Сіз мындасыз:

Мен неге «оппозициялық» мақалалар жазуға үйірмін?
Мен неге «оппозициялық» мақалалар жазуға үйірмін?

Той. Тойда туған ой

 

Жақында әскерде бірге болған қарулас досым Алтынғазы баласын үйлендірді. Мен келсем жұрт орындарына отырып, той қыза бастапты. Асаба жігіт микрофонды жеп қоярдай ауызға тақап, жаттанды жырын түйдек-түйдегімен төгіп жатыр екен… Той иесіне «ресми тіркелген» соң, Алтекең мені өз курстастары отырған үстелге апарды. Байқасам, көбі студенттік кезден таныстар. Әрина, арада өткен 30 жыл ізсіз емес – бәріміз де шау тартып қалыппыз…  Үстел басынан студенттік ескі таныс, Алтынғазымен бір бөлмеде тұрған Садуақас: «О, оппозиция келе жатыр!» деді. Әрине, мен оған «мақалаларымды оқиды екенсің» деп, разы болып қалдым… Бір реті келгенде «оппозиция болған жаман ба?» деп сұрадым одан. Әрине, бүгінде «оппозициялық мақала» оқитын адамның бұл өмірге, қоғамға, оның болашағына бей-жай емес екені белгілі ғой, дегенмен, «тамырын басып көрмек» үшін сұрадым. Ол: «Жоқ, Әбеке, бұл менің ризашылығымды білдірген түрім ғой, көңіліңе алма» деді, ағынан жарыла. Сөйтіп, екі арадағы  түсіністік қалпына келді…

Алайда, Сәдуақастың әлгі «қалжыңы» мені мазалауын қоймады:  «Міне, мынадай салтанатты сарайда той өтіп жатыр. Дастархан байлығы көздің жауын алады – ішпей-жемей тойып қалғандай! Тойға жиналған жұрттың үстіндегі киім қандай! Күлкілері қандай! Сырт-
та қаңтарылған машиналардың санында қисап жоқ − бәрі де қымбатынан…  Алтынғазы екеуміз осыдан отыз жыл бұрын тұңғыштарымызды құшақтап, аядай бөлмеде екі жанұя бірге тұрған кезде ол: «балама осындай той беретін боламын!» − десе,  сенер ме  едік, сенбес пе едік?! Ал, мен болсам, осыны неге көрмеймін? Бүгінге риза емес адамдай неге «оппозициялық» мақалалар жазуға үйірмін? Неге бұлай? Әлде, менің ішкі жан-дүнием өмірдің күнгейін емес, тек көлеңкесін көретіндей болып, қарайып кеткен бе? Баяғыдағылар жамандық ойлағанды «қара адаммен» байланыстыратын − «мұның қара адамы бар» дейтін. Әжелеріміздің «Әй, күйдіргі-ай, күйдірдің ғой!» дейтіні осы «қара адам» екен ғой! Міне, сондай бір «қара адам» байлап алды ма мені? Қазақ «қара албасты басқыр» дейді, «қара ой» басып алды ма мені?  Олай болса, дәрігерге қаралуым керек шығар?..».

 

Тракторист пен фермер

 

Сол екі арада жаз да келді. Немерелерімді алып, «ауыл қайдасың» деп тартып кеттік.  Ауылдағы інім Кеңесбек — тракторист. Бүгінде ондай тракторды шашып-қайта жинайтын мамандар ауылда аз. Сондықтан Кеңесбекке сұраныс көп: шөп шабу, оны тасу, жер жырту, комбайн айдау, арық тарту, т.т.  Бір күні інімнің үйіне келсем, ол біреуді түгін қалдырмай боқтап отыр: «Өй, әкең…, тапқан екенсің құлды! Көрсетемін мен саған құлдың кім екенін!» Мен «не боп қалды?»  дедім. Сөйтсем, осы ауылдағы бір фермер өткен жылы оны «жол картасы» бойынша жұмысқа алып, түкке жарамай тұрған тракторын жөндетіпті, ала жаздай жиекте шөбін шапқызыпты. Жұмыс біткенде бұған және көмекші Юркаға еңбек ақыларын бермей жіберіпті. Содан бері де жеті-сегіз ай сергелдеңге салып жүрсе керек. Кеше бұлар соны сұрап барғанда, фермермен сөзге келіп қалыпты. Анау: «Мықты болсаң менің шөбімді шаппай, мен сияқты фермер болмадың ба?»  десе керек. Інім оны «құл» деген мағынада түсініп: «Көрсетемін саған құлдың қандай боларын!» деп кіжінулі екен.  Мен басу айттым: «Кеңес, сен шөп те шабасың, егін де егесің, қолыңнан бәрі келеді. Сен өз күніңді еңбегіңмен көре аласың, ал сенің «фермерің» оның бірін де істей алмайды. Ендеше сен болмасаң ол аштан өліп қалар еді. Сонда кім кімнің «құлы» − сен оның ба, жоқ әлде, ол сенің бе?» Бұл ой баяндалатын Гегельдің «Рух феноменологиясын» оқымақ түгілі, атын естімеген Кеңесбек мына сөзге ойланып қалды. Шәй үстінде одан:

-Адам құқын қорғайтын прокуратура бар, заңды қорғайтын сот бар, соларға неге бармайсыңдар? Өзің Чернобыль апатының мүгедегі, көп балалы әкесің, барсаң ақшаңды өндіріп алар едің ғой? − дедім.

-Фермер «қайда барсаң онда бар, бәрібір түк бітіре алмайсың» — дейді.

-Сонда оның сот-прокурорды да байлап алуға ақшасы жетер ме екен? Сенен аяған 120 мың теңгеден 5-10 есе артық ақша шашатындай ақыл-есі түзу ме?

-Шашады. Қаңғырып кетуге даяр − тек бізден мерейін асыр-
са болды оған.

-Жарайды, солай етсін делік. Бірақ,  Құдайды да «байлап» алам дей ме? Ертең сұрауы болмай ма?

-Ту, Әбеке, алысты қозғап қайтесің? Ондай көкірегінде  «қара адамы» барлар Құдайды неғылсын!  − деп қысқа қайырды.

Кешке қарай ауылдағы Таңат ағам телефон соқты:

-Әбдірашит, ауылға келді деп естідік. Осы сенің бізге көмегің бола ма?

-Не боп қалды, Тақа?

-Ертең сағат үште ауылда жиналыс болады. Соған кел, сонда көресің не болғанын! – деп, Тақаң трубканы тастай салды…

Ертесіне, айтқан уақытында әкімшілік кеңсесіне келсем, бір топ адам жиналып, қызу айтысып жатыр. Сөйтсем, олар құрған «Қайыңды» ЖШС-ын бір кәріс «20 млн теңге қарызсыңдар!»  деп, бұлардың жерін алмақшы екен…

 

Кан – бір жақ, бір ауыл қазақ – бір жақ…

 

Істің мәнісі былай болыпты: 2011 жылы ауылға Тараз қаласынан Лаврентий Кан деген азамат келеді. Ол: «Жер сіздікі, қаражат менікі,  бірігіп өңдейік. Оның 5 пайызын өздеріңізге пай ретінде қайтарып отырамын. Бұрынғы салық, қарыздарыңызды толық өтеймін. Әлеуметтік, шаруашылық, мәдени нышандарды, техниканы қалпына келтіремін» депті. Бұлар ары-бері ойланып, «ақыры бос жатқан жер ғой, тозып кетпесін» деп, оның «Атлах» ЖШС-мен 5 жылға Шартқа отырады. «Атлах» бұлардың бір мыңнан аса гектар жеріне арпа-бидай егіп, 600 га жерге капуста отырғызып, шабындықтардан шөп шауып, шар-
уашылықты бастап кетеді. Бірақ, ауыл тұрғындары одан бір тиын пайда көрмейді. Уәденің бәрі далада қалады.  Ал Л.Кан бүкіл өнімді өзі сатып, қалғанын фермерлік шаруашылығындағы малына жұмсап отырыпты. Енді, бірнеше жылдан соң ауылдағылар шартты бұзамыз десе, «Атлахтың» заңгерлері келіп, «осы уақытқа дейін біздің фирманың шығыны 20 млн теңгеден асты, соны қайтарсаңыздар ғана шартты бұзамыз» депті. «Оу, қайдағы 20 млн, бір тиын көргеміз жоқ қой?» дегендерге, «Егін егуге, оны оруға, жинауға кеткен шығын ше?» деп бет бақтырмапты. Сөйтіп,  4 жылдай майлы шелпек жеген «Атлах» «Қайыңды» ЖШС мүшелерін қарызға отырғызуға әрекет етіпті. Ауылдағылар зарын айтса, «сотқа келіңдер!» депті.

Сонымен, мәселе анықталғандай болды. Мені қатты қинағаны − өзім жас кезден құрмет тұтып жүрген, шартқа отырарда тұрғындар «Қайыңды» ЖШС атқарушы директоры етіп сайлаған Әбдіжәлел ағаның ауылындағы бірі туыс, бірі жекжат болып келетін жерлестерін қорғаудың орнына Л.Канның жағына шығып кеткені болды. Ол құжат пен мөрді тығып тастап, «ұнамаса  ЖШС құрамынан шығып кетіңдер» деп, сіресіп отыр екен. Жиналыста мен оған: «Әбеке, осы ауылдың ыстық-суығына жастай араласқан еңбегіңіз үшін Сізге рахмет. Бірақ,  осы жолы көпке қарсы шықпай, олардың мүңын неге орындамайсыз? Неге өз жұртыңызбен бірге болмайсыз? Жерлестеріңіз басқа адал адаммен жаңа шартқа отырамыз дейді. Әр үйде көздері мөлдіреген сәбилер жүр жүгіріп. Мына отырғандардың бәрі сіздің бөтеніңіз емес қой? Ал, соншалықты жыртысын жыртатындай Лаврентий Кан «екі туып – бір қалғаныңыз» ба еді?» — дедім. Оны түсінер ағамыз болмады…

Сөйтіп, бір күнде менің алдымнан «қара адам» бейнесі екі рет шықты. Соңынан мен бұл хикаяны тәуелсіз газетке жариялауға ықпал еттім. Прокуратурадан адамдар келіпті ауылға. Л.Кан прокурорлар алдында «20 млн. қарызым жоқ» деп, қарыздан бас тартыпты.  Ауылдағылар маған сол құжатты көрсетіп, «Өркенің өссін!» деп, батасын беріп жатты…  Олардың шын ниеттен шыққан батасын естігенде қатты толқып кеттім, көзіме жас та келіп қалды… Ел-жұрттың батасынан үлкен не бар бұл жалғанда!

Осылайша, ауылға бара жүріп, мен өзіме сонау көктемде қойған сұрақтың жауабын тапқандай болдым:  «Жалпы, ақ пен қараның өлшемі НИЕТ пен ПИҒЫЛ болса керек. Қоғамдағы келеңсіздікті жазуға ұмтылатын менің ішкі жан-дүниемнің сипаты − зұлымдыққа емес, игілікке ұмтылу екен. Яғни, менің қайғым «қараға» емес, «аққа» − әділеттілік пен жарқын сәулелі болашаққа бағытталған екен де,  әділеттілік атаулыны белден басып, қарақан басының қамын, өмірдегі бар жақсылықты өзгелердің көз  жасымен  жасауға ұмтылғандар – нағыз «қара адамның» өздері екен! Ал заман, дәуір болса − осылардың аумалы-төкпелі күресінің көрінісі екен! Зұлымдық салтанат құрған кезде «уайым қайғы ойлаған» адам «қара кісі» болып, зұлымдық иесі жол бастаушы көреген, өтпелі өмірдің үлгісі болып, құндылықтар  орын алмас-
тырады екен. Бұл қателікті түзейтін екі ғана құдырет болады екен, ол – Уақыт пен Халық!»

…Кезінде мұны айтқан, бар уытын бастан өткерген Абай неткен дана кісі болған десеңші!!!

Әбдірашит Бәкірұлы, Алматы

 

Белгіленді: 

Жариялаған: Қазақия газеті

Сәкес мақалалар
 

Жауап беру
 

Бізбен байланыс
 

"Қазақия" қоғамдық-саяси апталық газеті

Газет

Бас редактор: Өмірзақ Ақжігіт

Біздің хабарламаға жазылыңыз!
 

Құрметті, оқырман!
Біздің хабарламаға жазылу арқылы сіз өз поштаңызға біздің сайтымызда жарияланған соңғы жаңалықтардан хабардар бола аласыз.
[mc4wp_form]

Мұрағат
 

Сентябрь 2014
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Авг    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жоғарыға