Сіз мындасыз:

Николай  Булганиннің қолын ұстап амандасқан адаммын
Николай Булганиннің қолын ұстап амандасқан адаммын

« Мен тоғыз жасымда КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Николай Булганинмен кездесіп,оның қолын ұстаған адаммын.» -деп есіне алады еңбек ардагері Николай Щербинин.
Талай жылдардан бері осы бір өмірімде болған тарихи жағдайды әрқашан, әр жерде, талай отырыстарда айтып келемін. Бірақ ауызша ғана айтылғасын, бұл жәйтті дәлелдейтін қолымда ешқандай құжат немесе сурет болмағандықтан оған көп адамдардың сенбейтініне етім үйренсе де айта беретінмін.
Биыл қалыптасқан дәстүрім бойынша балалық шағым өткен жерім Тәжікстанға барып қайттым. Ағайын, туысқандармен, достарыммен кездесіп, қыдырып қайттым. Осы сапарымда бала кезден бірге өскен досым, тарихшы, антиквар жинаушы, ғалым, өлкетанушы Мұхамедов Садрединнің үйінде болғанымда жас кезімде Булганинмен болған кездесуім жайлы айтқан едім.
— Ойбай-ау, Булганиннің сол кездесуі кезінде жасалған суреттер менде бар ғой! Ертең мен сол қағаздарымды қарап көрейін, — дегені бар емес пе.
«Е,жақсы болды ғой» — деп ойладым. Бірақ оның қолындағы суреттердің арасынан бала кезімдегі Булганиннің қасында тұрған суретім табыла қояр деп кім ойлаған.
Досым келесі күні суреттерді көрсете бастағанда көзім жарқ ете қалды. Булганиннің қасында құлақшын киіп тұрған өзімді, оң жақтан екінші тұрған анам Мария Ивановнаны, оның қасында тұрған көрші Зина апайды, бала кезімде есімде қалған түсі таныс адамдарды көргенімде қуанышымда шек болмады. Енді бұл суреттің тарихын басынан бастап айтайын.
-1958 жылдың қараша айы болатын. Сол күні қыстақ халқы абыр- сабыр болып жатты.
«Николай Булганин келеді екен» деген хабар бәрімізге тарады. Мектепке барған жоқпын. Қыстақта мақта тазалау зауыты бар болатын. Онда екі мыңнан астам жұмысшылар істейді. 16 ұлттың өкілдері — тәжік, орыстан басқа неміс, осетин, қырым татарлары сияқты жер аударылғандар да көп болды. Әкем зауытта мақтаны тұқымнан айыратын цехта бригадир болып істейтін. Біздің қыстақ Душанбеден 47 шақырым жерде орналасқан. Ол кездегі тұрмыс жағдайымыз өте нашар, дүкенге нан аз түседі, май, қант жоқ, ауыз су жетіспейді. Барак типтес үйде тұрамыз. Сол күні Булганин біздің қыстақтың үстімен өтіп стадионда үкімет басшысы үшін ұйымдастырылған ұлттық «бузкаши» ойынын, қазақша көкпарды көруге барады екен. Бірақ, қыстақтағы зауыт жұмысшылары, тұрғындар түгелімен Булганин жүретін көшені жауып үкімет басшысына жағдайымызды айтамыз деп тұрып алды. Милиция оған қарсы бөгет бола алмады. Бір кезде екі ЗИЛ, қалғандары ЗИМ, жиырмаға жуық көлікпен Н.Булганин алдымызға келіп тоқтады. Қасында Тәжікстан компартиясының бірінші хатшысы Олжабаев, Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы Дотхудаев бар. Булганин автокөлігінен түсіп жұмысшыларға жақындады. Халық нан, май, қанттың, ауыз судың жоқтығын айтып арыздарын жеткізіп жатыр. Бір кезде менің анамның қасында тұрған Зина апай «көмектесіңіз!» деп жылаған күйінде Булганиннің аяғына есі танып құлады. Булганин «су әкел» деген соң қасындағылардың бірі нарзан суы бар бөтелкені алып келіп Зина апайдың аузына су тамызды. Булганин Олжабаевқа қарап «неге халықтың жағдайына қарамайсыңдар?» деген сөздерді айтып жатыр. Булганин сосын халыққа жақындап адамдармен сөйлесе бастады. Халықаралық, экономикалық жағдайды айтып түсіндіре бастады. Әңгіме 40 минутқа жуық созылды. Мен мына суретте анамның қолынан сытылып шығып Булганинге жақындаған кезім. Ол менімен қолын беріп амандасып, қолын құлақшыныма қойып «міне, отанымыздың болашақ солдаты» дегені жадымда жақсы қалыпты. Әрі қарай жылжып амандасуға Булганин өте бергенде мен анама қарап: «Мама, неге атаның қолы жұмсақ?» деген сұрағымды естіп қалған Булганин бұрылып маған қарап күлді. Анам бұл сөзімнен зәресі ұшып кетсе керек, «Жап аузыңды, ақымақ!» деп жатыр.
Міне, мен осылай 53 жылдан соң өзім куә болған тарихи кездесуді дәлелдейтін суретті таптым. Енді бұл сурет менің отбасым үшін ғана емес, КСРО кеңістігі үшін тарихи маңызы бар сурет екеніне күмәнданбаймын.
Айтпақшы, осы сапардан Мәскеуге қайтып барған соң Хрущевтің Булганинді өз қызметінен кетіргенін тарихтан білемін.
Тағы бір тарихи жәйттарды айтайын. Әуелі Тәжікстанға қалай барғанымыз жайлы. Менің анам Щербинина Мария Ивановна бұл жаққа 1933 жылы Қазақстаннан аштықтан қашып барыпты, Көкшетау жақтан. Анамның әкесі Иван 1933 жылы аштықтан өледі. Анамның айғайындары сол жердегі қазақтармен бірге аштықтан қашып Тәжікстанның Шаартуз ауданына келеді, анам 10 жаста екен. Бірақ, бұл жерде де жағдай мәз емес, бірақ Қазақстаннан тәуірлеу болыпты. Егер сол жылы, яғни 1933 жылы тәжік-ауған шекарасын кеңес үкіметі жауып тастамағанда ауған жағына ауып кетуіміз де мүмкін екен.
Тағы бір қызықты айтайын, біз тұрған қыстақтың аты «Ұялы» (Аралда осындай жер аты бар емес пе), ал ауданның аты соғыс басталғанға шейін «Арал» деп аталыпты. Соған қарағанда, бұл атауларды Сыр бойындағы Арал маңының халқы аштықтан қашып барған кезде қойған шығар деп ойлаймын. Жалпы алғанда, әлі есімде, Тәжікстанда қазақтар көп болды, әсіресе Қорғантөбе ауданында.
Қанша жыл өтсе де осы бір балалық шағымдағы кездесу жадымда сақталып қалыпты. Осы жайлы отбасымда, тарих сабағын берген кездерімде сыныпта талай рет айтып жүрмін. Енді сол әңгімеге мына суретті айғақ ретінде көрсетіп айтамын, балалық балғын шағымды еске түсіремін.

Жазып алған С.Жүсіп.

 

Жариялаған: Қазақия газеті

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Октябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Сен    
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика