
Ертістің арғы бетіндегі Омбы өңірі, Том мен Түмен, Ноғайсібір мен Барнауыл ежелден қазақтың қатар жайлап жүрген жерлері екенін тарихтан білеміз. Кейіннен бұл аймақ патшалық Ресейдің билігіне біржола көшсе де, Ертістің арғы бетіндегі ішкі округтердің құрамында қазақ болыстары сақталып қалады. Бұлардың ұрпақтары 7-8, тіпті 10 атаға дейін әлі де Ресей жерін жайлап келе жатыр.
Сібір өңірін мекендеген осы қандастарымыздың қатары содан кейін де бірнеше мәрте қазақ жерінен барған ағайындармен толығады. Мысалы, кеңес өкіметі орнап, бұл жақтағы ел замананың зауалына ұшыраған шақтарда, Арқаны жайлаған жұрт солай қарай ағылған. Күштеп коллективтендіру, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін замандарында осы өңірдегі қазақтардың жартысынан көбі жан сақтау үшін Сібір асып, сол жақтағы қазақтардың қатарын тағы да толықтыра түсті. Олардың ұрпақтарынан әлі де тұрып жатқандары бар. Кейін Ресейдің Сібір аймағында тұрақтап қалған қазақ ауылдарының негізінде колхоз, совхоздар құрылып, іргелі елге айналады.
Бірақ бір кезде қанаттасып отырған қазақ ауылдарының қатары қазір сиреп қалған екен. Дегенмен әлі де іргесі бұзылмай, берекесін сақтап отырған елді мекендер баршылық. Солардың бірі Омбы облысы, Шарбақкөл ауданындағы Ортақшыл ауылы. Кезінде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы болған Фазыл Кәрібжанов, Көкшетау облысы әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Қызыр Жұмабаев, қоғам қайраткерлері Жәнібек Кәрібжанов, Балташ Тұрсынбаев, Серікбай Әлібаев секілді азаматтар оқыған орта мектеп әлі сол күйінде ұрпақтарға білім беруде. Бұл жерде Қошке Кемеңгеровтың баласы Нартай атамыз талай жыл ұстаздық еткен.
Осы ауылдың тумасы, қазір Қазақстан азаматы кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев сол төңіректен шыққан майдангерлерге арнап, жауынгердің мыстан жасалған үлкен ескерткішін орнатып 9 мамыр күні соның ашылу рәсімін жасап жерлестерін бір қуантты.
Ұлтаралық татулық деген не?
Мені таңқалдырғаны Шарбақкөл ауданы басшыларының қазақ диаспорасына деген ықыласы мен құрметі. Тіпті орнатылған ескеркіштің қаржылай шығынының біразын аудан өзі көтергенге ұқсайды. Былай қарасақ, Ортақшыл сол аудандағы совхоздың бөлімшесі болған көп ауылдардың бірі ғана. Және кілең қазақтар тұрады. Қазақты сыйламайтын басшы болса, орынбасарларының бірін немесе мамандарын жібере салар еді. Бірақ аудан жетекшісі Александр Молоканов және оның бірінші орынбасары Ирина Куриловалар бастаған жергілікті басшылар мерекеге бастан-аяқ қатысып, аста бірге отырды. Молоканов мырза: «Митингіде тұрғанда менің арқам терлеп кетті, бірақ күннің ыстығынан емес, осы бір тебіреністі сәттердің әсерінен»-деп ағынан жарыла сөйледі. Апырмай, біздегі орыстілді ағайындар неге осындай емес деп ойладық сосын.
Той үстінде сол жерде отырған ақсақалдарды сөзге тартқан едік. «Елге оралғыларыңыз келмей ме? Бұл жақта ұлтқа, нәсілге бөлушілік жоқ па?»-деп сұрадық. «Қарағым, ата-бабаларымыздың сүйегі осы жерде жатыр. Оны тас-
тап қайда барамыз? Ал ұлт араздығы деген бұл жақта атымен жоқ. Құдайға шүкір, тұрмысымыз бақуат»-дейді қариялар.
Мерекелік шараға арнайы келген Ресей полициясының қызметкерлерімен де әңгімелестік. «Ортақшыл ауылының біз үшін орны бөлек. Салт-дәстүрді қатты ұстайды. Бұл ауылда өтетін шараларға қуана-қуана келеміз. Себебі басқа орыс ауылдарындағыдай төбелес, жанжал болмайды»-дейді олар.
Ортақшылда туып-өскен қазір Павлодар қаласында тұратын Бибізат апамызбен әңгімелесіп отырмыз.
-Қарағым, ұлтқа бөліну, басбұзарлық жасау тойынғандықтан болады ғой. Аш жүрсе көрер едім. Сол заманда осы Ортақшылда орысың мен қазағың, украин мен немісің бір атаның баласындай болып бірге тұрдық. Ауылдан 40 шақырым жердегі аудан орталығына азық-түлік алуға барамыз. Жарты жол көлік болса, жарты жол жаяу жүреміз. Жас келіншек күніміз, бір-бір кішкентайымыз бар. Емшектегі баланы қайда сүйрейсің. Орыс, неміс демейміз, баланы көршіге тастап жүре береміз. Жыласа өздері емізеді. Олар ауданға шыққанда сәбилерін маған тастайды, мен емізе беремін. Сол кезде дүниеге келген ұлты басқа балалардың көбі қазақтың сүтін еміп өсті. Менің өз балаларым немістің де, орыстың да, украинның да емшегін емді. Міне, біздің достығымыз осындай болатын.
Дегенмен мына бір оқиға әлі есімде. Ауылдағы қазақтардың азан шақырып қойған аттары болғанымен, орысша қосалқы есімдері бірге жүретін. Мысалы: мені Валентина,- дейді. Бір күні сиыр сауайын деп далаға шықсам, қарсыдағы көрші неміс келіншегі: «Валя, тез кел, өлтірейін деп жатыр!»-деп айқайлайды. Шелегімді тастай салып жүгіріп барсам, үй иесі неміс бойжеткен қызын малқораға қамап алып ұрып жатыр. Барып айырып алдым. Себебін сұрасам әкесі: «Бұл оңбаған орыс жігітімен жүреді. Ертең орысқа тұрмысқа шықса, ол мас болған күні маған «фриц» деп көзіме шұқып отырады. Егер орысқа шығатын болса өлтірем!»-дейді. Бірақ бұл отбасныың өз ішінде ғана болатын жағдай, сыртқа шығармайтын. Және әлгі немістің қызы қазаққа шығар болса, ол қарсы болмас еді.
Тәрбие мен дәстүр
Той үстінде осы ауылдың тумасы Ыбыраев Темірхан ақсақалдан: «Аға, осы бір алақандай ғана Ортақшылдың ауылынан ондаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы азаматтар шыққан екен. Бұның не себебі бар?»-деп сұрадық.
-Қарағым, бұның барлығы білім мен тәрбиеден. Мына мектептің іргесін Исахан Сатыбалдин деген кісі қалаған. Кейін соғысқа барып келді. Мұғалімдердің барлығы ер адамдар болатын. Географиядан беретін Бескенов Есім ағамыз соғыс кезінде жау блиндажына кіріп, оншақты фашисті бір өзі жайратып тастаған адам. Дайыров Мәжит деген мұғалім партизан болған. Қошке Кемеңгеровтың баласы Нартай ағамыз орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Райысов Сінәт, Кәріпжанов Сәлім, Ибраев Болат, айта берсек кілең мықтылар. Бұлардың көбі КазГУ-ді бітірген және білім берудегі жауапкершілігі аса жоғары, шын мәніндегі ұстаздар еді. Мысалы, астрономиядан сабақ беретін Рахимов Қосман ағамыз түнгі сағат екіден былай қарай далаға алып шығып, аспандағы жұлдыздарды көрсетіп тұрып дәріс өткізетін. Міне, осындай адамдардан тәрбие алған жас неге ақылсыз болсын.
Ол кезде аты Ресей болғанымен Қазақстаннан айырмашылығы шамалы еді. Мектеп қазақша. Салт пен дәстүр орнында. Мысалы Нартай ағамыз Қазақстанға жиі қатынасады. Сол жақтан жаңадан шыққан әндерді үйреніп, сөзін жазып әкеліп, бүкіл ауылға тарататын. Біз осы жақтағы Қазақстанның бір ауылы секілді өмір сүрдік.
-Тәрбие демекші, мынаны айтайын,-деп Бибізат апамыз сөзге араласты. –Қайын атамыздың екі әйелі болды. Үйде сегіз келін едік. Атамыз 95-ке келіп өмірден озды. Сол уақытқа дейін бір келін ол кісіге бетімізді көрсетпей кеттік. Тіпті аққұмандағы шайға дейін енеміз өзі салатын. Аққұманды жуып әкеліп жүзімізді көрсетпей, шымылдықтың ішіне ұсынамыз, ол кісі шай салып береді. Егер ыдыс кір болса, енеміз қолдан қағып жіберетін. Міне, осының барлығы тәрбие деп түсіну керек. Қазір ата-енесінің көзінше кіндіктерін ашып жүретін келіндер мен жетесіз жігіттерді көргенде еріксіз сол заман еске түседі.
Сол күні Ортақшылда өткен тойға екі жарым мыңнан аса адам жиналып, төрт жылқы сойылып ас берілді. Осыған қарап тұрып, ауыл әйелдерінің әбжілдігі мен іскерлігіне таң қалмасқа болмайды. Оның үстіне бұл жақта табақ тарту дәстүрі сол күйінде сақталған. Әр табақтағы мүше өз орнында болуы керек. Яғни, бұл жақта бастан кейінгі сыйлы мүше болып саналатын жамбасы, омыртқасы, белдемесі, жіліктің басы деген секілді мүшелер өз орнында болмаса, ол үлкен айып. Енді байқаңыз, 200-ге жуық табақ тартылған екен. Соның барлығын бір мезетте жасап, бірнеше үйде отырған қонақтарға таратып беру деген үлкен ептілікті керек ететін шаруа. Ортақшылдағы әпкелеріміз бен қарындастарымыз осыны ың-шыңсыз атқарып шықты. Бұл да дәстүр!
Сайлау Байбосын





















Жауап беру