
Орталық Азия мен осы аймаққа қатысты мәселе туындай қалса, отандық бұқаралық ақпарат құралдары саясаттанушы Александр Князевтің пікіріне жүгінеді. Әрине, саясаттанушы әрбір жағдайды шынайы бағалап, бейтарап пікір білдіріп отырса, «Князевтің көздегені не?» деген күмәнді сұрақ туындамаған болар еді. Бірақ, оның әрбір сөзінен ресейшіл империялық саясаттың ызғары есіп тұрады. Соңғы кездегі оның әрекеті тіпті шектен шықты. Халықаралық дүбірлі жиындарда Қазақстанның, қазақ халқының атынан сөйлей отырып, аймақтағы көрші елдердің ренішін тудыратын, түбінде халықаралық жанжалға апаратын құйтырқы саяси ойнақ салуды бастады.
Каспий маңы елдері басшыларының Астрахань саммиті қарсаңында, Ақтау қаласында саясаттанушылардың басын қосқан «Каспийдегі халықаралық әріптестіктің әскери-саяси аспектсі» атты халықаралық конференция болып өтті. Бұл конференцияны ұйымдастырған «Александр Князев қоры», оған ақпараттық демеу жасаған «Caspian Bridge» ақпараттық-сараптама орталығы (директоры Дархан Уәлиханов), ал жиынның барлық шығынын көтеріп алған Маңғыстау облыстық әкімшілігі. Конференция барысында Каспий теңізінің қауіпсіздігі мәселесі талқыланды.
Каспий теңізінің құқықтық статусы – әлі күнге шешімін таппаған мәселе. Теңіздің айдыны мен түбін бөлу бойынша Каспий маңы мемлекеттері екіге жарылған. Қазақстан, Түркіменстан және Әзірбайжан – бір жақ, ал олардың ұсынысына Ресей мен Иран қарсылық танытып келеді. Алғашқы үш елдің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін Каспий теңізі аса зор маңызға ие. Конференцияда осы мәселені қозғаған әзірбайжан саясаттанушысы Раушан Ибрагимов Ресей мен Ираннның энергетикалық шикізат көздерінің теңізден алшақ (біріншісінікі – Сібірде, екіншісінікі – Парсы шығанағында) жатқанын баса айтты. Солай бола тұра екі ел теңізде әскери үстемдік жасауға ұмтылып отыр.
Бірақ, Әзірбайжан, Қазақстан, Түркіменстан олардың бұл әрекетінен аса қауіп күтпейді. Дегенмен, халықаралық терроризм лаңы күш алып тұрған кезде бұл елдер де теңіздегі өздерінің мүддесі мен оның қауіпсіздігін қорғау бағытында жұмыстар жасап, күзет кемелердің саны мен сапасын арттыруы тиіс. Сатистикалық мәліметтер мен нық аргументтерге сүйенген әзірбайжан саясатанушысының бұл сөзі ресейлік саясаттанушылардың қатты сынына ұшырады. Олар Әзірбайжанды Каспийде жеке дара әскери үстемдік жасамақшы, экономикалық мәселенің бәрін милитаристік әдіспен шешпекші деп айыптады.
Әрине, бұлайша айыптау негізсіз әрі жөнсіз болатын. Бұл мәселе жиын барысында егжей-тегжейлі талданып, тараптар ортақ түсіністікке жеткен-ді. Бірақ, Қазақстанның атынан осы конференцияны ұйымдастырып жүрген Александр Князев бірер күннен кейін «Caspian Bridge» ақпараттық-сараптама орталығы сайтында Раушан Ибрагимовтың сөзіне сүйенген сыңай танытып, Әзірбайжанның Түркия және Израильдің көмегіне сүйеніп, Каспий теңізінде әскерін күшейтіп, аймақтағы елдерге үстемдік танытпақшы деген пікір түйді.
…Бұған Ибрагимов «Князев менің сөзімді бұрмалап жіберді, айтпағанымды айтты деп көпе-көрінеу жазыпты» деп, қатты ашуланды. Ол «Caspian Bridge» сайтынан «қараңғы бөлмеден қара мысық іздеген» Князевтің мақаласын теріске шығаруды талап етті. Нәтижесінде сайт әкімшілігі Князевтің дүрдараздық тудыратын мақаласын алып тастады…
Саясаттанушы Александр Князевтің халықаралық мәселелерді ушықтырып, халықтар арасына сына қағып жүргені бірінші рет емес. Ол бұрын Бішкекте тұрған.
Кейбір мәліметтер бойынша, Александр Князев Қырғыз елінің азаматы. Бірақ, қазір оны қырғыздар Бішкекке аяқ бастыртпайды. Ол Қырғызстанда «персона нон-гранта» деп жарияланған. Князев қырғыздар жағының иттің етінен жаман жеккөруін өзінің пиғылынан тапты. Ол Орталық Азия мәселелерінің білгірі ретінде аузына келгенін оттап, қырғыз-өзбек, қазақ-қырғыз қатынастарына көлеңке түсірумен болды. Бұған шыдамаған қырғыздар оны ақыры елден қуып шығыпты.
…Қырғыздардың саясаттанушыға ызаланғаны соншалықты, оны бір жиында төбелеп таяқтап алыпты. Содан бері оның Бішкекке баруға беті жоқ. Ол Алматыны айналшықтап, Қазақстанда жүр. Мұнда да ол өз жайына, тынышына жүрмеді. Естеріңізде болса, ол бірер жыл бұрын жоқ жерден дау іздеп тапқыш Михаил Пак және Александр Щербаковпен бірлесіп, әлеуметтік желіде «Антифашистік комитет» құрған. Комитеттің аты айтып тұрғандай, оның мақсаты Қазақстанның мемлекеттік мүддесін күйттеген қазақ патриоттарын көпе-көрінеу «фашист» деп айыптау науқанын бастау болған. Бірақ, қазақ қоғамы бұған арандап қалған жоқ. Князев-Пак-Щербаковтардың арандату ісі орыстілділер тарапынан да қатты сынға ұшырап, ақыры комитет тарап тынды. Комитеттің Пак сияқты кейбір белсенді өкілдері Қазақстаннан түбегейлі кетті, Ресейге қоныс аударды. Осы оқиғадан кейін біруақ үнсіз жатқан Александр Князев өзінің бұрынғы істерін жұрт ұмытып кетті деп ойласа керек, қалыпты әдетіне қайта көшіпті.
Каспий маңы елдерінің Ақтау конференциясындағы Князевтің қазақ-әзірбайжан көршілік достық қатынасына сына қақпақшы болған құйтырқы әрекеті келелі жиынды ұйымдастырған Маңғыстау облыстық әкімшілігіне сын. Осы конференцияның басы-қасында жүрген облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева Александр Князевтің бұрын Қырғызстанда, кейін Қазақстанда салған ылаңынан хабардар болмауы мүмкін емес. Тіпті оны қай елдің азаматы екенін анықтап алмай, конференция модераторы етіп тағайындауы қынжылтады. Орталық Азия аймағының білгірі керек болса, саясаттанушы Ерлан Қарин, Досым Сәтпаев сынды саясаттанушылар бар емес пе?..
…Әлде, Маңғыстау облыстық әкімшілігінің мақсаты – Каспий маңы елдерін жауластыру ма еді?..
Ораз ӘЛІМБЕКОВ





















Жауап беру