Сіз мындасыз:

М.Аймаханов — үшінші ғарышкерліктен үміткер қос қыранымыздың бірі
М.Аймаханов — үшінші ғарышкерліктен үміткер қос қыранымыздың бірі

Мұхтар Аймаханов — үшінші ғарышкерліктен үміткер қос қыранымыздың бірі. Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде 1967 жылғы қаңтар айының бірі күні қарапайым отбасында дүниеге келген. Отыз жыл бұрын, ғасырдан астам тарихы бар №250 орта мектептен білім алып, таңдаған мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, құқықтық және қаржы құрылымдарында жауапты қызметтер атқарды.

Мұхтар Аймаханов — Ұлттық ғарыш агенттігі тарапынан ғарышкерліктен үміткер жастарды таңдау үшін жариялаған байқауға қатысып, сан түрлі сынақтардан сүрінбеген санаулы саңлақтардың бірегейіне айналды.

 

М.Аймаханов ата-анасымен бірге

 

- Мен тарих пен ағылшын тілі және география пәндері бойынша түрлі тақырыптағы сабақтарға оқушылардың көбірек араласып, өздерінің ой-пікірлерін білдіруге айрықша мән беретінмін. Мұхтардың көзқарасы мен пайымы басқалардан бөлек еді, — дейді жиырма бес жылдық іс-тәжірибесімен 1993 жылы зейнеткерлікке шыққан сынып жетекшісі, ардагер ана Аманкүл Еркебаева. – Дүниежүзілік ғарышкерлер күніне арналған кештердің материалдарын әзірлеуге қуана көмектесіп, кітапханадағы ғылыми әдебиеттер мен басқа да қосымша дерек көздерінен мол мәліметтер жинағанын ұмытқаным жоқ. Шәкірттердің болашағын бағамдауға байланысты қажетті сауалнама толтыртқанымызда, ол өзінің ғаламшар аралық кеңістіктің құпиясын зерттеуге зор ынтасы мен ерік жігері барын ашық аңғартқан-ды.     

 

Мұхтар Аймаханов    

Әлімбаев Асқар есімді құрдасының әңгімелеуінше, бір сыныпта он тоғыз жеткіншек білім алған. Он екісі қыз, жетеуі ұл. Мұхтар озаттардың құрамында жақсы оқып, үлгілі тәртібімен көрінген. Қатарластары жұртпен көп араласпайтын бозбаланың ұдайы терең ойдың жетегінде жүретіндігін айтады. Бұйығы жүрсе де спортқа бейімділігі жөнінен алдына жан салмапты. Әсіресе, футболға қатты қызықса керек. Физика мен математикадағы қиын есептерді тез шешетін жүйріктігі қарымы мен қабілетінің мықтылығына дәлел. Араққа әуестігі жоқ және темекі тартпайтын қарапайым қара баланың қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әп-әдемі ән де шырқағанын құрбыларынан естідік.

Айлы түнде жымыңдаған жұлдыздардың арасынан халқымыздың танымы мен түсінігіне сай және зерттеуші ғалымдар зерделеген астрономиялық шырақтарды орналасу ретіне байланысты дәл тауып, балғын қиялындағы алып кемемен аспан әлемін шарлайтын.

Черниговтегі жоғары әскери училищесін “ұшқыш-инженер” мамандығы бойынша үздік бітіріп, кеңестік қарулы күштерінің құрамындағы әскери борышын абыроймен атқарды.

 

- Байқоңырда тұратын бес-алты құрбы қыздармен бірнеше жыл бұрын осында келген қысқа мерзімді жұмыс сапарында жылы жүздестік. Жастық шақтың талай қызықтарын жадымызда қайта жаңғыртып, сыршыл сағынышымыздың түйінін тарқатқанбыз, - дейді ғарыш кешеніне қоныстанған қатарласы Пернегүл Мендібаева. – Әр алуан әңгімелердің арасында жоғарғы сыныпта ерекше ұнатқан қызбен оңаша жолыққанында бірден асқақ арманы барын жеткізгенін айрықша атады. Ең біріншісі сүйкімді сұлуының жүрегіне жол табу болыпты. Біз сол сылқымды сүйетіндігін, үйленуге уәде бергенін бағамдамаппыз. Мектептегі алғашқы махаббат құсын қолына қалай қондыра алмағанын ашып айтқан жоқ. Эльмирадай медицина маманымен бақытқа бөленгенін баяндады. Аққұба арумен бірге тізгін ұстар ұлына тағылымды тәрбие дарытуда екен. Балауса шағындағы келесі құштарлығы ғарышқа самғаумен сабақтасатын. Осы жолда талай асуды бағындыра білген оның жұлдыздар әлемін шарлайтындығына сенеміз.

 

- Мектеп бітіруге жақын қалған кезде ол маған бірге жүрсеңші, әскери оқуға барып бақ сынайық. Сәтін салса дыбыстан да жүйрік тікұшақтарды тақымға басармыз. Көкке көтерілуге құмартып жүрмін деді. Сол кезде-ақ, ол өзінің биік мақсатына жетпей тынбайтындығын танытқан еді, — деді бала кезінде бірге ойнаған досы, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Әділ Қошалақов. —  Ақыры, міне, жалпақ жұрттың назарын өзіне аударып отыр. Бүркіттейін баптанған қайсар құрдасыма сұңқардың сәттілігін тілеймін! 

Ата-анасы жөнінде анықтағанымыз, әкесі Рабат Кәрімұлы бұрынғы Ленин атындағы кеңшардың төл перзенті. Тұрмағамбет Ізтілеуов бастаған жүздеген шайырлардың құтты мекеніне айналған бұл елді мекен қазіргі кезде ақиық ақынның атымен аталады. Болашақ ғарышкердің әкесі жергілікті жөндеу-техникалық стансасындағы (РТС) инженер-механик шебері ретінде халық шаруашылығының жергілікті өңірдегі дамуына сүбелі үлес қосса, шешесі Гүлбану Гарифуллақызы биология пәні бойынша дәріс оқыған. Теміржолшылардың ұл-қыздары тәрбиеленген №250 білім шаңырағында ұстаздық еңбек атқарды. Жалағаш ауданындағы мектептің ұжымына жетекшілік жасағаны тағылымды тәлімгерлігін танытқандай. Бүгінгі таңда екеуі де құрметті еңбек демалысындағы зейнеткерлер. Алматы қаласында балаларымен бірге тұрады. Аймахановтар әулетімен ет-жақын ағайын туыстарын сұрастыра келе қармақшылық Қуантай әже Тауымбаеваны кездестірдік.

 

- Рабаттың әкесімен менің шешем бірге туысқан. Кетенің Аю руынан тарайды. Смайылова Айжан қызыммен оның ұлы сыныптас. Қарапайым отбасында төрт ер бала мен екі қыз тәрбиеленді. Мұхтар үшіншісі. Ол оқушы кезінде біздің үйге жиі келіп, жақсы араласты. Көп сөйлемейтін тұйық мінезді жайсаң жан-ды. Ғарышкерліктер үміткер батыл баламыздың ауладағы доп тебуден басталған спортқа бейімділігі үлкен биіктерге жетелегені даусыз. Тікұшақтан парашютпен секірген сәтінде қолын сындырып алғанына қарамай демалысында ауылдағы үлкендерге сәлем бере келгені мықты шыдамдылық пен қайсар мінезділігінен шығар. Қалың оқырмандар үшін отбасылық альбомда жылдар бойы сақталған және үшінші ғарышкерліктен үміткер ұланның балалық шағы мен жас-тық кезеңінен сыр шертіп, ата-анасы мен сыныптастарын баршаға танытатын бір топ фото суретті мақаламен бірге жариялау үшін ұсынамын, - деді ақ жаулықты әзиз ана ағынан ақтарылған әңгімесін аяқтаған соң төмендегі фото суреттерді қолыма ұстатып тұрып.

 Нұрлан МЕРАЛЫ, Астана қаласы

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәйкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.

Мұрағат
 

Сентябрь 2015
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930  

Жоғарыға

Яндекс.Метрика