуге болар еді, бірақ…
Өздеріңіз білесіздер, осы іс барысында үш адам ұсталып, олардың екеуі куәгер санатына жатқызылып, сот залына жалғыз Мерболат Сұлтанов қана жеткен болатын. М.Сұлтановқа үкім шығарылғанмен, әділдіктің ауылы алыс екенін сот үкіміне сотталушы жақ пен жәбірленуші жақтың екеуінің де риза еместігі көрсетіп тұр. Бұл іс бойынша тағы екі адамның — Қашқымбаев Жандос пен Дәуреннің аты-жөні, мекен-жайлары анықталмай қалған болатын. Соларға толығырақ тоқтала кетсек. Сотта Мерболат Сұлтановтың ағасы Мұхамеджан Сұлтанов тергеу барысында тергеушіге күдікті Дәуреннің Алға қаласында тұрып жатқанын, мекен-жайын хабарлағанын айтты. Бірақ, белгісіз себептермен мекен-жайы, аты-жөні белгілі Дәурен әлі күнге белгісіз болып қалып отыр. «Оның себебі, соғымға берілген төрт сиыр» дейді М.Сұлтанов.
Сот отырысы қылмыстық іс құжаттарын зерттеу мен қатысушылардың жарыссөзімен жалғасты. Прокурор әдеттегідей алдын ала дайындап алған айыптау талабын оқып, «тергеу толық, дұрыс жүргізілген» дегенді айтты. Жәбірленуші И.Кимнің жұбайы мен оның өкілі Б.Қанатов «аты-жөні белгілі «белгісіздер» туралы және тағы басқа да тергеу ісіндегі олқылықтарды» айтып, қылмыстық істі қайта тергеуге жіберу туралы пікірлерін жеткізді. Сотталушы М.Сұлтанов пен оның қорғаушысы Н.Дүйсенбекова «бұған дейін де ҚР ҚК 178 бабының 2 тармағы бойынша (топ болып адам тонау) сотталғанына қарамастан «бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды» сұрады.
Судья Д.Даумов жоғарыда көрсетілген үкімді жария етті. Сот болды, үкім шыққанмен көңілде көптеген сұрақтар қалды.
Бақтығұл Қанатов, жәбірленуші Н.Кимнің өкілі















Жауап беру